СОТ ПЕН БИЗНЕС АРАСЫНА БАЙЛАНЫС ОРНАДЫ

577e8dad5b82a

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

ҚР Жоғарғы сотында бейнебайланыс арқылы «Бизнестің мүддесін сотта қорғау» жобасының шеңберінде «Корпоративтік дауларды шешудегі сот практикасы» тақырыбында семинар өтті. Жоғарғы сот судьясы Ұлбосын Сүлейменова жүргізген жиынға Жоғарғы сот судьясы Асан Ескен­діров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, «Атамекен» ҰКП арбитраж орталығының атқарушы директоры Асқар Қалдыбаев қатысты.

Семинарға қатысушы 800-ден астам адамның ішінде өңірлерден корпоративтік дауларды қарауға маманданған облыстық соттың судьялары, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың судьялары, прокуратура, адвокатура, «Ата­мекен» өңірлік филиалдарының қызметкер­лері, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері бар.

Іс-шараны ашқан Ұлбосын Сүлейме­нова ұлттық сот төрелігі құқық үстемдігі мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің сенімді кепілі болып отырғанын атап өтті.

– Қазақстандағы азаматтардың құқық­тары мен бизнестің мүдделерін сотта қорғау деңгейі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу» рейтингінде Қазақстан­ның сот жүйесі соңғы екі жыл қатарынан әлемдік үздік он елдің қатарынан табылып отыр, – деген ол  дауларды шешудің балама тәсіл­дері, соның ішінде, медиативтік және партисипативтік рәсімдерді қолдану ерек­шеліктерін атап өтті. Бұдан әрі Ұлттық кәсіп­керлер палатасы төрағасының орын­басары Рустам Жүрсінов қатысушыларға арнап баяндама жасады.

Ал Жоғарғы соттың судьясы Асан Ескендіров корпоративтік дауларды шешу бойынша қалыптасқан сот практикасы туралы баяндады. Атап айтқанда, ол осы санаттағы істер бойынша сот практикасы­ның тұрақты екендігін, соттар материалдық және процестің құқықтық нормаларын түсіндіру мен қолдануда бірізділікті сақтап отырғандығына кеңінен тоқталды. Әйтсе де, ол жергілікті соттар корпоративтік даулар субъектілері мен даулардың соттылығын анықтауда, заңды тұлғаның жалпы жиын­да­рының шешімдеріне шағым түсірудегі тиісті жауапкерді белгілеуде құқық нормаларын қолдану бойынша бірқатар қиындықтарға ұшырап отырғанын мойын­дайды. Оның үстіне жерді пайда­лану құқығы түріндегі қатысушының үлесін бөліп алу, ауыл шаруашылығы ұйымынан шығу барысында шартты жер үлесіне құқықтың болуы, ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жер телімдерін кепіл¬ге қою шарттарының кейбір түрлеріне шағым түсіру мәселелері бойынша біркелкі сот практикасы қалыптаспай отырған көрінеді.

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП арби­траж орталығының атқарушы дирек­торы Асқар Қалдыбаев Қазақстандағы арбитраждың дамуы туралы өз ойымен бөлісті. Осыдан кейін сөз сөйлеушілер өңірлердегі қатысушыларды толғандырған сұрақтарға рет-ретімен жауап берді.

Республикалық семинар аяқталғаннан соң, семинар өңірлік әр сотта одан әрі жалғасты. Осы санаттағы дауларды қа­рауға маманданған судьялар соттылықты, ведом­ствоға бағыныштылықты, мемлекет­тік баж салығының көлемі мен тағы бас­қасын анықтау бойынша жекелеген тәжі­ри­белік мәселелерге қатысты ойларымен бөлісті.

 

Алматылық «Жас бүркіт» жеңімпаз атанды

ҚР Ұлттық ұланда еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақ, жас жеткіншектерді қазақ­стандық патриоттық рухта тәрбиесіне жіті көңіл бөлінеді. Күш-қуат құрылымының әскери бөлімдерінде Ұлттық ұлан әскери қыз­метшілерінің балаларына әскери-патриоттық тәрбие беру және орта білім беру мектептерінде осы бағытта тәрбие жұмыстарын жүргізу ісі жүйелі қолға алынған.

 

Олардың бірі –  әскери-патриоттық «Жас бүркіт» клубы. Қазіргі таңда еліміз бойынша аталған клубтар жүздеген орта білім беру ошақтарында бар. Клуб жұмы­сының басты мақсаты оқушыларды адами құндылықтарды бойларына сіңіруге, отан­сүйгіштікке тәрбиелеу, ел қорғау қызме­тінің зор жауапкершілігін, ата-бабалардың ерлік жолын ұғындыру,  жасөспірімдердің бойында жақсы моральдық-психоло­гиялық және дене шынықтыру қабілеттерін шыңдау болып табылады. Аталған клубтар кез-келген мектепте 6-11 сынып оқушы­лары арасында жасақталады.

Қараша айының басында, мектеп оқу­шыларының күзгі оқу демалысы мерзімінде Алматы облысы, Заречный кентінде орналасқан ҚР Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында әскери-патриоттық «Жас бүркіт» клубта­рының арасында республикалық жарыс өтті. Ауқымды шара Астана, Алматы, Шым­кент, Талдықорған, Қапша­ғай, Степ­ногорск және еліміздің басқа да қалала­рынан келген әскери-патриоттық клубтар­дың командалары қатысты. Шараға бар­лығы елуге тарта жасөспірім мен олардың оннан аса тәрбиешілері жиналды.

Төрт күнге созылған спорттық шарада әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеле­нушілері спорттың әр түрінен сайысқа түсіп, күзгі демалыстарын барынша қы­зықты өткізді. Дегенмен, жарыстың басым бөлігі әскери саланы танып-білуге арналды. Мәселен, оқушылар Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бұзып-жинау­дан, граната лақтырудан, саптық дайын­дық­тан сынға түсті. Әскери эстафета ала­ңында қаптаған кедергілерден өтіп, жертаса қазып, химиялық-бактериологиялық зардап­тардан қорғану жабдықтарын киіп үйренді. Қысылтаяң сәтте жараланған адамға алғашқы медициналық көмек көр­сету әдіс-тәсілдерін де пысықтады. Сондай-ақ, жаттығу орталығындағы мультиме­диялық тирде әр түрлі қару түрлерінен ны­са­наны дәлдеп атудан бақ сынасты. Пнев­матикалық винтовкадан мергендіктерін сынасты.

Жарыстың қорытындысы бойынша, Алматы қаласындағы 5572 әскери бөлімі­ніндегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының командасы жеңімпаз атанса, Алматы облысындағы Жамбыл ауданының командасы мен қапшағайлық «жас бүр­кітшілер» екінші-үшінші орыннан көрінді. Барша қатысушы оқушыларға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы атынан Алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.

Алдағы жылы ел аумағында «Жас бүр­кіт» әскери-патриоттық клубының құрыл­ғанына 15 жыл толмақ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *