Солтүстік Корея саясатын жұмсартпақ

Ким Чен Ын жұрт күтпеген жаңалықты жария етті

КХДР (Корей халық демо­кратиялық республикасының)  күні бүгінге дейін   ядролық-зымырандық сынақтарымен  талайларды мазасыздандырып келгені  мәлім. Бұған АҚШ шам­данып, Оңтүстік Корея ызаланып, Жапония алаңдап, БҰҰ  Қауіп­сіздік  кеңесі қатаң  санкция­лар жариялап  келді.  «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ»  деген­дей, Пхень­ян жалпақ жұртқа жаманатты көрінді.

Еске салар болсақ, Солтүстік Корея 2005 жылы ақпанда ядролық қаруға қол жеткізгенін жариялады.  2006—2017 ж.ж аралығында 6 рет  ядролық жарылыс сынағын жасады. 2009 жылғы 4 сәуірде  зымыранмен жер серігін ұшырды. Маман­дар:  «ондай зымыран ұшырған оқтұм­сық  сонау Аляскаға жетіп, көз­деген нысанаға соққы бере алады» деп бағалады. 2017 жылдың 4 және 28 шіл­десінде  континентаралық баллисти­калық   қуатты «Хвасон-14» зымыранын ұшырып сынақтан өткізді. Осы жылдың 3 қыркүйегінде сутегі бомбасын жарып көрді.

АҚШ және Жапония барлау қыз­меттерінің мәліметтерінше,  Пхеньян­ның Қарулы күштері бүгінде 60 ядро­лық оқтұмсыққа,  бірнеше құрлық­аралық  баллистикалық зымырандарға  және қуатты сутегі бомбасына ие.

Міне, осындай  аса қауіпті ядролық қару мен қанатты зымырандардың  КХДР-дың қарсыластарын  үрейленді­ретіні хақ.

Бірақ  дүниеде өзгермейтін ештеңе жоқ. Сол айтқандай,  жақында   корей жұртындағы билікке ие жетекші саяси партия – КЕП (Корей  Еңбек Партия­сы) Орталық комитетінің жетінші шақы­ры­лымының 3-пленумы өтіп, онда  2018 жылғы 21 сәуірден  барлық  ядролық  қаруларды сынау мен конти­нентаралық баллистикалық зымыран­дарды ұшы­руды  тоқтату жөнінде қарар қабыл­данды.

КЕП төрағасы Ким Чен Ын  партиялық жиында арнайы баяндама жасап,  елді  қорғайтындай  қуатты қару­ға ие болғаннан кейін  одан әрі ядро­лық қару мен  баллистикалық зымырандарды  сынаудың  қажетсіздігін  айтты.

Пленумда, сондай-ақ,  ядролық  сынақ полигондарының  түгелдей жабы­латыны, мұның  ядролық қарусыз­дандыру жолындағы маңызды қадам  екені,  КХДР-ның  осы бағыттағы  мақ­саттарға қосылатыны туралы  айтылды.

Қабылданған қарарда  Солтүстік Кореяға  ядролық қатер төнбеген  неме­се түрлі арандатулар болмаған жағдайда  Пхеньянның  ядролық қаруды қолдан­байтыны және  ядролық қару мен оның жасалу технологиясын  өзгелерге бермейтіні атап көрсетілді.

Мұндай елеулі жаңалықты  әлем жұртшылығына  КХДР Мемлекеттік кеңесінің және КЕП-ның  төрағасы,  Корей  халық армиясының бас қолбас­шысы  Ким Чен Ынның өзі  жариялап жеткізді.

Ендігі  жерде  КХДР-дағы адам күші мен материалдық ресурстар  социа­листік  экономиканы дамытуға, халық­тың тұрмыс деңгейін, әл-ауқатын жақ­сартуға жұмсалатын болады.  Ғылым мен білім саласын өркендетуге  ден қойылады. Осы міндеттерді жүзеге асыру  және  Корей түбегіндегі бейбіт­шілік пен тұрақтылықты  сақтау мақса­тында  көршілес елдермен, халықаралық қауымдастықтың басқа да мүшелерімен байланыстар орнатылып,  ынтымақ­тастық әрекеттері жасалды.

Халықаралық қауымдастық  Солтүс­тік Корея басшылығының  бұл қада­мын қуана қуаттауда. Бұған, ең алдымен,  көршілес жатқан Оңтүстік Корея  жылы көзқарас білдірді.  Ол елдің  пре­зидент әкімшілігінің  таратқан мәлім­демесінде: «КХДР шешімі  Корей түбегіндегі жағдайды түзеуге бағыт­талған  маңызды  қадам. Бұл  алдағы  екі Корея және  КХДР-АҚШ арасындағы саммит­тің жемісті болуына жетелейтін әрекет болмақ» деп бағаланды.

Ким Чен Ынның шешімін естіген бойда Ақ үйдің қожайыны Дональд Трамп  өзінің Twіtter парақшасында: «КХДР-ның ядролық-зымырандық сынақтардан бас тартуы  —  Солтүстік Корея үшін ғана емес, бүкіл әлем  үшін үлкен  ілгері қадам  және жақсы жаңа­лық», —  деп жазды.

Әйтсе де әр нәрсені  «жеті рет өлшеп, бір кесетін» АҚШ президентінің  әккі кеңесшілері  Пхеньянның бұл әрекеті жоғары дәрежедегі кездесу алдындағы  «қақпанға түсіру» амал-айласы болуы  мүмкін  деп сақтан­дыруда.   Тіпті, базбір американдық сарапшылар:  «бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жариялаған санкция­ларды жұмсартудың  әрекеті  шығар» деседі.

Дегенмен,  өткен наурыздан бері  Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның  кездесуі  туралы жиі айтыла бастады. Оның нақты өтетін орны әлі белгісіз. Оған бірнеше ел  атынан ұсыныс жасал­ды. Әзірге  Солтүстік Корея басшысы білім алған Швецияның  мүмкіндігі жоғары. Өтетін уақыты жайында  Ақ үй қожайыны  «маусымда немесе мамырда өтуі  ықтимал»  деп отыр.

Кейбір деректерге қарағанда, жоғары дәрежедегі саммиттің жай-жапсарын келісу үшін жақында  АҚШ Орталық барлау басқармасының бастығы (Мем­лекетік хатшылыққа бірден-бір үміткер) Майк Пампео  Пхеньянға барып  Ким Чен Ынмен ауызба-ауыз сөйлесіп қайтқан көрінеді. Демек, ғасыр күткен кездесудің болатыны  шындыққа жақын.

Солтүстік Кореяның  ядролық-зымырандық бағдарламасын тоқтату  туралы шешімін    Қытай мен Ресей  мақұл­дап, қуаттады.  Ал  Жапония премьер-министрі  Синдзо Абэнің үміті­нен гөрі күдігі басым. Ол  Пхеньянның  1985 жылы  ядролық қаруды таратпау келісіміне  қосылып, 1993 жылы бас тартқанын, 1994 жылы қайта қосылып, 2003 жылы тағы да шыққанын еске салады. Сонда да жапондық әдептілігі­нен жаңылмай: «Қабылданған шешім ядролық  және жаппай қырып жоятын қаруларды, зымырандарды  толықтай  әрі біржолата  жоюға жеткізсе дұрыс болар еді» деген үмітін үзбейді.

Қалай дегенмен де, дүние күрделеніп тұрған қиын кезеңде  Солтүстік Корея­ның  ядролық қаруды одан әрі сынаудан  бас тартуы  оның жұртшылықтың  үрей-қорқынышын  біршама  сейілткен­дей. Жер бетінде  бейбітшілік пен тыныш­тықтың  мерейі үстем болғай.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *