Сол әйелдерді әулие десе де болар еді

немесе «КарЛаг» тамұғындағы «Мертвый город»

(Мәжім қарттың әңгімесі)

 

Төмендегі Шу өзенінің бойында Кеме деп аталатын жерде ұлы сазгер Дүкенұлы Ықыластың кіндік қаны тамған, талай күйлерін дүниеге келтірген ескі қыстауы­ның орны бар. Абыздың мәңгілік тыныш­тық тапқан мекені жатыр. Осы жұртта қобыз атасы ең алғашқы және ең соңғы күйін шығарып, халқына тыңдатқан. Оның ұлы Түсіпбек тап осы жерде кәмпескеге іліккен. 1929 жылдың күзінде әкеден қалған қара қобызды соңғы рет зарлатып, бозінгендей боздатқан. Содан бері бұл өңірде қобыз сарыны естілген емес. Тіпті Ықылас қыстауы, Ықылас қорымы деген атау да жойылып кеткен. Бірақ кейінгі ұрпақ оның атын қайта жаңғыртып, басына лайықты ескерткіш орнатты.

Бұл – қасиетті әрі қасіретті жер. Ықылас қыстауынан екі шақырым жерде «КарЛаг» деп аталатын ескі жұрт жатыр. Кезінде Бәкен Серікбайұлы ауылының шалғайдағы ферма орталығы болған бұл мекенді жергілікті халық «Қаралақ» деп атап кеткен. Ал оның шын аты – «КарЛаг». Яғни нағыз тамұқтың ұясы «Караган­динский лагерь» екен. Қарағандыдан мың шақырымдай қашықтықтағы және басқа облыстың аумағындағы бұл жер неге «КарЛаг» атанған? «КарЛагтың» батыс жағында үш шақырым жерде аумағы ат шаптырымдай құлаған, опырылған үлкен қорым бар. Бұл қорымды ел «Мертвый город» деп атайды. Сан ғасыр бойы бір орыс баласы мекендемеген бұл өңірге «Мертвый город» деген атау қалай келген?

Бұл сұрақтарға талай зұлмат оқиғаның тірі куәсі болған, өткен ғасырдың құрдасы Сатыпалдиев Мәжім ақсақал былай деп жауап береді.

– Ықаң (Ықылас) ауылы мен біздің Ақкөбек ауылдарының қысы-жазы бірге көшіп жүретін, жайлауымыз – Сарыар­қадағы Мұңлы-Қулы таулары, Сарысу өзенінің бойы. Қыстауымыз – осы Кеменің төңірегі. Ықаң біздің әкеймен құрдас, мен оның ұлы Түсіпбекпен тұрғылас едім. Түсіпбек адамға алауаттығы жоқ, ақкөңіл, кедей, кемтарларға қамқор, Атымтай Жомарт жан еді. Ел арасында беделді, сөзге ұста шешен, дәулескер домбырашы, теңдесі жоқ қобызшы болатын. (Әрине, Ықаңмен салыстыруға болмайды). Сол азамат 1929 жылдың ызғарлы күзінде Кеңес үкіметінің қаһарына ұшырап, кәмпескеге ілікті. Мен білемін, асып кеткен байлығы да жоқ болатын, ішіп-жеміне жетерлік дөңгелек шаруа жігіт еді. Ықаңның өзі отыз шақты түйе, үш-төрт үйір жылқыдан басқа мал жинамаған адам. Сөйтсек, Түсіпбектің көп жанашыр достарымен қатар, оның әке­сінің, өзінің даңқын, бақ-беделін көре алмайтын дұшпандары да көп екен. Сол атқамінер әпербақандар ауылдағы барлық малды Түсіпбектің атына жазып, «ірі байлардың» қатарына қостырып жіберген. Сөйтіп, Ықаң әулеті қуғынға, айдауға ұшырады. Оны көрген ел жылады, сық­тады. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Іле-шала ашаршылық келіп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кетті.

Күрзісі ауыр Кеңес өкіметі бір-ақ соғып, халықты мәңгірттікке ұшыратты. Өткенін ұмыттырды. Ықылас қорымы деген атау біраз уақытқа дейін ел есінен шықты. Оның орнына «КарЛаг» деген тозақы ат келді. Жаңылмасам, отыз бесінші жылдың күзі ғой деймін. Бір-ақ күнде Ықылас қыстауының үстіне қарақұрым қой қаптады. Ұшы-қиыры жоқ көп қой Қазанқап тауынан бері құлап келеді. Өмірінде мұншалықты көп қой көрмеген ел алғашқыда үркіп қалды. Бұл қой аспаннан түсті ме, жерден шықты ма, кімнің қойы? Оған ешкімнің санасы жетер емес. Халық аштан қырылып жатқанда мұншалық қой қайдан пайда болды?

Мұның сыры ертеңіне-ақ мәлім болды. Сөйтсек, бұл атын естіген адамның аза бойын қалтырататын «Карагандинский лагерь» деп аталатын алып «мемлекеттің» меншігіндегі мал екен. Арқаның жері жазық, қысы қатты, боранды. Осынша көп малға қора, шөп дайындау мүмкін емес. Сондықтан ықтасын қамысы көп, шөбі мол Шу бойына айдап келіпті. Бетпақдаланы басып өтіп, мың шақырымдай жерге малды айдап келген кілең әйелдер екен. Және жауынды-шашынды, суық күндерде далада түнеп, ыстық тамақ ішпей, жаяу мал айдауға көнген, төзген бұл әйелдер кім? Ұзын саны үш жүздей, кілең жиырма мен отыздың арасындағы жас келіншектер, орта жастағылар, кәрісі аз. Мына сұмдық­ты қараңыз, ер-азамат атпен ай жүретін жерге он мың қойды осы әйелдер жаяу ай­дап келіпті. Қос-қолаң, ас-ауқаты, көрпе-төсегін артатын көліктері де жоқ. Бәрін өздері арқалап алыпты. Көтере алмаған­дарын қойдың арқасына таңып қойыпты.

Ашаршылықта талай сұмдықты көрген жұрт мына көрініске ішін тартып таңқалды. Әйелдердің түрі адам көргісіз. Беттері желмен, суықпен қақталып, қап-қара болған. Еріндері жарылып, жара басқан. Аяқ-қолдары тілім-тілім. Киімдері өрім-өрім. Талай дуананы көріп едім. Бірақ олардың киімі мыналарға қарағанда тойға баратындай екен. Азып-тозып, арып-ашыған әйелдердің жүзіне қарауға дәтің шыдамайды. Өң дейтін өң де жоқ. Жақтары суалған, терілері кепкен қабықтай, көз­дерінде нұр, сәуле жоқ. Әлдеқашан өліп, көмусіз далада қалған өлікті елестетеді. Ұнжырғасы түскен әйелдер жолда кездес­кен адамдарға селт етіп қарамайды да, басы салбыраған күйі ләм демей өте береді. Бір-бірімен де күңкілдесіп тілдеспейді. Кеудесінде шығар-шықпас жаны бар, көлеңкедей қалт-құлт еткен тірі аруақтар.

Әйелдердің көбісі – қазақтар. Арала­рында орыс та, неміс те, татар да, әзербай­жан да, біз білмейтін басқа ұлт әйелдері де бар. Бұл кезде құм қатып, жерге тоқ түскен мезгіл еді. Әлгі «аруақтардың» біразы жерді от жағып жібітіп, өздері арқалап келген қайла-күрегімен жеркепе қазды. Бір бөлігі ну қамысты қол орақпен орып, қора жасай бастады. Қалғандары екі шақырым жердегі құмаққа барып, сексеуіл сындырып, оны арқалап тасыды. Мына моладай опырылып құлап, көрдей үңірейіп жатқан үңгірлер – сол жеркепелердің орны.

Тағы бір жан шошырлығы сол – әйелдердің соңына ерген 10–12 жастардағы жиырма шақты бала бар. Олардың түрі есіме түссе, осы уақытқа дейін төбе құйқам шымырлайды.

Бұл жап-жас келіншектер Құдайға не жазып қалған? Тамұқ отына тірідей қақталатындай қандай күнәсі бар? Терісі сүйегіне жабысып, инеліктей қатқан ана көгенкөз балалардың кінәсі не?

Сөйтсек, бұл міскіндер – Отанын сатқан опасыз, Кеңес өкіметінің, Ұлы көкеміз Сталиннің, біз сияқты қара халықтың қанқұйлы «жауларының» әйелдері, ал ана сексендегі шалдай күрк-күрк жөтелген дімкәс балалар «болашақ жаулар» екен. «Халық жауларының» сенімсіз әйелдері мен балалары бір таба нан үшін Кеңес өкіметін шет елге сатып жіберуі мүмкін екен. Сондықтан оларды осылай езіп, есеңгіретіп, мәңгүрт етіп ұстау заман талабы екен. Ұлы көкеміз солай депті. Ендеше, оларды бас көтертпей, жаныштап езе түсу керек.

Бұл байғұстарға жаны ашымаған адам қалмады. Бірақ қолдан не келеді? Аш балаларды үйлерімізге апарып, ыстық ас берген боламыз. Сондағымыз қоянның қалжасы мен қырғауылдың еті. Одан арғыға шама жоқ. Өзіміз де ашқұрсақ­пыз. Ауылымыз жақын болған соң «Кар­Лаг» халқымен жиі араласып тұрдық. Оған шектеу қойылмайтын. Үш жүз әйелдің отыз шақты әйел «бастықтары» бар. Солардың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Олар бағыныштыларын қойша қайырып, жұмсап отырады. Он мың қойды бағу әлсіз әйел түгілі, «тепсе темір үзетін» ер-азаматтарға да оңай емес. Әйелдер таңның атысы, күннің батысы қой соңында салпақтайды. Қораның қиын ойып, орақпен шөп дайындайды. Сонда да біреуі «қыңқ» деп дауыс шығармайды, қарсылас­пайды, жұмысқа жегіліп жүре береді.

Бала кезімізде дүмше молдалардан «көр азабы», «тамұқ» деген сөздерді еститінбіз. Бірақ оның не екенін білмеуші едік. Нағыз тамұқ мына «КарЛаг» екен. Бұдан өткен көр азабын тарту мүмкін емес. Желтоқсан айы туа тамұқтың бала «тұрғындары» таусылып, енді әйелдер өле бастады. Бәрі аштықтан, аурудан, біразы жан азабынан өліп жатыр. Бұл кіріптар жандардың он мың қойдан бір қой сойып жеуге қақылары жоқ екен. Лагерьдің заңы бойынша адам өлсе, өле берсін. Бірақ бір қой өлмесін. Мұндағы тамақ деп аталатын атала көже, кебек қосып пісірген нан итке де ас болмас. Бұлар – бұрынғы үлкен қызметте болған, оқыған азаматтардың, Алашордашы, дәулетті адамдардың әйелдері. Кезінде не ішемін, не жеймін деп ойламағандар. Кебекке қақалған соң не сор? Көктемге дейін барлық әйелдің тең жартысынан астамы аштан қырылды. Өлгендерді арулап қою қайда, ит сияқты сүйреп апарып, анау беткейге бетін шала-пұла жауып, көме салады. Лагерьдің қатын бастықтары ол жерді «Мертвый город» деп атайды. Сталин өлгенше бұл жерге «Халық жауларының» әйелдері әлденеше рет келіп қыстады. Көктемде Бетпақта мал төлдетіп, одан әрі Қарағандыға қарай айдап кетеді. Күзде малды қайта айдап келеді. Бетпақдаланың әр бұтасының түбінде белгісіз әйелдің моласы бар. Ал мына «Мертвый городта» кемінде мың әйелдің мүрдесі жатқан шығар. Бір ғана 37-нің қысы, көктемінде «КарЛагта» жүзге тарта әйелдің өлгенін білемін. Біз, ауыл жігіттері, көндерін әзер сүйреп жүрген әйелдерге жанымыз ашып, өлгендерге жер қазып, көмектесетінбіз.

Соғыс аяқталатын жылы күйеулері атылған, айдауда өлген әйелдерге айдалу мерзімі бітпесе де жергілікті жігіттерге тұрмысқа шығуына рұқсат етті. Жігіттер­ден бар болғаны «пәленше деген әйелді өз қамқорлығыма алып, асырап-бағамын» деген тілдей тілхат алатын. Араларында ай мен күн дерлік сұлу, небір оқыған білімді келіншектер көп еді. Оларға құмартушылар қаптап кетті. Тіпті кейбір жігіттер өздерінің некелі әйелдерін талақ тастап, ана аруларға үйленуге ұмтылды. Олар үшін күйеуге тию – бостандыққа шығу еді. Ауыр тұрмыстан, жан төзгісіз азаптан әбден қалжыраған біраз әйелдер өз еріктерімен күйеуге шықты. Бірақ көпші­лігі күйеуге тимеді. Небір атпал азаматтарға да илікпеді. Сөйтіп, олар бір қадам жерде тұрған бостандықтан, аштан, аурудан өлуден сақтап қалатын жалғыз жолдан бас тартты. Өйткені, олар күйеуінің өлгенін ести тұра, олармен әлі-ақ кездесермін деп үмітін үзбегендер еді. Ақ некеге адал, рухы күшті әйелдер болатын. Сондай мықты келіншектердің келер жылы осы жерге қайтып келіп, қайтыс болғанын да көрдім.

Міне, қарақтарым, «КарЛаг» пен «Мертвый городтың» тарихы осы. Жазық­сыз атылған, айдалған азаматтардың әйелдері көр азабын тартса да жалған махаббатқа бой алдырмады. Шын сүймеген адаммен бостандыққа шыққаннан, сүйіктісімен тамұқта қалуды артық көрген әйелдерді әулие десе де болар. Мен жолым түсіп, осы жаққа келе қалсам, «Мертвый городқа» әдейі ат басын бұрып, Би Фати­мадай адал, нақақ кеткен әзіз әйелдерге басымды иіп, аруақтарына бағыштап Құран оқимын. Олардың әрқайсысы Құран аударуға да лайық жандар еді…

 

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *