СОДЫРЛАРДЫҢ СОЙЫЛЫН НЕ ҮШІН СОҒЫП ЖҮРМІЗ?

ДАИШ ұйымы қатарында 400-ге жуық қазақстандық соғысып жүр

bbb

Қазір террорлық ұйымдар күш алып тұрған заман. Ислам атын жамылған ниеті бұзықтар әлем назарын өздеріне аударып отыр. Әлдебіреулердің саяси ойынынан қаншама мемлекетте жазықсыз халықтың қойша қырылып жатқанын көру қандай қасірет еді. Уақыт өткен сайын күш алып, жұмыр жерді дүрліктіретіндей бұл ДАИШ қайдан шыққан ұйым? Содырлардың сойылын соғу үшін біздің қандаста­рымыздың да Сирияға аттануына не себеп? Осы мәселелер жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Сұлтанмұрат АБЖАЛОВПЕН сұхбаттасқан болатынбыз.

– Бүгінде террорлық ұйым­дар­дың әрекеттері әлемді алаң­датып отыр. Солардың бірі – ДАИШ. Бұлар қайдан шыққан­дар? Мақ­саттары не?

– Бұл террорлық ұйымның қалай пайда болғаны, мақсаты, қаржыландыру көздері жөнінде БАҚ-та аз айтылып жүрген жоқ. ДАИШ бүгінгі таңда әлем қауым­дастығының бас ауыртарлық мә­селесі болып тұр. Аз ғана уақыт ішінде күшейіп кеткен террор­шылар Ирак пен Сирияның аумағын қанға бөктіруде. Бұлар атышулы «әл-Каидадан» әлдеқай­да асып түсті. ДАИШ сарбаздары қатыгез әрекеттерімен барша адамзаттың бойына үрей ұяла­туда. Белгілі бір мемлекеттерге қоқан-лоққы ретінде шығарылған бейне жазбалары ғаламторды шарлап жүр. Олар үшін адам өмірінің еш құны жоқ екені осы бейне жазба­лардан айқын көрінеді.

ДАИШ деген атаудың өзінде «Ислам мемлекеті» деген сөз бар. Яғни, бұл топ өзін ислам дінімен байланыстырады және жер бе­тінде халифат орнатуды көздейді. Ұйым 2014 жылы 25 маусымда өздерін халифат деп жариялады. Бұқара халық ертедегі Араб халифаты жө­нінде, Осман хали­фаты жөнінде біледі.

– Шын мәнісінде ДАИШ-тың исламмен байланысы қандай?

– ДАИШ ислам дінін саяси құрал еткен террорлық топ. Дәл қазіргідей аяусыз қатаң жазалар, қатаң әрекеттер ислам тарихында бұған дейін болмаған. Террор­шылардың қазіргі іс-қимылдары Құранға, Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларының жолына қайшы. Бейбітшілікті ту еткен, мейірімділік пен сүйіспеншілікті таратқан дін ислам мен бүгінгі ДАИШ-тың жолы екі басқа. Қазіргі таңда сарапшылар бұл топтың діни ғұрыптарға нем­құрайлы қарайтынын айтып жүр. Терроршылар арасында Құран­нан, Пайғамбар сүннетінен хабарсыз жандар да көп. Олар, тіпті, адам саудасымен де белсенді түрде айналысуда. Міне, осы тәрізді дәйектер ДАИШ-тың исламнан алшақ екеніне дәлел бола алады.

– Cол содырлардың қатарында біздің де азаматтар жүр ғой.

– Рас. Бұл өте өкінішті жағ­дай. Астана қаласының Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешімімен ДАИШ террорлық ұйым деп танылып, елімізде қызметіне тыйым салын­ды. Ресми мәлімет бойынша дәл осы тер­рор­лық ДАИШ ұйымы қатарында қазақстандық 400-ге жуық азамат соғысып жүрген көрінеді. Олардың арасында жастар көп. Жастардың ДАИШ-қа қосылуы туралы айт­қанда бірінші кезекте діни сауат­сыз­дықты сөз етеміз. Қазақ жас­тары әлі де діннің дұрысы мен бұрысын айыра алмауда. Сала­филік, ради­калдық, экстремистік топтар дәстүрлі ханафилік мәзһа­бы­мызда жүрген ҚР мұсылман­дарын өз қатарларына тартуға барынша тырысып бағуда.

– Жұртты өздеріне магнитше тартатындай бұл топтардың нен­дей күші бар? Жастарды қалай илан­дырады?

– Назар салып қарайтын бол­сақ, қазіргі жастардың өмірлік құндылықтары өзгергенін бай­қаймыз. Жаһанданумен бірге енген техникалық жетістіктер әлем деңгейінде үстемдік жүр­гізуде. Осының әсерінен жастар арасында тұтынушылық психо­логия басым, барлығын дайын түрде қабылдауға әбден үйреніп алған. Жас буын іздеген дүние­сіне қысқа уақыт ішінде ғаламтор арқалы қол жеткізуге бейімделіп алды. Мұндай азаматтарымыз күндердің бір күнінде ойламаған жерден ғалам­тордағы уағызшы-идеологтардың тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Бір айта кетерлігі, білімі таяз азамат ғаламторды сана сүзгісінен, ой елегінен өткізуге дәрменсіз. Мұн­дай жас­тар түрлі әлеуметтік желі­лерде таралған ақпараттардың бәрін шынайы деп қабылдайды.

Ал ДАИШ ақпараттық кеңіс­тіктің күшін өз мүддесіне өте тиімді пайдаланып жатқан террорлық ұйым. Олар өздерінің интернет-ресурстары, теле-радио каналдары, баспасөз құралдары арқылы белсенді насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп жатыр. Сол үгіт-насихаттарын әлемнің 24 тілінде таратуда. Жер бетіне «ислам мем­лекетін» орна­тып, «әділеттілікті» таратамыз деген жалған ұрандары көпші­лікке қызықты болып көрінуі мүмкін. Жас азамат олардың саяси мақсаттағы күресін жете түсіне алмай, шынайы дінді насихат­таушылар ретінде қабыл­дайды. Өзі де өмірде белгілі бір тығырыққа тіреліп, сансыз сауалдарға жауап таба алмаған азамат ДАИШ-тан пана тапқандай әсерде болады. Бұл тұста тұлғаның әлеуметтенуге яғни өмірдегі өз орнын табуға деген талпынысын аңғарамыз. Бұған дейін жолы болмай, сәтсіздікке ұшыраған жан ойға көп батады. Ақырында, өзінің жеке қабілет­терін шыңдап, жете алмаған жетіс­тіктеріне Құдайдың жәрдемімен ДАИШ-те жетемін деген келте ойға тоқтам жасауы мүмкін. Бұдан соң біртіндеп жиһадшылар қатары­на қосылуға әзірлікті бастайды. Ең соңында мұндай азамат «Мұсылман бауыр­ларына» жәрдем беру үшін соғыс ошақтарына аттанып кетеді. Жас азамат неліктен мұндай әре­кетке барды? Әрине, бұл тұста ради­калды ағымдардың халыққа жүргізген насихатының күштілігі байқалады.

– Бұның барлығының алдын алу үшін біздің қоғамға қандай әрекет керек?

– Ол үшін елімізде ақпарат­тық саладағы жұмыстардың қарқыны жоғары болуы керек. Ақпарат кімнің қолында болса, ол адам халықты өзіне ерте  алады. ҚР азаматтарының ДАИШ-тік және басқа да экстремистік мазмұндағы насихаттарға ілігуі жергілікті діни насихатта әлі де әлсіздіктер барын көрсетеді. ДАИШ-тықтар өзге де радикал­ды, деструктивті ағымдар тәрізді адам тарту әдістерін жетік мең­геріп алған. Олар адамдардың әлсіз тұстарын, өмірдегі сұра­ныстарын өте жақсы біледі. Әлбетте, бұл секілді ұйымдардың аяқ астынан пайда болып, бірден дамып кетпейтіні белгілі. Олар­дың артында үлкен мүдделі күштердің бары қазіргі кезде ешкімге жасырын емес. Ғалам­тордан бөлек, тәрбие мәселесі де күн тәртібіндегі маңызды мәселе қатарында. Ата-аналардың бала­ларға дұрыс тәрбие бере алмауы әсерінен оларға дұрыс жол нұсқалмайды. Заман талабына байланысты қазір барлық ата-ана күнкөріс қамымен жүреді. Осының әсерінен бала тәрбиесі өз деңгейі­нен қалыс қалуда.

Жастардың ДАИШ тәрізді ұйымдарға кіруіне себеп болатын келесі мәселе – әлеуметтік жағдай. Бүгінгі таңда көп жастар тұрақты жұмысқа тұра алмайды, баспанаға қолы жетпейді. Кей­біреулерінің тиісті білімі жоқ, ал кейбірі қолдан жасалған кедер­гілер әсерінен өзі қалаған қыз­метке орналаса ал­майды. Осыдан соң күзетшілік, даяшылық тәрізді қысқа мерзімді, болашағы жоқ қызметтер атқаруға немесе жұ­мыссыз жүруге мәжбүр болады. Осындай келеңсіздіктерге тап болған наразы жанды ДАИШ-та, өзге діни ағымдар да өз қатары­на тез тарта алады.

Қорыта айтқанда, мәселе тек ДАИШ-ке ғана келіп тірелмейді. Біз одан басқа да қауіпті діни ұйымдар қатарына азаматтары­мыздың қосылуына жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін жоғарыда айтыл­ған мәселелерді шешуге мұқият назар аударғанымыз абзал.

 

Сұхбатты жүргізген –

Жайық НАҒМАШ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *