Соболев сақалынан сүйген Жамбыл жәкем

немесе «Өмір жолы» соқпағын ерлікпен қорғаған қазақстандықтар

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі Ленинград түбінде соғысты. Қаланы қорғау Ұлы Отан соғысының тарихынан айрықша орын алды. Жау Ленинград қаласына бір мил­лионнан астам адамнан тұратын күшпен шабуыл жасады: 17 мыңнан астам зеңбірек пен минометі, 1500-дей танк және 2 мың ұшағы болды. Осындай қиын-қыстау күн келіп, ленинградтықтардың басына қара бұлт төнген кезде Қазақстанда жасақталған 310 және 314-атқыштар дивизиялары көмекке келді. Бұл неміс-фашист әскерлері «Солтүстік» армия тобының Ленинградқа шабуыл жасап, оны қоршауға алу әрекетін жүргізіп жатқан кезі болатын.

Ақмола (қазіргі Астана) қаласында жасақталып, жауынгерлері қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткен 310-атқыштар дивизиясы қатарында Ақмола маңынан басқа Қостанай, Қарағанды облыстарының тұрғындары болды. Дивизия командирі полковник Н.М.Замировский, комиссары С.И.Шаманин, штаб бастығы полковник М.Кружков. Жаңа жасақталған дивизияның кіші командалық құрамы Алматы мен Ташкенттің әскери училищелерін бітірген жас командирлермен толықтырылған.

Дивизияның басшы командирлері мен саяси қызметкерлері бұрын әскери қызметте ысылған, тәжірибелі адамдар, ал саяси жетек­шілердің құрамы Орта Азия әскери округіне қарасты әскери саяси училищелерде тәрбие­ленгендер немесе партия, кеңес органдарында істеген, саяси және өмір мектебінен өткендер еді. 310-дивизия құрамының 40 пайызын қазақтар құрады.

310-атқыштар дивизиясы 1941 жылы тамыз айының аяғында Ленинград түбіндегі Тихвил станциясына жеткізілді. Бұл кезде Ленинград жағдайы ауыр күйде еді. Өйткені, немістер МГА және Шлиссельбург стансаларын алып, Ленинградты қоршау шеңберін тұйықтаған болатын. Немістердің ендігі мақсаты – Ладога көлін жағалай отырып, Лодейное поле мен Свирьстройда орналасқан неміс-фин әскер­леріне қосылу. Әлі ұрысқа қатыспаған диви­зияға қайткен күннің өзінде немістерді тоқтату жөнінде бұйрық беріледі. Дивизия жауынгер­лері бірден шабуылға шығып, үш күндік ауыр ұрыстардың нәтижесінде 10 шақырым алға жыл­жып, «Торфяник» совхозын, Синявино көлін және МГА стансасынан 5 шақырым №7-жұмысшы поселкесін азат етті. Немістер көп шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Дивизия жауынгерлерінің қолына бірнеше танк, автомашина, қару-жарақ түсіп, ондаған неміс солдаты мен офицері тұтқындалды. Сөйтіп, дивизия бірінші сынақтан сүрінбей өтті.

Мұнан соң дивизияға МГА стансасына іргелей орналасқан Гайтолово поселкесін алу туралы бұйрық берілді. 1941 жылы 24 қыр­күйекте дивизия шабуылға шығып, ауыр ұрыстарға қарамастан немістерден Гайтолово поселкесін азат етті. Немістер тағы көп шығынға ұшырап, жүздеген фашист жойылды. Ондаған неміс қолға түсті. 4 танкі, 3 авто­машина, 3 зеңбірек, 20 қол және станколық пулеметтер, 4 миномет, көптеген автомат пен винтовка, басқа да әскери мүлік олжаланды.

1941 жылы 19 қазанда дивизияға немістер орналасқан Гонтовая Липка мекенін алу туралы бұйрық келіп түсті. 21 қазанда дивизия жауынгерлері шабуылға шығып, аса қиын ұрыстардан кейін, 22 қазанда аталған мекенді алды.1941 жылы 26 қазанда Совинформбюро «Ленинград майданы учаскелерінің бірінде подполковник Милкадзе және майор М.Михай­ловтың бөлімшелері өте маңызды пункт Г-ні алып, көп әскери мүлікке ие болды» деп хабар­лады. Хабарда айтылған «Г пункті» – жоғарыда айтылған Гонтовая Липка болатын. Ал әскери бөлімшелер деп отырғаны 310-атқыштар дивизиясының құрамындағы Милкадзе командирлік ететін 666-полк және Михайлов командирлік ететін 1084-полк болатын. 1942 жылы 1 қыркүйекте партия, үкімет және кеңес­тік әскери басшылық – Ленинград майданында ерекше ерлік көрсеткен 310-атқыштар диви­зия­сының 574 жауынгерін Кеңес Одағының ордендерімен және медаль­дарымен марапат­тады.

Гитлер командованиесінің «Барбаросса» жоспары бойынша жүргізілген жазғы страте­гиялық операциясы сәтсіз, аяқталды, сөйтіп, «жаз айларында-ақ Ленинград пен Мәскеуді басып алып, оларды жермен-жексен ету керек» деген Гитлердің бүйрығы орын­далмады. Жау әскері кеңес жауынгерлерінің мықты қар­сылығына тап болып, Ленинградтың шалғай шептерінде үлкен шығынға ұшырады.

900 күн мен түнді қоршауда Өткізген

ленинградтықтардың табандылығы мен ерлігі дүние жүзін таңдандырды

Қаланы қорғаушылар 900 шақырымға созылған қорғаныс шебін тұрғызды. Қару-жарақ және оқ-дәрі жасаған кәсіпорындар өте ауыр жағдайда – атылған оқ пен төбеден түскен бомба астында жұмыс істеді. Зеңбірек оғынан, аспаннан түскен бомбалардан, ауру және аштықтан 1 миллионнан астам адам қаза тапты. Алайда, фашистер Ленинградты ала алмады. Қоршаудағы ленинградтықтарға Қазақстан жан-жақты көмегін көрсетті. Эшалон-эшалон азық-түлік, оқ-дәрі, әскери жабдықтар жөнелт­ті. Көрсетіліп жатқан көмекті еселеу үшін, Қазақстан еңбекшілері жоспардан тыс жүзде­ген мың тонна көмір, мұнай, қорғасын, мыс жөнелтіп, мыңдаған граната, зеңбірек оқтарын, мина жасап жіберді. Колхозшылар нан мен етін, майы мен жеміс-жидегін жолдады.

Қоршауда қалғандар қатарында мыңдаған қазақстандық жауынгерлер де болды. Ленинград, Волхов және Карель майданда­рының түрлі учаскілерінде ақмолалық 310 және петропавлдық 314-атқыштар дивизиясы жаумен шайқаса отырып, 1941 жылдың күзінде олар Ладога көлі бойында бірден-бір қатынас жолын, ал қыста атақты «өмір жолы» соқпағын қорғасты. 1942 жылдың күзінде аталған дивизиялардың ерен қимылдарының нәтижесінде дұшпанның Ленинградқа қайта шабуыл жасау жоспары жүзеге аспай қалды.

Неміс басқыншылары өлермендікпен үнемі алға ұмтылып, қысқы суық түскенше, қайткен күнде де Ладога көліне жетуді және солтүс­тіктен шабуыл жасап келе жатқан фин әскер­лерімен қосылуды көздеді. Волхов қаласы үшін жау айдан астам арпалыса ұрыс жүргіз­генімен, одан ешбір нәтиже шығара алған жоқ.

Ленинград қорғанысы үшін маңызы зор шепті қолда ұстаған қазақстандық құраманың қатары Ленинград маңынан келген бөлім­дермен, Балтық флотының теңізшілерімен толықтырылып отырды. Шалғайдағы Қазақ­станнан толықтыру күтіп жатуды ұрыс жағ­дайы көтермейтін еді. Дегенмен, ұрыс дала­сында шыныққан дивизия жауынгерлерінің арқауы қазақстандықтар болып қала берді.

Қазақстандық қос дивизия әскерінің ойдағыдай шабуыл жүргізуі фашистердің Ленинградты толық қоршап алмақ болған үмітін күлталқан етті.

1944 жылы Новгородты алу кезінде 310-атқыштар дивизиясы бірінші болып қалаға кірді. Сол үшін дивизияға «Новгородтық» атақ берілді. 1944 жылы дивизияға «Қызыл Ту» беріліп, «Ленин» орденімен марапатталды. «Нов­городтық», «Ленин» орденді, «Қызыл Тулы» 310-атқыштар дивизиясы соғыс қимыл­дарын 1945 жылы солтүстік-шығыс Польша мен Солтүстік Германия жерлерінде аяқтады.

314-атқыштар дивизиясы 1941 жылы 10 қыркүйекте Ленинград облысындағы Лодейное поле қаласының маңына келіп орналасып, бірден Свирь өзенінің бойында соғыс қимыл­дарына кірісті. Дивизия жауынгерлері 1941 жылғы 10 қыркүйектен 1942 жылғы маусым айына дейін Лодейное поле, Свирь және Подпорожье мекендерін азат етіп, қор­ғауда ерекше ерлік көрсетіп, батырлық танытты. Олар жүргізген қорғаныс ұрыста­рында жау­дың мыңнан астам офицерлері мен жауын­герлері мерт болып, көптеген әскери техника жойылды. Неміс әскері Лодейное қаласын алуға бірнеше рет әрекет жасаға­нымен, ала алмады.

Соғыстан кейін Лодейное поле қаласынан 4 шақырым жерде – Ленинградқа апарар автомобиль жолының бойында граниттан жасалынған тақта орнатылды. Тақтада «1941-1942 жылдары Отанымыздың намысы мен тәуелсіздігі үшін ұрыста қаза тапқан қазақ­стандық жауынгерлердің даңқы мәңгі жасай берсін!» («Вечная слава воинам-казахстанцам павшим в боях за честь и независимость нашей Родины в 1941-1942 г.г.») деп жазылған (аударған автор).

1943 жылы 12 қаңтарда Ленинград пен Волхов майданының жауынгерлері неміс қоршауын бұзып өту үшін шабуылға көшті. Бұл соғыс қимылдары 7 күнге созылды. 2 екпін­ді армияның оң қанатында болған 314-атқыштар дивизиясы белсенді ұрыс қимылда­рын жүргізді.

1943 жылы 18 қаңтарда радиодан әлемге белгілі болған мынадай хабар берілді: «Біздің әскеріміз 7 күндік ауыр ұрыстан кейін жаудың ені 14 шақырымдық бекінісін талқандап, Нева өзенінен өтіп, Шлиссельбург, ірі бекіністік мекендер: Марвино, Дубровка, Липки, Синя­вино, Подгорная стансаларын азат етті». Соны­мен, 2 майданның әскерлері бір-бірімен кезде­сіп, Ленинград қоршауын бұзды. Ленинград­тықтардың орталықтан көптеп көмек алуына мүмкіндік туды.

Қазақстандық жауынгерлердің ерен ерлігі

Ленинград блокадасын бұзып, қала мен оның халқын қоршаудан азат етуде және РКФСР-дың солтүстік-батыс аймақтарын басқыншылардан тазарту ұрыстарында көптеген қазақстандық жауынгерлер қаһар­ман­дық танытты. Мәселен, 1943 жылы 25 шілдеде Ленинград облысы Синявино селосы түбіндегі шайқаста жау дзотының оғы бөлімше жолына тосқауыл болды. Гранаты таусылған Сұлтан Баймағамбетов дзот амбразурасын кеудесімен жауып, ел бостандығы мен тәуел­сіздігі жолында жанын құрбан етті. Ленинград үшін күрес шежіресінде Әлия Молдағұлованың даңқты есімі мәңгіге қалды. Қаһарман қазақ қызы 1944 жылы 15 қаңтарда Ленинград облысы Казачиха деревнясы үшін шайқаста мерт болды. 24-атқыштар бригадасында қызмет еткен З.Оңғарбаева ержүрек жауынгер ретінде көпке танылды.

372-атқыштар дивизиясының 1236-атқыштар полкі 5-атқыштар ротосының бөлімше командирі Қойбағаров ұрыста неміс траншеяларына бірінші болып кіріп, ержүректілік көрсетті. Ленинград майданында 48-атқыштар дивизиясының таңдаулы мергені Дүйсенбай Шыныбеков те ерлікпен шайқасып, 174 немістің көзін жойды.

Ленинград үшін болған шайқастарда артиллериялық бақылау аэростаттары дивизионының командирі Саид Жылқышев көзге түсті. Ленинград қаласымен байланыс орнатуда азаматтық әуе флотының қазақстан­дық екі басқармасынан барлығы 41 қызметкер қатысты. Әсіресе, көзге түскен ұшқыштар қатарында С.Ахметов деген қазақ бар еді.

Ладога көлінің мұз үстінен тартылған «өмір жолымен» күніне 3-4 мәрте қатынап, қорщаудағыларға азық-түлік, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек жеткізген қазақстандық жүргізушілер (шоферлер) сапында – С.Қабиев, Қ.Оспанов, С.Игевский және жол учаскелері бірінің бастығы кіші лейтенант К.Ахметшиев болды.

Қазақстандық жауынгерлер Ленинградты қорғауда тек құрлықта ғана емес, сонымен қатар, Балтық теңізінде де өз үлестерін қосты. Балтық флотындағы қазақстандық кировшілер жауға қарсы шебер де батыл шайқасты. Балтық әскери теңіз флотының қолбасшысы адмирал В.Трибуц 1943 жылғы сәуірде қазақ халқына жолдаған хатында «Қазақ халқының ұлдары Отан үшін шайқаста жауынгерлердің алдыңғы қатарында келеді. Барлық Балтық теңізшілерімен бірге олар Отанымыздың Балтық бойы шебіндегі құрметті вахтаны қыра­ғылықпен күзетіп, теңіздегі сүйікті аста­намыз, революция бесігі, даңқты Ленинградты ерлікпен қорғауда. Тек, бір ғана «Қызыл Тулы» «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық жауынгер бар. Олардың көбісі батырлығы мен ерлігі үшін жоғары мемлекеттік наградалар – Кеңес Одағының ордендері мен медальдарын алды» деп баға берді.

1943 жылы қаңтарда 900 күнге созылған Ленинград қоршауы бұзылды, 1944 жылы Ленинград басқыншылардан толық азат етілді.

 

«Жамбыл келді майданға!»

1941 жылғы қыркүйектің ауыр күндерінде Қазақстанның халық ақыны Жамбыл ленин­градтықтарға «Ленинградтық өренім!» деген жырын арнады. Онда көп ұлтты еліміздің бүкіл еңбекшілерінің ой-тілегін, сезімін білдірді.

Қала қорғаушылардың бірі, ақын Николай Тихонов сол қиын қыстау кездегі Жамбыл жыры­ның құдіреттілігін «Жамбыл – Ленин­градқа, оны қорғаушылар қатарына келіп тұра қалды» деп аса жоғары бағалады.

Ақын жыры достықтың шынайы әнұра­нына айналды:

Ленинградтық өренім,

Мақтанышым сен едің!

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін.

………………………………..

Шамы Күндей жайнаған,

Аспанға үйлер бойлаған…

Арқа тұтып алыста,

Айбыным деп ойлағам!

Жабықпағын Ленинград!

Отан әмір берген шақ.

Сап-сап қол барар

Қорғап сені ол қалар.

Жанышталар айдаһар!

Жата алмаймын төсекте,

Жаным қалай жайланар?

Құс ұйқылы көнемін,

Қайтып ұйқы көремін,

Жетсін деймін сендерге,

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласында Лениннің,

Сайып қыран өренім…

 

Жамбыл шығармасынан алған әсері туралы атақты жазушы Всеволод Вишневский былай деп жазды: «Осы бір толғауды көзіңе жас алмай және тебіренбеген қуаныш сезімінсіз оқу мүмкін емес. Біз бұл жырды тың күш келіп жеткендей бағаладық. Қазақстан халқы бізге туысқандық сәлемін, сүйіспен­шілігі мен достығын жолдады. Ол – күшімізді еселей түсіп, жаумен шайқасқа кірістік».

«Қазақтың данышпан жыршысы жыры арқылы бүкіл елімізге: «Мен сендермен біргемін, ленинградтықтар!» деді», – деп жазды 1941 жылдың күзінде «Ленинградская правда» газеті…

 

«Ол жақта қазақтар болды»

Жуырда Ленинград блокадасына қатысу­шы, Ленинград блокадашыларының Алматы кеңесінің ардагері, Алматы қаласының тұрғыны 92 жастағы қария Сергей Понкра­тенков Невадағы жау қоршауы мен соғыс туралы естелігін айта келіп, Caravan.kz тілшісінің сұрақтарына былай деп жауап берді:

– Сіз Ленинград блокадасында қазақстан­дықтарды кездестірдіңіз бе?

– Әрине, о не дегеніңіз, қазақтар ол жақта болды. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» деген атақты өлеңі жазылған үнпарақтар қалада көптеп жапсырылып тұрды, жырды бәрі білді, құрметтеді…

ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңін сынға алушылар да болмай қалған жоқ. 100 жасаған Жамбыл Жабаевты биліктің сөзін сөйлеген жағымпаз деп жазғырды. Ресейдің әртісі, музыкант-гитарист Александр Розен­баум бір кезде Ленинград туралы Жамбылдың жүрекжарды жырына жағымсыз ән шығарған. Әншісымақ «Ленинградцы, дети мои, Ле­нинградцы, не ваши дети», – деп сандырақ­таған…

– «Ленинградтық өренім» қалай жазылды, не түрткі болды?

– Соғыс жылдары Қазақстан Үкіметін басқарған Нұртас Оңдасыновтың естелігінде былайша баяндалады:

«…Неміс басқыншылары Ленинградты қоршап алды. Сыртпен байланыс үзіліп, 90 тәулік қала қоршауда тұрды. Ладога көлінен өтетін бір ғана соқпақ арқылы кең байтақ Кеңестер Одағынан жиналған азық-түлік, киім-кешек бораған оқтың астынан амалдап өткізіліп, қала тұрғындарына жеткізілді. Содан бұл соқпақ «Өмір жолы» деп аталып кетті.

Қазақстан тез арада ленинградтықтарға ұзын саны 140 вагоннан тұратын, екі теміржол составын жасақтады. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бұл сәлем-сауқатты оларға Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Әбсемет Қазақ­баевтың бастап баруын ұйғарды. Сыйлыққа қоса Қарағандының №31 шахтасының кеншісі Түсіпов өз атынан хат жолдады. Ол өз хатында қазақ халқының сый-сияпатын ақ ниет пен берік достықтың нышаны де білерсіздер деп жазды. Менің көкейімнен материалдық көмекпен қоса қоршауда қалған қала жұрт­шылығына моральдық күш беретін, рухын көтеретін бір сәлем сөз арнау кетпей қойды. Бұл ойымды Орталық Комитеттің отырысында айтып едім, көпшілік қолдады. «Сөз анасы – сәлем» демей ме қазақ, сол асыл сөзді кімге жаздыруды ойлаған кезде аузыма Жәкең – Жамбыл Жабаев түсті.

Содан Орталық Комитеттің тапсыруымен 1941 жылдың күзінде қасыма ақындар Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, тағы да біраз адамдарды ертіп Жәкеңнің аулына келдік. Бір топ адам сау етіп ертемен келгенге ауыл адамдары елеңдесіп қалды. Онсыз да соғыстың суық хабары жүректерін шайлықтырып қойған ғой. Жәкең ауыл сыртында ат үстінде жүр екен. Бәріміз сол кісіге қарай жүрдік. Амандық, саулықтан соң келген мақсатымызды айттық, жеткіздік. Жәкең біздің сөзімізді ат үстінде отырып тыңдады да, үнсіз қалды. Бір мезетте еңсесін көтеріңкіреп, қызылға түсер қырандай қомданып, қапталда жатқан ақбасты Алатауға қарап қойды да, ишарамен «үйге жүріңдер» дегенді білдіріп, өзі жол бастады.

Қашанда да қонаққа жаюлы тұратын Жәкеңнің мол дастарханы, оның айналасына бәріміз жайғастық. Жәкең төрде ілулі тұрған домбырасын алдыртып, шанағын қағып-қағып жіберді. Әдетте қарт жыраудың жырды нөсерлетіп төгіп-төгіп жіберетін, бір сөзін екінші рет қайталамайтын қасиетін білетін ақындарымыз қағаз бен қаламдарын алып, аңысын аңдып дайын отыр. Жәкең жырын бастады, ол қағазға түсіп мәңгілік дүниеге айналып жатты…..

Келген мақсатымыз орындалып, кіші бесінде Алматыға олжалы оралдық.

Қуанышымыз шексіз…».

Жүз жастағы жыр алыбының миллион­даған жүректі тебіренткен, жұбатқан атақты жыры осылай жазылған екен.

 

Мәскеулік мейман

Бірде Кеңес Одағының көрнекті жазушысы әрі әдебиет сыншысы Леонид Соболевтің Алматыға жолы түседі. Ол Жамбылды көргісі келетінін айтады. Мұхтар Әуезов Соболевті жыр алыбы Жамбылға ертіп барады. Жәкең әрі-беріден сөз қозғап, біраз өлең-жырларын дом­быраға қосылып орындайды. Жүзге жақын­­дап, шау тартқан ақынның өнеріне, қайрат-жігеріне мәскеулік қонақ риза болып отырады. Біраз уақыттан соң олар ақын туған өңірді көру үшін сыртқа беттейді. Қарт жырау есік алдында кебісін таппай сәл-пәл абдырап тұрып қалады. Соболев көмектесіп, кебісін кигізеді. Мұны өзіне мін санаған Жамбыл ақын кебісін кие сала:

Жігіт едім жасымда қысылмаған,

Көрсеткен жоқ тірі жан қысым маған.

Тар саңлаудан дәл соққыш мерген Жамбыл,

Кең кебісін кие алмай пысылдаған, – деп өлеңдетіпті.

Мұхаң мұны қолма-қол, жолма-жол аударып береді. Жүз жастағы жыр алыбының табан астында шығарып айтқан ұтымды шумағына әрі қабілет-қарымы мен намысына риза болған Соболев:

«Міне, нағыз Гомер, нағыз ақық жырдың алыбы» деп, Жамбылдың сақалынан сүйген екен.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close