Соңғы үш жылда шаһарда 12 мың орынды 350 мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері ашылды

Алматы  әкімдігі  мен ЮНИСЕФ балалар мен қала жастарын қолдау туралы меморандумға қол қойды

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Біріккен Ұлттар Ұйымы ЮНИСЕФ балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный балалар мен қала жастарын білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында қолдау туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын анықтады. Соның ішінде балалардың жағдайын мониторинг жүйесі арқылы біліп отыру, зорлыққа ұшыраған немесе куәгер болған балаларға қолдау көр­сетуді ұйымдастыру, балалар мен жасөс­пірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және басқа да бағдарлар  бар.

Әмбебап-прогрессивті модель аясында 5 жасқа дейінгі балаларға патронаждық қолдау бойынша медициналық-әлеуметтік қызметті кешенді түрде көрсетуді ұйымдастыру жоспар­ланған. Өзгеше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті шаралар қабылданады.

«Біріккен бұл игі қадамның балалар құқы­ғын қорғау саласының жұмысын жандан­дыруға, Алматыда әр бала үшін жақсы жағдайды бірдей жасауға мүмкіндік беретініне, өскелең жас ұрпақтың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететініне сенімдімін», – деді Бауыржан Байбек.

Қол қойылған меморандум аясында Алматы әкімдігі мен  ЮНИСЕФ жастардың ресурстық орталықтары мен жастар денсаулықтары орталықтарының әлеуеттерін нығайтуға, сонымен қатар өмірлік қиын жағдай туа қалса балаларды әлеуметтік қорғаудың аясын кеңейтуге уағдаласты.

Бүгінгі күні қалада 400 мыңнан астам бала және 700 мыңнан астам 35 жасқа дейінгі жас азаматтар өмір сүруде. Еліміздің ең ірі мега­полисі ретінде Алматыда балалар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат жарқын көрініс тапқан.

Өткен жылдан бастап «2020 жылға дейін жастарға қолдау көрсетудің Жол картасы» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Ол өскелең жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне, мегаполистегі өмірге тез арада бейімделуіне ойдағыдай ықпал етуде. Мұнда жас мамандар­ды жұмысқа орналастырудың, жас отба­сылардың пәтер алуының, студенттік жатақ­ханалар салудың нақтылы шаралары қарас­тырылған.

Жетімдер мен ата-аналарының қарауын­сыз қалған балалар үшін өмірлік барлық жағдайлар жасалуда. Тұрмысы төмен жанұя­лардың оқушыларына көмек көрсету мақса­тында 2018 жылы жергілікті бюджеттен 771,5 млн. теңге қарастырылған.

Ерекше күтімді қажет ететін балаларға баса назар аударылуда. Қаланың 115 мектебінде инклюзивті оқыту ұйымдастырылған, 10 заманауи инклюзивті балалар алаңдары салынған.

Өткен жылдан бері «Бала болашақпен бірге» атты дельфиндік терапияның пилотты жобасы қолға алынған. Биылғы жылдан бас­тап «Ерте араласу» атты әлеуметтік қызмет жұ­мы­сын бастады. Олар 3 жасқа дейінгі әлсіз бала­ларға көмек пен қолдау көрсетуде. Мұн­дай заманауи, кешенді және тұрақты сауық­тыру шараларының тиімділігі 90%-ға дейін артып, мүгедектіктің алдын алуға ықпал етуде.

Соңғы үш жылда 12 мың орынды 350 мек­теп жасына дейінгі балалар мекемелері ашыл­ды. ҮЕҰ-мен бірге балалар үйлерін отбасы мен балаларды қорғау Орталықтарына айнал­дыру аясында №1 балалар үйінің базасында пилотты жоба жүзеге асуда.

«Ақшам-ақпарат».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *