СОҚЫРЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ САРДАРЫ

Биыл Қазақ зағиптар қоғамының қайраткері, ірі ұйымдастырушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәкен Хайдарұлы Өтегеновтің туғанына 100 жыл толып отыр.

Өмір әркімге әрқалай сынақ береді. Сәкен Өтегенов соғыста ерлік көрсетіп, көз жана­рынан толық айырылғанымен, өмірге деген сүйіспеншілігінен, тіршілікке деген құлшыны­сынан айырылмай, қайсарлық пен төзімділік танытып, қаншама мың мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірден өз орнын табуына жол ашып берген, бейбіт майданның да батыры атанған адам.

«Қазақ соқырлар қоғамы» ұйымын 33 жыл жемісті басқарған Сәкен Хайдарұлы туралы жақында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, белгілі журналист Төреғали Тәшеновтің «Өтегенов өнегесі» атты деректі көркем хикаяты Алматыдағы «Аннұр Сапа» баспасынан жарық көрді.

Кітаптың ерекшелігі – ол тек С.Х.Өтеге­нов туралы жазылмайды. Біріншіден, ешқандай әсірелеусіз, Өтегеновтің өмірі тек тарихи құжаттар мен суреттерге негізделген және өзінің мақалалары һәм үзеңгілес болған әріп­тестері мен көз көрген замандастарының пікірлері пайдаланылған. Екіншіден, Өтегенов ағамыздың ұзақ ғұмыры ұрпаққа сабақ болатындай, үлкен тәрбиелік маңызы бар өмір. Ол өзі туған Отанын сүю, еңбекқорлық, халық­қа қызмет ету, бауырмалдық, жанашырлық және жаңашылдық. Үшіншіден, Өтегеновтің өмір жолы сол кездегі тарихи елеулі оқиға­лармен қатар өріліп отырады. Оның бәрі ойдан шығарылмаған, тарихи құжаттарға сүйеніп жазылған болжам-деректер. Қайсар­лық пен жанашырлық, адалдық пен сенім, таным мен тәрбие, отансүйгіштік бір бойына тоғысқан қайраткер тұлғаны өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сондықтан кітап атынан да көрініп тұрғандай мұны өнегелі тұлғатану кітап деуге болады.

Осы кітапты оқу арқылы жас ұрпақ көзі кем мүгедектерге қамқоршы болған тұлғаны танып қана қоймай, аға ұрпақ ерлігінен қанат­танып, өздерінің жауапкершілік сезімін тәр­биелейді, өздерін-өздері жетілдіреді, қиындық­ты жеңуді, өмір сүруді сүюді үйренеді, халқы үшін еңбектену керектігін ұғынады.

Сәкен Хайдарұлы жас кезінде өз бетімен игерген журналист мамандығына өмір бойы адал болды, көз мүгедектеріне қатысты ұйым­дар мен мекемелердің өмірі мен қызметтері, зағиптар мәселелері туралы мақалалары «Еңбек таңы» – «Заря труда» журналында және басқа да республикалық мерзімді басылымдарда үнемі жарияланып тұрды. 1983 жылы «Қазақстан» баспасынан оның «Согре­тые заботой и вниманием» атты кітабы шыға­ды. Бұл кітабында ол көптеген материалдар, құжаттарға сүйене отырып Бүкілресейлік зағиптар қоғамының құрылуы, сондай-ақ Қазақ зағиптар қоғамының құрылуы және оның ағымдағы өмірі мен болашағы туралы баяндайды. Кітапта зағип жандардың қоғамдағы өмірі, олардың білім алуларына, еңбек етуле­ріне, медициналық көмектер алуына байла­нысты қоғамның түрлі қызметтері көрсетілген. Және бұл кітабында өндіріс үздіктері мен сол кездегі жаңалықтар, қоғамның ардагерлері мен басшылары жайында бай мағлұмат келтірілген.

Қазақ зағиптар қоғамын түлетуге бүкіл саналы ғұмырын арнаған С.Х.Өтегеновтің ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін «1-ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орде­ні­мен және көптеген медальдармен марапатталған.

Қазақ зағиптар қоғамындағы көпжылдық еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалі және Лениннің 100 жылды­ғына арналған медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының құрмет грамоталары­мен марапатталған.

Соғыстағы батырлығынан бөлек, ерен еңбегімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ел құрметіне бөленген қайсар азаматтың 100 жылдығына орай шығып отырған «Өтегенов өнегесі» атты кітап халықтың қалаулысы атанып, ардақ тұтқан азаматын ел есінде қалдыру мақсатында жарық көрді. Бұл кітапта оның жастық шағы, еңбек асулары, соғыс кезі мен бейбіт еңбектегі қызметі жазылған, естеліктер, мақалалар жарық көрген.

Сәкен Хайдарұлы сан салада қызмет атқа­рыпты, мал дәрігері, ауылшаруашылық маман­дарына сабақ берген ұстаз, журналист, облыс­тық комсомол ұйымының хатшысы, қызыл әскер, офицер-майдангер, мектеп мұға­лімі, зағип­тар қоғамының төрағасы, баспахана дирек­торы, көз мүгедектерін оңалту орталығы­ның басшысы. Бір сөзбен айтқанда, жеті қырлы бір сырлы азамат. Ізденімпаз, жаңалық­­­құмар, пси­холог, ақылшы, тәрбиеші, талапшыл да әділ һәм шешімтал басшы. Міне, осының бәрі жа­рық дүниеде 78 жыл жасаған Сәкен Хайдар­ұлын­дай нар тұлғаның өмірінің өнегелі өрнектері.

Бұл кітапта өз заманының зиялысы, қайсар да қайраткер қазақ азаматының бейнесі замандастары, қызметтестері, дос-жарандары және жас ұрпақ көзімен сомдалған. Саналы ұрпақ тәрбиелеу, ердің елге қызметі, отан­сүйгішітікке баулу, патриотизмді насихаттау тұлғаларды таныту арқылы болмақ. Өйткені, тарихты жасайтын да тұлғалар ғой. Ендеше, көрнекті тұлғаның шынайы болмысы туралы тарихи деректер негізінде дайындалған көркем туынды шындықты аша түсіп, жүректерге жол табарына сенімдіміз.

 

Алмат НАУРЫЗБАЕВ,

Қазақ соқырлар қоғамының

Орталық басқармасының төрағасы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *