СОҢҒЫ ПЕРҒАУЫН: САМҒАУ МЕН СОРЛАУ

Перғауын аты аталған жерде пирамида сөзінің ілесе жүруі де заңды. Біз әңгіме еткелі отырған, өзіміз «перғауын» мәртебесіне лайық көріп отырған кейіпкердің де пирамидаға тікелей қатысы бар. Алайда, бұл жолғы пирамида Гиза жазығындағы Хеопс пирамидасы емес, бір дәуірдің атақты алаяғы Сергей Мавроди құрған, ең қумын дегендердің өзін аузын аштырып, көзін жұмдырған атақты «МММ» қаржы пирамидасы.

Сонымен…

 

Өмірзақ МҰҚАЙ

Наурыз айында Мәскеуде атышулы МММ пирамидасының негізін қалаушы атақты алаяқ Сергей Мавроди 62 жасында дүние салды. Кезінде жарты әлемді шулатқан Мавроди мырза жұрт ойлағандай мәртебелі виллада да, қымбат көліктің ішінде де емес, қарапайым автобус аялдамасында жүрек талмасынан көз жұмды. Жедел жәрдемді де кездейсоқ өтіп бара жатқан біреулер шақырған.

Ақпарат көздері Сергей Мавродиді «кеңестік һәм ресейлік алаяқ» деп айдарлайды. Ол құрған МММ пирамидасы Ресей тарихындағы ең үлкен алаяқтық ұйым болған. Ең соңында одан анау-мынау емес, бақандай 10–15 миллион адам зардап шеккен. Кейбір деректерге қарағанда, келтірілген шығын мөлшері  3 миллиард сомнан асады!

2003 жылы Ресей соты Мавродиді аса ірі көлемдегі алаяқтығы үшін соттады. Ресми түрде зардап шеккендердің саны 10454 адам деп танылды.

Ал сөйткен Мавродиіңіз кім болды? Кім еді?

 

***

Өмірбаян деректеріне қарағанда, Сергей Мавроди бала күнінен ерекше есте сақтау қабілетімен ерекшеленіпті. Мәскеуде орта мектепті, балалардың көркемөнер мектебін бітірген. Оқуда үздік болған. Әсіресе, математика мен физиканы жетік білген. Мектеп олимпиа­даларында жеңіске жеткен.

Сергей Пантелеевич 1972 жылы Мәскеудегі электронды машина жасау институтының Қолданбалы математика факультетіне оқуға түседі. Шахматпен және покер ойынымен әуестенеді. Болар бала боғынан, Сергей Мавроди институтта жүргеннің өзінде аудио және бейнематериалдар көшірмесін жасап, сатумен айналысады.

Атақты алаяқ сонау 1983 жылдың өзінде-ақ жауапқа тартылыпты. ОБХСС оны заңсыз жеке кәсіпкерлігі үшін он тәулікке қамаққа алады. Дәл сол кезде КОКП орталық комитетінің «Асыра­сілтеу туралы» қаулысы шығып, Мавроди жазалаудан құтылып кетеді.

1989 жылы ол құрған МММ кооперативі о баста бірнеше коммерциялық құрылымның басын біріктірген. Ал 1994 жылы МММ-нің акциялары еркін саудаға шығарыла бастайды. Небәрі жарты жылдың ішінде 15 миллион салымшы жинап, табысы ел бюджетінің үштен біріне дейін өседі. Ал ол дегеніңіз адам сенбес мөлшер! МММ акциялары бірден 127 есеге дейін қымбаттайды.

Әлбетте, мұндай мол қаржының күмән ту­дырмауы мүмкін емес. Сол жылдың 4 тамызында өзі басқаратын «Инвест-Консалтинг» фир­масының салығын жасырды деген айыппен Мавроди түрмеге тоғытылған. Кереметі сонда, сот барысында Серекең ешқандай қынжылыс білдірмеген көрінеді. Бар-жоғы бастаған ісін аяғына дейін жеткізе алмағанына өкініпті.

Мавроди сияқты пысықтардың түрмеде де жәй қарап жатпайтыны айтпаса да белгілі. Қамақта жатып-ақ Ресей Федерациясы Мем­лекеттік Думасының депутаттығына кандидат болып тіркелу үшін қол жинап, ақыры екі айдан кейін Орталық сайлау комиссиясына тіркеледі. Сөйтіп, Мавродиіңіз айды аспаннан бір-ақ шығарып, түрмеде жатқанына қарамастан, 1994 жылдың 30-қазанында Ресей Парламентінің депутаты болып сайланады. Сөйтіп, қамаудан босатылады.

 

***

Атақты  МММ  пирамидасы  1997 жылдың 2 қыркүйегінде банкрот болып жарияланды. Мавродидің ізі Ресейді былай қойғанда, бүкіл посткеңестік дүниеде сайрап жатыр. 2011 жылы ол Ресей мен ТМД мемлекеттеріне арнап «МММ-2011», ал 2012 жылы «МММ-2012» пирами­даларын ұйымдастырады. Қалтасын қаржыға толтырып алғаннан кейін оларды  жауып тынады.

Жалпы, Мавроди сияқты жаһандық деңгейдегі алаяқтардың посткеңестік дүниемен ғана шектеліп қалмайтыны айтпаса да белгілі. 2014 жылы ол азуын айға білеп, Африка мемлекеттеріне бағытталған «МММ-Глобал»  жобасының негізін қалаған. Ол аз десеңіз, бір кезеңде Азияның Индонезия, Малайзия, Бангладеш, Филиппин, Жапония, Таиланд, Үндістан мен Қытай сияқты елдерінде де пирамидалар ұйымдастырады. Одан әрі МММ-нің ауқымы АҚШ-қа, Израильге, Италия мен Францияға дейін жетеді. Жалпы, әлемде Мавродидің алдауына түскен мемлекеттер саны анау-мынау емес, бақандай 107!

 

***

Қазір жұртты алаңдатып отырған, алаң­датумен қоса қызықтырып, арбап отырған қаржылық тетіктің бірі – криптовалюта. Мұндай табыс көзінен тыс қалса Мавродидің несі Мавроди?! 2017 жылдың желтоқсанында Серекең өзінің жекеменшік Мавро криптовалютасын айналымға қосқанын жалпақ жаһанға жария еткен.

Жалпы, адамзат тарихын білетін адамдар Мавродиді алаяқтығы жөнінен тек қана француздың атақты пысықайы граф Калиостро­мен ғана салыстырады. Біреу білер, біреу білмес, граф Калиостромыз алаяқтығы жөнінен ібілістің өзін жерге қаратқан қу саналады. МММ сияқты үлкен пирамида құрып, 15 миллион адамды бір-ақ мезгілде алдап түсірген Сергей Мавродидің саясатпен, криптовалютамен айналысуы да тегін емес. Бір сөзбен айтқанда, ол – алдымен өте дарынды, тарихи тұлға. Танымдық сана оны да амалсыз мойындап отыр.

 

***

Қазіргі саясатта күні кешегі қылмыскердің аяқ астынан депутат немесе министр болып кетуі ешкімді де таңқалдырмайды. Әлбетте, олардың өздеріне тән ерекше амалдары, тәсілдері болуы да заңды. Сергей Мавроди де Дума депутаты болып сайланысымен депутаттық жалақысынан, депутатқа тиесілі барлық артықшылықтан, жеңілдіктен, саяжайдан, қызмет машинасынан бас тартқан. Іс жүзінде оған керегі тұрмыстық игілік емес, депутаттың заң органдарына алдырмайтын құзыреті еді.

Кереметі сонда, Мавроди Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланғанымен, оның бірде-бір отырысына қатыспаған. Нәтижесінде билік тарапынан оған қарсы талаптар қойыла бастайды. Алайда, Мавроди сияқты адамды жеңу оңай емесі айтпаса да белгілі. Ол биліктегілерге баспасөз арқылы бүкіл халықтық референдум ұйымдастырам деп қоқан-лоқы көрсетеді. «Бас-аяғы бір аптаның ішінде өзінің 1 миллион салымшыларының арасынан қажетті 1 миллион қол жинаймын» деп қорқытады. Кремльдің ымыраға шақырған бірде-бір әрекетіне көн­бейді.

Қалай десек те, бір жылдан соң Серекеңнің депутаттық құзыреті тоқтатылады. Соған қарамастан ол қайтадан «Халықтық капитал партиясы» атынан қайтадан сайлауға түскен. Алайда, бұл жолы оның жолы болмады.

Ол-ол ма, депутаттықты да азсынған Мавроди ең соңында Ресей президенттігіне үміткер есебінде тіркелген. Дегенмен, сайлау комиссиясы ең соңында оның өтінішінен бас тартады. Ол аз десеңіз, оған («жалған қол жинады») деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалады.

2012 жылы Мавроди МММ саяси партия­сының құрылғанын жариялайды. Өзінің сыбайласы Пушилинді Украинада Жоғарғы РАДА-ға депутат етіп ұсынады. Алайда, бұл әрекетінен ештеңе шықпайды. Мың асқанға бір тосқан, ақыры Сергей Мавродиге іздеу салынған. Тіпті, ол интерпол арқылы іздестірілді деген деректер де келтіріледі.

Содан бес жыл бойы одан бір тал дерек болған жоқ. Біреулер Скандинавияда, енді біреулер Грецияда жасырынып жүр деген болжамдар айтқан. Ал іс жүзінде ол Мәскеуден жарты қадам шыққан емес. Ресей астанасында жасырын саяжайда бес жыл бойы тығылып жатты. Іс жүзінде Мавроди сияқты табиғатынан сергек, белсенді адамның жасырынып жатса да жәй жүруі қисынға келмейтін. Ол жасырынып жүріп-ақ ғаламторда тағы да бір қаржы фирмасын ашқан.

Ақыры алаяқ қолға түседі. Оған қылмыстық кодекстің 2-бабы бойынша айып тағылады. Соған қарамастан, Мавроди бұл жазадан да аман-есен құтылып кеткен.

 

***

Міне, бір дәуірдің атақты алаяғы Сергей Пантелеевич Мавродидің халық білетін ақиқаттары осындай. Ал өзі ғана білетін, жасырып ұстаған, ақыры о дүниеге өзімен бірге кеткен құпиясы қанша десеңізші?!

Қалай десек те, өз басымыз Мавродиді тегін адам емес деп бағалаймыз. Алаяқ, іскер болу үшін де ақыл керегі белгілі. Ал ақыл жағынан Сергей Мавроди тіршілігінде ешкімнен кем соққан пенде емес. Іс жүзінде оны нағыз ПЕРҒАУЫН деуге толық негіз бары күмән тудырмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *