«СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ» СЫҢҒЫРЫ

Соғылды соңғы қоңырау,

Гүлдерге толды омырау, –

деп ақын жырлаған жез қоңыраудың соңғы рет сыңғыр ететін сәті де келіп жетті.

Осы жылы он бір жыл бойы білім алған алтын ұямен қоштасқалы отырған түлектер қоңырау үнін қимастықпен естісе, мектеп оқушылары үш ай демалыстан соң күміс үнді қайтадан еститіні анық. Дегенмен, бәріміз үшін қоңырау үні қымбат.

Медеу АРЫНБАЕВ, әнші:

– Міне, Даяна қызым 11-сы­нып бітіріп, қуанып жатқан жәйі­міз бар. Ата-ана үшін баланың өмірге келген сәтінен бастап әрбір қадамы қуаныш емес пе?

Оқуын да жақсы тәмамдады. Сәтін салса, алдағы мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай тап­сырып, қалаған мамандығына қол жеткізсе деп тілек тілеп отырмын. Әрине, әке ретінде іштей толқу да жоқ емес. Бәлкім, анасының көзі тірі болса, менен гөрі белсенділік танытар ма еді? Менің әкелік парызым балаларыма «түзу жүріңдер, тәрбиелі болыңдар» деп ақыл-кеңесімді айтып, бағыт-бағдар беріп отыру. Даяна қызымның таңдағаны гума­нитарлық бағыт. Халықаралық бизнес университетінің журналистика саласы бойынша бағын сынағалы отыр.

Бұл саланы игеру, оның маманы болу оңай емес деп айтып отырамын. Өйткені, өзімнің де журналист дос-жарандарым бар. Солардың жұмыстарының оңай емес екендігін көріп-біліп жүрмін ғой. Дегенмен, баламның таңдауына бөгет болмайын деп шештім.

Осынау 11 жыл бойы қанатының астына алып, қамқор болып жүретін ардақты ұстаз Аягүл Төреқызына, қазіргі мектеп басшысы Эльмира апайымызға, сынып жетекшіміз Сәуле апайымызға алғыстан басқа айтарым жоқ. «Балаларымыз мектеп бітіріп кетті ғой» демеймін, әркез басымды иіп, қызмет етуге дайынмын.

«Соңғы қоңырау» күні мектептегі жиынға қатысамын. Қонақ емес, ата-ана ретінде көңілімді білдіріп, қуаны­шымды бөліскелі отырмын. Бір емес, бірнеше ән айту да ойымда бар.

Ермахан ЫБЫРАЙЫМОВ, Әлем чемпионы:

– Биыл біздің отбасы­мызда үлкен бір жаңалық болып жатыр. Сымбат деген қызымыз Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 11-сыны­бын бітіргелі отыр. Өзім ешқандай қобалжуды сезініп жүрген жоқпын. «Олим­пиадаға қатысып, ел намысын қор­ғаудан қиын емес қой» — деп іштей өзіме дем беріп қоямын. Менен гөрі анасы қобалжып, бірге атсалысып жүр. Енді алда үл­кен өмір мектебі, түрлі соқпақтар басталады. Сымбат – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеттің Шет тілі және халықаралық қатынастар факультетін таңдап отыр. Өзімнің қызыма, жалпы барлық мектеп бітіргелі отырған түлектерге тек сәттілік серік болсын деймін. Болашақ – білімді жастардың қолында. Сондықтан жан-жақты білім алуға біздің елімізде барлық жағдай жасалған.

«Соңғы қоңырау» кешіне бұл жолы бара алмайын деп отырмын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті дәстүрлі «Түлектер күніне» құрметтеп, қонақ ретінде шақырды. «Армандастар» деген Әсет ағамыздың әнін орындамақшымын.

Арман ДҮЙСЕНОВ, әнші, композитор:

– Абылайым сабырлы, ақылдым ғой менің. Менің серігім, көмекшім. Адал досым, ақылшым. Өзі құймақұлақ. Кезінде Абылайым дүниеге келгенде, атын ырымдап Алаш­тың Асанәлісіне қойғыз­ған едік. Ол кісі «бұл бала тегін емес. Қазақтың басын бірік­тіретін, ұлтын жақсы көретін Абылай бабасындай болсыншы» деп атын қойған еді.

«Әке – балаға сыншы» дейді ғой. Мен баламның ақылдылығынан, білімінен, сабырлылығынан көп үміт күтемін. Менің мінезім күйгелек, шапшаңдаумын ғой. Абылай ондай емес. Салмақты, көп сөйлемейді. Бірақ іштей ойланып, ақыл-таразысына салып отырып шешеді. Мінезі менің нағашыларыма да келеді. Өзінің нағашы жұртына да тартқан. Болашақта заңгер болғысы келеді. Сәтін салса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетіне құжат тапсырғалы отыр. Соңғы қоңырауға отбасымызбен барамыз.

Барлық мектеп ұжымына, №140 гимназия басшысы Сәния апай бастаған ұстаздар қауымына зор табыс тілеймін.

Қанат ИСЛАМ, кәсіпқой боксшы:  

– Менің Мансұр, Әсия деген қос балапаным биыл­ғы жылы М.Мақатаев атын­дағы  №140   гимназия­ның 1 «г» сыныбын үлгілі тәр­тіп­тері­мен, үздік оқу­лары­мен бітіргелі отыр.

Ата-ана үшін бала­ларының ержетіп, үлкен азамат болғаны бір қуаныш қой. Осы мектепке алғаш келгенде қоңырау үнін естіп, өзім де бірге қуанып, бірге толқып едім. Міне, бір жыл дегеніңіз де зу етіп өте шығыпты. Бала­ларымның бір жылға оқу бітіргені де үлкен жауап­кершілікті сезіндірді. Менің өзімнің де Отанға, отбасына деген жауап­кершілікті сезініп жатқан жайым бар.

Мектебіміз қазақы тәр­биенің ошағы іспетті. Ақиық ақын атындағы мектеп атына сай. Мұн­дағы оқушылардың бәрі Мұқа­ғали аталарының өлеңдерін жатқа біледі. Мектептің талабы сол – бала өлең оқып, жатқа айтуы керек. Қазір өзіміз де балаларымыздың арқасында өлең оқып, кітап оқитын болдық. Бұл өте рухты жұмыс. Балалар тек ұялы телефонмен шектеліп қалмауы керек. Сондықтан мектеп басшысы Сәния Өскен­бай­қызына, 1 «г» сынып жетекшісі Ләйлә апайы­мызға ата-ана ретінде алғыс айта отырып, еңбектеріңіз жана берсін дегім келеді.

«Соңғы қоңырауға» бұл жолы бара алмайтын болып тұрмын. Жекпе-жекке дайындалып жатырмын. Сондықтан менің орныма балаларымның анасы барады.

Әзірлеген – Рая ЕСКЕНДІР.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *