«СОҢҒЫ АЛТЫ АЙДЫҢ ІШІНДЕ 900 ПӘТЕР ЫСТЫҚ СУДАН АЖЫРАТЫЛДЫ»

  • Тікелей  желі

 

42Сейсенбі күні «Алматы ақшамы» газетінің ұйымдастыруымен «Алматы жылу жүйелері» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Арсен Қалибекұлы ХАСЕНОВ тікелей байланыс арқылы қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

 

«ТҰТЫНУШЫЛАРЫМЫЗДЫҢ САНЫ 330 МЫҢНАН АСАДЫ»

— Бұрын жылу жүйесінің қызметіне төлемді жыл бойы жүргізетін едік.  Жылу үшін жыл бойы бөліп төлейтіндіктен бе, қыста қаржы жағынан еш қиындық көрмейтінбіз.  Қазір осы жүйені қайта енгізсе болмас па еді?

— Сұрағыңызға рахмет. «Алматы жылу жүйелері» ЖШС жылуды таратып, халықты жылумен қамтамасыз ететін бірден-бір ұйым ретінде табиғи монополия саласының субъектісі болып табылады. Біздің салада энергия мен жылуды өндіру, тарату, оны тұтынушыға жеткізу сияқты сан-салалы жұмыстарды реттеуге бағыт­талған «Электроэнергетика» туралы заң жұмыс істейді. Жоғарыда атап өткенімдей, жылуды өндірумен бір компания, ал оны таратумен екінші компания айналысады. Яғни, бұл — біз. Былай айтқанда, жылуды тұтынушыға жеткізетін компания  болғандықтан, біз де сіздер секілді тұтыну­шы іспеттіміз.   Біздер жылуды өндіруші компаниядан сатып алып, сізге жібереміз. Демек, жылуды өндіру мен оны тарату — сіздердің жылу жүйесі қызметіне дер кезінде жасаған төлеміңізге тікелей байланысты. Мәселен, ЖЭО-1, 2 қазан­дықтары толығымен мазут, газ және көмірмен жұмыс істейді. Бұл заттарды олар тиісті мекемеден сатып алады. Дұрыс па? Егер бұл қазандықтар сатып алынатын заттарға ақша төлемесе, бұл жылу жүйе­сіндегі бүкіл технологиялық циклдың бұзылуына әкеп соғады. Яғни, газ, мазут, көмір болмаса, қазандықтар да жұмысын тоқтатады.

Егер қыс айларында жылу жүйелеріне төлем жүргізуден қиналып қаламын десеңіз, жаз айларында бұл қызметке аванс ретінде ақы төлей беруіңізге болады. Өйткені, қызметтер үшін алдын-ала төлем жүргізуді әлі ешкім тоқтатқан жоқ. Барлық ақша есепшотыңызға жинала береді. Ал, тұтынушының келісімінсіз бұл қаржы ешқайда жұмсалмайды.

 

43— Қайырлы күн! Білесіздер, елімізде жанармайдың баға­сы арзандады. Бұл ретте жылудың тарифі де төмендей ме екен?

— Жылу энергиясының тарифі — жылуды өндіру мен оны таратудан, яғни, тұтынушыға жеткізу сынды жұмыстардан тұрады. Біздің қалада жылу энергиясын өндірумен «Алматы электр стансалары» АҚ және «Алматыжылу коммунэнерго» ЖШС айналысады. Ал, біздің компания, яғни, «Алматы жылу жүйелері» өндірілген жылуды жан-жаққа таратып, тұтынушыға жеткізеді. Демек, тұтынушыға жеткізілетін жылу энергиясы тарифінің 63,2  пайызы  жылуды өндіруден тұрса, 36,8 пайызы  таратудан құралады. Айта кету керек, 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап жылу энергиясының тарифі көтерілген емес.

Әлбетте, еліміздегі жанармай бағасы­ның арзандауы  қуанышты жәйт. Бірақ, тарифтердің бағасы отын (газ, көмір, мазут) және одан басқа қосалқы бөлшек­тер, жөндеу жұмыстары құнына байла­нысты. Демек, бұл жерде бағаның өсуі тек бензинге ғана тәуелді болып тұрған жоқ. Жаңа айтқанымдай, жылу қызметінің тарифі соңғы рет 2012 жылы өзгерді. Содан бері жылу қызметінің тарифі көтерілген жоқ. Мүмкін, үстіміздегі жылы тарифті өзгерту бойынша ұсыныстар түсіруіміз ықтимал. Өйткені, ақшаның құнсыздануы  шикізат көздерінің қымбаттауына байла­нысты өзгерістер енгізуді талап етеді. Оған қоса, қызметкерлердің жалақысы бар.

 

— Сәлеметсіздер ме?  «Ал­маты жылу жүйелері» ЖШС-нің тұтынушысы ретінде айтарым, сіздердің көп­салалы 341-07-77 телефонына хабарласу мүмкін емес. Үне­мі бос болмай тұрады. Шара қолданыңыздар!

— «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нің call-орталығында 15 маман жұмыс істейді. Бұл орталыққа деген сұраныс әр айдың 15-і мен 26-сы аралығында кө­бейеді. Неге десеңіз, дәл осы аралықта әрбір тұтынушының қолында  коммуналдық қызметтер туралы  түбіртек болады. Әл­бетте, дәл осы уақытта әрбір тұтынушыда кемінде бір сұрақ болатыны хақ. Сөйтіп, біздің орталыққа хабарласа бастайды. Осы күндері бұл орталыққа бірден 600 қоңырау шалынады екен. Сондықтан бұл орталыққа қанша жұмысшы алсақ та, ол аздық етеді. Өйткені, біздің тұтынушыларымыздың жалпы саны 330 мыңнан асады.  Егер сұрағыңыз болып, call-орталыққа хабарласқыңыз келсе, әр айдың 15-і мен 26-сы аралығынан басқа күндері қоңырау шалыңыз.

Айта кету керек, есептегіш құралдарын­дағы көрсеткішті коммуналдық қызмет­терге тек төлем жүргізетін күні айту маңызды емес. Бұл көрсеткішті әр айдың басында да айтуға болады. Тағы бір ескеретін жәйт, кез келген тұтынушы ешқандай өсімсіз ыстық су мен жылу қызметі үшін төлемді келесі айдың 25-іне дейін төлеуге хақылы. Сондықтан әрбір тұтынушыға ыстық су мен жылу жүйесінде орын алған түсінбеушілікті сұрастырып, анық-қанығын біліп алуға уақыты болады.

 

— Қайырлы күн. Түрксіб ауданына қарасты «Жұлдыз» ықшамауданынан хабарласып тұрмын. Өткен жылы жаз айларында үш ай бойы ыстық су болмады. Ол түсінікті де. Өйткені, құбырлар жөнделіп жатты. Бірақ, коммуналдық түбіртектерде ыстық су үшін төлемақы келді. Біз не үшін төлеуіміз керек?

— Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы жылу жүйелерінің тозуы  63 пайызды құрап отыр. Алматы қаласы жылу жүйелеріндегі жөндеу жұмыстары республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаржы есебінен және «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-нің өз қаржысы есебінен жүргізіледі.  Мегаполисте төрт жылдың ішінде 75,4 шақырым магистральды және таратушы  жылу жүйелері қайта құрылды. Айта кету керек, бұл шығыстар тұтынушылардың тарифіне кіргізілмейді.

Ал енді сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, ыстық сумен қамтамасыз ететін мекеменің кесірінен ыстық су болмаған жағдайда қайта есеп айыру жүргізіледі. Десек те, бұл сұрақтың мән-жайын білу үшін Түрксіб ауданындағы абоненттік бөлімшеге, 251-51-12 нөміріне хабарласып, анықтасаңыз болады.

— Борышкерлермен қандай күрес жүргізіліп жатыр?

— Бүгінде қызметке төлем жасамай­тындардың ішінде көпқабатты үйлер мен жеке үйлердің  тұрғындарынан бөлек, бірқатар заңды мекемелер де бар. Осы орайда «Алматы жылу жүйелері» мекемесінің өкілдері  кәсіпорындардың алдындағы қарыздарын қайтарып алу үшін барлық заңды әдістерді жүзеге асырып жүр. Оның ішінде, борышкерге хат жіберу, телефон арқылы хабарлама жасау, тіпті, сот арқылы да талап етілетін жағдайлар аз кездеспейді. Бірақ, тұтынушыларды тәртіпке «бағындыру» оңай жұмыс емес. Мекемеде құрылған коммуналдық бригада бар. Олар алдын-ала ескертуге құлақ аспай, ыстық су мен жылу беру жүйесіне ақша төлемегендермен күрес жүргізеді.  Яғни, тұрғын үй кешенінің борышкерлерін ыстық су мен жылудан ажыратады. Мәселен, соңғы алты айдың ішінде 900 пәтер ыстық судан ажыратылды. Жалпы, уақтылы төлем жасаудан жалтарғандарға арналған «Бүркіт» сот орындаушы» деп аталатын ақпарттық жүйе жұмыс істейді. Бұл – борыш­керлермен күрестің тағы бір жолы.

Десек те, қарызы  бар азаматтардың барлығын жауапсыз деп айтуға болмайды. Өмір болған соң кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Солай емес пе? Сондықтан бұған дейін қызмет үшін уақтылы төлеп келіп, кейін бір жағдайға байланысты төлемақы жасай алмаған азаматтар үшін берешек құрылымын қайта қарау туралы келісім-шарт қарастырылған. Бұл келісім-шартқа отырған азаматтар үшін төлемақы өсімінсіз бөліп төлеу уақыты беріледі. Егер көрсетілген мерзім ішінде сол азамат бүкіл қарызын төлеп бітірсе, бұған дейінгі қарызына қосылған өсімнің 70 пайызы қысқартылады.

 

— Есенов, 9 мекен-жайында тұрамын. Біздің үйде ыстық су мүлдем жоқ десе болады. Күндізгі уақытта краннан қоңыр салқын су ағады. Ыстық су болу үшін суды біраз уақыт ағызып қою керек. Шара қолданыңыздар.

— Сұрағыңыз түсінікті. Бұл үйдегі ыстық судың қажетті температурада ақпауына ыстық су құбы­рындағы рециркуляциялық жүйенің өшірілгені себеп. Бұл мәселе біздің құзырымызға кірмейді. Сіздер үйдің ПИК-не хабарласып, ыстық су құбырындағы рециркуляциялық жүйенің не себепті өшірілгенін анықтауларыңыз керек.

 

– Жылу беру маусымы қашан аяқталады?

– Қалада жылу маусымы қазанның 15-інде басталып, сәуірдің 15-інде аяқталады. Бірақ, 15 сәуір мен 15 қазан – мөлшермен айтылатын уақыт.  Мәселен, әдетте қазан айының ортасына қарай қосылатын жылу  әлеуметтік нысандар үшін биыл ерте басталды. Сол сияқты көктем ерте шығып, күн жылынып кетсе, жылу маусымы ерте өшірілуі мүмкін. Яғни, ол үшін үш күн бойы ауа темпера­турасы орта есеппен алғанда +8 С. болу қажет.

Жалпы, Алматы қаласы бойынша жылу беру маусымы қала әкімінің қаулысы шыққаннан кейін аяқталады.

– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы­ларына қандай жеңілдіктер бар?

– Алматы қаласында  тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі туралы ережелерге сәйкес, тұрғын үй иесі болып табылатын, бірақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған деп табылған азаматтарға тұрғын үй-коммуналдық қызметке ақы төлеуде аз-кем көмек көр­сетіледі. Бірақ, коммуналдық қызметті тұтыну нормативтері мен тұрғын үй алаңы әлеуметтік нормасы шегінде, коммуналдық қызмет тұтыну және тұрғын үйді ұстауға ақы төлеу  шығыстары отбасының жалпы жиынтық кірісінің  10 пайызынан асқан жағдайда ғана көрсетіледі.

 

 «CALL-ОРТАЛЫҚТА ОН БЕС МАМАН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ»

 

— Есептегіш құралдарындағы көрсеткішті сіздерге смс-хабарлама ретінде жіберуге бола ма? Өйткені, сіздердегі телефонға хабарласу көп жағдайда мүмкін болмай жатады.

— Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің call-орталықта он бес маман жұмыс істейді. Әр айдың 15-і мен 26-сы аралығында бұл орталыққа бір уақытта 600-ге жуық адам хабарласады. Болашақта есептегіш құралдарындағы ыстық судың көрсеткіштерін тұтынушыдан хабарлама арқылы алу бағдар­ламасын енгізумен жұмыс істеп жатырмыз. Мүмкін, бұл жүйе үстіміздегі жылдың жаз айларында пилоттық жоба ретінде енгізіледі.

Әзірге ыстық су көрсеткіштерін «www.alts.kz» сайтына жіберуіңізге болады.

 

— «Тастақ-1» ықшам­ауданындағы №21 үйде тұрамын. Біздің үйде жалпыүйлік есептегіш құралы орнатылмаған. Оның үстіне, үйдегі есептегіш құра­лын­дағы көрсеткішті жазып алып кететін бақылаушылар да келмейді. Сіздерге де хабарласа алмай жүрмін. Бақылаушылар келме­гендіктен бірталай қарыз жиналып қалды. Мен барлық тұрғындардың атынан сізден біздің үйлерге бақылаушыны жіберуіңізді сұрай­мын. Ол бақылаушыны қай уақытта жіберетініңізді айтып, алдын-ала ескертсеңіз, құба-құп. Өйткені, біз әр үйдің кіре берісіне бақы­лаушының келетін күнін хабар­лайтын хабарлама іліп қояр едік. Рахмет.

— Абоненттеріміздің ыңғайлылығы үшін біздің сайтта «іздеу» деген жолақ бар. Осы жолда көше атауының алғашқы үш әрпін терсеңіз болды, бақылаушының сол аймақтағы үйлерді қашан аралап, көрсеткішті қай күні жазып алатыны туралы хабарлама шыға келеді. Тіпті, мұнда сол көше шаршысына тиесілі бақылаушының фотосы да тіркелген.

Жалпы, сіздің көпқабатты үйлеріңізде жалпы­үйлік есептегіш құралдары орнатылмаған. Сондықтан мұндай үйлердегі көрсеткіштер тек үш айда бір рет қана алынады. Бірақ, сіздер көр­сет­кіштерді өз беттеріңізбен бере берулеріңізге болады. Біздің call-орталығымызға әр айдың 1-і мен 13-і аралығында хабарласыңыз. Бұл уақытта қоңырау шалатын абоненттеріміз әлдеқайда аз.

 

– Сәлеметсіздер ме, менің білейін дегенім, неге жаз айларында ыстық судың температурасы төмендеп кетеді? Яғни, ыстың судың орнына салқын су ағады. Рахмет.

– Оның себебі, жазғы мезгілде екі құбырдың біреуіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан ыстық су тұтынушыға дейін тек бір ғана құбыр арқылы беріледі. Сондай-ақ, ыстық судың температурасы тұтынушылардың қабылдауына да байланысты. Мысалы, жаз айларында көптеген тұрғындар ыстық суды көп пайдаланбайды. Келісесізер ғой?! Демек, ыстық суды пайдалану азайғандықтан, үйдің астында орналасқан жылу элеваторынан үстіңгі қабатқа дейінгі құбырдың ішіндегі су суып қалады. Ал, біз өз тарапымыздан ыстық судың температурасын қалыпты жағдайда жібереміз.

Айта кету керек, тіпті, кейбір тұтынушылар жаз айында ыстық судың қажеті жоқ деп арыз беріп, электр бойлерлеріне көшіп жатады. Осының барлығы құбырдағы судың сууына әсерін тигізеді.

— Көпқабатты үйлердегі жылу қызметі үшін төлем неге әр түрлі келеді?

— Жасыратыны жоқ, жыл санап коммуналдық қызмет құны көтеріліп келеді. Әрине, жұртшылық қымбатшылықты құптай қоймайды. Осы орайда үнемділік мәселесі алға шығады. Демек, энергияны үнемдеу және пайдалану тиімділігін арттыру керек. Бұл ретте еліміздегі бүгінгі күннің негізі талабы – әркім өзі күнделікті тұтынып жүрген ауыз суды, электр және жылу энергиялары мен табиғи газды барынша үнемді пайдаланғаны абзал. Энергияны үнемдеу үшін оған бақылау жүргізу керек.  Ал бақылауды ортақ есептеу құралдарынсыз жүргізу мүмкін емес. Жалпы, бүгінде  әрбір көпқабатты тұрғын үйде жалпыүйлік жылу есептеу құралдарының болуы міндетті екені ҚР заңнамаларында көрсетілген. Дәлірек айтқанда, «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы»  заңда жазылған. Ал, өзіңіз білесіз, заң орындалу керек. 2006 жылдан бері қарай бой көтерген тұрғын үйлердің барлығында жалпыүйлік есептегіш құралдары автоматты түрде орнатылған.

Бастапқыда жалпыүйлік есептегіш құралдар (ЖҮЕҚ)  Табиғи монополия субъектілері делініп, бұл құрылғыларды «Алматы жылу жүйесі» ЖШС («АлЖЖ») есебінен  орнатуды ұсынды.  Алайда, бұл мәселені жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені, біздің кәсіпорындардың қаражаты шектеулі. Бұл мақсатта қаржыландыру көздері жоқ.  «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы»  заңына сәйкес, құрал-жабдықты сатып алу, орнату құнын өтеу және басқа да шығындар толығымен тұрғындарға жүктеледі.

Жылу энергиясын есептеу құралы көппәтерлі үйдің ортақ меншігіне жатады. Бұл құралдар тұрғын үйдің жертөлесіне орнатылады. Қондырғының көмегімен тұрғын үйдің қанша жылу жоғалтқанын білуге және тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі кемшілігін анықтауға болады екен. Тұрғын үйге ортақ жылу энергиясын есептейтін жалпыүйлік есептегіш орнату арқылы жылуды үнемді пайдаланып, ұқыпты жұмсап, ол үшін төлемді де соншалықты аз төлеуге болады.

ЖҮЕҚ бойынша толық мәліметті  341-07-77 телефон нөміріне (ішкі нөмірлер – 2151, 2126 2113, 2169) хабарласып, мән-жайды анықтай аласыз.

 

Тікелей желіні ұйымдастырған –

Мәншүк БЕКБОСЫН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *