Құсман ШАЛАБАЕВ, Алматы қалалық Қоғамдық кеңес мүшесі, белгілі меценат: БЕЙБІТ ӨМІРІМІЗГЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСПЕСІН

– Елімізде бүгінгі таңда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату, ынтымақты күн кешіп отыр. Ал осы этностардың басында қазақ халқы тұр. Өйткені, ел мен жер біздікі. Сондықтан елімізде қандайда бір келеңсіз оқиға көрініс табатын болса, аты алдымен бізге келеді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған, нақтырақ айтсам, қазақтар мен дүнгендер арасындағы кешегі жағдай бізді де қатты алаңдатып отыр. Қалай болғанда да екеуара қақтығыс жайдан-жай шықпайды, арада намысқа тиер сөздер айтылған болар деп топшылаймын. Алайда, адам өліміне дейін алып баратын төбелес өте қауіпті. Жекелеген адамдардың өзара келіспеушілігі бұқаралық сипат алып кетпесе екен дейміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, халыққа басу, тоқтау айтты. Қақтығыстың неден шыққанын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрып, комиссияға мән-жайды нақты анықтауды міндеттеді. Осындай дүрбелең сәтті өз пайдасына шеше қойғысы келетін кейбір арандатушылар да пайда болуы ғажап емес. Әлеуметтік желілерді кезіп жүрген ресми емес түрлі ақпарат та мәселенің анық-қанығына бойлатпастан елді адастырып әкетуі мүмкін. Сондықтан ондайға ілесіп, арандап қалмауымыз керек. Біз қазақтың атына жаман ат келтірмеуіміз тиіс.

Ел іргесінің бекем болуы, бейбіт өмір әрқайсымыз үшін аса маңызды құндылық. Мемлекетіміздің барлық игі бастамалары да еліміздегі бірлікті қамтамасыз етуге, ұлттар мен діндер арасындағы өзара татулықты нығайтуға бағытталған.

Ал болған оқиғаның ақ-қарасын еліміздің құқық қорғау органдары анықтайды деп ойлаймын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *