СКРИНИНГ – АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУҒА КӨМЕКТЕСЕДІ

– дейді  Алатау ауданындағы «Алғабас» ықшамауданында орналасқан №29 қалалық емхананың профилактика  бөлімінің меңгерушісі Қанымкүл Құрбанова.

index26

Біздің елімізде скринингтік тексеру­лер сонау екі мыңыншы жылдың ба­сында қолға алынғанмен, ұлттық скринингтік  бағдарламалар 2008 жыл­дан бері тұрақты түрде жүр­гізіліп келеді.  Бастапқы кезде ауру­дың үш  түрі бойынша жүргізілсе, қазіргі кезде  қатерлі аурулардың немесе қауіпті факторларды ерте са­тысында анықтауға мүмкіндік бе­ретін скринингтік тексерулер 8 түр­лі ауру бойынша жүргізілуде. Біз осы тексерулердің нәтижесі қандай, шын мәнінде бұл тексерудің қауіпті дерттерді ерте кезеңде анықтауға  мүмкіндігі бар ма деген сауалдар төңі­регінде қаламыздағы №29 ем­хананың аурудың алдын алу және тексеру бөлімінің,  яғни профилак­тикалық жұмыстарға жауапты бөлім­­нің басшысы Қанымкүл Мұтфулла­қызы Құрбановамен әңгімелескен едік.

– Қанымкүл Мұтфуллақызы,   аурудың алдын алудың бірден-бір жолы  дәрігерге алдын-ала тексерілу дегенді адамдардың барлығы да біледі, бірақ біле тұра, соған немқұрайлылық танытып жатады.  Дегенмен, кейінгі жылдары адамдарды осы немқұрайлылықтан арылтып келе жатқан тәсілдің бірі – адамдардың  жас ерекшеліктеріне қарай  өткізіліп жүрген  скринингтік тексерулер деуімізге  негіз бар. Осы тексеруге деген  «Алғабас» ықшам­ауданы тұрғындарының белсенділігі қандай?

–  Аурудың алдын алудың тиімділігі біз айтпа­сақ та түсінікті нәрсе ғой,  әйтсе де  тегін  дәрігерлік тексеруге енжарлық танытып, шақырған кезде келмейтін, тіпті соның не пайдасы бар деп кейістік танытатындар әлі   аз емес. Дейтұрғанмен, көршісі­нің немесе туыстарының осы скринингтік тексеру­дің нәтижесінде қатерлі ісігі алдын-ала анықталып, болмаса қан қысымының жоғары екендігі, қанының құрамында қант мөлшерінің жоғары екендігі анықталып, дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында сауығып  кетіп жатқанын естіген  тұрғындардың қазір скринингтік тексеруге деген сенімдері нығайып келеді деуге болады.  Шақырған уақытында келеді. Олардың тексеруден уақтылы өтулерін емхананың отбасылық дәрігерлер учаскесі де қатаң қадағалап отырады. Жас ерекшелігіне қарай скринингтен өтпеген науқастар дәрігерлік қабылдауға жіберілмейді.

–  Биылғы жылы қай жастағы адамдар тексеру­лерден өтіп жатыр және қандай ауру түрлеріне айрықша көңіл бөлініп отыр?

– Туған жылдары тақ сандарға сәйкес келетін 47, 49, 51, 53, 55, 57, 59, 61, 63, 65, 67, 69 жастағы әйел­дер мен ер-азаматтар тексеруден өткізілуде.    Әйелдер арасында жатыр мойнының, сүт безінің қатерлі ісігіне, ал ер азаматтардың  қуық асты безінің қатерлі ісігінің алдын алуға айрықша көңіл бөлініп отырса, жалпы  асқазан, өңеш, тоқ ішектегі қатерлі ісіктер бойынша тексерулер жүргізілуде. Қатерлі ісіктің бір жаман жері ол бірден белгі бере бермейді, сол себепті жылына бір рет болса да осындай тегін дәрігерлік тексерулерден өтіп тұрудың маңызы зор. Қырық жастан асқан соң әйелдің де ер-азаматтардың да денсаулықтарына көңіл бөлгендері жөн.

–  Осы жүргізілген тексерулердің  қорытынды­лары бойынша  қатерлі дерттері  анықталған адамдар болды ма?

– Жыл басынан жүргізілген тексерудің нәти­жесінде тоғыз әйел жатыр мойнының қатерлі ісігі бойынша қауіп-қатер тобына алынса, соның үшеуінің диагнозы  нақтыланып, олар қазір тиісті ем шараларын алуда. Асқазан жарасы, қуық асты безінің қатерлі ісігі анықталған азаматтар да бар.  Бізді олардың   ауруы анықтала салысымен тиісті емдеу мекемелеріне барып емдерін алып жатқан­дары  қуантады. Біздің емханада скринингтік тексерулермен қатар  Ашық есік күндері, Денсау­лық мектептері бойынша тиісті дәрістер өткізіліп тұрады. Емханада  10  «Денсаулық» мектебі жұмыс істейді. Сонымен қатар, қазір медициналық оқу орын­дарында, дәрігерлердің білімін жетілдіру институттарында дәріс беретін профессорлар мен білікті мамандарды шақыртып  емханадағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу жұмыстары қолға алынып отыр. Бас дәрігеріміз Ақмира Садықованың бастамасымен қолға алынған бұл іс-шараның  салалық мамандарға, әсіресе,  отбасылық дәрігерлеріміздің білімдері мен біліктілігін арттыруға   тигізер көмегі көп болып отыр.  Емханамызда науқастарды қолдау, оларға психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары сапалы жүргізіліп келеді. Емхананың ішкі қызметі кіре берістен басталады десек,  дәрігерге алдын-ала жазылу, жеке мамандардан ақыл-кеңес алуға алдын-ала жазылу, тіркелу жұмыстары электронды түрде жүзеге асырылады.   Осы жерде қабылдау бөлімі қызметкерлерінің, әлеуметтік және психолог мамандардың арнайы киім үлгісімен жүретіндігін   атап өткім келеді.

– Сіз скринингтік тексерудің нәтижесін айтамын деп мамандарыңыздың білім-біліктілігін,  бас дәрігердің емхана қызметкерлеріне қоятын басты талаптары туралы айтып кеттіңіз ғой?

– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаныңда жүрген жақсы адамдардың еңбегін бағалай біліңдер деген жоқ па?  Қандай жұмыстың болсын нәтижелі болуы, ең алдымен, басшының ұйымдастырушылық және өз қызметіне деген жауапкершілік сезіміне байла­нысты болатыны сөзсіз. Осы ретке келгенде  бас дәрігеріміз  Ақмира Садықова келгелі  емхананың жұмыс бағытында  көп жақсылықтар мен  жаңа­лықтың  барын тұрғындар аңғарып жүр. Алғыс айтушылар көп.  Ал сол жақсылықты көре тұра айтпай кету бізге сын болар еді.

– Емделушілерден алғыс алу бүгінгі дәрігерлер үшін мемлекеттік марапат алумен пара-пар болып тұр ғой.

– Оныңыз рас,  еңбекті әділ бағалай­тын адам­дар  жоқ емес.

– Қанымкүл Мұтфуллақызы,   осы ықшамаудан тұр­ғындары арасында қандай ауру түрлері жиірек кездеседі?

– Ересектер арасында жүйке  жүйесінің, ас қоры­ту, тыныс  жолдарының қабынуы және жүрек-қан тамырлары аурулары, ал балалар арасында көз жанарларының нашарлауы, миопия, алыстан көрмеушілік, жүйке, асқазан аурулары, жаңа туылған нәрестелер арасында жүйкенің салданумен туылып жатқандардың саны артып келеді.

–  Осы аталған  сырқаттардың пайда болу себеп­теріне  талдау жасала ма?

– Кең ауқымды зерттеудлер жүргізілді десем артық болар, дейтұрғанмен, алдағы уақытта арнайы талдау жұмыстарын жүргізіп, сол бойынша емдеу, сауықтыру жұмыстарын қолға алу жоспарланып отыр.  Ал әзірге статистика бөлімі жүр­гізген  талдауларға жүгінсек,  экологиялық ахуал­дың нашарлауы, адамдардың күйзеліске көбірек ұшырауы, дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салты қағидаларын ұстанбаулары, дене қимылының төмендігінің салдары  көптеген сыр­қаттардың себебі болып отырғандығын айқындайды.

– Сонымен, ауырмаудың ең басты жолы дегенде сіз тұрғындарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

–  Жылына бір рет скринингтік тексеруден өтіп, өз денсаулығыңызды бақылап отырыңыз дегім келеді.   Тексеру кезінде  диагностикалауға қажетті тексерулердің тегін жүргізілетіндігін айта кеткім келеді. Атап айтқанда,  ультрадыбыстық тексеру, кардиограмма, маммография, рентген, ФГДС, қанның құрамындағы қант пен холестерин мөлшерін тексеру, цитологиялық, кольпоско­пиялық талдаулар  тегін жүргізіледі.

– Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол нұсқағаныңыз үшін рахмет!

  Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *