Әскерге қабылданғандардың бәрі ПЦР-тесттен өтеді

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматыда жастарды әскерге шақыру басталды. Биылғы шараға инфекционист-дәрігер де қатысады. Әскери борышын өтеуге шақырылғандар ПЦР диагностикасынан өткізіледі. Бұл туралы кезекті онлайн-брифингте Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Амантай Өсербаев айтты.

«Биылғы маусымдық көктемгі әскери шақыру кезіндегі ерекшелік, қала әкімінің тапсырмасымен қатарымызға инфекционист-дәрігер қосылып отыр. Сондай-ақ, жастарды әскерге шақыру қосындарына медициналық бекеттер қойылады. Әскерге шақырылған азаматтың ең алғаш біздің табалдырықтан аттар сәтінде оның дене қызуы өлшенеді. Сосын онымен инфекционист-дәрігер арнайы әңгіме жүргізеді. Соңғы уақытта қайда, кімдермен, қандай жағдайда қарым-қатынаста болғандығын анықтау үшін сұхбаттасады. Сосын барып медициналық бақылаудан өтеді. Әскери бөлімдерге жіберілген кезде алдымен 14 күндік карантинде болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымы бойынша, олар міндетті түрде ПЦР диагностикасынан өткізіледі. Карантин кезінде жастар үнемі медициналық бақылауда болады. Осы уақытта оларды әскери ортаға бейімдеу жұмыстары және алғашқы әскери дайындық курсы бойынша сабақтар ұйымдастырылады», – деді А.Өсербаев.
Карантин жағдайында еліміздің барлық әскери құрылымында, әскери бөлімдерінде COVID-19 инфекциясының енуіне жол бермеу мақсатында күн сайын таңертең және кешке екі мезгіл дезинфекциялық шаралар жүргізіліп тұрады.
Биыл Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына, басқа да әскери құрылымдар сапына Алматыдан 2000-нан астам азамат шақырылмақ.
Әскери борышын өтеуге шақырылатын алматылық жастар ҚР Қорғаныс министрлігінің, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімдеріне, ҚР Ұлттық гвардиясына және ҚР ҰҚК Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметін өткеруге аттанады.
Әскери бөлімдерді жасақтау кезінде әскерге шақырылушыларды әскери командалар бойынша іріктеу және бөлу кезінде олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескерілетін болады.
«Әрине, ата-ана үшін баласының әр қадамы, әр сапары маңызды. Дегенмен, әскер қатарына қабылданған жастардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсіміне ата-аналары шақырылмайды. Бүгінгідей пандемия ахуалында бұл жағдайға түсіністік танытады деп ойлаймыз. Әскери ант қабылдау әскери бөлімдерде барлық санитарлық талапқа сай өткізілетін болады», – деді деді А.Өсербаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *