Әскерде суицидке орын жоқ

Ақпан айының соңғы онкүндігінде Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институ­тында жеке және отбасылық шиеленістерді ескерту, өзі-өзіне қол жұмсау көріністерінің алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар өткізілді.

Жалпы, қазіргі қоғамымызда күннен-күнге тамырын тереңге жайып бара жатқан жастар мен жасөспірімдер арасындағы өзі-өзіне қол жұмсау көріністері, жаңа отау құрған жастардың арасындағы отбасы құндылық­та­рының жоғалып бара жатқаны қатты алаңдатады. Осыған орай, институт басшы­лығы және психологиялық қамта­ма­сыз ету қызметінің бастығы, подполков­ник Санду­ғаш Дәуренбекова тұрақты және ауыспалы құрам арасында онкүндік шара­ларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізді.

Онкүндік аясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, психология ғылымының кандидаты, «Асыл арна» рухани-ағарту­шылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабектің институттың әскери қызметшілерімен кездесуі өтті. Ол қазір күнделікті өмірде ата-анаға, бауыр мен досқа, туысқа деген мейірімнің азайып бара жатқаны туралы сөз қозғады. Кез-келген шаруаның алға басып, жұмыс­тың жемісті болуы тек ата-ана ризашылығы мен ақ батасымен ғана көгеріп, көктейтінін әр азаматтың көкейіне жеткізе әңгімеледі. Кейінгі кезде ажырасудың жиілеп бара жатқаны туралы айта отырып, «оның басты себептері – отбасындағы құндылықтың жоғалып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті сезінбеуі, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың жоқтығынан» деп баса көрсетті.

Кездесу соңында М.Тазабек әскери қызметшілерге: «Осында отырған әр ер-азамат – Отаны үшін тер төгіп жүрген, намысы кеудесінде жанып тұрған абы­ройлы тұлға. Сол себепті, қандай қиын­шылық болса да, ешқашан отбасыңызды тастап кетпей, бала-шағаңыздың алдында нағыз сұлтан болыңыздар!», – деп әңгімесін тәмамдады. Осы кездесуден алған әсерле­рімен бөліскен әскери қызметшілер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап тапқандай сезімде болғанын, ал кейбірі ата-анасы мен бауырларына деген көзқарасының өзгергені жайында айтып жатты.

«Бірде екі таныс кездесіп қалып, бірі «сен маған мың теңге бер, мен саған мың теңге берейін» депті. Сонда екіншісі «одан не шығады, сенде мың теңге, менде мың теңге, өзгерген ештеңе жоқ, одан да мен саған бір ақыл берейін, сен маған бір ақыл бер, нәтижесінде сенде екі ақыл, менде екі ақыл болады» деген екен. Бүгінгі таңда уақыт тауып пайдалы кеңес беріп жүрген қоғам қайраткерлері кемде-кем. Мұхамед­жан Тазабек ағамыздың әскери инсти­тутқа келіп, тыңдаушыларын жігерлендіріп, санаға ой салар әңгіме қозғағаны үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Отан — отба­сынан басталады. Ағайын-туған бауырға, асырап баққан ата-анаға, бесігі­мізден шыққан ұл-қызымызға қайырымды да мейірімді болайық!

Ербол ӘЛІБАЕВ,

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты баспасөз қызметінің бастығы, майор.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *