ӨСКЕН ЕЛДІҢ РЕЛІ АҚЫНЫ

3501Қазіргі қазақ поэзиясы әлем әдебиеті мен өзіміздің төл әдебиетіміздің тереңінен тамыр тартып, құнарлы құндылықтарын бойға сіңіріп, жаңа бағытта өрісті өркен жайып, көкжиегін барынша кеңейтіп, құзар биікке көтеріліп, бүкіл ғаламның қайғы-қасіретін, мұң-наласын асқақ рухта жырлап, қалғыған дүниені сілкіндіріп, кім-кімнің де намысын жанып, көр көңілдерге сәуле түсіре бастады десек, біздің мұнымыз ойланбай айтылған сөз емес. Қайта мұны терең толғаныстан туған тұғырлы тұжырым деп қабылдаған жөн. Қай заманда да от ауызды, орақ тілді ақындар ғасыр қасіретін, заман келбетін, қоғам қайшылығын өткір жырлап, егеулі найзаға айнала білген.

Рафаэль Ниязбек

Ақиқаттың алмасына құрт түсіп, өтіріктің өрігі гүлдеп тұрған қазіргі өтпелі кезеңде өкпесінен өкпек желдің ызғары өтсе де, дүбірлі дүниенің көзіне жіті үңіліп, шындық іздеп сабылып, ел мен жердің тағдырын ойлап, азуын айға білеп, күркіреп жүрген ақындарымыздың бірі – Сәбит Бексейіт. Оның өзгелерден озық бір ерек­шелігі: өзі жырлағандай: «Поэзия – Рухы бүткіл Ғаламның!» деген қасиетінде жатыр. Қолына қалам ұстаған бұрынғы-соңғы ақындардан поэзия хақында бұлай айтқан кісі болған емес. Бұның өзі, сайып келгенде, Сәбиттің омыраулы ой айта білетін арқар кеуде азамат ақын екенін танытады.

Қарағандыдан қара үзіп кете алмай, қарапайым тірлік кешкен Сәбит ақынның көкірегінде бүткіл ғаламның қайғы-қасіреті, нала-мұңы бұрқақ атып жатқаны қалай? Кеудесін ыза кернеп, өзегі өртеніп, өксігенде аузынан ақ жалын ататыны қалай? Өйткені, ақын ала-құла жаралып, қайшылыққа құрылған бұл жарық әлемді дүрия дүние деп жүрегіне терең үңіледі. «Шетсіз де шексіз ғаламды Танымақ болған арман-ай?!» деп толғанады. Іле: «Алатау мен Алматыға сүйсініп, Ұлылық пен сұлулыққа кенелем» деп тебіреніп тұрады да, кенет күннің бетін бұлт басқандай өз-өзінен қамығып:

Жанарыма қарашы,

Не нәрсеге толып кеткен шарасы?!

Көріппін де бетіңдегі меңіңді,

Көрмеппін мен

Жер бетінің жарасын..,

деп ызаға булығады. «Сүйген қызының бетіндегі жалғыз түйір меңін көріп, жер бетінің жарасын көрмегенім қалай?» деп іштей күйінеді. Сөйтіп жер бетінің жарасына «жүректің ыстық қанына қалам малып жазған жауһар жырының» сәулесін түсіріп, емдеп жазсам деп жанығады.

Ендеше жер неге жаралы, ел неге қаралы? Бұған да ақынның өзі жауап береді.

Қалаларды Шыңғыс хан боп құлатып,

аруларды Дон Жуан боп жылатып,

Сұм сұрқайлық сұлулықты қашанда

тұрады екен құрту үшін ұнатып.

Сұлулық сұрқайлыққа құштар емес шығар. Алайда, сол сұрқайлық сұлулықты қанша ұнатып, сүйсе де бәрібір түбіне жетпей тынбаған. Өйткені, өмір бір жақсылық, бір жаман­дықтан тұрады. Сәбит ақын жырлағандай, алып ғасыр Пушкинді туғанда Дантес қарсылас боп дүниеге бірге келген. Пушкин адалдықтың ақ шыңы болса, Дантес қарау күштің жиынтық бейнесі еді.

Өйткені, қай заманда да, қай кезеңде де жақсылық пен жамандық, шындық пен жалғандық біте қайнасып, бір-бірінен жігі ажырамай қатар өмір сүрген. Ақиқат ақ боз аттың үстінен көрінгенде Қараулықтың қара атқа мініп, бес қаруын асынып, сайланып шығатыны содан. Пушкиннің түбіне жеткен орыстың арсыз Дантесі болса, ел қорыған Махамбетті қапыда өлтірген қазақтың Ықылас дейтін арамсирағы еді. Ендеше, мына арсыз тірлікте құрсағында жетіліп, бір азамат ер дүниеге келсе, оның соңына шырақ алып түсіп, ғұмыр бойы жағасына жармасып өтетін бір зәнталақ тумай тұрмаған. Бірақ, кейде солардың бағы жанып, мерейі үстем боп тұрғанын көргенде ызадан жарылып кете жаздайсың. Көкірегін шер басқан жалған дүниенің өзі жалғандығын жасап, ар-ұятты белден басып, жақсылық атаулыдан сырт айналып, өгей мінез танытқанда қаның қайнап, ыза-кек боп түйілмеске шараң қалмайды. Ендеше ақын: «Адалдықтың бағы тайғанда, арамның кеткен тасы өрлеп» деп күйінбей қайтеді. Өйткені, сол арамдық тамырын қанға малып өсіп, жетіле келе мойын-бұғағы жуандап, Пушкинге атылған Дандестің оғынан да зұлмат күші артып, дүниені кезіп жүргенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұрын бұл зұлым оқ Пушкин сияқты арлы ақынның кеудесіне қадалған болса, ендігі мезетте тұтас халықтың жүрегіне қадалатын болған жоқ па. Содан болар, ақынның «Желтоқсан алаңы» реквиемін шамырқанбай, ызаға булықпай, бұрқанбай оқу мүмкін емес.

Бұрын кеңес дәуірінде еңбекшілердің думанды шеруі, әскерилердің салтанатты парады өтетін алаңда ақырып теңдік сұраған жастарды қасқыр иттерге талатып, темір кел­текпен ұрып-соғып, қанжоса қырып салады деп кім ойлаған. Сөйтсек, бейбіт халықты бай, кедей деп екі топқа бөліп, қанды қырғын жасап, өлгендердің сүйегінен ірге көтерген қарақшы өкіметтің «бір оқ мылтықтың оқпанында» әлі күнге дейін бұғынып жатыпты. Оны былайғы қарапайым жұрт қайдан білсін. Ар, ақиқаттың сөзін айтып, алаңға шыққан­дарды ай-шайға қаратпай, шалғы орақтай жамсатып салды. Арқар кеуде жігіттерді кіндіктен, арыс туар ару қыздарды жатырынан теуіп, өлімші етіп сабап, машинаға тиеп, іш киімінен басқаның бәрін үстерінен сыпырып алып, қақаған қыста айдалаға апарып, ит-құсқа жем болсын деп қалың қарға аунатып тастап кете барғанын қалай ұмытуға болады. Қарау күштердің ардан туған Алаш жұртына жасаған бұл сұмдық қысастығынан дүние түгел күңіреніп, қарт таулардың көкірегі қарс айрылып, аһ ұрғаны қайда?!

Тебе ме екен өкпеге өкпеліні,

Жасқай ма екен күштінің өктем үні?

Боранды күн құтырып, ойнақ салып,

Қызыл иттер талады көк бөріні!

Қаны таза Алаш жұрты Құдайға қараған иманды ел еді. Қаруына сүйенген сары орысқа бодан болған соң ай-күннің аманында арыстан кеуде азаматтары атжалманға, көк  бөрі ұлдары қызыл иттерге таланбай қайтеді. «Алашым» деген атылып, «қазағым» деген қаза табатын зұлым заманда ардан туған қай ақын да бұған төзген емес. Намыс қуып, шамыр­қанып жыр жазған. Ендеше, біз сөз етіп отырған Сәбит ақын да «Сенат алаңында да патша әскері қыршын жастардың қанын төкпеген еді, бұл не сұмдық?!» деп бұрқанбай қайтеді.

Кеткенің бе ажалдың аранында,

Түгесіліп өренің, жараның да?

Түптің түбі Ақиқат сәті туса –

Жауаптасар кез келер Ар алдында!

Иә, мына жарық дүниеде жақсылықтан басқаның бәрі жалған екені баршаға аян. Желтоқсан көтерілісінде жастардың қанын судай төккен алып империя жартасқа соғылған кемедей күйреп құлап, ар-ақиқат салтанат құрған жоқ па. Ақын, әйтсе де, өлеңнің соңына таман шамырқана үн қатып, бейбіт өмір сүрген жұртты: « Жауыздар кеп жазықсыз жазаласа – Тар қапас боп көрінер ғаламың да!» деп сол қайғылы күндердің қасіретін тағы да еске сала кетеді. Оның ондағы мақсаты — үстем ұлттың өктемдігін ұмытпа, осындай тарихи қилы кезеңнен сабақ алып, қай кезде де етек-жеңіңді жинақы ұста, қараңғы түнде балбыраған тау секілді қалғыма дегені еді. Өйткені, қай ғасырда да, қай заманда да әр халық өзін-өзі қорғаған. Бір халық бір халыққа бостандық алып берейін деп ешуақытта жанын салып күреспеген. Алда-жалда болысып, жақтасына айналған күннің өзінде де өз мүддесін көздеген. Ұлттық рухта жетіліп, еркебұлан өскен жастар қызыл империяның Ұлы Далаға сұғын қадап, қырық жыл Қыдыр боп ел басқарған Д.А.Қонаевты қорлап, қызметтен  жазықсыз алғанына төзбеді. Бір мезгілде шоқтай жиылып, атойлап алаңға шыққан. Өйткені, Қонаев олар үшін де, қазақ халқы үшін де, тіпті, бүкіл түркі жұрты үшін де Алаштың – ары, қазақтың – қасиеті, ұлттың – ұлы Биігі еді. Оның үстіне көненің көзі, көсемнің өзі болатын. Ендеше кеудесінде арыстан ақырып, жолбарыс тулап жатқан жастар бұл қиянатқа неге төзсін. Арсыздыққа қарсы атылып, бүкіл дүниені дүр сілкіндіріп, алаңға атойлап шыққан.

Алаштың өршіл рухына суарылып, ерте жетілген қай ақын да туған елінің қилы тағдырын, арман-мұңын, қайғы-қасіретін жүрегінен өткізіп жырлаған.

Жерден,

Көктен

Боздаған үн келеді,

Түйе қомы салбырап түн келеді.

Ана қырдан көресің, мына қырдан,

Ботақанын іздеген мұңды енені.

 

Көкжиектен боздаған үн келеді,

Жаудыраған бота көз күн келеді.

Таңды таңға шаршаған ұластырып,

Көзін інген әзірде ілген еді…

 

Ботасы еді бір үйдің, бір ауылдың,

Кетті адасып ішінде сұр дауылдың.

Келеді үні боздаған қиян шеттен,

Түскеннен соң басына сұрапыл күн.

Бұрын қазақ сахарасы ән шырқап тұрған байтақ дала еді. Ендігі мезетте жерден де, көктен де боздаған зарлы әуеннің құлақ жарып естіліп тұратыны қалай? Бұған не себеп? Ойда жоқта соғыс басталып, атан жілік азамат ерлер қан майданға аттанып, жау оғынан қынадай қырылса, сайын дала ботасын жоқтаған боз інгендей неге боздамасын? Сол соғыс жылдары қазақтың қай қырынан да зарлы үн естіліп, қурай екеш қурайға шейін сыбызғы тартып сыңсығаны қайда?

Осы орайда ұлы суреткер Ғ.Мүсіреповтің: «Шығарманың тақырыбы ескі болғанмен, идеясы жаңа болса, ол шығарма жаңа; ал тақырыбы жаңа болғанмен, идеясы ескі болса, онда ол ескі шығармаға жатады» деген аталы сөзі еске түседі. Ендеше С.Бексейіттің майданнан қайтпаған қыршын ерлердің рухына арнаған «Сол бір боздақ…» деген өлеңі де әлемдік әдебиеттің жауһар қасиетін бойға сіңіріп, еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жаңа көзқараста жазылып, бүгінгі күннің талабынан туған жаңа шығарма. Олай дейтініміз: ақынның бұл өлеңінде кешегі ұлы Отан соғысының жеңісі тек орыс халқының ғана жеңісі емес, сонымен бірге сол қанды қырғында көзсіз ерлік көрсеткен қазақ ерлерінің де жеңісі екені шынайы сипатталған. Осы күні Ресейдің соңғы жылдары ұлы Отан соғысы хақында түсірілген қай киносын алып қарасаңыз да жеңіске тек орыс жауынгер­лерінің арқасында жеткен секілдіміз. Басқа ұлттың өкілдері не кинода, не көркем шығармада көрінбейді. Бұ қалай? «Кемедегінің жаны бір» емес пе еді. Үстем ұлттың өкілдері көркем туындыда алабөтен ерекше көрінеді де, өзге ұлыстардың ұландары неге ұмыт қала береді? Сәбиттің «Сол бір боздақ…» деген өлеңі осы секілді қараулыққа қарсы жазылған өжеттігімен де көңіліңді көкке көтереді. Ол Гастеллоның ерлігін қайталаған Әбдіровтің болмыс-бітімін: «Алау қанға малшынған көйлегі оның – Жалауы боп Отанның желбіреді» деп суреттейді. Осы екі жол өлеңнің арғы терең астарында тұңғиық сыр жатқанын біреу аңғарып, біреу аңғармас. Алайда, өлеңнің рухын көтеріп, көркемдік дәрежесін арттырып тұрған да осы екі жолы. Аспан кеңістігінде қызыл қанға малшынып, нарттай жанып, алаулаған Әбдіровтің көйлегі жалау боп желбіремегенде, Әбдіров сияқты қазақ жауынгерлері егеулі найзаға айналып, кескілесіп шайқаспағанда, орыс халқы жалғыз өзі жеңіске жетер ме еді. Әрине, жетпес еді. Өлең, міне, осындай қаны сорғалаған шын­дықты шынайы суреттеп жеткізе білуімен құнды әрі бағалы.

Мұқағалидың: «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне кір жасырмай» деген екі жол өлеңі әлемдік және арғы-бергі әдебиеттен сусындап, игі қасиет, жетістіктерін тұла бойына сіңіріп, өмірден өз жолын тапқан осы Сәбитке де арналып айтылған сияқты. Өйткені, оның өмірден өлең іздеп, өзгеше ойлап, тыңнан жаңа соқпақ тауып, өз сөзін жасқанбай еркін айта білуі кісіні тәнті етпей қоймайды. Оның үстіне бұл Сәбиттің үлкен эрудиция, терең білімдарлық танытып, өркениет заманға тән биік өреде көрінуге тырысып, «ғасыр қателігі – менің қателігім, әлем – тағдыры менің тағдырым» деп, өзін бүкіл планетадан бөліп қарамайтын ерен азаматтығы сүйсіндіреді. Қай тақырыпқа қалам тартса да шындықтың шырайын кетірмей: «Момынға үйір қайдағы! Шын сор – ғарыш айлағы. Желбіреген үстінде бөтен елдің байрағы» деп жалған дүниенің жалғандығын бетіне басып, ақиқатын айтады. Алып империяның Ұлы Даланың ауасын улап, сол улы ауаны қазақтың тұла бойына, қанына шым-шымдап сіңіріп, тұқымын тұздай құртып барып, жусаны жұпар атқан сахараны иеленіп кетсем дейтін арам пиғылын ашына жырлайды.

Өзге жұртқа жаулық ойлап көрмеген қырдың момын қазағы қалың орман орысты арқа сүйер туыс, сыйлас көршім деп біледі. Бірақ, сол ағайын елдің бауырмалдықты ұмытып, Алаштың тұнық аспанын қара бұлтпен торлап, зымыранын құлатып, гептилін төгіп, сайын даласын улайтыны қалай? Бұның бәрі, сайып келгенде, өзімнің орманды далам құнарын жоғалтпай жайқала берсін, өзгенің сары жайлау, сағымды сахарасы пұл болмаса күл болсын деген арамзалықтан екені даусыз. Ендеше. тамырында намыс қаны тулап, атойлаған ақын неге шамырқанып үн қатпасын.

Жұлдыз жауса бір сәрі,

жауын жауса бір сәрі,

бұршақ жауса бір сәрі.

У жауғаны не сұмдық!

Дерт жауғаны не сұмдық!!

Шер жауғаны не сұмдық!!!

 

Самұрық кеп төбемнен

саңғытқаны неткені:

бастан Бақыт кеткені,

бастан Бақтың кеткені,

қолдан билік кеткені!?

Тізгініне ие бола алмаған көк жасық ез елдің көрген күні осы. Көзі шелден, көкірегі шерден арылмайды. Ауа орнына у жұтып, дертке ұрынып, азған жұрттың жері де тозып, қырынан шаң бораған. Ендеше ол: «Сары­жайлауым кешегі – зар жайлауым бүгінде!» деп неге зар илемесін.

Қазағының қайғысына қайралып, ұлтының ұлтанына шеге боп қағылып, халықтың мұңын жоқтаған ақынның тұла бойын намыс қысқанда кескекті ердің сойына айналып, найзағай бұтақтарындай жарқ-жұрқ етіп, ойындағысын кесіп айтпаса кім болғаны?!

Қолына қалам алғалы қоғамның келбетіне үңіліп, сезіп, түйгенін ашық айтып үйренген Сәбит ақын Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі көркем көрінісін, тіршілік ағымын жырла­ғанда қанатын қомдап, алысқа самғап ұшатын қырандай саңқылдап, түлеп сала береді.

Сырлы бір сұхбат құрайық,

 жансырластарым,

Сілкілеп шаңын, көңілдің жаңғырт аспанын.

Заманды қазақ жасайтын мезгіл туғандай,

Жасампаздыққа әзір тұр алғыр жастарым.

Кетісердей боп кектенсем – жақындасқаным,

Шымбайға тисем шындық деп – ақыл қосқаным.

Қозғалған көшің көлікті, көрікті болсын,

Алдыңда – керім Келешек,

Асыл достарым!

Иә, жарты әлемді жаулаған ата-бабаларымыздың Рухына суарылған ата қазақ заманның өзін тізгіндеп, арғымақтай ерттеп мініп, жер-жаһанға айдын асырып, күнге қарай көрікті көшін түзеп, Болашаққа жол тартып барады және кездескен кесір-кесапаттың бәрін жолдан ысырып, жұмыр жердің үстін жамандық атаулыдан тазартып, жұпар шашып барады.

Өскен елдің өрелі ақыны Сәбит Бек­сейіттің осы секілді өміршең өлеңді әлі де көптеп, өндіртіп жаза берері хақ. Оған оның таланты да, күш-қуаты да толық жетеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *