Сізді не толғандырады?

Кез-келген адам үшін ең бірінші кезекте әлеуметтік, материалдық жағдайы бірінші орында тұратыны белгілі. Марксше айтсақ, «сананы тұрмыс билейтінін» күнделікті өмір дәлелдеп отыр. Рас, технологиямыз дамып, ақпараттар тасқыны толассыз ағылып жатыр. Экономикамыз өрлеп, жағдайымыз жақсарып-ақ қалды. Халықтың әл-ауқаты жаман емес.

Дегенмен, қоғамды толғандырар мәселелер де аз емес. Айта берсек, мәселе көп… Cізді қоғамның бір мүшесі ретінде қандай мәселе толғандырады? Қала халқын тұрмыстан бөлек тағы қандай ой мазалауы мүмкін? Жалпы, ұлттық тұрғыдан алғанда алматылықтар үшін кезек күттірмейтін қандай мәселе бар? Сауал – бізден, жауап – сізден.

Гүлназ ҚҰРАНБЕК,

№36 гимназияның бастауыш

сынып мұғалімі

Қалай болса солай сөйлейміз…

Байқайсыз ба, қалалықтардың жар­ты­сынан көбі тілін шұбарлап сөйлейді. Қо­ғамдық көліктерде де, түрлі қызмет көрсету мекемелерінде де екі қазақ бір-бірімен орысша сөйлескенді жөн санайды. Сонда орысшасының өзін дұрыстап сөйлесе бір сәрі ғой… Кейде тілі күрмеліп, орысшасы қиыспай, әрең сөйлеп тұрғандарды көр­генде, артық айтты демеңіз, ұрып тастағым келіп тұрады. Реті келіп тұрғанда айтып та салған кездерім болған. Бірақ «жалғыз ағаш орман болмайды» екен. Бір менің айқайым нені шешер дейсіз. Егер осындай көрі­ністерге барлығымыз ескерту жасайтын болсақ, талай түйін шешілер ме еді, кім білсін? Әрі-беріден соң, тіл тазалығы сөздерді орнымен қолданып, дұрыс сөйлей білуден басталмай ма? Бүгінде ауызекі сөздің өзін тап-тұйнақтай етіп сөйлейтін бауырлар некен-саяқ. Әйтсе де, бұрынғыға қарағанда шүкір. Қазақшаланып келеміз. Бірақ  қалай болса солай сөйлейміз. Екеу­ара әңгіменің өзіне «тұздықты» орысшадан аламыз. Әйтпесе, қазақтың көркем тілін мақалдатып тұрып сөйлегенге не жетсін?! Егер тілге құрмет өзімізден басталмаса, ұрпағымыздың қазақша сөйлеуі екіталай. Мына латын қарпіне ауысудың өзі де осы тілдің тағдырына алаңдағандықтан. Ахмет бабамыз «тілі жоғалған елдің өзі де жоға­лады» демеп пе еді? Мені қоғамның мүшесі ретінде толғандыратыны, осы – тіл мәселесі.

Марат НҰРМҰХАМЕТҰЛЫ,

байланыс саласының маманы

 

Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда қырағылық қажет

Қателеспесем, осы сауалды бұған дей­ін де қойдыңыздар-ау деймін. Өте орынды сауал. Біздің заман адамның ойына кіріп-шықпайтын түрлі оқиғаларға толы, үміті мен күдігі арпалысқан заман болды ғой. Өткендегі «Кемероводағы» қайғылы жағдайдан кейін, қаламыздағы түрлі ойын-сауық орындарына баруға қорқақтайды екенсің. Бұрын еш алаңсыз қыдыра беруші едік. Қазір… табиғи апаттар қарапайым халықтың назарынан тыс қалмайтын болды. Алаңдаушылық басым секілді… Күні кеше Алматыны су басу қаупі бар дегенді оқып қалдым. Ол да көпшіліктің үрейін ұшырғаны жасырын емес. Сон­дықтан қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда қырағылық қажет-ақ. Әсіресе, адам көп шоғырланатын орындар үнемі бақылауда болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Махаббат БҰЗАҚБАЕВА,

киім бутиктерінің сатушысы

Әкелік міндетті сезінбейтіндер алаңдатады

Мені алаңдататыны, көп ер адамдардың жауапсыздығы. Балалары алдындағы әке­лік міндетті сезінбеуі. Қара басын ғана ой­лауы. Дүниеқоңыздығы. Әйтпесе, алимент төлеуден қашатын еркектер неге баласы үшін алаңдамайды? Міндетті түрде заңмен қыстау керек пе? Жүректері неге қатты? Мәселен, менің күйеуімнің басқа отбасы бар. Жағдайы жақсы болса да балаларына көмектесуге ешқашан ниет білдірген емес. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Тапқаным, екі баламның оқуы мен ішіп-жемінен артыл­майды. Пәтерақы төлеймін. Екеуі де үйле­нетін жасқа келді. Бар ойым  солар жерге қарамаса екен деймін. Арманым – үй алу. Мені жатсам-тұрсам мазалайтын, толған­дыратын мәселе,  міне, осы. Елбасының әлеу­меттік саланы жаңғыртуға арналған  бес бастамасы жайында да айта кеткім келеді. Бес бағыттың бірі – баспана мәсе­лесі екенін білеміз. Бұл бізге үй алу үшін жаңа мүм­кіндіктер ашып отыр. «7– 20–25» бағдар­ламасы үйсіз жүргендердің арма­нына қол жеткізетін бірден-бір үміт.

Мақпал ЕЛЖАН,

жеке мекеме қызметкері

Қарыздың салмағы ауыр, қайтарымы қиын

Мені алаңдататыны – несие мәсе­лесі. Тегін ақша бергендей алып алған соң, оны  төлеу – машақат. Менде дәл қазіргі уақытта несиемді тезірек төлеп бітсем, банкке қарыз болмай құтыл­сам деген уайым басым. Қарыздың салма­ғы ауыр, қай­тарымы қиын ғой. Кезінде үй-жайымызды күрделі жөндеуден өткізу үшін қомақты ақша алғанмын банктен. Бұл, әрине, қара бастың проблемасы ғой. Алай­да, аларыңды алып алып, кейін мазаңды кетіретін осы «несие» деген нәрсеге үйір болудың қажеті жоқ. Өйткені, қазір несие алып, ана жер, мына жерге қарызға батып, одан шыға алмай тентіреп жүрген адам көп. Көпшілігіміздің жалақымыз аз. Дүние қымбат. Шығар жол несие болып тұр. Қазір несие десе елдің есі шығатын болды. Себебі, біреудің үстінен астыртын несие алып жіберіп, нақақтан-нақақ күйдіретін алаяқтар қаншама? Көпшілігімізді осындай қорқыныш мазалап жүр.

Бағдагүл МЕКЕБАЕВА,

№3 балалар ауруханасының есепшісі:

Жігіттер қызға ұқсап бара жатыр

Күні кеше «Саяхаттың» қасындағы «Мерей» сауда орталығының бір ғимара­тына жаңадан қоныстанған Алмалы ауда­нының Халыққа қызмет көрсету орталы­ғына бардым. Әлгі жеке цифрлық код де­генді алу үшін. Қызметкерлердің көпшілігі жап-жас жігіттер мен қазақтың талдыр­маш қыздары. Жұмысына өте тиянақты екендіктерін бір көргеннен-ақ байқауға болады. Жылдам әрі сауатты, содан кейін өте кішіпейіл. Алайда, біздің жігіттер қызға ұқсап бара ма, қалай? Талонымды алып келіп, бір оператордың алдына отырдым. Шамасы, бос отырған болуы керек, үш-төрт жігіт сөйлесіп тұр екен. Естіген құлақта жазық жоқ. Әңгімелерінің сиқы мынау: «Бетіңе қалыңырақ етіп жағасың…» дейді біреуі, «А-а-а, мен жұқалап қана жағып қойғам ғой, терімді жұлып жіберді» дейді келесісі. Барлығы беттерін сипап-сипап қояды. Түсінгенім, әңгіме бет тазалайтын маска жайында. Құдай-ау… бет күтімі жайында әңгіме айту жігіттерге тән қылық па, айтыңызшы. Міне, бұл да қоғамда белең алып келе жатқан мәселелердің бірі ғой. Белгілі ақын Балғынбек Имашев ағамызды да осы мәселе қатты алаңдататын көрінеді. «Соңғы кездері қызға ұқсап киініп, майысып, сыланып жүретін жігіттер көбейді. Қыз дауысты жігіт қуатсыз болады. Ал қуатсыз жігіттерден қазақтың саны көбеймейді» дейді ақын ағамыз. Өте дұрыс айтады. Кезінде нәзік  жандыларға шалбар киеді деп кейіп едік, бүгінгі жігіттердің сырға тағып, бетін бояуы тіпті сорақы жағдай емес пе? Сондықтан жігіттер атына заты сай болса екен деймін.

 

Сауалнаманы жүргізген – Қ.ЖҰМАДІЛОВА

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *