СІЗДІ МАЗАЛАҒАН МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІН ӘКІМНЕН СҰРАЙМЫЗ

«Алматы» телеарнасы «Әкім­мен ашық әңгіме» деп аталатын жаңа тележобасын бастады. Жоба аясын­да Алматыдағы 8 ауданның әкімдері әр апта сайын кезегімен тұрғындар­дың сауал­да­рына жауап бермекші. Бағдарламаның алғаш­қы қонағы Алатау ауданының әкімі Шахмерден Рыспаев болды.

Алатау ауданының құрыл­ғанына 10 жылдан енді асты. Сон­дықтан оны Алматы шаһа­рындағы ертерек қалыптасқан, өскен, көркейген өзге аудан­дар­мен салыстыру да мүмкін емес. Түйінді мәселелері шаш-е­тек­тен болатындығы да заңды. Сондық­тан тікелей эфир кезінде тұрғын­дар тарапынан қойылған сауалдардың қарасы қалың болды.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Кешегі төпелей жауған жауында көше­де тобықтан су кешіп кеткен тұрғындар салған видеоға аудан әкімі:

– Иә, кешегі жауған бір күндік жаңбыр бір айлық норманың 50 пайызы екен. Сондықтан арық жүйелері мөлшерден көп жауған жаңбыр суына толып кеткен, – деп түсіндірді.

«Саялы» ықшамауданының тұрғындары  «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша мем­лекеттен алған баспаналарының жоғарғы қабаттан бастап, біріншіні қойғанда, жертөлеге дейін су басып кеткенін, үйдің сапасыз салынғандығын айтып, шағым­данды. Аудан әкімі бұл мәселеден де хабардар екендігін айтты. Кеше ғана құрылыс компания өкілдерімен жиналыс өткізілгенін жеткізді.

«Алғабастың» бір тұрғыны күнделікті жүріп жүрген жолымыз тар, маңайымызда банкомат жоқ десе, «Ұлжан» тұрғыны көшемізге жарық керек деді.

– «Ұлжан» шағынауданында жақында ғана болдым, ол мәселе маған таныс. Мұнда биыл 18 шақырымдық жаңа жол салынады. Орташа жөндеуге 10 көше жоспарланған, мұнда кәріз, су жүйелері де тартылған. Ал «Алғабас-6» ықшамауда­нындағы көшелерге келетін болсам, оның бәрі стандарттарға сай жасалған. Бүгінгі күні бос жер телімдері заңдастырылып, дүкен, банкомат сынды халыққа қызмет көрсететін нысандар салуға  рұқсат беріліп жатыр, – деді Ш.Рыспаев.

«Нұркент» ықшамауданынан телефон шалған тұрғын:

– Қазір тұрып жатқан үйімізді құрылыс компаниясы 2015 жылы әупірімдеп жүріп әйтеуір бітіріп берген еді. Бірақ кіргелі бері проблемадан көзіміз ашылмады. Қара­пайым сылап-сипау жұмыстарын айтпа­ғанда, кіріп-шыққан сайын тонна-тонна цементтер басымызға қашан құлап кетер екен деген үреймен жүрген адамдармыз, – деген жанайқайын жеткізді. Аудан әкімінің сөзінше, бұл үйді салған құрылыс компаниясы бүгінгі таңда банкротқа ұшыраған. Бірақ бұл мәселе әкімдіктің жіті бақылауында, тұрғындармен бірлесе шешуді көздеп отыр.

«Саялылық» тағы бір ана «аулада балалар ойнайтын алаң жоқ, бала біткен бір жіпке ғана артылып ойнайды, одан қалды оған таласып қалады» деп мұңын шақты. Аудан әкімінің сөзіне жүгінсек, «Саялыны» көріктендіру жұмыстары келесі жылдың еншісінде көрінеді.

Ал «Ұлжанның» тұрғындары тұрмыстық қалдықтар үй маңынан уақытылы әкетіл­мейді, оны қаңғып жүрген иттер шашып тастайды деп отыр. Бұл мәселені де аудан әкімі өз назарына алды.

«Өжет», «Саялы» тұрғындары өзімізге жеке емхана болса деген ұсыныс-тілектерін де білдірді.

– Ең алғаш Алатау ауданы құрылғанда 160 мың халыққа бір-ақ емхана қызмет көрсеткен болатын. Бүгінгі күні 5 емхана жұмыс істеп тұр. Бір жылда бәрін бірден салып береміз деп өтірік уәде беруден аулақпыз. Мәселен, «Өжетте» дәл қазіргі таңда бос жатқан жер телімдері жоқ. Ал «Саялы» халқы 29-емханаға бекітілген, – дейді аудан басшысы.

Тікелей эфирден тағы бір видео көр­сетілді. «Мен Теректі елді-мекенінің жанында он бес жылдан бері тұрамын. Міне, мына көшенің бойында менің үйім орна­ласқан, бірақ көшенің аты жоқ. Ауырып «жедел жәрдем» шақыра қалсаң, көшеңнің атын сұрайды», – дейді видео авторы. Көшесіз үй болуы мүмкін емес деген аудан әкімі бұл тұрғынмен өзі жолы­ғып, мән-жайды анықтайтынын жеткізді.

Тікелей байланыста автокөлік ұрлығы, үй тонау мәселелеріне де қатысты сұрақтар қойылды. Алатау ауданының әкімі Шах­мерден Рыспаев сауалдардың бәрі де жауапсыз қалмайтынын айтты.

«Әкіммен ашық әңгіме» бағдарла­масына бас-аяғы 92 сауал келіп түссе, оның 80 пайызға жуығы «Нұркент» ықшамау­даны тұрғындарының еншісінде екен.

– Тікелей эфирде қойылған барлық сауал бізге етене таныс. Ол мәселелермен біз күнделікті жұмысымызда біте қайнасып жатамыз. Сондықтан олар күн тәртібінен түспейді, үнемі бақылап, назарда ұстап оты­рамыз. Биыл аудан бойынша 400 көшені, 12 ықшамауданды қамтитын 120 шақырымдық жаңа жол құрылысы салына­ды. Одан бөлек, 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі күні 5 ықшамауданда бұл жұмыстар басталып та кетті. Ал 3 ықшамауданның жол құрылысы мамырда басталады. Аудан құрылғалы бергі он жыл ішінде 437 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Әлі де қанатымызды кеңге жая беретін боламыз. Барлық мәселені жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Әр аптаның екінші күні тұрғын­дарды қабылдап отырамын, сұрақтарыңыз, ұсыныс-тілектеріңізді тыңдауға әркез дайынмын, – деп сөзін түйіндеді Ш.Рыс­паев.

Оқырмандар есіне тағы да сала кетейік, «Алматы» телеарнасында әр аптаның бейсенбісінде әр ауданның басшысы тікелей эфирге шығып, халықтың көкейінде жүрген сауалдарына  жауап беретін болады. Сондықтан көз салып, құлақ түріп жүргей­сіз. Келесі жолы сіз тұрып жатқан аудан­ның әкімі шығып қалуы мүмкін. Сұрағы­ңызды қазірден жұптай жүріңіз.

Айтпақшы, әкімге сұрақ қоюдың бірне­ше жолы бар. Телеарнаның ресми сайтына кіріп (www.almaty.tv), «Әкіммен ашық әңгіме» айдарын таңдаңыз. Сауалы­ңызды осында жазып қалдырасыз. Сондай-ақ, сауалды тікелей эфир кезінде +7 777 046 33 33 WhatsApp нөміріне және студия телефонына 8(727) 334 00 24 хабарласу арқылы да қоюға болады.

Осы орайда айта кетейік, билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *