Сіздің арқаңызда мейрамхананың директорын оңдырмай жеңіп кеттім

3063Құрметті Гераға!

Қазақстанның батыс өлкесінде туып-өскеніммен, бала кезіңізде Сіз шалғы­нында аунаған Солтүстік Қазақстанның келінімін. Күйеуім күніге Сіздің атыңызды бір айтып қоятын. Содан Сіздің атыңызға әбден құлағым үйренген. Үйренген де Сізге өз туған ағамдай бауыр басып кеткенмін. Жазған әңгіме, мақалаларыңызды көре қалсам міндетті түрде оқитынмын. Сіз туралы айтыл­ғандарды да қалдырмаймын. Творчест­воңыздың бәрін демей-ақ қояйын, бірақ, қолыма түскенінің бәрін оқыдым. Және әр оқыған сайын сондай риза боламын. Жақында «Өлке» баспасынан 2006 жылы шыққан «Мұнар тауыңыз» қолыма түсті. Оқып шығысымен Сізге деген алғыс көкірегімді кернеп, осы сөздерді жазғызды.

Тоқсаныншы жылдары тіл мәселесі туралы үйіңізге телефон шалып, екі мәрте өзіңізбен кеңескенмін. Тіпті, бірде сіздің жазған фактілеріңізді дәлел ретінде келтіріп, мейрамхананың директоры Маринаны оқсатып жеңіп кеттім! «Қазақта еттен басқа тағам жоқ. Оның өзі де дәмсіз-татусыз бірдеңе» деп былдырлайды. Бір емес, екі емес. Сосын мен қарап тұра алмадым. «Ол сенің мейрамханаң шығар солай дайындайтын. Кескен еті қайрақтай қатты, шайнауға тісің батпайды. Наны қап-қалың. Сорпасы сылдыр су. Нағыз қазақ асқан еттің қазысы тамағыңнан қалай жылп еткенін өзің аңғармай қаласың! Іңкәлінің жұқалығы арғы жағынан әріпті оқи аласың. Майлы-құнарлы сорпасына құрт езіп ішсең, жеген тамағың денеңе толық сіңеді. Өзің білмей тұрып сыртынан тон пішпе. Қазақстанның жерінде наныңды тауып жүріп, қазақтың асын қорлама! Сүттен жасалатын тағамның неше атасын санап берейін. Санына жете алар ма екенсің!

Тіпті, қызы-қыза келе Сіз айтқан «түйенің орысша атауы үшеу-ақ. Ал қазақша атауы сексенге жетеді» дедім бе-ау. Жалғыз «Абай жолы» кітабындағы Мұхтар Әуезов қолданған сөз 16983-ке жетсе, шығармалары дүние жүзіне әйгілі Байрон мен Шекспирдегі сөздік қор 15 мыңның ар жақ бер жағы дедім бе-ау. Ой, тоқтамай сайрадым. Мұның бәрін соның алдында Сіздің жазғандарыңыздан оқып алғанмын.

Не керек, сізден оқығанымның бәрін айтып, аузын аштырмай тастадым. Бәрін төкпекте жөнелгенімде қасымыздағы орыс-қазағы түгел мені қостап шыға берді. Сіз қазақтың өз ұлысыз. Қазаққа өз тілі туралы Сіздей тәптіштеп айтып бергендер бар шығар, бірақ аз. Менің қазағымды сүйген жүрегіңіз үшін, жаныңыздың түкпіріндегі сәулелі шуағы үшін мен Сізді сүйемін.

Гераға, сексен жасыңыз құтты болсын! Қолыңыздағы қаламыңызды берік ұстаған саусақтарыңыздың қуатын Аллам арттыра бергей! Қарапайым қазақ қызының шын жүректен шыққан құттықтауын қабыл алыңыз.

Маркиза БАЗАРБАЙ.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *