Сіздер үйде болыңыздар!

Рая Ескендір
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 2 сәуіріндегі «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Жарлығын бүкіл халық қызу қолдағаны белгілі. Еліміздің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, кез-келген, яғни әскери есепте тұрған, денсаулығында кінәраты жоқ азаматтар арнайы жиындарға шақырылып, аумақтық әскерлер құрамында қызмет етуге құқылы. Дәл бүгінгідей ел тағдыры сынға түсіп, қатерлі індет қауіп төндіріп тұрғанда «Төтенше жағдай туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтар өз еріктерімен Отан алдындағы парыздарын өтеуге қашан да дайын екендіктерін білдіріп жатыр. Арнайы жиын кезінде азаматтар жеңілдіктерді пайдалана алады. Жұмыс орны сақталғандарға мемлекет есебінен орташа жалақы, жұмыс істемейтіндерге ең төменгі мөлшердегі еңбекақы төленеді. Бұл басты мәселе емес, ең бастысы, азаматтардың Отанға қызмет етуге деген құлшыныстары, бойларындағы патриотизмнің басым екендігі.

Ел қорғауға әзірміз

Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде әскери міндеттерін орындау үшін өз еркімен өтініш білдірген алғашқы топ жасақталды. Еліміздің басына ғана емес, дүние жүзіне қатер төндірген індеттің алдын алу үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Осындай сын сағатында ел басына төнген қиындықтар ер-азаматтардың мықтылығын сынға салары да сөзсіз. «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деген ата-бабамыздан қалған өсиеттің тегін айтылмағанына да көзіміз жетті. Құйып тұрған жаңбырға қарамай-ақ, әп-сәтте сымдай тартылып, әскерге айналып шыға келген жігіттердің жүзінен батылдық, жүректерінен батырлық байқалады.
– Ел Президентінің әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы Жарлығы дер кезінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Алғашқы топтың құрамындағы 100 азаматымыз сайдың тасындай дайын болып, өз жұмыстарына кіріскелі жатыр. Өтініш білдіріп, өз Отанына қызмет етеміз деген азаматтар өте көп болды. Жергілікті әскери комитеттерге өтініш білдірген азаматтардың арасынан 100-ін іріктеп алдық. Олар таңертеңгі 8-де келіп, кешкі 16.00-де үй-үйлеріне қайтады. Барлығына арнайы тігілген әскери киім бердік. Ыстық тамақпен қамтылады. Жұмыс істейтіндердің жалақысы сақталып, жұмыссыздарға ең төменгі мөлшердегі жалақы тағайындалады. Арнайы жиындарға 60 жасқа дейінгі офицерлер мен 45 жасқа дейінгі сержанттар шақырылды. Дегенмен, біз олардың жасын қазіргі карантиннің талабына сай, 45-ке дейін шектеп отырмыз. Олардың міндеті – патрульдік полициялардың қасында жүріп, көмек көрсету. Қажет болған жағдайда әлі де азаматтарымызды шақырамыз. Бізде басқа да өтініш білдіргендердің аты-жөні, мекен-жайлары сақтаулы,- дейді Алматы қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс істері жөніндегі көмекшісі Болат Оманов.
Өзін Алмат Алмасұлы деп таныстырған жігіттің жасы 25-те.
– Менің бұл қадамымды ата-анам да қуана құптады. Отан алдындағы әскери борышымды өтеген едім. Дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Қазір барлық жерде жұмыс тоқтап тұр. Үйде бос жатқанша, елге пайдам тисе деймін. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасын қуана қолдап, бірден шешім қабылдадым, – дейді ол.
Шаһарымыздың тағы бір тұрғыны Айбат Әлмұханов:
– Аягөз қаласында әскери борышымды өтедім. Жасым 23-те, бойдақпын. Неге жұмыс істеп, елге қызмет етпеске? Әке-шешем де менің ойымды қостап, «дәл қазіргі сын сағатында үйде бос отырғанша, түзде еңбек етіп, пайдаңды тигізгенің жөн» деді. Сондықтан қандай жұмыс болса да, бел шеше кірісуге дайынмын, – дейді.
Жан Бейсенбаев есімді азамат бұған дейін байланыс операторында қызмет еткен екен. Өзі қатардағы жауынгер. Ата-анасы да әскери қызметте болған кісілер. Отанын қорғауға қашан да дайын жас жігіттің өзі де, сөзі де нық. «Сіздер үйде болыңыздар, біз сіздерді қорғаймыз», –дейді.
Азаматтық парызын өтеуге асыққандардың бірі Тимур Махмудұлының мамандығы автомеханик.
– Аянбай еңбек етуге дайынмын. Еліміздің болашағы үшін қиындықтан қашпаймын,- деді.

P.S. «Ел тыныштығын күзетуге дайынбыз» деген жігіттер сап түзеген әскерилермен бірге алғашқы жұмыс күндерін бастап кетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *