Сиқырлы симбиоз сыры

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма

Дүниетанымыңды кеңейтетін, бірақ әртүрлі ғылыми кітаптарда шашырап жатқан дүниелерді не оқуға құлқың болмайды, не түсінуің қиын. Осы жерде де бұрын бізге Әбіш көмекке келетін. Кез келген күрмеуі қиын мәселенің өзін соқырға таяқ ұстатқандай қарапайым түсіндіріп беретін. Алғашқы көп клеткалы организмдер 3 миллиард жыл бұрын жаратылып, олар содан бір миллиард жыл өткен соң барып, аналық және аталық болып екі жынысқа бөлінгенін де, адамға ұқсас жан иесі осыдан 10 миллион жыл бұрын жарыққа келгенін де, жердегі тіршіліктің негізі болып табылатын белок пен тұқымнан тұқымға ақпараттар дарытатын нуклеин қышқылын түзетін молекулалардың бірдей екенін де, мұндай түзілім тек жердегі тіршілік иелеріне ғана тән екенін де кезінде қырықтың қырқасына әлі шыға қоймаған Кекілбаевтың жазғандарынан оқып білгенбіз. Иә, Әбіш не жазбаған?!

Дәл осы риторикалық сұрақ Сауытбек Абдрахмановтың «Абыз Әбіш» кітабының темірқазығы десек, жарасар еді. Автор ең алдымен Әбіштің абыздығы мен ойшылдығын зерттеген туындысында сөздің келер жағында оның Үркер төңірегіндегі философиясын тілге тиек ете кеткені болмаса, жазушылық лабораториясын түгел қопаруға саналы түрде бармаған. Негізінен Әбіштің адамдарды ойлауға үйрететін, қоғамдық сананы шырт ұйқысынан төсегімен бірге жұлып оятатын пәрменді де пайымды публицистикасын қаузау арқылы қадау-қадау тақырыптарды тарқатып шыққан. Бұл туындыны әбіштанудың ең озық гиді деп қазірден бастап айта берудің түк те артықтығы жоқ.
Кеше ғана әулиедей болып арамызда жүрген Әбіштің мол мұрасын қалай мәңгілік ете аламыз, ұлылығын ұрпақтан ұрпаққа қалай жеткізе аламыз? Сауытбек Абдрахмановты ең алдымен осындай сұрақтар ойландырғаны келісті кітаптың әр бетінен анық сезіледі. Бұл кітапты жазбай тұрған кездің өзінде де автордың Әбіш туралы көп білетініне шек келтірген емеспіз. Кекілбаев культурологиясы туралы өткен жылғы «Мудрец» атты мақаласының мұнай маңындағы орыстілді таныстарымды да таңдандырғанын ұмыта қойған жоқпын. Қаламгердің 70 жылдығындағы ғылыми конференцияда кеңінен толғап сөйлеген сөзі де, ізетті іні мен ардақты ағаның арасында ғана айтыла алатын (өзі шығарған) жарасымды анекдотты мерейтой иесінің көзін бақырайтып қойып жарқыратып әңгімелеу арқылы Әбішті ту биікке көтеріп жіберген сәті де есімізде. Сонау 1974 жылдан бері жалықпайтын жылнамашыдай Әбіш Кекілбаевтың қас-қабағынан бастап аттаған әр қадамына дейін қалт жібермей келген автордың ішкі әлеміндегі жұмбақ құбылыс құпиясы қазір бізге аталмыш кітаппен бірге ақтарылып жатқандай әсерде отырмыз. Оның сол тынымсыз жарты ғасырға жуық уақыттағы көрген-баққаны із-түссіз жоғалмайтынына іштей сеніміміз күшті болатын. Сол ойымыз ақталғанына қуандық.
Алайда, автордың сол көрген-баққанын қағазға бұрқырата салмағаны да кітаптың өн бойынан тайға таңба басқандай анық байқалады. Былайғы өмірінде де ұсақ-түйектің өзіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, жазу өнерінде сөздің жақсы мағынасында сауысқаннан да сақ Сауытбек әр факті мен детальдің өзіне ерекше мән бергенін жүрегің сезеді. Көз майын тауысып, кемеңгердің әрбір сөзін аңғарымпаздықпен зерделеп шыққаны көрініп тұр. Бұрыннан білетін нәрселерінің өзін қайта сүзгіден өткізген. Көп ізденген. Кітап мазмұнының түкпірінде жасырынып жатқан, оқырманның көзіне көрінбейтін «қара жұмыспен» де ыждағаттылықпен айналысқан Сауытбек Абдрахмановтың жанкештілік еңбегі – өзінше бір төбе. Фактілерді жинау, топтастыру және іріктеудің өзі публицист-зерттеушіні жалықтыра алмаған деген ойды былай қойғанда, бұл жұмыстардың қаншама уақыт алатынын көп адам бажайлай білсе керек.
Кітап авторының елдік ірі істерінен бастап шуақты юморына дейінгі аралықтың бәрінде зияткерліктің ғажап гаммасын көрмесек, көңіліміз көншімейтіні шартты рефлекске айналып кеткелі қашан?! Сол сөзіміздің дәлелі: ол бұл жолы да көзге көріне бермейтін жалғыз деталь арқылы таңдай қақтырғанын жасырып қалу – арымызға сын. Кітап мұқабасында шығарма авторының аты-жөні туындының атауынан төмен тұрғанына кезінде назар аударғанбыз. Дей тұра… қорқынышымыз да дәл осы мұқабадан басталғанын іште бүгіп қалғанымыз дұрыс болмас. Неге? Негесі сол, «Абыз Әбіш» деп айқайлата қойылған атау жазушыны оңды-солды мадақтауға ұштасып кете ме деген күдік іште қылп ете қалғанын қалай жасырарсың?! Кітаптың алғашқы парақтарынан бұл ойымыздың бекер екендігіне көзіміз жетіп, көңіл орнына қайта түсті. Сауытбек ағамыз абызды абыз деп атауды, әр нәрсенің дәл бағасын беруді мақсат еткен екен және сол мақсатына жеткен екен.
Дәл осы қаққан қазықтай қағида кітаптың өн бойынан атойлап тұрғанына тағы қуандық. Өйткені, сан қырлы өнер иесін жазуға бел будың ба, онымен қатар тұрып жаз. Керек десең, оның үстінен, жоғарыда тұрып жаз! Бір деңгейде тұруға әлің келмей ме, онда қоя ғой. Бір анық: ондай дүбәра кітаптан ешкім ләззат алмайды. Тіпті, автордың өзі де. Зерттеушінің зерделі ұстанымы деген осы. Әрине, сол принципті ерттеп міну – қияметқайым шаруа. Десек те, ерттеп міне алсаң, сені тоқтатып, жағымсыз әңгіме айтатын адам табыла қоймасы тағы хақ. Сауытбектей сұңғыла үшін де бұл туындының өзінің басқа кітаптарынан өзгелеу болғанын көзі бар адам көреріне бек сенімдімін.

Жазу табиғатын тереңнен түсінетін Сәукең сөзді өте дәл, орнымен және орнықты қолданатын қаламгер екенін осы жолы тіпті шегелеп дәлелдеген. Сөз қолдануда жылтырлық атаулыға құмартпайтын оның әр сөйлемі қорғасыннан құйылғандай жұп-жұмыр. Сауыт киіп алған сөз дерсің. Өзгертуге келмейді. Мәтінде самсап тұрған сөздердің қатарын бұзу мүмкін емес. Қысқартуға жатпайды.

Қазақтың қазіргі публицистикасында беренсөздің бірегей бегі атанып үлгерген автордың тағы бір қыры қызықтырмай қоймайды. Ол – кең тынысты аналитикалық ойлау жүйесі мен академиялық білім деңгейінің жоғарылығы. Дарын, білім және тәжірибе астасуынан туған дүниенің кетігі болуы мүмкін де емес-ау!
Ал енді кітаптың тарауларына тақырып қою шеберлігі, кітап құрылымына тың пішін таба білу тапқырлығы да оның сақа зерттеушілігінен тағы да хабар беріп тұр. Автордың шынайылылық шеңберінен шықпайтын шығармашылық шеберлігі кітаптың құрылымы мен мазмұнын өзара үйлесімдіктің үлгісіне асырып үлгерген. Аталмыш туындының тағы бір айтпай кетуге болмайтын артықшылығы сол, оқырман кітаптың өн бойынан драматизм мен ішкі динамикаға толы толық бір дәуірдің шынайы картинасын көз алдына әкеледі және содан өзгеше ләззат алады. Әбіш қайтты. Әбішпен бірге тұтас бір дәуір келмеске кетті. Әбіш жолының қаншалықты оқиғалар мен құбылыстарға толы болғанын жүрегіңізбен сезесіз. Сол кезеңдегі Әбіш айналасындағы айтулы тұлғаларды бұрынғыдан да бетер тани түсесіз, тамсана түсесіз.
Ең аяғында, жазушының, ақынның, драматургтың, философтың, аудармашының, мемлекеттік қайраткердің, саясаттанушының, тарихшының, мәдениеттанушының, өнертанушының, әлеуметтанушының, публицистің, журналистің, шешеннің таланты бір бойында тоғысқан әмбебап абыздың боямасыз бейнесімен қайта қауышасыз. Орасан көлемді еңбектің тактикалық басты құндылығы осы болар. Ал стратегиялық құндылығы бұдан да алысты меңзейді. Аталмыш дүние – Әбіш Кекілбаевтың екінші мәңгілік өмірінің қайнар бастауы. Шын мәнінде, Сауытбек Абдрахманов әбіштануды жаңа биікке көтеріп берді дей аламыз.
Айтары жоқ, планеталық деңгейдегі ойдың адамы туралы жазу үшін жан-жақты білімді болу жеткіліксіз. Оған қоса автордың өз бойында да даналықтың көптеген белгілері болуы шарт. Сонда ғана алға қойған мақсатыңды орындай аласың. Сонда ғана бастаған ісіңді абыроймен алып шығасың. Осы ойымызды онан әрі өрбіте түссек, Әбіштей абыз туралы кітапты Сауытбек ағаның жазғанына қуандық. Әбіш туралы іргелі еңбекті алдымен Абдрахманов жазуы тиіс деген ой ішімізде бұрыннан бұғып жататын. Әбішті жазу құқығының бас патенті дәл осы авторға бұйыратыны абыздың көзі тірісінде-ақ бой көрсетіп тұратын.
Шебер Сауытбектің бұл еңбегінің жеріне жете жазылуының сыры неде? Мұны қатар өрілген екі желі арқылы түсіндіру керек секілді. Бірінші желі автордың болашақ кейіпкерін өмір бойы зерттеуінде жатыр. Сонау жетпісінші жылдардың басынан осы күнге дейін тірі энциклопедияны тірі жанға білдірмей зерделей зерттеу тек творчестволық тұрғыдан еті тірі адамның ғана қолынан келеді. Бұл желінің төлтумалылығы Сауытбек Абдрахмановтың табандылық пен байқампаздық сияқты қос қасиетінде жатыр.
Екінші желінің жүгі бұдан да ауыр. Алғашқы желідегі әлгі қасиеттер аздық етеді мұнда. Тұла бойыңа біткен тамаша қасиеттермен шешіле салатын түйін емес бұл! Әбіш секілді қайталана қоюы екіталай тұлғаның энциклопедиялық біліммен байытылған сан қырлы мол мұрасын түп-тамырына дейін қопарып, қайта ой қорыту үшін бөлекше парасат-пайым керек екенін автордың о басынан түсінгенін бажайлау қиын емес. Сондықтан болар, Сауытбек Абдрахманов Әбішті таныған алғашқы күннен бойын абызға қарап түзегенін жоққа шығара алмайсыз.
Кітап иесінің мұндай аса жауапты, салмағы зілбатпан тақырыпқа батыл баруының негізі неде жатыр? Сіз Сауытбек Абдрахмановтың Пушкиннің «Пайғамбар» атты жырын талдағанын, орыстың мүйізі қарағайдай әдебиеттанушыларымен таласа, тартыса жүріп, халықаралық конференцияларда баяндама жасап, Мәскеудегі жинаққа мақала жариялай жүріп, бұл жырдың арқау тегі Інжілде де, Тәуратта да емес, Құранда жатқанын дәлелдеп шыққанын, ұлы ақын шығармаларындағы түркизмдер туралы тұңғыш толымды зерттеуді жазғанын, пушкинистикаға қосқан үлесі үшін Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен алқаланғанын білесіз бе? Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ поэзиясының екі томдық авторлық антологиясын талғампаздықтың тамаша үлгісімен жасап шығарған Сауытбек Абдрахмановтың әр ақынға жазған талдау-портреттерін білесіз бе? Оның докторлық диссертациясының негізінде жазылған «Төлтума мен телтума» атты тамаша зерттеуін оқып көрдіңіз бе? Жақында ғана «Казахстанская правданың» үш нөміріне қатар шыққан «Конгениальность» атты Абай аудармашылығы туралы тағылымды толғамымен таныстыңыз ба? Осыларды білсеңіз, онда Сауытбек Абдрахманов аударған Бейбарыс туралы арабтың халық романына жазған алғысөзінде Әбіш ағаның інісін «зерделі білімпаз» деп бағалауының сырына қаныға түсесіз.

Біз мұның бәрін неге тізіп отырмыз? Дәл осы жерде манағы біз айтқан екінші желі алдымыздан шығады. Белгілі бір Уақытта жалпақ жұртқа танымал болған Тұлғаны сол қоғамның жалпы Кеңістігінде көрсету кең көсілуді керек етеді. Бұл өз алдына. Екінші жағынан осы үштаған міндетті абыроймен орындап шығу үшін Публицистика – Ғылым – Өнер симбиозына қол жеткізу шарт. Абыз туралы іргелі туындыны жазып шығып, қаламгердің сексен жылдық тойына тарту еткен Абдрахманов арынының ауқымдылығы дәл осы жерден қылаң береді. Автор «Абыз Әбішті» сұлу торы аттай әдемі жазып шыққан. Сауытбек аға бұл жолы да Козьма Прутков айтудай-ақ айтып кеткен «құшаққа сыймайтынды» құшағына сыйдыра білген. Сиқырлы симбиоздың сыры сонда, парасатты Публицистикасыз жай адамға қасаң көрінетін Ғылымды өрелі Өнер биігіне көтере алмайсыз. Сауытбектің Әдебиеттегі ерлігі осы формуланың астарында жатқанын түсінбеу мүмкін емес. Синтезден ғана туындайтын Ақиқаттың тұңғиығына жанарын тіктей білген автордың мәреден қашанда абыроймен көрінетіні де сондықтан болса керек.

Кітаптың өн бойында өзіңнің соншалықты жақсы көретін қаламгеріңе деген сұмдық симпатияңның тігісін жатқызып отырып, даналық деңгейінде жазып шығу туғанынан тұла бойы парасаттылыққа тұнып тұрғанын ең аяғы жүріс-тұрысымен дәлелдеуден шаршамайтын Сауытбек ағаның қолынан әбден келгеніне көзіміз түпкілікті жетті. Кітаптың соңғы нүктесіне дейін фактілердің пәктігі үшін жанын беріп жазып шыққан Сауытбек Абдрахмановтың бұл кітабы – ұлылықты ұстамды жазып отырып та ұлықтай білудің үйренерлік үлгісі.
Маған бұл мақаланы жазу оңайлыққа түспегенін түсінерсіз, қадірменді оқырман. Жақында ғана суретші бауырым Алпысбай Қазығұловтың Мемлекеттік сыйлық бәйгесіне түсіп жатқан еңбектері жөніндегі ой-толғамдарымды қағазға түсіріп, «Егемен Қазақстанға» «Туған іні таланты» деген атпен мақала жариялап едім. Редакция басшылығына рақмет, қасаң қалыпты ұғымға қатып қалмады, өз бауырыңыз жайында өзіңіздің жазғаныңыз ыңғайсыз ғой деп жатпады. Соны оқыған жұрттың біразы: «Шарханның мынасы несі, інісі атқа шапқанда басқаның тұлпарына қиқу қосқаны қай сасқаны?» дейтінін де білемін. Қайтейін енді. Десе дер. Жақсының жақсылығын айтуды қастерлі қағида көретін қайран басым ұлттық көркем ойымыздың зау биігін бөлекше байыппен бағалаған мынандай кітапқа берер бағамды іркіп қала алмадым. Тіпті, басқалар бұрын жазып қоймасын деп ойымды қағазға түсіруге асыққанымды да жасырмаймын. Бәйгеден шын жүйріктер келеріне сенемін. Аламандағы арғымақтарға – ақ жол!

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *