Сиқырлы сазға бөледі

Балнұр АХМЕТ

 

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Елорданың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің «Айман Мұсақожаева ұсынады…» атты концерті өтті. Адамзат жаны мен табиғат жаны егіз гүлдейтін көктемнің бұл керемет кешінде көрермен көңілін нәзік сезімге бөлеген скрипканың сырлы сазы сахна төрінен теңіздегі толқын болып шашылды. Классикалық музыкаға толы кеште өнер көрсеткен Қазақстан Республикасының халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева скрипканың сиқырлы сазымен тыңдарман жүрегін тебірентті.

Астананың 20 жылдығы мен Қазақ Ұлттық Өнер университетінің мерей­тойына арналған сазды кеште оркестрге Михаил Юровский (Германия) дири­жерлік етті. Дүние жүзіне белгілі шет ел классика­сының музыка жауһарлары орындалған  кеште атақты «Солистер ака­демиясы» мемлекеттік оркестрі үздік шы­ғармаларын тыңдарман назарына ұсынып, жұртшы­лықты әсем әуен бесігінде тер­беді. Концерттік бағдарламада өнерпаздар Р.Вагнердің «Нюрнбергские мейстерзин­геры» операсына увертюра, С.Прокофьев­тің Оркестрмен орын­дала­тын №1 скрип­каға арналған Ре-Мажор ОР. 19 концерті, Ф.Шуберттің 9 симфо­ниясы («Большая»), До Мажор, D 944 шығармаларын талғампаз тыңдар­манға тарту етті.

Айта кетерлігі, «Солистер акаде­миясы» мемлекеттік оркестрі 1991 жылы әлемге әйгілі скрипкашы, оркестрдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық конкурстардың лауреаты, профессор, Қазақ Ұлттық Өнер универ­ситетінің ректоры Айман Мұса­қожаеваның бастамасымен құрылған. Өнер ұжымының құрамына Қазақстанның қазіргі заманауи музыка өнерін жоғары халықаралық дәрежеде насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген халықаралық байқаулардың лауреаттары енген. Әр түрлі дәуірдегі әр түрлі стильдегі музы­калық шығармаларды орындайтын өнер ұжымының шығармашы­лығында ұлттық музыка, оркестрге арнап түсіріл­ген халық әндері мен күйлері, сон­дай-ақ, қазіргі қазақ композитор­ларының шығармалары ерекше орын алады.

Бүгінгі таңда еліміздің халықаралық мәдени байланыстарын нығайтуға аянбай атсалысып жүрген «Солистер академия­сы» мемлекеттік оркестрі И.Сук (Чехия), В.Чапек (Австрия), Э.Шмидер (АҚШ), О.Шмидт-Гертенбах, Ю.фон Бертоли (Гер­мания), В.Федосеев, К.Орбелян (Ресей), Рин Йонг Янг (Оңтүстік Корея), Д.Бар­толосси (Бразилия), Г.Эмильсон (Ислан­дия) тәрізді бірқатар шетелдік дарынды дирижерлардың жетекшілігімен өнер көрсеткен. Сондай-ақ, аталған ұжым Ре­сейдің (В.Спиваков, В.Третьяков, Т.Грин­денко, М.Плетнев, И.Гаврыш, Э.Грач, С.Кравченко, Р.Агаронян, В.Сарад­­жан және басқалар), Австрияның (Г.Виниш­хофер, Д.Шварцберг), Израи­льдің (М.Ку­гель, А.Левитан), Германия­ның (К.Блахер), АҚШ-тың (А.Сло­бодяник), Норвегияның (И.Шульдман), Швецияның (А.Стенберг) дүние жүзіне белгілі өнерпаздарымен бірге шығарма­шылық байланыста тығыз жұмыс істейді. Ұжым Еуропаның (Германия, Австрия, Италия, Англия, Франция, Ресей), Азияның (Корея, Түркия, Жапо­ния), АҚШ-тың әлемге әйгілі сахнала­рында өнер көрсетіп, шетелдік көрермен­дердің ыстық ықыла­сына бөленген.

2016 жылдан бастап «Солистер акаде­миясы» мемлекеттік оркестрі «Қазақстан» Орталық концерт залы жанындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық ұжымдары­ның бірі болды. Оркестр ұжымы халықаралық классикалық музыка фестивальдеріне қатысуды әдемі дәстүрге айналдырған. Отандық және шетелдік көрерменнің көңілінен шыққан өнер ұжымы өзінің шығармашылық жолында әлемдік камералық және симфониялық, аспаптық музыка бағытындағы еліміздегі үздік оркестрге айналды.

Концертке орай өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның халық әртісі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева 20 жылдың ішінде аталған білім ордасында қазақ өнерін өркендетуге аянбай атсалысып жүрген бірқатар талантты шәкірттер тағылым алғанын атап айтты.

– Біз биыл Қазақ Ұлттық Өнер универ­ситетінің мерейтойына орай үлкен есептік концерт беруді жоспарлап отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін есептік концертте түлектеріміз өнер көрсететін болады. 20 жыл ішінде білім ордасы бүгінгі таңда әлемнің әйгілі сахналарында қазақтың музыка өнерін насихаттап, мәдениетімізді дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар талабы таудай жастардың қанатын қатайтып, тәрбиелеп шығарды. Өнерімен өрге жүзген түлек­теріміз Димаш Құдайберген мен Рахат-би Абды­сағин күллі әлемді талантымен тамсан­дырған еліміздің мақтанышына айналды. Біз қазақтың музыка өнерін насихаттауды перзенттік парызы санайтын түлек­теріміздің шығармашылық жолын­дағы әрбір қадамына қуанамыз, – деді Айман Мұсақожаева.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close