ШЫҒЫС АЙНАЛМА ЖОЛЫ толық қуатында тәулiгiне бiр бағытта 158 мың көлiк өткiзуге қауқарлы

Берiк СӘДУАҚАС

Қала құрылысы кеңесi өттi Қала әкiмдiгiнде шаһар басшысы Ахметжан Есiмовтiң төрағалығымен Қала құрылысы кеңесiнiң кезектi отырысы өтiп, қала құрылысы саласындағы бiрнеше өзектi мәселелер талқыланды. Кеңес мүшелерi ұсынылған бес жобаның iшiнен Төле би көшесiнен Шығыс айналма жолына шығатын жол айрығын салу жөнiндегi ауқымды жобаны мақұлдады. Төле би көшесiнен Шығыс айналма жолына бiрден шығу үшiн аталған көшенi бұрғылау, осы жерде эстакада, жер асты тоннелi мен жол айрығын салу — мегаполистегi жетекшi магистральдар мен орталық көшелердегi кептелiстi азайтуда маңызды рөл атқаратын болады. Сондықтан да Қала құрылысы кеңесiнiң мүшелерi аталған жерде жол айрығын салу орынды деп шештi.

«Қазақ Промтранспроект» ЖШС ұсынған жоба Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес келедi. Ол Төле би көшесi бойымен бiр бағытта тәулiгiне 94 мың автомобильдi өткiзетiн болады.

Қазiргi таңда Шығыс айналма жолы бойынша бiр бағытта тәулiгiне 30-35 мың автомобиль өтедi. ШАЖ толық қуатында жұмыс iстеген кезде мұнда бiр бағытта тәулiгiне 158 мың автомобиль өтетiн болады.

Қала құрылысы кеңесiнiң мүшелерi аталған жобаны бiрауыздан мақұлдады, өйткенi мегаполистегi көлiк кептелiсiн азайту үшiн бұл өте қажет. Жобаны жасаушыларға жол айрығын салар кезде жауын суларының жиналу, құрылыс айналасын дер кезiнде абаттандыру, көгалдандыру және жүргiншi жолын салу сияқты мәселелердi ескеру керектiгi атап көрсетiлдi.

Қала құрылысы кеңесiнiң төрағасы Ахметжан Есiмов Шығыс айналма жолының құрылысы биылғы желтоқсан айында толық аяқталатындығын айтты. Сондықтан да Төле би көшесiнен ШАЖ-ға тiкелей шығу қаладағы көлiк тасқынын азайтумен қатар, Алматының экологиялық жағдайын сауықтыруға оң ықпал ететiн болады.

— Бұл жоба құрылысына қатысты барлық мәселелердi асықпай, терең зерттеген абзал. Экология мәселесi бiрiншi кезекте, сондықтан барлық жобаны осы мәселе төңiрегiнде қарайтын боламыз. Аталған жол айрығын салу бiздiң қаламыз үшiн өте маңызды, себебi, қала жылдам қарқынмен даму үстiнде, – дедi Ахметжан Есiмов.

Қалалық кеңес бұдан өзге сауда орындары, паркингi бар екi тұрғын үй кешенi құрылысының да жобасын қарады.

«Янтарный квартал» ЖШС сәулетшiлерi әл-Фараби даңғылының солтүстiгi мен Желтоқсан көшесiнiң батыс жағына салынатын мұнара iспеттi тұрғын үй жобасын ұсынды. Бұл үлескерлерсiз салынатын бiрiншi нысан, жоба «Казкоммерцбанк» АҚ-мен жасалған меморандум аясында жүзеге асады. Ал «Евразия Строй LLP» ЖШС сәулетшiлерi ұсынған екiншi жоба бойынша тұрғын үй кешенi Гоголь көшесi мен Масаншы көшесi қиылысының батысына салынады.

Екi тұрғын үй кешенi де қазiргi заманғы талаптарға сай болмақ, олар өз инфрақұрылымына әлеуметтiк балабақшаларды, спорт нысандарын, мектептердi, спорт алаңдарын бiрiктiретiн болады. Бұлардан өзге қалалық кеңес Достық даңғылының батысы мен Бөгенбай батыр көшесiнiң оңтүстiгiне орналасатын әкiмшiлiк-тұрғын үй кешенiнiң жобасын да қарады. Жоба қайта толықтыруға жiберiлдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *