ШЫРЫЛДАҒАН ҮНІҢ КЕТПЕС ҚҰЛАҚТАН…

220ОЛ Қазақстанды отарлап алған орыс империясы зұлымдық құрып, қазақтың ұлттық намысы қорланып, қазақ мектептері жабылып, ұрпағымыз мәңгүрт болып, салт-дәстүріміз ар-намысымызбен бірге аяққа тапталып, жалпы елдігімізден айрыла бастаған кезеңде өмір сүрді.

ОЛ қазақтың атамекенін, кең байтақ жазиралы жерін ата жаудан қызғыштай қорғаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек батырлардың, Абылай, Әбілқайыр хандардың және патша өкіметі мен большевиктердің отарлау саясатына қарсы жан аямай күрескен Кенесары хан мен оның батырларының, Сырым, Махам­бет, Исатайлардың, Ахмет пен Әлихан, Жүсіпбек пен Міржакып, Мағжан мен Сәкен, Ілияс пен Бейімбет, Тұрар мен Ораз сынды қазақ ұлтының үркердей тобының және қазақ халқының мыңдаған біртуар ұлдары мен даңқты қањар­мандарының есімдерін атауға тыйым салынған кезеңде өмір сүрді.

ОЛ әлгі алыптардың ізін басып, тілім, ділім деп шырылдап, өзі жатпай-тұрмай аңсап күткен еліміздің егемендік алып, Тәуелсіздікке қолы жеткенін көре алмай кетті, қуаты мен мияты болған ана тіліміздің мемлекеттік тіл болғанын біле алмай кетті. Егер де құдыреті күшті Алла-тағала мұндай қуаныш пен бақытты оның маңдайындағы пешенесіне жазғанда бар ғой, Құдай біледі, «Аллаға разымын, арманым орындалды, енді бұл фәни дүниеден армансыз өтем» деуі әбден мүмкін еді-ау… Өйткені ОЛ тәуелсіздік алған елдің тілін тірілткен тұңғыш тұлғасының бірі атануға лайықты жан еді!

Қайран ШӨКЕҢ!

Бір кезде, сонау құтырынған ком­мунистік билік кезеңінде қазаққа астана болған, келімсектерге баспана болған ару қала Алматының көшелерін аралап, әрбір үйді жағалап жүріп жинап, қазақ бала бақшалары мен мектептеріне сүйрелеген қарадомалақтардың бұл күнде ат жалын тартып мінер зіңгіттей азамат болып ана тілінде еркін сөйлеп жүргенін көргенде жұдырықтай жүрегі жарылып өлген болар еді…Ал көк байрағының әлемнің алпауыт елдерінің асқақтаған туларымен бірге желбіреп тұрғанын, ана тілінің мемле­кеттік тіл мәртебесіне ие болғанын, жас ұрпақтың жасқанбай жұрттың бетіне тура қарай алатынын көргенде ғой, шіркін! Алға қойған асыл арманы мен мұратына жеткізбеді-ау, қатал тағдыр, сұм ажал!

Сабыр сақтап, шүкіршілік еткің келеді-ақ, бірақ, ақ-қараны айыра алмай­тын мынау жалған дүниеге, запыраны мен зардабы қазақтарды қан қақсатқан зар заманға, халқына қалаулы, еліне елеулі бола білген, оның ыстығы мен суығына көніп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген тұлғалы ұл-қыздарына жүрегі жібімеген мынау қатыгез қоғамның қытымыр мінезіне, арсыз іс-әрекетіне қапа боласың… «Құлдың күні кіжінумен өтеді» дегендей, оспадар отаршылдардың ойранынан опық жеп, іштен тынып, бұқпантайлап, қызыл аяқ қыр кешіп, жалаң аяқ жар кешіп, бұйығы, күйбің тірлікпен күн көріп келгеніңе өзегің өртенеді. Дегенмен де, қаскөй қоғамның құйтырқы қылы­ғына қарсы шығып, күресе білген ерлеріміз де болғанына тәубә! Солардың бірі әрі бірегейі десе де болатын жан – Шона Смаханұлы еді.

Ұстазым менің, ұстазым…

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде қасиетті Әулиеата өңірінде ірге тепкен Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақкөл орта мектебінің жанынан интернат ашылып, мен әкесі Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданында қаза тапқан жетім балалар­дың бірі ретінде соған қабыл­дандым. Осы интернатта қоғам қайрат­кері, есімі елге таныс ғалым Мырзатай Жолдасбеков те жатып оқыды.

Қазақтың қырғи тілді сатирик ақыны Шона Смаханұлы осы Ақкөл орта мектебінде қазақ әдебиеті мен тілінен сабақ берді. Бұл кезде ол кісі Абай атындағы қазақ педагогика институ­тында (қазіргі Абай атындағы ұлттық педагогика университеті) сырттай оқып жүрген екен.

Орта бойлы, дөң қабақты, қалың қасты, мығым денелі, жылдам жүретін, тез-тез сөйлейтін, қарқылдап қатты күлетін,  ақсары жүзінен ерекше бір жылылық пен мейірім есіп тұратын кісі екен. Оқушылармен тез тіл табысып кететін. Мектептің спорт алаңында бізбен бірге волейбол ойынына қатысатын, турникке тартылатын…

Сондай күндердің бірінде спорт алаңында естен кетпейтін күтпеген күлкілі оқиға болды. Шөкең турникте жаттығулар жасап жатқан, біз қызыға қарап тұрғанбыз. Кенет шалбарының алдыңғы бір түймесі бырт етіп үзіліп түсті де, денесінің біраз жері жалаңаштанып қалды. Мұны бәріміз де көре қойдық. Соны сезген Шөкең жерге секіріп түсті де, сәл қызарақтап, «екі ауру бір келсе – ажалыңның жеткені, екі тесік бір келсе – абыройыңның кеткені», – деп үсті-басын қағып жатты. Алғаш рет естігендіктен болар, осы мәтел жадымда жатталып қалды…

Шөкең әдебиет сабағы үстінде Алматыда тұратын атақты ақын-жазушылар жайында, өзіміз оқулықтардан суретін күнде көріп, шығармаларын жатқа оқып жүретін Абай мен Жамбыл, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин және тағы басқалар туралы көп әңгіме айтып, бізді әдебиет пәніне қызықтыра түсетін.

Содан біз орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға кеттік. Шөкеңмен осы Алматыда қайта қауыштық. Ол анда-санда С.М. Киров атындағы Қазақ университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің) Виноградов (қазіргі Қарасай батыр) көшесіндегі 88-үйдегі жатақханада жататын бізге келіп тұрды. Бір жолы осында келген Сырағаңмен (Сырбай Мәуленовпен) кездесіп қалдық.

– Оу, Шона, жол болсын, мұнда неғып жүрсің? – деді Сырағаң гүжілдеген даусымен.

Шөкең сәлемдесіп болған соң:

– Жәй, осында жатақханада шәкірттерім тұратын еді, соларға келгенмін, – деді.

– Шәкірттерің аман ба екен?

– Иә, бәрі аман, міне, мына біреуі алдыңызда тұр.

Сырағаң маған бір қарады да, «оқуыңды жақсы оқы, шырақ», – деп алшаң басып жөніне кете барды.

Шөкең «Қазақстан мұғалімі» газетінде қызмет істеп жүргенде менің «Ом заңы» деген шағын скетчімді шығарды. «Өзің тәп-тәуір жазатын болыпсың ғой, жалғастыра бер. Кейін менің әдеби мұрамды жинастыратын сен боласың» деген еді сол жолы. Бірақ, олай етудің реті келмеді. Өйткені, қызмет бабымен әдебиеттен біраз жыл қол үзіп қалдым. Сөйтіп Шөкеңмен бұрынғыдай жиі кездесудің сәті түсе бермеді.

1982 жылы қазақтың қањарман ұлы батыр Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда Шөкең жерлес жігіттердің біразының басын қосып, алдымен Баукеңнің жерлесі, туған інісіндей болып кеткен Шерағаңа (Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаға), сонан соң Баукеңнің өзі тұрған үйіне барып, Жәмила жеңгейге көңіл айттық.

Баукеңнің жетісіне оның ұлы Бақытжан бізді үйіне шақырып, дастархан жайғанда бірге болдық. Сол дастарханда Асқар Тоқпанов, Сейдахмет Бердіқұлов сынды мүйізі қарағайдай ағалардың батыр Баукең жайында айтқан естелік әңгімелерін бірге тыңдадық.

Шона аға көпшіл кісі еді. Айналасына туған-туыстарымен бірге жерлес іні-қарындастарын, жолдас-жоралары мен әріптестерін үйіріп жүретін. Ал ол кісінің Алматының көшелерін аралап, үйді-үйге кіріп, «балаларыңызды қазақ бақшалары мен мектептеріне беріңіздер», – деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жар салып жүргені өз алдына бір тарих. Кезінде ол кісінің сол бір ерлігін бағаламағандар да болғаны ащы шындық!

Сонау қањарлы 1986 жылы өмірге келген сәбилердің дені қазір ана тілінде таза сөйлеп жүр. Бір ғана мысал. 1993 жылы Алматыдағы орыс тілінде сабақ беретін қаптаған мектептердің бірі № 36 орта мектеп қазақ тілінде оқытатын мектеп болып есік ашты. Мен кенже ұлым Тайырды осы мектепке бердім. Сол жылы мектеп табалдырығын аттаған қарадомалақтар жеті сынып болды! Бұл жәйт – Шөкеңнің шапағаты деуге әбден болатын үрдіс еді.

Сол сексенінші жылдары бір жолы Жазушылар одағын­да өтіп тұратын алқалы жиындардың бірінде халқымыздың арқалы ақыны, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамит Ерғалиев ағамыз ана тіліміздің қазіргі ахуалы, қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін балабақшалар мен мектептердің бүгінгі жай-күйіне тоқталып, оның ертеңгі болашағы жайында терең толғаныспен айта келіп, «жолдастар, дәл қазір тіліміз бен діліміз туралы Шонаның шырылдаған үнінен басқа еш нәрсе естілмей тұр-ау осы», – дегенде қатысып отырған­дардың біразы мырс-мырс етіп еріксіз күлген еді. Сонда Хамаң «күлмеңіздер, жолдастар, қайта осындай үннің аздығына күйінуіміз керек қой», – дегені бар. Айтса айтқандай, десе дегендей дөп басып, дәл айтылған сөз еді бұл.

Сол жиында ұлы Ғабең (Ғабит Мүсірепов) «Хамит дұрыс айтады, міне, қазақтың беткеұстар ақын-жазушылары, төрт көздеріңіз түгелдей отырсыздар ғой, қане, айтыңыздаршы, қайсыңның балаларың сендердің жазғандарыңды ана тілінде оқиды?» – дегенде өмірден өтіп кеткен ұлы Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтан басқа көздері тірі отырған мүйізі қарағайдай ағаларымыздың бастары салбырап кеткенін көзбен көргенбіз.

Иә, ол кезде Алматыда қазақ балабақшалары мен мектептері бірен-саран ғана болатын. Ендеше қазақ тілінде кітап оқитын бала қайдан шықсын?!

 Шымшыманың шебері

Сол елуінші жылдары Шөкеңнің сықақтары мен фельетондары аудандық, облыстық, республикалық газеттерге жиі шығатын. Кейбір жолдары көңілге күшті әсер етіп, есте қалатын.

Алғаш бір оқығаннан есімде қалғаны – өлеңмен жазылған фельетонның мынадай бір шумағы болды. Ол кезде оныншы сыныпта оқып жүргенмін. Ұмытпасам, аудандық газетке шықты ғой деймін:

Уәй, арақ, келіп қапсың көлкілдеген,

Көзіңнен айналайын мөлтілдеген.

Егер де ағып жатқан өзен болсаң,

Жүзер ем ба­лы­ғың боп шөл­піл­деген…

Шөкеңнің өзі жазушылыққа келген жолын қысқаша былай баяндаған еді: «Әдебиетте Абай өлеңдерімен ерте танысып, жат­тап өстім. Ауыл мек­теп­терін­де мұға­лімдік қызмет ат­қара жүріп, өмір­ден көрген кір­­бің жәйттерді мысал-сықақ, шым­шыма етіп жаза бердім. Ақы­ры мені жазу­шы­лық әлем өзіне тартып, әлгі жаз­ған­дарым «То­тияйын», «Қу түл­кінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Ұры тіс», «Алтын жұ­мырт­қа», «Ұр тоқ­пағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңы­раулы шеңгел», «Кездік», «Сан­дықтан шыққан сайтан», «Жы­мияды жеңе­шем», «Өткірдің жүзі», «Елпек­бай­дың телпегі», т.б. жиырмаға тарта кітапқа ұласты. Айтпақшы, «999 шымшыма» атты жина­ғымды «Жа­лын» баспасына тапсырдым.

Жастарды көрсем, өзімнің жастық шағым сағы­нышпен еске түседі. Бойымда албырт күш-қуат, творчес­тволық шабыт пайда болады» («Өркен» газеті, 5 қараша 1988 жыл).

Ал осынау жоғарыда аталған кітаптарының атау­ларынан көрініп тұрғанындай, Шөкең елде белең алып, жегі құртқа айналған ысырапшылдар, бақай есепшілдер, сұғанақтар, суық қолдылар, дүниеқорлар, дүниеқоңыздар секілді қоғамға жат қылықтарды өткір тілімен осып өтті.

1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кабинетінің қаулысымен Алматы қаласындағы №62 жалпы білім беретін орта мектепке белгілі қазақ ақыны-сатирик Шона Смаханұлының есімі берілді. Бұл мектеп Райымбек даңғылы мен Тұрғыт Өзал көшелерінің қиылысында орналасқан.

  • Сол жылдардың бірінде осы мектепте бір кісінің мерейтойы өтті. Мектеп директоры Қожахмет Назарбетов  «Қош келдіңіздер, қонақтар! Сіздер қасиетті Райымбек атамыздың атындағы көше бойына орналасқан, қазақтың ұлы жазушысы, сатирик ақыны Шона Смаханұлы атындағы мектепте отырсыздар», – деген еді. Кейін осы мектепте Шона ағаның 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

«Тілімізді қызғыштай қорыған Шөкең астанамызда, тіптен республикамызда дерлік қазақ мектептерінің ашылуына ұйтқы болғаны белгілі. Шөкең тірі болса, бүгіндері астанадағы қазақ мектептерінің саны жетпіске таман жетіп қалар ма еді!» деп жазды «Жас Алаш» газеті 1993 жылы мамыр айындағы №5 санында.

Ал Шөкеңнің есімі өзінің туған жері Жамбыл облысының Талас ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров кеңшарындағы қазақ орта мектебіне, ақынның кіндік қаны тамған Ойық ауылындағы №2 мектепке берілді.

Кемсініп өз тіліңді,

Өзге тілде сарнапсың.

Шырқайтын өз үнінде

Торғай құрлы болмапсың, – деп жазған еді ақиық ақын.

«Шөкең жай ғана сықақшы емес, шындық үшін шырылдап, Желтоқсанның сұрқай күндерінде ел бірлігі, ұлт тәуелсіздігі үшін үн тастаған, қазақ мектептері көбірек ашылсын деп, балалар бақшаларына бақыт нұры шашылсын деп түн ұйқысын төрт бөлген азамат та. Ол сол аяулы қалпымен қазір де біздің жадымызда. Жазған дүниелері үлкеннің де, үлбірген жас буынның да аузында әркез айтылып жүр» деп еске алады қанаттас, қаламдас інісі, белгілі сатирик Мыңбай Рәш («Қазақ әдебиеті» газеті, 28 қазан 1994 жыл).

«Шөкең бірқақпай мен шағын пародия жанрының шебері десем, ешкім енді таласа қоймас. Сондай-ақ, Шөкең нағыз ер, таза қазақ десем де артық болмас. Оны өз басым «ОВ-тан аты-жөнімді құтқара алмай жүргенде-ақ сезгем…» дейді Қазыхан Әшенов («Өркен» газеті, 27 тамыз 1994 жыл).

Айтса айтқандай, Шона Смаханұлы коммунистік партияның қылышынан қан тамып, басқа халықтардың бәрін салт-дәстүрінен айырып, орыстың тілі мен діліне көшірген заманда өз әкесінің атымен жазылған Бауыржан Момышұлы, Балғабек Қыдырбекұлынан кейінгі үшінші жазушы. Мұның өзі де бір ерлік!

Тағы бір айта кетер нәрсе – Шөкең 20-дан астам кітап шығарды. Сондай-ақ, қазақ сатириктерінің алдыңғы легінде орыс тілінде Мәскеуден «Купорос», «Паутина» атты жинақтары жарық көрді. Ал 1993 жылы алдымен «Алматы ақшамының» бірнеше санында, сосын 1998 жылы «Жұлдыз» журналының №6 санында жарияланған «Сүрінсең де жығылма» атты қара сөзбен жазылған естелік-эссесі ақынның ғұмырбаяндық еңбегі іспетті. Мұнда қазақ халқының басына нәубет әкелген сонау 30- жылдары Қазақстанды басқаруға жіберілген Мәскеудің қандықол қарақшы қолшоқпары, қазақтар «қужақ» деп кеткен Ф.Голощекин қолдан алапат аштық ұйым­дастырып, қазақтың тең жартысын қырып салған кезеңнен бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезең қамтылады.

Шөкең ән мәтіндеріне де қалам сілтеген. Оның «Жам­былым қандай тамаша» (әуені – Садық Кәрімбаевтікі) әні Жамбыл жастарының гимні болса, «Анамның тілі» (әуені – Әбиірбек Тінәлі) қазір ана тілінің гимніне айналып отыр. Өлмес өнер деген осы болар!

Қайран Шөкең! Халқына қалтқысыз қызмет етіп, жас ұрпақтың болашағын ойлап, шындық іздеп шырқырап жүріп, қан қысымы көтеріліп кетіп о дүниелік болған асыл аға, жаның жәннатта болсын, пейіште нұрың шалқысын! Есіміңді «қалың елің – қазағың», әсіресе кейінгі жас толқын ұрпағың ұмытпас. Бәйдібек баба мен Нұрила анамыздың ұрпақтарының ішіндегі бір бәйтерегі болған Сіздің есіміңіздің мәңгі жасай берері хақ!

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close