«Ұшырса ұямыз, қалайша қиямыз?»

Мектеп бітіру кешіне шамадан тыс шығындалудың қажеті бар ма?

Мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау көңіл толқытарлық сәт. Санаулы күндерден соң басталатын емтихан да олар үшін негізгі асулардың бірі. Десек те, жастар өмірінде бір-ақ рет болатын мектеп бітіру кешін қалай өткізсек деп құрақ ұшып жүргеніне куәміз. Әрине, олар енді қайтып мектеп партасына отыр­майды, бірін-бірі күнде көре алмайды. Сол себепті, есте қаларлық кеш өткізуді қалай­­тындары орынды. Бірақ… қымбат мейрамхана, сағаты 16000-нан асатын лимузин, бірінен-бірі асқан сәнді көйлек… Қарап отыр­саңыз, мұның бәріне аз қаражат кетпейді. Тіпті, мек­теппен қоштасу үшін банк­тен несие алатын ата-ана­лар бар екенін естігенде таң қалмасқа болмады. Жалпы, соңғы қоңы­рауды кең кө­лемде атап өтудің қажеті жоқ. Білім саласы басшы­ларының да ойы осы. Десек те, айналасы 3-4 сағатта өте шығатын кештің мәні мен маңызы қандай? Оған шамадан тыс шығын­далу­дың қажеті бар ма?

 

 

 

Ләззат ҚИЛЫБАЕВА,

ата-ана:

 

Карапайым кеш өткізуді ойластырған жөн

 

– Басқа табыс көзі жоқ, бір ғана ай­лыққа қарап отырған отбасы үшін бұл, әрине, артық шығын. Өйткені, барлық отбасының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Сондықтан мұндай шығынды әркім көтере бермейді. Балаңның көзін жәуді­ретіп, қатарынан қалай қалдырасың? Қайтсек те әкесі екеуміз көштен қалмауға тырысамыз ғой. Әлі киім алуға шықпадық. Себебі, емтиханды ойлап көңіліміз күпті болып жүр. Қызым күні-түні дайындық үстінде. Егер алдағы сынақтан жақсы нәтиже көрсетсе, қалаған көйлегін алып берсек деп отырмыз. Алайда, тапқаныңды игілікті іске емес, дарақылық пен даңғойлыққа жұмсаудың бізге еш пайдасы жоқ. Сондықтан мен сіздер арқылы білім саласының басшыларына өз ұсынысымды айта кеткім келеді. «Соңғы қоңырау жыл сайын өтетін мереке ғой. Сондықтан алдағы уақытта мектеп түлектерінің кешін өткізуге ата-ана мен оқушының өз қалауы­на бермей, арнайы тұжырымдама жасап, ол заң жүзінде бекітілсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл біздерді артық шығыннан, бекер мал шашпақтан құтқаратыны анық. Әйтпесе, маңдайтермен таппаған ақшаның қадірін қазіргі балалар түсінбейді. Балалар әлі де ата-ананың қамқорлығында болғаннан кейін, қарапайым кеш өткізуді ойластырған жөн» деп санаймын. Кейін өздері еңбек етіп, ақша тапқанда қалағанын кисін… Солай емес пе?!

 

 

Баршын ТІЛЕКТЕС,

үй шаруасындағы ана: 

 

Тойлары алда емес пе?!

 

– Қазекемде балалардың көңілін қимай «қатарынан қалмасын» деген сынды сөздер қалыптасқан. Осы сөзді негізге алып аламыз да шамамыз келсе де, келмесе де тыраштанамыз. Меніңше, бұл сәтті мектеп бітіретін түлектердің есінде қалатындай, рухани мәдени, тәрбиелі кеш ұйымдас­тырып, өздерінің бір-біріне деген таза көңілін қимастықпен жақсы тілектерімен де доғарса болады ғой. Пәленбай ақша шашып лимузиндетіп, тойдың бүкіл сценарийін көрсетіп, ішіп-жеу өмірге жаңа қадам басып отырған балаларға артықтау деп ойлаймын. Балалардың мақсаттары енді айқындалмақ, өмір жолдарын енді таңдамақ, бар тойлары алда емес пе?

 

 

Гүлім МЫРЗАҚҰЛ,

«Кеңсе–Экспресс» ЖШС-нің менеджері:

 

Артық шығын екенін кейін түсіндік қой

 

– Дәл осы уақытта мектеп бітіруші түлектің ойында сол кешті жақсылап өтізуден басқа ештеңе болмайды. Себебі, оны өз басымнан да өткергенмін. Барлығы қатарларының арасында ең алды  болсам дейді. Қыздардың әдемі әрі сәнді көйлек іздеуі, тіпті, бетіңді бояуға, тырнағыңды әсемдеуге кезекке жазылудың өзі ерекше сезім. Мәселен, сол кезде киген менің қымбат көйлегім әлі үйде сақтаулы тұр. Етегі кең, жалт-жұлт еткен көйлекті кез-келген отырысқа, тойларға кие алмайсың. Оның үстіне, қазір елдің көбі қарапайым киінуге көшкен, сонымен қатар сән де өзгерді. Сондықтан жастарды сөгудің жөні жоқ. Дәл қазіргі уақытта олар үшін осы маңызды секілді. Әдемі киім, қымбат мейрамхана…  Кейіннен түсіндік қой, мұның барлығы уақытша екенін. Қара­пайым болу –  кештің мәнін жоймайды. Керісінше, есте қалады. Ата-аналарына өкпелеп, байбалам салып жатқан түлектерге осыны айтқым келеді.

 

 

Бағдат ӘБДІБАЙ,

кәсіпкер:

 

Өмір сонысымен қызық!

 

– Мен, негізінде, «дарақылық, бір кеш үшін босқа шашылу» деген ұғымды түсінбеймін. Өз басым, балам үшін қалағанын әперуге, қатарластарымен бірге емес, алдында болуы үшін бәріне дайын­мын. Ол үшін жағдай жасауға барынша тырысамын. Кейбір ата-аналардың баласына қысым көрсеткенін көргенде, баланың ішкі жан-дүниесін түсініп тұрамын. Бала үшін сол уақыт қызық емес пе?! Балаң үшін өмір сүріп, ақша тауып жатқан­нан кейін, ол үшін шашыла да білу керек. Осы тұста «шығыс шықпай, кіріс кірмейді» деген мақал ойыма келіп тұр. «Ақшаның қадірін білмейді» дегендерге айтатыным,  сол адамның өзі де жас болған шығар. Өткенге оралып, сол сәтін есіне түсірсін. Ол да сол уақытта, қатарынан қалмай киінгісі келді емес пе?! Менің ұғымым, адам өмірінің қызықты сәттерінде бір нәрсені қалап тұр ма, кисін, жесін, көрсін… Өмір сонысымен қызық! Сөге көрмеңіздер, бұл жаман оймен айтылған сөз емес.

 

 

Ардақ ШУАҚТЫ, 

психолог:

 

Баланың көңілін үстем ету де бір үлкен сын

 

– «Оған шамадан тыс шығындалудың қажеті қанша?» дейсіз. Мұны ысырап­шылық дейміз бе, әлде дарақылық па? Әрине, кез-келген нәрседе артық салмақ арқаға жүк. Бірақ оның байыбына барып ойланып жатқан не ата-ананы,  не оқушыны көрмедік. Жылда осы үрдіс. Бұл сәт әр адамның жүрегінде бір толқымалы сәтті сезіндіретін кезең ғой. Асылында, ұл-қызым оқуға түсе ме деп үміт жетегінде жүрген ата-анаға қатарластарынан қалдырмай баланың көңілін үстем ету де бір үлкен сын! Сондықтан бар жайды жасауға тырысу керек.

 

Алтынай,

мектеп бітіруші түлек:

 

Қиялымдағы көйлек, әзірге, интернетте ғана

 

– Алла қаласа, осы жылы алтын ұям – мектебіммен қоштасамын. Дәл қазіргі уақытта, ойымда емтиханнан сүрінбей, өз деңгейімде жақсы бағамды алып шығу ғана тұр. Дегенмен, өз қиялымда кисем ғой деген көйлектің сәні бар екені рас: қара түсті, жылтыр моншақтармен көмкерілген, етегі ұзын, кішігірім шлейфпен, су перісінің стилінде. Әдемі шаш үлгісін жасатып, басыма жарқыраған тәж кисем деймін. Бірақ ата-анамның қалтасын тағы ойлаймын. Арманым да көкке ұшырып қояр емес. Құрбыларымның көбісі көйлектерін сатып алып қойған. Кейбіреуі тапсырыспен тіктіріп жатыр. Шынымды айтсам, қиялымдағы көйлек, әзірге ғаламторда ғана. Бағасы арзан деп айта алмаймын. Әйтсе де, қатарымның алды болмасам да, арты болғанды қаламаймын.

 

 

 

 

Сауалнаманы жүргізген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *