ШЫНДЫҚ КЕТІП БАРАДЫ…

Қалың қазақ күңіреніп жатыр.

Әлеуметтік желілердің түндігі желпіл­деп тұр.

Тақырып біреу: бір кезеңнің көзі мен сөзіндей Шерхан Мұртаза өмір­ден озды.

Беу, дүние-ай, кімдерден қалма­ған жалған бұл. Кешегі бір күндей күркіреп жүре­тін Қалтай, Камал дос­­тары да қара жерге сыйып жатыр-ау?!

Шындық кетіп барады. Шындық кету­ші ме еді, айтатындар табылар, бірақ Шерағаңдай шыра­йын келтіріп айта ала ма? Шіркін, шындықтың шақша басын шарадай қылып, шала­жансар етеміз-ау, енді. Шын­дық бізден қашып кетіп жүр­месін.

Ол азаттық үшін арпалысты, адалдық үшін алысты.

Ол қаламымызды қайрап беретін қайрақ еді.

Шерағаң жүрген жерде шындық жүретін еді. Сол шындық шіркін енді иесінен айрылып шырылдап тұр.

Шындық кетіп барады. Махаңның (Ма­хам­бет) мақамы кетіп барады.

Абыз. Аңыз. Ақиқат кетіп барады.

 

Елбасы көңіл айту жеделхатын жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.

Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты.

Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», – делінген жеделхатта.

 

Қазақ әдебиеті аса көрнекті жазу­шысы, публицист Шерхан Мұртазадан айырылды.

Алаш арманын ту қылған, ар-намысы алдаспанның жүзінде ойнаған, елінің ертеңін ойлаған тұлғаның орны ойсырап-ақ қалды.

Шерхан Мұртаза  1932 жылы 28 қыр­күйек­­те Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дү­ниеге келген. 1955 жылы М.В.Ло­моносов атындағы Мәскеу мемле­кеттік университетінің Журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963–1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспа­сының, «Жалын» альмана­ғының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы әрі Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының хат­шысы, 1989–1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компания­сының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушы­ның әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахмет­жанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повес­тері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) роман­дары, шығарма­ларының төрт том­дығы (1990–2000), шығармаларының 6 томдығы, таң­дамалы шығарма­ларының 7 томды­ғы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К.Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Қазақ руханиятында ұлт қалам­герлерінің ұлы мектебін қалыптас­тырған, әдебиеті­міздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Қайталанбас қайсар тұлғаның туған еліне, туған жұртына қаралы туды құшақтап көңіл айтамыз!

Мәдениет және спорт министрлігі,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

 

Әділдіктің ақ жебесі еді…

Қазақ қара жамылып отыр. Өмірден Шераға, Шерхан Мұртаза өтті. Қандай қаламгер, қандай ұлтжанды тұлға еді. Бет-жүзге қарамайтын, шындықты шырылдатып айтатын, қаламынан замана зары төгіліп тұратын жазушы- қайраткер болатын. Енді қазақ елінде Шерағаң да «Бір кем дүниеге» айналып кетті.

Шерхан Мұртаза шекпенінен шыққан қазақ қалам­герлері, оқырмандары аза тұтып отыр. Ол өз заманының запыранын айта алған, жаза алған нағыз халық жазушысы.

Ұлы қаламгердің орны ойсырап тұрғалы қашан?! Дерт дендеп, өлім мен өмір арпалысып жатты. Бірақ Шерағаң айтатын сөзін айтып жатты. Ол жақсылыққа қуана да білді, кемшілікке күңірене үн қатты. Енді ол жоқ. Төле би бабамыз дүние салғанда Әйтеке би айтыпты:

– Төле би өлді дегенше әділет өлді десеңші, – деп. Міне, Шерағаңның өлімін қалың қазақ осылай қабылдап отыр.

… «Егемен Қазақстан» газетіне Шерағаңды Кеңесшілік қызметке шақырғаным жадымда жаңғырып тұр.

– Батыр, жазғанымды қысқартпасаң, өңдемесең келісем, – деп қолын ұсынып еді сонда Шерағаң.

Қол алысу Алла атымен серттесумен бірдей. Осылай «Егеменде» Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір жарым жылға созылған хаттарын жариялап едім.

– «Камал дос, сен XXІ ғасыр Қазақстан ғасыры дейсің. Рас шығар. Бірақ сол алтын мен күмістен күптелген сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр» деп жазбап па еді Шерағаң!

…Шерағаңмен Парламент мәжілісінде депутат та болдық. Егемен еліміздің алғашқы жылдарында қиындықтар аз болған жоқ. Үкіметті сынға алатын санаулы ғана депутаттар болды. Соның серкесі – Шерағаң еді. Шерағаң айтқан тағы бір сөз ұмытыла ма? Бюджетті талқылау сәті еді. – Қаратай дос (Тұрысов – Уәлихан Қалижан) енді бұл үкіметті қанша қусаң да бір де құмалақ түспейді дейсің, ендеше мұндай   Үкіметтің халыққа не керегі  бар, – деген де Шерағаң еді.

Шерағаңның әр сөзі адамның санасына сіңіп, бүкіл жан-дүниеңді қозғап жібереді. Мына  сөздерге назар аударалықшы:

«Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеге ондай қулық өтпейді».

«Рухани әлемі кең, рухы биік ел – қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл».

Міне, Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың өмірден рухы осылай сынбай өтті. Өзі айтқандай, «О дүниеге ондай қулық өтпейтін» мәңгілік әлемге Шерхан Мұртаза тазалықтың, әділдіктің, шыншылдықтың ақ жебесі болып аттанып бара жатыр.

…Орта ғасырдағы Шығыстың атақты шайыры Руми айтыпты:

– «Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегіне жерленеді» деп. Шерағаң, Шерхан Мұртаза да өз халқының, өз Ұлтының жүрегіне жерленетін ұлт тұлғасы. Азалы қазақ жұртына көңіл айтамын! Бақұл болыңыз, жан аға!

                Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА академигі.

 

Ашылып сөйлегенде жарқырап шыққан күн сияқты еді

– Шерхан Мұртаза белгілі бір дәуірде оқшау тұрған, замандас­тарынан биік тұрған тұлға. Мен ол кісімен «Жалын» альманағы мен «Жұлдыз» журналында қоластында бірге істедім. Бір кабинетте отырып, жұмыс жасадық. Жұртпен қалай сөйлесетінін, елді қалай басқара­тынын, пікірді қалай айтатындары­ның көріп, куә болдым. Үйімде болды, төрімде отырып, қонағым да болды. Сөйлейтін, ән айтатын, бір қарағанда сырттай түсі суық, қатал адам. Жайылып сөйлегенде ол кісінің әрбір сөзі, бауырмалдығы, кісілігі, жылылығы, ілтипатының бәрін сонда ғана көресің. Әншейінде ашыла бермейді, ашылған кезде жарқырап шыққан күн сияқты. Төңірегіндегі адамдармен сөйлесуі сондай бір жай­барақат, таңғалатын жағдай. Қыз­меттегі Шерхан басқа да, өзінің іні­лерінің, замандастарының ортасын­дағы ашық-жарқын отырған Шерхан бір басқа сияқты болып көрінетін. Қызметте ол кісі пендешілікке, алқам-салқамдыққа жол бермейді. Өзін қатал ұстайды, қоластындағылардан да сондай қаталдықты талап ететін. Өзіне келген адамға, әдебиетке, шығармаға әділ қарайды, өзінің адамдарының да солай әділ қара­ғанын қалайды. Кісінің беделіне, ыңғайына, қызметіне жағымпаз­данғанды жек көреді. Қоластын­дағылардан да соны талап ететін. Әдебиет қасиетті нәрсе, қасиетті нәрсеге қасиетпен келіңдер деген ыңғай танытып отыратын.

Ол кездері мен комсомол комитетінде қызмет атқаратынмын. Содан «Жалын» альманағына мені қызметке шақырды. Шәкеңе кіріп едім, ол кісі: «сен комсомолдық қызметте отырған адамсың, біздің әдебиетке қалай кіресің, жалақың да төмендеп қалады» деді. «Шәке, мен қызметтен қашып жүрген адаммын. Әдебиет менің тыныс-тіршілігім деп едім, көзі бақырайып, бағжаң етіп қарады да, «жақсы, онда біздің директор Әбілмәжін Жұмабаевқа сөйлес, ол кісі сені жақсы біледі» деді. Ол кісіге барып, жағдайымды айтып едім, «мен сенің «күнәлі махаб­батыңды» оқыдым, Бексұлтан. Саған деген пікірім жақсы, қызметке алуға қарсы емеспін» дедім. Былайша айтқанда, әдебиеттегі менің алғашқы жолымды Шерхан аға мен Әбілмәжін аға ашты. Бір күні жұмысқа Шер­ағаңның өлең де, проза да жазатын жерлесі келді. Повесть жазып келген екен. Мен енді жаратпадым. Ол кезде біз альманахта басшылардың бәрі бір кабинетте отыратынбыз. Анау ағамыз бұрқылдап Шерағаңа барды. Өздері жерлес, ар жағы қазақша айтқанда рулас адамдар. Шерағаң ол кісіні үндемей тыңдады да, «Біз бөлім бастығы не айтса, соны тыңдаймыз. Оның айтқаны біз үшін сөз» деп мені қорғады. Әлгі ағамыз шықты да, кетіп қалды. Содан бері мен мұндай әділ басшы көрген емеспін. Көп сөйле­мейді, шешімді адам еді. Туғанына да, туысқанына да тартпайды. Өз қыз­меткерлерін үнемі қолдап отырады. Өте әділ кісі еді. Дәл осы Шәкеңдей адамды көрген емеспін, ұқсайтын адам да көрмедім. Жоқ.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ, жазушы.

 

«Егемен болмай ел болмас…»  деп өткен ер

Қазақ халқы тағы да бір орақ ауызды, от тілді оғлан ұлынан айы­рылып қалды. Кешелі бері «Шерағаң өмірден өтті» деген осы бір суық сөз бүкіл қазақ даласын кезіп, қазақ халқы бір-біріне көңіл айтып жатыр.

Беу, бір кем дүние-ай! Ұлтының болашағын болжаған Шерхан Мұр­таза қазақ журналистикасының, қазақ баспасөзінің уығын нық қадап, шаңырағын шайқалмастай биік етіп, ұлт мектебін қалыптастырып кетті. Біз «Шерағаңның шекпенінен шыққан­быз» деген кіл мықтылардың бірде-бірінің осал болмауы да ұлы ұстаздың ұлылығынан болса керек деймін.

Шерағаң еліміздің Тәуелсіздігі жолында жанын аямай еңбек етті. Ол кісінің батыр мінезді екені «Егемен болмай ел болмас» деп ұлт газетінің маңдайына жазып қойған бір ауыз сөзінен де көрініп тұратын. Ұлтының ұлы болған, қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен Шерағаңның орны қашан да баршамыз үшін ойсырап тұрары анық.

Жуалының киелі топырағы Бауыржандай батыр ұлды, Шерхандай сөз зергерін өмірге әкелді.

Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұлов туралы бес бірдей кітап пен «Бесеудің хатын», «Сталинге хатты» заманның лебінен тайсалмай жазып, жарыққа шығаруы ұлтын ұлықтаған ұлдың ғана қолынан келсе керек. Әлем әдебиетін қазақша сөйлетуі де жас ұрпақтың әлем әдебиетінен хабардар болып, таным дүниелерін кеңейтуге қосқан зор үлесі деп білемін. Бір кездері «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокешенінде төраға болып тұрған тұста талай ұлтқа қажетті бағдарламаларды ашып, ана тіліміздің мерейін тасытып, мәрте­бесін көтергенін қалай ғана ұмытамыз?

Мен барша қазақ халқына, отбасы мен туған-туыстарына қабырғам қайысып, қазаға ортақ екенімді білдіремін. Шерағаңның қолындағы қаламы түскенімен, өзі қалыптас­тырып кеткен ұлттық журналис­тиканың келешегі кемел болсын дейміз.

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері.          

 

Шерағаның шыңы аласармайды

Ұлт өмірі мен тарихында орны айрықша, мына жарық дүниеге екі туып, екі келмейтін тұлғалар болады. Ондай тұлғаларға дана халқымыз ұлттың ұлы перзенті деп айдар тағып, баға берген.

Қазақтың көркем сөзі мен көсем сөзін қоғамдық мінбеге көтеріп, ата-баба­ларымыздың айбынды рухын атқа қондыруда Шерхан Мұртазаның атқарғаны ұшан-теңіз. Ол шын мәнінде, ұлттың жоғын жоқтап, ұлыстың намыс-жігерін қалыптастыру үшін Алаш ойлы, Алаш тұлғалы кеңістікке еркін көтерілген сиректеріміздің бірі, бірегейі болатын. Жүрегі ұлтым деп тулап, жаны халқым деп сөйлеген қайсар бітімді, қағылез ойлы ағаның әр сөзі, әр ісі, әр қимылы көз алдымызда. Ол ұрпақ санасын тәрбиелеуде айтарын айтып өткен сиректеріміздің бірі. Шерағаң қашанда мылтықсыз майданда күн кешкен қаһарман. Ұлттың келешегі, қазақ тілінің талайлы тағдыры, ұлан-байтақтың болашағы үшін күрескен тау Тұлға. Қаламгерлік ғұмыры таусылмайтын айқас, күрес майданына айналған жан.

Жасырмаймын, соңынан ерген інісі, қаламдасы һәм замандасы ретінде қаралы хабарды естіген кезде көкірегіме жас толды. Бұл Шерағаңды жоқтау ғана емес, бұл елдік бүтіндігімізді ойлайтын ер бітімді ұлы тұлғаларға деген құрметтің нышаны еді. Бұл ұлт топырағында қанаттанған, намыс пен жігердің, қажыр мен қайраттың үзілмеуін ұлы Жаратушыдан тілеген үміт пен сенімнің үні еді, дауысы еді. Шерхан аға маған кейде ақ боз атқа шірене қонып, қолына ақ найзасын ұстап, беліне ай қылышын байлап, дала төсін тіліп келе жатқан баяғының батырларын елестетуші еді. Ол кісінің әрбір айтқаны, әр сөзі оқырманына қамшы болатын.

Қайсар жанның соңғы кездерде ғана денсаулығы сыр бергені ел есінде. Соның өзінде ажалдың өзін қазағымен үркітіп отыратындай көрінетін. Ажалдың өзін жанына жақын жібергісі келмей, жұдырығын түйіп, халқының жоғын жоқтап жатқандай көрінетін маған. Өз ұлтына ойымен, сөзбен пана болған ұлы тұлғадан айырылып отырмыз. Қазаққа Шерхан Мұртаза секілді біртуар тұлға қай кезде де, қандай кезеңде де  керек, әсіресе бүгін керек. Шерағаң шын мәнінде өзінің аңызы мен ақиқаты арқылы көпғасырлық тарихымыздағы ұлыларымыздың санатын байытқан ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өліара кезеңіндегі ірілеріміздің бірі еді.

Не деуге болады? Мұндай қаралы сәтте ұлы даланың байтағында Шерханын жоқтап жатқан үлкенге де, кішіге де жалғыз айтарымыз – басу.

Жатқан жері жайлы болсын!

Қазақ әдебиетінің, қазақ көркем ойының кеңістігінде Шерхан Мұртазаның өз биігі бар. Сол биіктен ол бізге көп­ғасырлық тарихы бар ұлттық аңыздары­мыздың жалғасындай болып елестейді.

Көшің баянды болсын, аға!

Қош, аңыздың ақырғы тұяғы!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ШЕРАҒАСЫ ДҮНИЕДЕН ОЗДЫ

– Сонау 80-жылдардың басы. Орда бұзатындай отыздағы кезіміз. Оңтүстіктегі жазушы Мархабат Байғұт  ағамыз маған телефон шалды.

– Көпен інім, түнде түс көрдім. Түсімде Шерхан Мұртаза ақбоз атқа мініп, сені артына мінгестіріп алып, шауып бара жатсыңдар екен, – деп, көрген түсін жақсылыққа балады.

Артынан көп ұзамай Шераға «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор болып тағайындалды. Сөйтіп, ол кісі мені газеттің «Сатира және юмор» бөліміне шақырды. Кейіннен «Егемен Қазақстан» газетінде Бас редактор болып тұрған кезде де қоластында қызмет істедім. Шераға қай басылымды басқарса да, қасына мінезі бар азаматтарды жинады. Қазір ойласам, сол кезде Шерағаң шығыстан Оралхан Бөкей, батыстан Фариза Оңғарсын, Арқадан Ақселеу Сейдімбек секілді «тайдың тасындай» талантты қыз-жігіттерді қасына жинапты.

Шерағаң тұлпарға тұяқ болған кісі. Ұзын-ырғасы Шерағаңның қарамағында бес жылдан аса қызмет істедім. Бес жыл аз мерзім емес. Шерхан Мұртаза менің де ұстазым. Бір сөзбен айтқанда, Шерхан Мұртазаның, яғни Абыздың Академиясын бітірдім десем де болады.

Қазақтың Шерағасы дүниеден озды…

Қайраткер қайтыс болғанымен, артында өшпес шығармалары қалды. Оның туындылары тұрғанда қалың оқырман үшін қазақтың Шерағасы мәңгі жасай бермек.

 

Көпен ӘМІРБЕК.

 

Әр сөзі қайрақ, қамшы еді

Дүние – жалған деп бекер айтылмаған-ау, сірә. «Шерғаң дүние салыпты» деген суық хабар жеткенде көбіміздің есеңгіреп қалғанымыз жасырын емес. Кеудемізді мұң торлап, жанар­ларымыз ылғалданып, бүкіл халықтың Шерағасына айналған Шерхан Мұртаза өзімен бірге тұтас бір әлемді ала кеткендей сезіндік. Ол өмір бойы халқы үшін барынша аянбай тер төгіп, әділдіктің, мемлекетшілідіктің ұраны, қоғамымыздың белсенді қайраткері  болды. Ол журналис­тикада болсын, мемлекеттік қызметте болсын, парламент депутаты  болсын әрдайым ел-жұрттың  жоғын жоқтап, жоқты жоқ, барды бар деп батыл кесіп айтып, қоғам үшін ерлікке тең іс-әрекеттер тындырды, халық мүддесінің күрескері болды. Қазақ ұлты үшін, халқы үшін, тіпті,  жанын пида етуге де даяр еді-ау. Оның әр мақаласын қолдан-қолға беріп көпшілік іздеп оқитын. Радио мен теледидардан берілген жалынды әрбір сөздерін жұрт бірінен-бірі қағып алып, аңызға айналдырып, ерлікке теңестіріп жататын. Қолына қалам алып мақала жазса ішіне  жиналған жұрттың шерін, елдің мұңын төгіп-төгіп жіберетін. Мінберге шықса ел-жұрттың, тіпті, бүкіл қазағының игілігін ойлап,  көрген-білгендерін қысқа да нұсқа тұжырымдап, озық та терең ойын батыл айтатыны көпшілікті сүйсіндірді, елдің сүйікті қайраткер-тұлғасына айналды. Оның әрбір сөзі қайрақ болып, қамшы болып тиді.

Өткен 2017 жылдың күншауақ жазында Шераға қызы Алма екеуі туған жері Жуалыдағы Мың­бұлаққа келіп 5-6 күн демалды. Ағайын-туыстары Шерағаны машинаға отырғызып алып,өзінің балалық шағы өткен аймақты, ақбасты Алатаудың Ақсай мен Көксай бойын аралатып, таудың саф ауасымен тыныстандырып, мөлдір, таза тау бұлағынан су ішкізіп, саумал-қымыз­бен сусын­датты. Сол күндердің бірінде тараздық жазушылар Несіпбай Дәутаев, Көсемәлі Сәттібайұлы, журналистер Ғалым Қасабай, Мейрамбек Төлепберген бәріміз Шерағаңа сәлем беруге арнайы бардық. Денсаулығының әжеп­теуір сыр бере бастағанын сонда ұқтық. Кеше дүйім халықтың алдында өткір сөз айтып, қайсар­лықпен танылған жампоз Шәкең бүгін қарапайым жанға айналып, алдымызда бей-жай күйде отыр. Мазасын тым ала бермейік деген оймен, ұзақ тосылмай  кері қайт­тық. Жол бойы асыл ағамыздың бойындағы ерекше адами қа­сиеттерін, жазушылық шебер­лігін, қоғамдық ірі қызметтерін, қайталанбас қайраткерлігі мен батыл да өткір  мінезділігін сөз еттік. Жасы келіп, денсаулығы төмендеп, қалжыраған қазақ­тың қажырлы перзентін осындай күйде көру кімге болса да ауыр болды, жүрекке салмақ салды. Ішімізге түйін болып түйілген сол сәттегі ойымыз әркіммен бірге кетті. Енді ойласақ, бұл қазақтың нар тұлғасы,  дүниеден дүркіреп өткен Шерхан ағамыздың кіндік қаны тамған туған өңірі Жуалыға соңғы келуі екен. Әттең, дүние…Өтті де кетті…

Шерхан ағамызды жоқтап жатқан дүйім елге: үлкенге де, кішіге де басу айтамыз. Ел-жұрты, ағайындары аман болсын.

Тұтас болмысы қазаққа қызмет еткен аяулы Шерағаңның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алдың пейіш болсын, қазақ үшін өрге жүзген асыл аға!

Арамыздан өзі кеткенімен, оның аты аңызға айналып, қазақ ұлтының тарихына алтын әріп­термен жазылып, ұрпақтан-ұр­пақ­қа жетіп, есімі мәңгі өш­пейтініне сенеміз.

  Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры.

Тараз.

 

Шерағаңдай қайсар депутаттарды сағынып жүрміз

Бүгінде бақилыққа аттанып кеткен Алаштың атпал азаматы, ақылманы  бәріміздің өмірімізге оң ықпал еткен, шапағаты тиген, шуағы дарыған Шерағаң еді. Өйткені, саналы ғұмырында «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» тәрізді газеттерді басқарып отырғанда Шерағаңның алдына бармаған қаламгерлер жоқтың қасы. Соның бәрінде де біз оның қамқорлығын көретінбіз. Шамасы келгенше жақсы нәрсені жерде қалдырмауға тырысатын. Қылышынан қан тамған советтік цензура заманында аты аталған газеттерді басқарды. Бұл ең қиын жұмыс болды деп білем. Өйткені, Шерағаң тәрізді ұлтын сүйетін ұлық редактор үшін бұл өте ауыр миссия деп білемін. Себебі, ол кісі әділетті ғана айтатын, одан тайса, иманнан таятындай өзінің принципіне өте берік, батыр адам болды. Ал батырларға өз бағытынан таю, жалтару немесе өз идея­сына сатқындық жасау өліммен тең нәрсе ғой. Сондықтан да Шерағаңның талай қинал­ған сәттерін білеміз. Ол таяқты көбінесе Орталық комитеттің идеология бөлімінен жеп қайтатын. Бірақ ол кісі таяқты жегенде де тек өзінен-өзі қабарып қайтатын. Мен ол кісінің қызметкері бол­ма­дым. Бірақ қызметкері болған жігіттер­дің жазуынша ұрыс естіп, таяқ жегенін ешкімге айтпайды екен. Таяқты өзі жейді, соққыны өзі қабылдайды. Ол совет зама­нын­да өте жиі болып тұрған жағдай. Шынын айтқанда, бұл кісі теңдесі жоқ бас редактор болды. Сондықтан ол кісіні орнынан алып тастауға ешкімнің де дәті бармайтын.

Абырой болғанда, ол өзінің идеалдары­нан, ұлтқа деген перзенттік адалдығынан таймай, зейнетке шықты. Тәуелсіздік жылдарында да тіл үшін талай найза сындырғанын білеміз парламентте. Өйткені, тіл әлі күнге дейін сол өзінің мемлекеттік мәртебесіне шыға алмай келе жатқан олқы, осал тұсымыз ғой. Соны ашып айту, басып айту, шырқырап айту Шерағаңның ғана қолынан келді. Бұл Шерағаңдай ұлттық құндылықтарды қорғауда қайтпайтын қайсар депутаттарды бүгінде біз сағынып жүрміз дегіміз келеді. Демек, Шерағаң ақпарат құралдарының басшысы болса да, парламентте отырса да, ол кісінің орны үңірейіп тұрғанын, осындай азаматтардың қатары көп болмай тұрғанын айтқымыз келеді. Өз өміріменен сол өз қағидасы үшін қырқысып өтуде ол кісі мынау ұрпаққа үлгі болып кетті  деуге болады. Ол кісінің қайраткерлігін айтып жатырмыз ғой, қартаятын шақ келіп, жасы алпыстан асып, жетпіске жетіп, сексенге келгенде ата-бабамыздың дәстүрлі дініне, иманға бет бұрды. Басын сәждеге иді. Алла деген сөз аузынан түспейтін болды. Қаламымен де, өмірлік үлгісімен де иманға шақырып жүрді. Тіптен, бір шығарма­сында, «Ай мен Айшада» болу керек, мынандай сөз бар. «Бүгінде әділеттік жоқ. Жиғанымыз көп, иманымыз жоқ» деп жазыпты. Қазақтың ақсақалдарына жара­сатын дәстүрге бет бұрды. Өйткені, абырой­лы қартаю көп азаматтардың қолынан келе бермейді. Жастық шақта бір бөлек, жігіттік шақта бір бөлек, ал енді ел ағасы болып шашың ағар­ған кезде тағы бір бөлек. Қартайған кезде ақсақалдың сөзін айтпасаң, ақсақалдың ісін істемесең, ол адамның бірнәрсесі жетпей тұрады. Өмірі­нің соңғы жылдарында енді менің көп араластығым болмады. Өйткені, мінез жағынан екеуміз екі түрлі адам болдық деп ойлаймын. Бірақ торқалы той, топырақ­ты өлім кезінде кез­десіп жүрдік. Өмірінің соңғы жылдарында Шерағаң тақуалықпен, тазалықпен  ғұмыр кешті. Әсіресе, иман тазалығына қатты көңіл бөлді. Дабыралы жиын-той дегеннің бәрінен бас тартты бұл кісі. Байлық емес, иман жинауға көңіл бөлді. Оны әсіресе, «Бір кем дүние» шығар­масынан оқып отырдық, көріп отырдық. Қазақ ақ­сақалдарына жарасатын абыройлы қартаю­дың есті үлгісін көрсетіп кетті Шерағаң.

Ал енді қаламынан туған шығармасына келер болсақ, «Ай мен Айша» қандай кере­мет шығарма. «Қызыл Жебе» шығар­масы елім деп еңіреген ердің шежіресін қағазға түсірген бөлек жазба болды. Одан кейін маған, әсіресе  «Бір кем дүние» атты ой-толғаулары жақын. Өмірге деген өзінің пәлсапалық көзқарасын, имани көзқара­сын және ақсақалдық әділ сөзін осы Алаштың бір ақылманы ретіндегі әділ сөзін ұрпаққа үлгі болсын деп жазып кетті. Яғни қаламгер ретінде де, азамат ретінде де Шерағаң жас­тарға тамаша үлгі болып өтті. Ендігі айтары­мыз, Алла алдынан жарыл­қап, жаны жәннатта шалқысын дегіміз келеді, Қош бол, Шераға!

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *