Шынайы ұлтшылдыққа адам кітап оқу арқылы ғана жетеді

Соңғы бір жыл көлемінде еліміз бойынша кітапсүйер қауымның басын біріктірген өзгеше бәйге өтуде. Оның қатысушылары кітап оқып әрі ақшалай жүлде ұтып, бір оқпен екі қоянды атып жүр. Ерекшелігі сол, бұл бәйгеде үй шаруасындағы әйелдер мен арбада отырған жастар да оза шауып, үздік атануда.

Қаншама қазақтың кітап оқуына себепкер болып, кей адамдардың өзін жаңа қырынан тануына мүмкіндік берген бәйгенің ұйымдастырушысы, «Дария Дамыту Орталығының» директоры Ерболат СолтамҰратпен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

 

Кітап оқып, 100 мың теңге ұтып ал

 – Ерболат, «Үздік оқырман» бәйгесін өткізуді қандай мақсатпен қолға алдыңыздар?

– Біз – «Дария» деген баспа қазақ әдебиетінің ең үздік шығармаларын басуды алдымызға мақсат етіп қойдық. Сол миссиямен әр қазақтың оқуы керек 100 кітаптың тізімін жасап шықтық. Қарап отырсақ, сол тізімдегі кітаптың 60-70 пайызы басылымда жоқ. Мәселен, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы бұрын басылымда болған, бірақ кейінгі кездері мүлде жаңаланып басылмаған. Кітапханалар мен кітап дүкендерінен іздесеңіз де таппайсыз. Сондықтан біз тізімін жасаған 100 кітапты студенттер мен қазақилыққа жақын адамдарға қолжетімді етуді мақсат тұттық. Сол ойымызбен Омар Жәлел, Жұмамұрат Шәмші, Момбек Әбдәкімұлы, Асылбек Ноғай сынды ағаларымызбен ақылдаса отырып, әдеби көркем шығармалардың тізімін жасадық.

Кітапты басып шығардық делік, кейін ол кітапты қалай оқытамыз? Бірінші жолы, әрине, кітапты басамыз да тегін таратамыз. Екінші жолы кітапты оқырмандарға сатамыз. Кейін ол кітапты оқыған-оқымағанын тест арқылы тексереміз деген екінші нұсқамыз болды. Тегін тараттық деген күнде кітап оқысын-оқымасын, адамдар қызығушылықпен алып кетеді. Бірақ үйге апарған соң кітаптың бетін ашып-ашпауы екіталай. Өйткені, тегін келген дүниенің құны жоқ, бағаланбайды. Сол үшін біз бір жыл бұрын «Үздік оқырман» жобасын бастағанбыз. Алғашында тек Шымкентте өткіздік. Одан соң Алматы, Астана, Өскемен, Қарағанды және шығыс жақтағы қалалардан оқырмандарды қостық. Кейін батыс өңірдегі қалалар тізімге кірді. Қазір еліміз бойынша 16 қалада филиалдарымыз жұмыс істеуде. Әр қалада оқырмандарды тіркеп отыратын жауапты адамдарымыз бар. Олар өте сенімді, жұмыстарын адал істейтін жандар. Тесттің жауабы ешкімге берілмейді, сатылмайды. Өйткені, біз бірінші орынға 100 мың теңге тігіп отырмыз. Біреулердің осы жерде досын не танысын, туысын тартуы ғажап емес. Әділетсіздік, опасыздық бәйгеде болмау керек. Сол үшін Нұр-Мүбәрак университетін бітірген, Құдайдан қорқады-ау, өз ісіне адал, сенімді деген адам­дармен жұмыс істеуге тырысамыз. Бүгінге дейін көзбояушылық, жымысқы, теріс әрекеттер байқалған жоқ. Бір рет жеңімпаз болған адамдар келесі байқауда да жеңіп шығуда. Өйткені, оқырмандарымыз кітапты өте мықты оқиды. Алғашқы бәйгені Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» кітабынан өткізгенбіз. Тест жасаған кезде арасынан сөз тастап, өлеңдерді де кіргіздік. Сол өлеңнің өзін тауып алды оқырмандарымыз.

– Осы жерде бәйгенің шарты жайлы аз-кем айта кетсеңіз.

– Бір ай бұрын оқуға белгілеген кітапты инстаграмдағы парақшамызда жариялаймыз. Оны әр қаладағы оқырман­дарымыз біздің белгілеген мекен-жайдан сатып алады. Сол жерде тіркеліп, аты-жөні, мекен-жайы мен телефонын жазып қалдырады. Оқырмандарды ересек, студент және оқушы деген үш түрлі категорияға бөлгенбіз. Олар кітапты өте мұқият оқып, тест тапсыруға бір ай бойы дайындалады. Содан ватсаптан әр қала бойынша жеке-жеке чат ашамыз. Тест барлық қала бойынша бір күнде бір уақытта өтеді. Алдын-ала тесттің өтетін-мекен-жайы мен уақытын сол топқа саламыз. Тесттің нәтижесін сол группаға жариялаймыз. 100 деген балды 2-3 адам қатар жинаған болса, олардың қанша уақытта жауап бергеніне қараймыз. Қысқа уақытта жауап берген оқырман – жеңімпаз. Бұл жерде ескеретіні, мектеп оқушылардың ұғым-түсінігіне сай бөлек кітаптар таңдаймыз.

– Тест тапсыруға «шпор» жасап келетін оқырмандар болып тұратын шығар?

– Әрине, солай «бес қаруын сайлап» келетін адамдар болды. Бірақ олар жеңімпаз бола алмайды. Жеңімпаз адамдардың тест жауабын тапсыру уақытына қарасаңыз, өте қысқа уақытта сартылдатып белгілеп шығады. Олар кітап немесе телефоннан қарап үлгеретін адамдар емес. Тестке кіргізгенде барынша қадағалап, кітап, телефонды жинап аламыз. Бірақ соның өзінде қулығын асыратын адамдар бар. Көріп қалсақ, «шпорын» алып қойып, ескерту жасаймыз. Шығарып жіберген оқырмандарымыз да болды. Алғаш ұйымдастырған кездері тізіммен кіргізген жоқпыз. Сонда бір апа екі немересінің ортасына отырып алып, екі жақтан екеуін тыңдап, белгілеп отырғанын да көргенбіз. Бірақ мұндай оқырмандар жеңімпаз бола алмайды. Үздік оқырмандар тест сұрақтарына жылдам жауап беріп, шығып кетеді. Бірақ қатысушыларға уақыт шектеуін берген емеспіз. Үш сағат отырып жауап беретін оқырмандар болады, олардың бәрін соңына дейін күтеміз. Біздің оқырмандар байқап үлгерген болса, біз сұрақ дайындаған кезде мағыналы, адамға пайдалы болатындай, ертең сол кітапты басқаға айтып бере алатындай пайдасы тисін деп, сауатты түрде дайындауға тырысамыз.

 

Белсенді оқырмандар Алматыда екен

 – Бір жылғы бәйгеден соң кітап оқуға, оқырмандарға қатысты қандай ой түйдіңіз?

– Кітаптан, кітап оқудан алыстап қалғанбыз. Өйткені, оқырмандарымыз «тестке қатысам» деп керемет құлшыныспен келеді де, кітапты аяғына дейін оқып бітіре алмай қалады. Кейбір кітапқа тіркелу басталған күннен бастап уақытты есептесек, кітап оқуға 1,5 ай уақыт берілуде. Бірақ 130 беттік кітаптың өзін аяқтай алмай қалып жатқандары бар. Бұл дегеніңіз бізде кітап оқу әдеті қалыптаспаған деген сөз. Осы уақытқа дейін біз өте көп кітап оқыдық.

Солардың ішінен «Менің атым қожа», «Ұшқан ұя», «Кел балалар, оқылық» көп оқылса, І.Есенберлиннің «Қаһар» кітабында қатысушы аз болды. Тіркелген адам саны да аз. Бұл кітап қиын әрі ішінде мәлімет өте көп. Сол үшін де адамдарды қорқынышы жеңіп кеткен секілді. Тесттің нәтижесін шығару кезі де өз алдына бөлек әңгіме. Әдетте, тест өткен соң әр қаланың қатысушыларын жинап, біріктіріп, жүлдегерлерді анықтаймыз дегенше бір күн кетеді. Кейде бірдей ұпай жинайтын оқырмандар болып қалады. Олардың тест тапсыру уақытына қараймыз. Осындай техникалық жұмыстармен жүргенде «тест жауабы неге шықпай жатыр, мүмкін, сендер өздерің бірдеңе істеп жатсыңдар» деген күмәнмен хабарласатын адамдар да табылады. Барлық қаладағы оқырмандардың тест нәтижесін сайтқа саламыз дегенше адамдар сондай шыдамсыз. Қазақстан бойынша халықтың арасында бір-біріне сенім білдіру жоқ. Адамдар қазір бір-біріне сенбейтін болған. Жаман ойлап тұрады. «Жеңімпаздар неге Шымкенттен шыға береді?» деп өкпелегендер де болған. Ол тек «Шымкент» деген атымен ғана көрініп қалуда. Әйтпесе, Қарағандыда екі рет жеңімпаз студенттер шықты. Өскемен, Алматы мен Атырау, Тараздан да бірнеше рет жеңімпаз болғандар бар. Бұлар көрінбейді. «Мен бұл жоба болмаса айына бір рет бір кітаптың өзін  оқымаймын» деп ағынан жарылатын ағайын да бар. Шымкенттік бір оқырмандарымыз отбасымен белсенді. Басында күйеуі жоғары ұпай жинайтын, кейін әйелі жеңімпаз болып, ақшалай жүлде ұтып алды. Алғашқы кездері Шымкент болатын, қазір оқырмандардың белсенділігі жағынан Алматы алдыңғы орында. Дегенмен, артық білім кітапта екенін жұрт білмей жатыр. Жоба енді басталғанда бәйгені Шымкентте өткізіп жүрген кезіміз еді. Шымкенттегі орталық мешітке жұма намазын оқуға 3000-4000 адам келеді жұма күні. Соған жобаның жарнамасын баннерге жасап, іліп қойып тұрдық. Қалың адамның арасынан кітап оқитын бірде-бір адам болмады. Біреуі қызығушылық танытып, «бұл не болды» деп жанымызға келген жоқ. Сондай баннерді «Адамзаттың асыл тәжі» кітабында тағы жасап көрдік. Еліміз бойынша қатысушы аз болды. Кітапта құнды ақпараттар бар дегенді ойлайтын, білетін адам аз. Өйткені, интернеттегі танымал адамдардың қысқа-қысқа роликтеріне үйреніп қалғанбыз. Діни мәліметті де сол роликтен аламыз деген дұрыс емес түсінік қалыптасқан. Интернеттен дәл қазір іздеген ақпаратыңды табарсың, кітаптан сіз интернеттен іздемейтін, іздеуің мүмкін емес құнды ақпаратты аласыз. Сол үшін кітап сізге керемет ұстаз бола алады. Ал ұстаздың өзі сізге бар білгенін кітап сияқты жиып-теріп бере алмайды.

– Жеңімпаз әдетте қандай оқырмандардан шығады?     

– Шынын айту керек, жеңімпаз біз өзіміз күтпеген адамдардан шығады. Былтыр «Адамзаттың асыл тәжі» кітабын оқитын кезде Нұр-Мүбәрак университетінің студенттері мен имамдары «біз қатыссақ бола ма?» деп хабарласты. Әрине, десем, «ұят емес пе, имам ұтып алды деп айтса» дейді. Сіздің жеңімпаз болатыныңызға мен кепілдік бере алмаймын. Өйткені, бізде өте мықты оқырмандар бар дедім. Тест қорытындысы бойынша жеңімпаз имамдар мен сол университет студенттерінен емес, үйдегі атыраулық қарапайым оқырманнан шықты. Ол оқырманымыз мұның алдында «Құланның ажалы» деген кітаптан да жеңімпаз болған. Таразда да үнемі жүлде алатын апай бар. Бір рет бірінші орын, одан кейін екінші орын, үшінші орын да алды. Үнемі оқ бойы озып жүреді. Шымкентте студенттер арасында үнемі жеңімпаз болатын арбада отыратын оқырманымыз бар. Өзі жаза алмайтындықтан, қасындағы көмекші адамға белгіле деп көрсетіп отырып, барлық сұраққа үнемі дұрыс жауап береді. Ол 2-3 рет жеңімпаз болып, ақшалай жүлде ұтып алған кездері инстаграмда ол кісіге хат жазып, «болды, енді қатыспай-ақ қой, бізге мүмкіндік бер» деп жазған қатысушыларымыз да болған. Бірде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кітап редакциясын жасап жүрген адам қатысып, жоғары балл жинай алмады. 40-50 минуттай отырған соң келесі жолы қатыспай қойды. Бұл байқауда жеңімпаз болу мүмкін емес, бізге үміт жоқ деген ой келген болу керек.

 

Көшеде кітап ұстап жүріңіз!

 – Демек, жеңімпаздарға ортақ бір қасиет тән. Жеңімпаз болу үшін кітапты қалай оқу керек?

– Біздің жеңімпаздар өте алғыр. Көбісі үйде бала тәрбиесімен отырған әйелдер. Мықты оқырмандар осы жақтан шығуда. Оқушыларымен бірге қатысатын мектеп мұғалімдері бар. Көбісі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары. Кітапты қалай оқу керек десеңіз, ең аз дегенде 2-3 мәрте оқыңыз. Одан кейін бұрынғы оқып жүрген тәсілден шығу керек. Ыбырай Алтынсариннің кітабында жеңімпаз болған бір оқырман 13 рет оқығанын, одан кейін сол кітаптың аудиосын машинада қосып қойып тыңдағанын айтқан. Солай талпыну қажет. Қарапайым адамдармен жарысып отырмағанын түсіну керек. Бір жылда мықты оқырмандар жиналып қалды. Қарсыластар өте сауатты. «Адамзаттың асыл тәжі» кітабында неліктен имамдар мен Нұр-Мүбәрак студенттерінен жеңімпаз шықпады. Өйткені, олар өз қарсыластарын менсінген жоқ. Мен осы салада жүрмін, білемін, бір рет оқып жауап бере саламын деген түсінік үстем болған секілді.

– Кітап оқу адамға не береді? Біз үлкендер тарапынан жиі еститін «бүгінгі жастар кітап оқымайды» деген сөзді кітап оқымайтын адамдардың өздері айтады деп ойламайсыз ба? 

– Кітап оқыған адамның ең төменгі дәрежесі жақсы тыңдарман бола алады. Кітап оқыған ұлтшыл адам мен кітап оқымайтын ұлтшыл адам екі түрлі болады. Қазақ үшін дәл қазір сен нені қия аласың? Не істеп жүрсің? Әр қазақ қазақ үшін жұмыс істемесе, ол жалған ұлтшылдық. Бос сөз. Шынайы ұлтшылдыққа кітап оқу арқылы жетеді адам. Басқа жол жоқ. Бір ғана мысал келтірейін. Осы жобаның жарнамасын жасап берсеңіз деп Алматыда тұратын, осы кітап саласында жүрген, үлкен аудиториясы бар, соңғы кездері трендке айналған өзін-өзі дамытуға қатысты кітап жазып жүрген екі-үш адамға шығып көрдім. Олар бізден ақша сұрады. «Қандай мықты жоба, осындай жобалар қоғамға керек» деп мақтап алып, жарнамалап берсеңіз деп өтінгенде жоқ болып кеткендері де бар. Сөзге бар да, істе жоқ. Мұндай адамдардың көбісінің қазаққа жаны ашымайды.  Екінші сұрағыңыз бойынша «бүгінгі жастар кітап оқымайды» деген пікірде бір жағы шындық бар. Еуропада бір адам күніне 10 бет оқиды. Жапондықтар болса күніне 15 бет оқиды және мұнда жылына 4 млрд. 200 млн. кітап басылады. Халқының саны 120–130 миллион. Қалай ойлайсыз, Жапонияда неге мұншалықты көп кітап басылуда? Оқуға деген сұраныс бар ғой, демек. Бізде бар болғаны 1000 әрі кетсе 2000 данамен ғана кітап шығады. Яғни осыншалықты ғана кітап оқылады деген сөз. 17 миллион қазақтың 7 мил­лионы кітап оқыса, 7 миллион кітап басылар еді. «Кел балалар, оқылық» кітабына бәйге өткізерде біз басқа баспадан сатып алғанбыз. Артына қарасам, 2013 жылы жарық көріп, 2000 данамен ғана шыққан. Қазір Қазақстан ғана емес, жалпы мұсылман мемлекеті кітап оқымайды. 80 миллион халқы бар Түркияны алып қарасақ, оларда жылына 20 мил­лион ғана кітап басылады. Бізбен салыстырғанда көп оқиды. Енді осы сандарға қарап-ақ, бізде кітап оқитын адам жоқ дей берсеңіз болады. Мұсылман мемлекеті жылына 10 бет қана оқиды. Оның ішінде біз де бармыз. Осы жерде кітап оқитын адамдар санын кітап оқымайтын біздер түсіріп тұрмыз. «Жастар кітап оқымайды» дегенді мен құптаймын. Себебі, мен пойызда, ұшақта не жолаушы болып жүргенде немесе кафеде бір адам кітап оқып отырған болса, сол адаммен барып танысам деген мақсат қойдым. Содан кейін қаншама рет жол жүрдім. Ұшаққа да отырдым. Кітап оқып отырған бір адам көрмедім. Пойызда адамдар отырып алып саясат, одан қалса өсек айтады. Германияда бір апта болдым. Жолдағы кептелісте бір адам рөлде отырса, екінші адам кітап оқып отырады. 4 қабатты үлкен кітап дүкенінде адамдар арбамен жүріп, кітап алатынын көрдім. Бірінші қабаты ересектерге арналса, екінші қабаты балаларға, одан кейін тарих сияқты бөлімдерге арналған. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Біздің супермаркеттерде жүріп бір арба азық-түлік алатын адамдар ол жақта бір арба кітап алып жүр. Біздің елде жастар мүлде кітап оқымайды емес, оқиды, бірақ олар азшылықта. «Жастар кітап оқымайды» деген сөзді айтып жүрген адамдардың өзі кітап оқымайды. Үйлерінде кітапханасы жоқ. Ең құрығанда екі сөреге толтырып кітап жинап қойса, бір күні бала көреді емес пе. Келесі жолы ұстап, ашып көреді. Бір күні ерігіп жатып оқуы мүмкін. Адам кітапқа солай кіреді. Кітап оқымай-ақ қой, бірақ көшеде ұстап жүрші деп айтып та көрдім. Алматылықтардың 30 пайызы кітап оқымаса да көшеде ұстап жүрсе, ол кітапқа әдемі жарнама болар еді. Адамдарға ой салуы әбден мүмкін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

                        Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *