ШЫМБҰЛАҚТЫҢ «ШЫРАҚШЫСЫ»

Жанкешті кәсіп саласында 30 жыл қызмет еткен Айсұлу ӘДІЛХАНОВА

Мәншүк БЕКБОСЫН

Қарапайым еңбегімен күн сайын қоғам тынысына игілік дарытып жүретін, онысы әсте көзге түсіп, көпшілік көңіліне елене бермейтін мамандық иелері болады. Мәселен, энергетика саласы. Бұл – кез-келгеннің азуы бата бермейтін бірден-бір қызмет. Ал бұл салада  әйел адамның еңбек етуі, тіптен, ерлікпен пара-пар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика саласында қызмет ететін нәзік жанды әйел  жайында әңгіме өрбітпекпіз. Ол – жарық сөнген кезде ғана еске алатын қаделі мамандықтың қадірін асырып жүрген жанның бірі – Айсұлу Өксікбайқызы.

 

ЖАРЫҚ СӨНГЕН КЕЗДЕ ҒАНА ЕСКЕ АЛАТЫН МАМАНДЫҚ

Энергетика саласы – уақытпен санаспайтын, асқан жауапкершілікті талап ететін, жүгі ауыр қызмет. Дегенмен, осы саланың жұмысын үздіксіз 30 жыл ұршықтай иіріп келе жатқан Айсұлу Әділханова «Алатау Жарық» компаниясына қарайтын «Медеу – 54 А» подстансасының ке­зек­ші электромонтері болып жұмыс істейді. Оның міндетіне жарықты тұрақты беру, апаттық ажырату­ларды болдырмау, электр тораптары мен жабдығындағы ақауларды дер кезінде диспетчерге хабарлау кіреді.

– Біздің подстанса «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» курортты базасы және «Самал» ықшамау­данына дейінгі аумақты жарықпен қамтамасыз етеді.   Бұл тыңғылық­ты­лық пен тәртіпті қажет ететін жауапты жұмыс. Күндіз-түні осы аумақтағы электр энергиясының үзілмеуін қадағалай­мыз. Апат болған жағдайда шұғыл диспетчерге хабар­лап, елеулі мәсе­лелерді шешуге дайын тұрамыз, – деп бастады әңгімесін біздің кейіпкер.

Айсұлу Өксікбайқызы бұл салада 1989 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алматы қаласының тумасы бол­ға­нымен, тұрмыс құрып, еңбек жолын Қостанайдағы «Қостанай Энерго орталығында» бақылаушы (жарық тексеретін маман) болып бастайды. Кейіннен есептеуіш құралын ауыстыратын монтер болып қызмет етеді. 2005 жылдың қараша айында Алматыға ауысып келеді. Жалпы, энергетика қызметінің қатарына түскен соң, бұл қызмет оның тағ­дыры екендігін түсінеді.  Сосын ғұмыр бойы осы салада нәпақасын тауып, тұрақтап қалатынын сезген ол,  мамандық ауыстыру немесе өзге кәсіп іздеу ойына кіріп-шықпағанын айтады.

Оның айтуынша, бүгінде толық­қанды тұрмыс-тіршілік пен кәсіп­орын-мекемелердің қалыпты қыз­метін жарықсыз елестету мүмкін емес. Тіпті, тәулікті қойып, оның бірер сағат болмай қалуының өзі «оқыс оқиға» саналады, төтенше жағдай ретінде қабылданады екен.

– «Медеу» мұз айдыны, «Шым­бұлақ» тау-шаңғы курортты – біздің ұлттық мақтанышымыз. Алматыға өзге қалаларға қарағанда, туристер көп келетіні белгілі. Тау бөктерінде орналасқан, әлемдік деңгейдегі ку­рортқа түрлі мемлекеттердің саяхат­шылары келеді. Бұл жерде электр жарығы үздіксіз беріліп тұру керек, – дейді Айсұлу ханым.

Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын біздің кейіпкер оның бұл подстансаны бір күнге тұрмақ, жар­ты күнге тастап кетуге болмайтынын айтады. Өйткені, бір жерде ток қыс­қа тұйықталып қалып,  ал кезекші электромонтер орнында болмай қалса, қаншама адам зардап шегуі мүмкін екен.

– Қазіргі заманда адамның бір күнін, тіпті, бір сәтін электр қуа­тын­сыз елестету мүмкін емес. Мә­селен, дәл қазір жарық өшіп қалған жағ­дай­да, ауруханада ота жасалып жат­қан науқастың өміріне қауіп төнуі немесе кез-келген өндіріс орнында жұмыстың тоқтап қалуы бек мүмкін, – дейді ол.

Демек, энергетика жұмысының маңыздылығына баға жетпейді. Олардың еңбектерінің арқасында тұрғындардың үйлері жайлы да жарық, ұйымдар мен мекемелер қа­лыпты қызмет етеді, әрбір тұ­тынушыға қажетті жарық беріледі.

ЭЛЕКТР ҚУАТЫ – КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН КҮШ

Айсұлу ханымның жұмыс күні таңғы сегізде подстансадағы құрыл­ғылардың жұмысын тексеріп, орта­лық диспетчерге  хабарлаудан бас­талады.

– Ертең  қандай киім киемін деген сұрақ мазаламайды мені. Өзімнің күнделікті формамды киемін, – деген Айсұлу апай, – біздің қызметте киім­нің сұлуынан жылуына, ыңғайлы­лы­ғына баса мән беріледі. Жүрдім-бар­дым қарауға болмайды. Сондық­тан касканы да басымыздан таста­май­мыз. Резеңке қолғап киюге де мін­деттіміз. Егер таразыға әдемілік пен қауіп­сіздікті қатар қойсақ, был­ғары қол­ғаптан гөрі резеңке қол­ғапты таң­даймын, – деп жылы күлді ол.

– Бұл салада қызмет ету өзіме ұнай­ды. Сондықтан болар, жұмысың көңіліне жақса, оның ауыртпалығын сезбейсің деп жатады. Менің бұл салада үздіксіз қызмет етуіме отба­сымның, жолдасым және балала­рым­ның жан-жақты қолдаулары­ның, олардың менің қызметімнің уақыт­пен санаспайтындығына тү­сіну­шілікпен қарауының арқасы деп білемін, – дейді Айсұлу ханым.

Айта кету керек, Айсұлу Әділ­ханованың жұбайы Сағат аға да энергетика саласының үздік маманы. Бүгінде олардың Алмат және Азамат есімді ұлдары  ата-ана жолын қуып, «Алатау Жарық» компа­ниясында табысты еңбек етіп келеді.

Айсұлу ханымның айтуынша, электрик өмірінде екі-ақ рет қате­лесетін көрінеді. Бірі – мамандық таңдағанда, екіншісі – токқа түс­кенде екен.

– Электр қуаты – көзге көрін­бей­тін күш болғандықтан, бұл ма­мандық ерекше сақтықты қажет етеді. Ешбір оқу орны дайын элект­рик-энергетикті дайындай алмайды. Нағыз маманды уақыттың өзі қалыпастырады. Көн­гендері – көнді, көнбегендері уақыт оздырмай басқа мамандыққа қарай ауысып кетіп жатады. Негізінен энергетика – кез-келген қоғамның, сол қоғамда қа­рыштап дамып отырған эконо­миканың алтын өзегі. Сон­дықтан бұл сала  мақтанып-марқаюға тұрарлық кәсіп, – дейді ол.

Қай кезде де жұмыстың табысты, жүйелі болуы кадрларға байланысты болған. Қазір де солай. Электр жөндеушілерінің қызметі қоғамға аса қажет болғанымен, жұмысы ауыр. Бұл ретте Айсұлу Өксікбайқызының айтуынша, өз ісіне берілгендер бол­маса, бұрын бұл салаға жастар көп келмейтін еді дейді. Ал қазір ком­панияда жұмыс істейтін жастардың қатары көбейіпті. Солардың ішінде түрлі ауыр қызметтерді асқан абы­роймен атқарып жүрген қыз-келіншектер де аз емес көрінеді.

– Біздің әйелдік түйсігіміз, аналық сезіміміз барлық мәселенің бүге-шігесін көріп тұрады, – дейді ол.

Сонымен қатар, Айсұлу ханым­ның айтуынша, қазіргі кезде өн­дірістің барлық саласын қамтыған техникалық прогресс энергетиканы да айналып өткен жоқ. Сондықтан электрик мамандығы күн сайын ізденуді талап етеді. Өйткені, электр энергиясы саласында күн сайын неше түрлі өзгерістер болып жатыр. Қала­ның шекарасы кеңейген сайын  тұ­тыну көлемі де айтарлықтай артып ке­леді. Бұрын жарық жиі сөніп, техникалық жағдай сын көтермейтін еді. Қазір бәрі өзгерді. Материалдық база жаңа құрылғыларымен жаң­ғыртылып, жұмыс сапасы да арта түскен.

Қазақтың қыз-келіншектері ең күрделі кезеңдерде өмірлік үрдіске қатысудан тартынбаған. Бүгінде қызметтің қай саласын алсақ та, қыз-келіншектер мен әйелдер табылып жатады. Әйелдер қауымын әдемі келбет-мүсініне, биязы мінезіне, жадыраған жарқын жүзіне қарап нәзік жанды деп айтасың. Ал өмірде, еңбек жолында сол нәзік жандылар тепсе темір үзетін апталы ерлермен үзеңгілес болып, түрлі ауыр қыз­мет­терді асқан абыроймен атқарып ке­леді. Ендеше, Халықаралық әйелдер күні қарсаңында энергетика сала­сында қызмет атқарып жүрген Ай­сұлу Өксікбайқызына және  барлық әйелдер қауымына амандық пен өркендеу, зор денсаулық пен отбасы бақытын тілейміз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *