Шым-шытырық Шекспир

Еуропадағы нөмірі бірінші драматург Уильям Шекспир екені белгілі. Одан кейін 63 пьеса жазған Бернард Шоудың есімі аталады. Алайда, оның аты драмалық шығармалары емес, театр жөніндегі сын мақалаларымен мәлім болды.

Ал енді Шекспир шығармашылығының әлі күнге дейін әлемдік сахнадан түспей, өз мәнін қай кезде де жоғалтпай келе жатқаны және мәлім. Бұл ретте оның шығармаларын сахна­лауда біздің қазақ театрлары бәлкім, рекорд жасаған да болар.

1737 жылы ақын Александр Поуп «Құдірет» деп атаған оның шығармашылық шабыты, құпиясы әлем сыншыларының, әдебиетші-ғалымдарының назарынан тыс қалған емес. Соның ішінде өзіміздің Гер-ағаң – Герольд Бельгердің Әуезов пен Шек­спир шығармашылығындағы сөздік қорды салыстыру арқылы қызық дерек анықтағаны бар. Әуезовтің бір өзінде «айналайын» сөзінің 100-ден астам синонимі бар екенін айтады. Шекспирдің бұл мәселеде Мұқаңнан сәл қалық екенін де жазады.

Дейтұрғанмен де, Шекспирдің аты Шекспир. Зерттеуші­лер­дің жазуынша, Шекспирдің шығармашылығында 28289 сирек кездесетін сөз қоры бар. Оның ішінде 2493-і бір-ақ мәрте кез­деседі. Ұлы драматург туындыларын әр қырынан зерттеген сын­шылар бұдан да қызық мәліметтерге қанықтырады. Мәсе­лен, өнертану ғылымының докторы Александр Аниксттің бағамдағанындай, оның ең қанды трагедиясы «Тит Андроник» пьесасының бастауында-ақ Андрониктің соғыста мерт болған 20 ұлының табытын сахнаға алып шығады. Сондай-ақ, оқиға барысында тағы да кейіпкерлердің 14 өлімі болады. Бірі қолын шабады, бірі тілін кеседі, т.б. Сонымен, бір шығарманың өзінен 34 өлікті көреміз. 157 жыл (1681–1838) ағылшын сахнасында Наум Гейттің редакциясымен «Король Лирдің» қайта жазылған нұсқасы қойылды. Айтқандай, бұл пьесаның финалы бақытты сәттермен аяқталады, мәселен, Корделияны өлімнен құтқарып қалады.

Шекспирдің шығармаларында өсімдіктің 181 түрі кездеседі. 1916 жылы драматургтің 300 жылдығына орай Нью-Йорктегі орталық саябақта «Шекспир бағы» ашылды. Мұнда оның пьесалары мен сонеттеріндегі өсімдік түрлері қойылған. Ондағы жол бойындағы тақтайшаларға қаламгердің туындыларындағы өсімдік, гүл атауларының сипатталуы жазылып қойылған. Жазушының пьеса, сонеттерінің, өлеңдерінің мәтіндерінде 2191 рет «Махаббат, сүйемін» сөзі түрлі шығармашылық тәсілдер арқылы қолданылады. Ал Александр Пушкиннің әдеби мұрасына үңілсек, «махаббат, күю, сүю» мәселесі 1244 рет кездеседі. Демек, Шекспирде сүйіспеншілік сөзі Пушкинге қарағанда екі есеге артық деуге болады.

Өкінішке орай, әдеби болжам бойынша, оның Сервантестің «Дон Кихот» романының көріністерінің сарыны бойынша жазылған «Карденио» пьесасының тағдыры белгісіз. 1963 жылы кітап басушылар мен баспагерлердің гильдиясына тіркелген деген сөз бар. Бірақ не қолжазба, не көшірмесі сақталмаған. Алайда, түпнұсқасын баспагер Л.Теобольд сюжетін пайдаланғаны үшін жасырды деген де болжам бар.

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *