ШЫБЫН, немесе Араның философиясы

226Батыс елдерінде АҚШ, англиялықтармен салыстырғанда, германиялықтар жарна алып-сатуға онша құлықты емес. Немістердің 7 пайызы ғана жарна алып-сатумен шұғылданады екен. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 25 пайыз, Англияда 23 пайызды құрайды. Бұдан байқайтынымыз, немістер тосыннан байып шыға келудей қиялға онша үйір емес.  Бұның себебін Германияның мемлекет моделінен іздеуімізге әбден болады. Аталған елде қоғамдық қамсыздандыру түзімінің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл елде қоғамдық қамсыздандыру азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі, білім алу, медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамтамасыз ету, т.б. салаларды толықтай қамтитын етіп жасалған. Айталық, АҚШ-та әрбір отбасы шығынының 45 пайызы зейнетақымен өтелетін болса, Германияда бұл сан 85 пайызын құрайды.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Мұндай жоғары зейнетақымен қам­дауға қол жеткізу үшін немістер айлық кірістің басым бөлігін қоғамдық қамсыздандыру жүйесіне беруге бар. Олар айлық кірістің 14 пайызын медициналық сақтандыруға, 19 пайызын зейнетақы қорына, 6 пайызын жұмыссыздықтан сақтану қорына, т.б. аударады. Осы себепті қарапайым германиялықтардың қолында жарна сатып алатындай артық ақша бола бермейді. Мәселенің түйіні де осындай.  Бұл елде санаулы ғана ірі кәсіпорындарды айтпағанда, орта және шағын кәсіпкерлік ел экономикасының 99 пайызын ұстайды. Халықтың 70 пайызы осы салада қызмет етеді. Жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Немістер мемлекет моделін, экономиканың жан-тамырын осылай  ұзақ болашаққа негізделген, баянды дамуды қамтамасыз ететіндей етіп құрған.

Мемлекет — жеке тұлға, отбасы және қоғамнан тұрады. Осы үш жақтың қатынасын дұрыс шешкенде ғана мемлекет машинасы белсенді жұмыс істейді. Егер, жоғарыдағы үштіктің қайбіреуінен ақау шықса, ол түптің-түбінде мемлекет машинасының аяқ алысына оралғы болады, тіпті, мемлекеттілікке қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан, мемлекет моделі жоғарыдағы үш жақтың қатынасын қайткенде икемді шешуге болады деген сұраққа жауап негізінде жасалады. Бұл сұраққа немістер жоғарыдағыдай қоғамдық қамсыздандыру жүйесі арқылы жауап берген. Мұнда реттілік пен тәртіп, оны қадағалайтын табандылықтың басты рөл ойнап тұрғанын ауңғару қиын емес. Ал, бұл ұстаным мемлекеттік деңгейде қабыл алынып, үстемдік құрған ортада ұрыншақтыққа, айталық, тосыннан байып шыға келу қиялына жақын жарна алыпсатарлығы сияқты қызбалыққа орын жоқ. Осындай елдік философияның арқасында 2009 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысы кезінде бүкіл Еуроодақ экономикасы кері шегінген жағдайда, Германия бүкіл бір құрлық жүгін жалғыз арқалап, аталған өңір экономикасын дағдарыстан алып шықты.

АҚШ ғалымы К.Уикер «Қоғамдық ынтымақтастықтың ішкі заңдылықтары» еңбегінде мынадай сынақ жүргізген. Ғалым аузы кең құтыға алты ара мен алты шыбынды қамап, құмыраның түбін жарық түсіп тұрған терезеге қаратып қояды. Сонда көп өтпей логикасыз тіршілік ететін шыбындардың бәрі анда бір, мында бір соғылып жүріп құмыраның ашық аузынан шығып кеткен де, аралар құтыда қалып қойған.  Аралардың қалып қоятын себебі, олардың бәрі жарыққа қарай — құтының түбіне ұмытыла берген де, басқа жақтан шығар жол іздемеген. Бұдан ғалым «Жұмыс өнімділігі жағынан шыбындар ешқашанда аралардың алдын орай алмайды,  шыбындардың жолы жоғары­дағыдай табиғаттан тысқары жағдайда ғана болады. Бұл мыңда бір кезігетін сәттілік қана. Ал аралардың жеңіліс табуы да сондай,  мыңнан бір кезігетін жағдай. Себебі, аралар үшін құмыра мүлде түсінік­сіз, өздерінің қоғамдық қатынасынан тысқары тұрған қайшылық. Бұдан түйеріміз, қоғамдық жұмыста реттілік пен тәртіпке құрылған табандылық қашанда басты рөл ойнайтын шешуші күш, ол жұмыс барысында кездесетін жаңа қайшы­лықтарды икемді шешіп отырса ғана болды, өз мақсатын жүзеге асырмай қоймайды», — деген қортынды шығарады.

Ара мен адамзаттың жұмыс істеу заңдылығында ұқсастық бар. Аралар сияқты немістер де реттілік пен тәртіпке құрылған табандылықты басты ұстаным ететін халық. Сондықтан да олар шыбын сияқты өмір сүрмейді. Ал біз ше? Кім болып өмір сүрудеміз? Біздің мемлекет моделіміз де батыс-еуропалық үлгіде құрылған. Француздардан өнеге алып, ағылшындардан үйренгенбіз. Бұл жағынан айтар сөз жоқ. Қалап алған осы модельді философиялық деңгейде игеріп, бүкіл­халықтық ұстанымға айналдыру қажет. Одан да маңыздысы, ара немесе шыбын болып өмір сүретінімізді түбірінен, анық шешіп алуымыз тиіс. Сонда ғана жүйемен өмір сүреміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close