Шоқ тілді Шона

2732Ақын, тілінен у тамшылаған сықақшы Шона Смаханұлы тірі болғанда 90 жасқа толар еді. Әдебиетсүйер қауым сатира сарбазының туғанына 90 жыл толуын атап өтуде.

Ш.Смаханұлы 1924 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы, Талас ауданы, «Ойық» ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін біраз жыл ауылдық мектептерде мұғалім болып қызмет атқарды.

1957 жылдан бастап «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттерінде, сатиралық «Ара» журналында қызмет етті. Мысал-сықақтары 1963 жылдан бастап баспасөз бетінде жариялана бастады.

«Тотяйын», «Шимайбек», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа» және басқа ондаған кітаптардың авторы. Алматы қаласында Ш.Смаханұлы атындағы көше бар.

 

ҚОМАҒАЙ СӨЗДЕР

(Дүниеқоңыздың арманы) 

Ұрғылап ұта берсем,

Жұмарлап жұта берсем,

Қатыр-құтыр шайнасам,

Тоқсан табаққа тоймасам,

Жапырақтай жалмасам,

Әбжыландай арбасам,

Үй деген соң үйе берсем,

Қос-қосынан кие берсем,

Қаптап алсам,

Топтап алсам,

Кеміре берсем,

Жеміре берсем,

Сіміре берсем,

Семіре берсем.

Бәрін өзіме,

Нәрін өзіме

«Әкел! Әкел!» деп,

Еміне берсем.

Түйені түгімен жұтсам –

Қақалмасам.

Түк болмағандай:

Қақаңдасам.

Таласа қалса,

Тартып алсам,

Жанаса қалса,

Қарпып қалсам,

Пара берсе,

Ала берсем,

Емізікше

Сора берсем.

Ортан жілікті

Опыра жесем,

Шайқап-төгіп

Сапыра ішсем,

Қойны-қоншыма

Қымқыра берсем,

Ышқырыма дейін

Жымқыра берсем,

Айналамды

Айпап-жайпасам,

Көл суын да шайқасам,

Мен жұтқанда,

Оппадай обып жатқанда

Өзгелер

Өртене қызғанып,

Тамсана қараса.

Таласа-тармаса

Жұғынын ғана

Жаласа!…

 

* * *

Болса сөзі одағай,

Болса өзі қомағай,

Күдікпенен қарайық,

Сілкіп-сілкіп алайық!

 

ЖЕМПІРЛІ КЕМПІРЛЕР

Тербетіліп келеміз автобуста,

Әжейлер де бар екен сөзге ұста,

Әрқайсысы келінін мақтап отыр,

Сөз аяғын ұзартпай, қысқа-қысқа:

– Менің келінім –

Көнтерілі, көнімпаз.

– Менің келінім

Ақкөңіл де сенімпаз.

– Өз келінім

Кір-піріңнен жерімпаз.

– Менің келінім

Бес «күшік» туып берді,

Енді менде арман жоқ.

Басқалардай

Екеумен қатып қалған жоқ.

– Менің келінім –

Жезтаңдай әнші, құскөмей.

Алатыны да аз емес,

Қол ауыртып істемей.

«Мәһәббат!» «Мәһәббәт!» –

Деп шырқағанда мақамдап,

Баламның беті сызданып,

Қалатыны бар қызғанып…

Мақтай отырып келіндерін,

Сылп еткізіп қояды еріндерін…

Әжелер-ау, – деді Елпекбай, –

Сұрауға отыр ем жөн таппай,

Бөлке нанды бір-бір қап

Алғаныңыз қалай арқалап?..

Үстінде әсем жемпірлер

Бетін шымшыды кемпірлер:

– Өнер-пөнер дегенде

Келіндеріміздің теңі жоқ.

Нан пісіруге келгенде,

Сәл-пәл…

Қолдарының ебі жоқ.

 

ЖАЗЫЛМАҒАН ҚАҒИДА

Сын керек

«Сын керек» дейміз

Даусымыз қарлыққанша,

Төрт аяқтан

Барлыққанша.

Сын айтқанды бетке,

Келтіріп «ретке»,

Тебеміз шетке.

 

Атжалман адвокат

Бидай ұрлап соқыр тышқан,

Сотқа түсіп, сорлап қалды.

Атжалман адвокат еді,

Амалын тауып қорғап қалды.

 

Аю-бастық

Аю-бастық қызметке,

Алмай қойды кірпіні.

Көзімізді бұ шіркін,

Шығарар деп бір күні.

 

«Қамқорлық»

Қарауына қызметке

Бара қалса жас кадр,

«Шикісің» деп маңдайын

Тигізеді тасқа бір.

 

Бір түйді де құйрыққа,

Қуып шықты Досанды.

Жазды сосын бұйрыққа:

«Өз еркімен босанды».

 

Нан-тұз

Нан-тұзыңды ойласаң,

Сынағанды қоясың.

Сынағанды қоймасаң,

Қызметтен таясың.

 

Сот залында

Соттайтын да,

Ақтайтын да – Судья.

Заң білмесе,

Заседатель – су ми, ә?

 

Сүйеу

Сүйеуі жоқ –

Тепектейді пешкідей.

Сүйеуі көп –

Орнығады бөшкідей.

 

Қызметке алудың бес сатысы

Бірінші рет – тумаларын, бауырын,

Екінші рет – жерлестердің тәуірін.

Үшінші рет – дос-жаранын, қауымын.

Төртінші рет – коңырауларды ескерер,

Бесіншінің – «іскерлігін» тексерер.

 

Көмілген даңқ

Алжыған бір барыс

Өлерде

Жалпыға,

Сеніммен айтыпты:

«Дақ түспес даңқыма».

«Тіріңде тырнағың

Батты ғой көпке!» деп,

Сыпырып терісін

Жерледі тепкілеп.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *