Шоқ пен шер

%d0%ba%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bc%d0%b1%d0%b5%d0%baФранцияның  Монте-Карло  қаласында  өткен  халықаралық  фестива­льде  балаларға  арналған кинотуындылар  арасынан   бас жүлде –  «Күміс  Ним­фа» сыйлығын жеңіп  ал­ған кинорежиссер Қаным­бек  Қасымбеков туралы бір үзік сыр

***

Оны сонау Мәскеуде  оқып  жүрген шағында  «Кано» деп атап  кетіпті. Ел-жұрт содан бері  біреулері  «Кано», енді бірі «Хано» деп атайтын болды.  Біздерге Қанымбектің  өзінен бұрын  даңқы  дүрілдеп жетті. Ол өзінің  алғашқы  шығар­масымен-ақ  бірден жарқ етіп танылды. «Шоқ пен Шер»  атты  то­лық­метражды  көркем фи­льмі  1972 жылы  Франция­ның  Монте-Карло  қала­сында  өткен  халықаралық  фестивальде  бала­ларға  арналған кинотуын­ды­лар  бәйгесінде   бас жүлде –  «Күміс  Нимфа» сыйлығын жеңіп  алды. Ол кезде шет  елден  мұндай  дәрежелі  сыйлық алу – қияметтің  қияметі, нағыз  топ жарған талант­тарға  ғана бері­летін.  Осын­дай табысы үшін  ки­­но­­­режиссер Қаным­бек  Қасым­бековке  Қазақ­стан Ленин комсомолы  сыйлы­ғының  лауреаты  атағы берілді.  «Шоқ пен Шер» фильмі  1972 жылы  Таш­кент кинофес­тивалінде  КСРО Кинематогра­фистер  ода­ғының жүлдесіне  ие болды.

 

Қанымбек Алматыдағы №12 мектепті  бітірген соң, Бүкілодақ­тық  мемлекеттік  кинематогра­фистер  инс­титутына  түсіп,  КСРО  Халық артистері  – кино­режиссер  Г.Н.Чухрайдың және  профессор В.В.Бе­локуровтың  шеберха­на­сында дәріс алып, 1969 жылы  тә­мамдап  келген кәсіби талант еді. «Сен 12-ге  толғанда» фильмі  1978 жылы  Бакуде  өткен Бү­кілодақтық кинофес­ти­вальде  арнаулы жүлде  алды.

Қанымбек  Қасымбеков  жайлы  қазақтың атақты кинорежиссері  Абдолла  Қарсақбаев аса  ілтипат­пен, зор үмітпен  атайтын. Бірде Жамбыл  ауылындағы  Ба­зарбек  Мұсаев  деген  аға­мыздың  үйінде  Олжас  Сүлейменов, Кененбай  Қожабеков, Абдолла  Қар­сақбаев  ағаларымыз  кең-мол отырып, қонақ болға­ны бар. Ол  кезде біз  әскер­ден жаңа келген жас жігітпіз. Қиыр Шығыста  бірге болған әс­кери досым  Ерлан Игіліков  екеуміз  тік  тұрып,  қызмет  етіп жүрдік.

Сонда  қонақта  отыр­ғандарға  Абдолла Қарсақ­баев  ағамыз:

– Қазақ киносына  Қа­нымбек  Қасымбековтей  аса дарынды, жас талант  келді. Бұл біздің  кино өнерін биікке  көтеретін  режиссер  болады, – деп  қайта-қайта  айтып отырды.

– Кано – Мәскеудің түлегі,  ұстаздары  мықты,  көрген тәжі­ри­бесі мол, – деп  Олжас қош­тады.

– Даңқты көтере алса  жақсы. Ырду-дырдумен өмі­рін  өткізіп  алмаса  десеңші, – деп  атақты  артисіміз  Кененбай Қожабеков  аға­мыз да  өз ойын  білдірді.

Содан  біраз  жыл  Кано Қасымбеков­тен  көз жазып  қал­дық. Балалар жайлы  түсіріп жүргенімен,  алғашқы биігіне  көтеріле  алмай-ақ қойды.

Жамбыл атамыздың  150 жыл­дық  ме­рей­тойына  бір жылдай  қалғанда  Ұзын­ағаштағы  үйіме өзі  іздеп  келіпті.  Қона жатып пікір­лесіп, әңгімелестік.  Сырттай  жұ­пыны  ғана  көрінетін  Кано  ағам  кино, әдебиет, өнер жайлы  ағы­лып, төгіліп  сөйлейді, сонау  Мәс­кеудегі  аты аңызға  айналған  кинорежиссер, артис­термен  қалай  қоян-қолтық  араласқаны,  бізге  беймәлім  жағдайлары жайлы  қызық-қызық әңгімелер айтады.

Ол маған келген шаруасын былай  түсіндірді:

– Мен мына  Суықтөбенің  бау­райын­дағы  Шиен ауылында  тудым. Жастай  Алматыға, одан Ресейге оқу  іздеп  кеттім. Ендігі  арманым – Жамбыл атам жайлы  фильм  түсірсем бе деймін. Соған сен көмектеседі деп  арнайы  келдім, – деді.

Ертесіне Жамбыл ата  мав­золейіне  тағзым жасап, Құран оқыттық. Қарақыстақ ауылында  тұратын  белгілі  балалар жазу­шы­сы,  шежіреші  Мұхаметжан Етек­баев  ағамыздың  үйіне  іздеп  бар­дық. Не керек,  сол  жазда  үшеу­міз  Жамбыл ата жүрген, таңға­жайып өлең-жырларын  шығарған жерлерді араладық. Жамбыл атаны көрген, білген қариялармен әңгі­мелестік.

Қанымбек Жамбыл ата жайлы кітап, естелік деректердің бәрін оқып, зерделеп, сұрақтарына жауап іздеп, ауданды көп аралады.

– Екеуіңіз Жамбыл ата жайлы сценарий жазыңыздар,– деп бізге  ұсыныс айтқанда бірден қарсы болдық. Өйткені, бұдан бұрын  өмірі сценарий жазбағанбыз, әрі ұлы ақын жайлы жазу – өте жауапты іс. Ақыры үше­уміз сол кездегі Қазақстан Премьер-Минист­рінің орынбасары, белгілі ғалым-филолог Мырзатай Жолдас­бековтің қабылдауына келдік.

Ол кісі бізді көп күттірмей қабылдады. «Жақсының алды кең жайлау» демекші, біздерді алдымен тыңдап алды.

– Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойына дейін ұлы ақын жайлы көркем суретті фильм  түсірілсе деген ұсынысымыз бар, – дедік біз.

Мырзатай аға тұңғиық терең білімпаз, парасат  иесі ғой. Жамбыл және оның ақындық тө­ңірегі жай­лы біраз қы­зықты әңгіме шерт­кеніне, бұрынғы аузы  дуалы ше­шендердей  мақал-мәтел­дермен   тұздық­тап, төгілт­кеніне  керемет разы болдым.

– Бұл нағыз ойланатын шаруа екен. Абыз атамыз жайлы кино түсіруді кезінде Шәкен Айманов қолға алған еді. Мүмкін біз Жәкеңдей дана да дара тұлғаның дархан жастық шақ, албырт  кезеңін көр­сететін туынды түсірерміз, – деп Мырзекең өз ойын айтты.

Ойды ой қозғайды ғой. Ақыры Мырзатай Жолдас­беков ағамыз сценарийін жазып, Қанымбек Қасым­беков Жам­былдың жастық шағы жайлы фильмді түсіруді бастап кетті.

Бір күні тағы мені іздеп келіпті.

– Мені облыс әкіміне кіргіз. Фильмді түсіруге көп кедергі болып жатыр, – дейді. Алматы облысы­ның әкімі Серік Үмбетов ертеңіне бізді бірден қа­былдады да,  кино түсіруге барлық жағ­дайын жасауға көмектесті.

Фильмдегі  басты  рөлдерге – қатары­нан  суырылып алға шыққан  айтыс ақыны  Мұха­метжан Таза­беков пен жұл­дыздай жарқыраған жас талант  Ақан Әбдуә­лиевтерді шақырды. Ұлы Жамбылдың өрттей ла­пылдаған жастық шағы жайлы  фильм  көрермендерінен  өз бағасын алды.

Бір күні  маған  Қанымбек  ағам  телефон  шалды:

– Қарасай  батыр жайлы  тү­сірсем, қандай  материал, дерек  кітаптарың бар, дайындап  қой­шы, – деді  де   кітап  музейіне  келіп,  мен­дегі бар  жиған-терген  архивті көтеріп  алып кетті.

Бірде жұмыс бабымен  Аста­наға  бар­ғанымда,  сол кезде  Пре­зидент аппара­тында  жауапты  қызметте істейтін Арыс­танбек  Мұхамедиұлы  кездесіп қалып:

– Аға, бірге түстенейік, ақылдасар бір шаруа  бар, – деді. Уәделескен жерге барсам,  Арыс­танбектің жанында Қаным­бек  ағам отыр. Арыстанбек Мұхаме­диұлы нағыз өнер үшін  туған  туматалант, асыл қасиетті жан ғой. Бұл кісі  Кано ағамызға  қашан да  көп  көмектесіп, қолұшын беріп жүрді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші,  кино­режиссер  Қаным­бектің  өзі Атымтайдай жомарт, даладай  дархан  А.Мұхамедиұлы  жайлы  шын ықы­ласымен разы болып, алғысын жаудырып жүретін.

– Мына Кано ағам  Жамбыл  жайлы  көркем фильмін цифрла­тып, кассетасын дайындап, сосын теледидарға  лайықтап,  қайта  көр­кемдеп,  бірнеше  серия жасасам  ба деп  ұсыныс айтып жатыр. Басқа да ұсыныс-тілектеріне қолдан келген­ше көмек беріп жатырмыз, –деді.

Кано ағамның  Жамбыл  ата­мызға деген  сезімі,  ойы  ғажап еді!

Қ.Қасымбеков шығармашы­лығын  тал­дап қарасақ,  ол негізінде  балалар  жай­лы  тү­сіреді екен. Өзі де  баладай аңқыл­даған, аңқау, мына өмірге  бейімделе  алмай-ақ өткен  талант.

«Қызыл отау» (1982), «Ұш, тырнашым, ұш» (1985), «Соңғы  түлкі» (1989), «Қош­тасқым  келмейді» (1991), «Саған  күшік  керек  пе?» (2003) атты  көркем  фильмдерді  экранға  шығарды.

Қанымбек  ағамыз   бораны  ақ­пан­дат­қан  ақпан  айында  дүниеге келіпті. Міне, осынау бар өмірін  ки­но­өнеріне арнаған айту­лы  ки­но­­режиссер Қанымбек  тірі болғанда  биыл жетпіс беске келер еді.

Аспан таулар  алыстаған  сайын  ас­қақтай  түседі. Күні  кеше  өзі  ұстаз сана­ған Кенен­бай Қожабе­ков, Абдолла  Қар­сақбаев, Қа­сым Жәкібаев секілді кино өнерінің  кори­фейлері  артынан  Ол  да  мәңгілікке  аттан­ды.

Осы киноның айтулы төрт дарыны: Кененбай, Абдолла, Қасым, Қанымбек  төртеуі  бір жерде – біздің  ауылда  туып-өс­кен­дер.  Төртеуінің  де  мінездері  қы­зық, әпенді шалыс, өмірге  бейі­мі жоқ таза өнер­дің  адамдары  еді.

Кино өнері  барда өзіндік  із, соқпағы бар  Қанымбек  Қасым­беков  есімі  ұмы­тылмайды.

Қанымбек  жайлы  хикая  көп. Өте  көп-ақ…

 

Нағашыбек  ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *