ӘШІРБЕК СЫҒАЙ ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАҒАН ЕДІ

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ұзақ жылдық журналис­тік қызметте қазақтың талай танымал тұлға­ларымен кез­десіп, сұхбат­тасудың сәті түсті. Олар­дың біразы мақала газет бетінде жарық көргенде хабар­ласып, рахметін ай­тады. Енді біреулері еш­теңе болма­ғандай тым-тырыс қалып, жолыққан кезде аты-жөніңді де дұрыс айта алмай шатас­тырып жатады. Мақала жазсақ, газеттің абыройы үшін, күн­делікті атқаратын міндетіміз, 55мақтап жаздым екен деп соңы­нан жүгіру қанда жоқ қасиет болғандықтан, ондай сәттерді ескермей жүре береміз. Ал, танымал театр сыншысы Әшірбек Сығайдың орны бөлек еді. Газет-журнал бетінде жарық көрген мақа­лаларды қалт жібермей қада­ғалап оқитын. Өзі туралы жа­зылған мақаланың авторына телефон шалып хабар­ласып, немесе редакцияға арнайы келіп рахметін ай­татын. «Ақшамның» белсенді авторы, тұрақты оқыр­маны болған Әшірбек ағамыз үлкен басымен каби­нетке келіп, өткен-кет­кеннен қызықты әңгіме айтып, көңі­лімізді көтеріп тастайтын. Ол кісінің шаңырағында кең отырып сыр­ласып, «Әшекеңнің көгершіндері»,  «Әшірбек Сы­ғайдың Қазақстанда бармаған театры жоқ» сияқты, кездесу жиындары мен мерекелік кез­дерінен жазған көптеген мақа­ла газет бетінде жарық көрді. 

2013 жылы желтоқсанның 31-і күні Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайындағы Созақ ауданы әкімінің жаңажылдық шыршасына арнайы шақырумен бардым. Кешкілік мезгілде қара суық күшейіп, сыртта шырша жанындағы салтанатты жиын аяқталған соң аудан басшыларымен бірге жылы жерге кіріп, ыстық шай ішіп, бой жылытып отырдық. Осы кезде қалта телефоныма қоңырау келіп түсті. Құлағыма тосқанда арғы жақтан Әшірбек Сығайдың ашық-жарқын даусы саңқылдап естіліп тұрды. Театр табиғатын, әртістердің сахнада сөйлеу мәнерін жетік меңгерген Әшірбек аға: «Ұлы мәртебелі Өтекеңді Жаңа жыл мерекесімен құттықтау бақытына ие болғанымды өзіме үлкен құрмет санаймын. Жаңа жыл жаңа бақыт алып келсін, ең бастысы, шығармашылық табыс, мықты денсаулық тілеймін! Жаңа жыл мерекесімен құттықтаушы пақыр ағаң Әшірбек Сығай деп білерсің!» — деген сөздері қасымдағыларға да анық естіліп тұрды. «Әшірбек аға, сізге көп рахмет! Бірақ, мен пақыр болайын да, сіз ұлы мәртебелі болыңыз! Жаңа жылда Созақ ауданының құрметті азаматы атанып, қуанып отырғанда сіздің мына құттықтауыңыз керемет болды» деген сөздерді айттым. «Бәсе, өміріңде бір жаңалықтың болғанын мына пақыр ағаң сезген екен. Айналайың, сенің бар қуанышыңа ортақ­пын. Аман бол, аман болсаң жаман болмайтыныңа сенемін!» — деген Әшірбек ағаның асығыс екенін, менен басқа да Жаңа жыл мерекесімен құттықтайтын адамдары жетерлік екенін сездім. Әшірбек ағаның көңіліндегі жақын адамдардың тізіміне енгенім асып-тасыған көңілімді аудан басшылары алдында  одан сайын биіктетіп жіберді. «Қанша дегенмен, ол кісінің жасы үлкен, абырой-атағы да жетерлік, неге бірінші болып Жаңа жыл мерекесімен құттықтамадым? Қай жақыным Жаңа жыл мерекесімен құттықтап жатыр? Қап, келесі жылы Жаңа жылда ерте бастан Әшірбек ағаны құттықтамасам ба?» деген ой түйдім.

Көтеріңкі көңіл күймен отырғанда Асқар Сүлейменовтің Созақтағы Разық досы еске түсті. Асекең ауылға келген сайын Разықты тауып алатын. Рекеңнің салмағы 150 кило, оның қасында Асекең 50 кило, екеуі көшеде қызу әңгімелесіп келе жатқанын талай көргенмін. Рекең табысы мол жерде — «Быткомбинат» директоры, «Заправка» мен азық-түлік дүкенінің меңгерушісі   сияқты басшылық қызмет атқарды.  Разық ағамыз демалыс алған сайын: «Алматыға, Асқарға кеттім!» — дейтін. «Разық айтты» деген қалжың әңгімелерді жерлестері әлі күнге жыр етіп айтады. Сол Разық ағамыз қонаққа шақырған үйдің телефонын әйелі мен балаларына беріп: «Сендер соңымнан телефон шалып, іздеу салып тұрыңдар. Ертеңгі жұмыс естен шығып, ұзаққа сілтеп жіберуім мүмкін», — дейтін көрінеді. Қонақта отырып, әңгіме-дүкен қызған шақта телефон шырылдап, Рекеңді шақырады. Разық орнынан қомпаңдап тұрып, ұзақ сөйлеседі. Қайтып келіп отырып, ішіп-жемге кіріскен  кезде тағы да телефонға шақырып, орынан тұрып кетеді. Қайтып келіп отырғанда қасындағы қонақтар мен үй иесі: «Реке, сізге телефон маза бермеді ғой?» — деп сұрағанда: «Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы мен атқару комитетінің төрағасы ғой. Аптаның соңында болатын бюроның шаруасымен  ақылдасып жатыр», — дейді екен. Үй иелері мен өзге қонақтар аудан басшылары қайта-қайта телефон шалып, «ақылдасқан» Разыққа ілтипат көрсетіп: «Реке, алыңыз, ішіңіз!» — деп жылы-жұмсақты алдына сырып қояды екен. Азық-түлік дүкенінде тұрғанда ауылдасы үлкен сегін семіртіп, оқуға қалаға баратын баласына қаражат етіп бермек болып Разыққа келеді. «Мына сектің қоңы келісті, высший сортқа өткізіп, пұл етіп бер!» — деп өтініш айтады. Сол кезде Разық: «Мен өзім средныйге әзер жатамын. Сенің сегіңді қалайша высшийге қабылдаймын?» деп төмендетіп алған көрінеді.

… Келесі жылы 2014-тің соңында Жаңа жылды күтіп жүргенде Әшірбек Сығайды құттықтауды тағдыр жазбады. Қазақтың аяулы азаматы, руханият  әлемінің жарық жұлдызы Әшірбек Сығай күтпеген жерден өмірден өтіп кетті. Жаңа жыл таянған сайын Әшірбек ағаның құттықтаған сәтін сағынышпен еске алатын болдым.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close