Шежіре-шешен домбыра

Шежіре-шешен домбыра

 

Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын.

(Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 12 маусымындағы Жарлығынан).

 

Орысбай Әбділдаұлы,

ҚР мәдениет қайраткері

 

Шешендігің бір төбе,

Көсемдігің бір төбе.

Өртейсің-ау өн бойды,

Өрт қойғандай білтеге.

 

Абыздығың анық-ты,

Нағыздығың анық-ты.

Күмбірлеген шанағың,

Ғасыр үнін танытты.

 

Сыршылдығың ежелден,

Жыршылдығың ежелден.

Жібітпесең жанымды,

Жан-жағымды сезер ме ем.

 

***

Атойлаған батылдым,

Аңыраған күйрегім.

Абыздардай ақылдым,

Дуадақтай сирегім.

 

Дулығалы батырым,

Сәукелелі аруым.

Мың қараға татырым,

Алтын тамыр дәруім.

 

Нәурізектей нәзігім,

Емендейін берігім.

Жан тоғайтар азығым,

Сезім, күйім, серігім.

 

***

Нұр себелеп сезімге,

Көтерерім еңсемді.

Алай-дүлей кезімде,

Көңіл-күйім өлшенді.

 

Қанат дерсің кәдімгі,

Қолтығыңа бітетін.

Алшаңдатып адымды,

Жаныңды дүбірлететін.

 

Көкке сермеп көңілің,

Дүние қызық көрінер.

Өзгеше боп өмірің,

Күн шуағы төгілер.

 

***

Жорғадайын тайпалған,

Су төгілмес тегінде.

Қырандығы байқалған,

Құс сияқты көгінде.

 

Бұлбұл көмей бүлкілдеп,

Құлақ құрышын қандырып.

Жыраулардан біртіндеп,

Жетіп жатыр жаңғырық.

 

Қос ішектен дүбірлеп,

Арғымақтар алқынар.

Заманалар күбірлеп,

Шағалалар шарқ ұрар.

 

***

Жібек желдей есілген,

Есіл үнің ерен-ді.

Кетпейтұғын есіңнен,

Күрсінісің терең-ді.

 

Керуен көшіп, тізіліп,

Көз алдыдан өткендей.

Қыз-келіндер сызылып,

Иіліп сәлем еткендей.

 

Ыңыранған нар демі,

Құлаққа кеп жеткендей.

Тандыры кепкен жердегі,

Қара өзен тасып кеткендей.

 

***

Сызылғанда – сыбызғы,

Қоңырласа – қобызың.

Шабыттанса – үні ізгі,

Күңіренсе – абызың.

 

Арындаса – арғымақ,

Шапқыласа – құлындай.

Сыбдырлайды бал-құрақ,

Бұлғақтайды бұрымдай.

 

Балқытады наз үні,

Шалқытады шабытты.

Алтын ойдың қазығы,

Ақжарма сыр ағытты.

 

***

Зымыраған ой көші,

Шежірелер шеруі.

Даналардың кеудесі,

Ұсталардың көрігі.

 

Ару қыздай үкілі,

Нар жігіттей айбынды.

Жан-жүректің лүпілі,

Жеңілдетер қайғыңды.

 

Сұлулықтың тұнбасы,

Ұлылықтың зердесі.

Жұлдыздардың сырласы,

Жылнамалар пернесі.

 

***

 

Тұяғындай арғымақтың дүбірлеген

 

Домбыра, ғажапсың-ау күмбірлеген,

Тұяғындай арғымақтың дүбірлеген.

Қос ішек бір тынбастан ішін тартып,

Қазаққа жарасымды жырды берген.

 

Көрдің сен жақсы менен жаманды да,

Байқадың адам менен наданды да.

Қорғасын құйса-дағы көмейіңе,

Қаймықпай бетке айттың қадалдың да.

 

Ақсаған киіктерді қорғай білдің,

Ән салған бозторғайды қолдай білдің.

Жарасқан қос аққуды табыстырып,

Махаббат құдіретін толғай білдің.

 

Домбыра, кір шалмасын нәзік жаның,

Жүрекке жылу берген әсем әнің.

Бабалар төрге іліп қастерлеген,

Ұлттың пірі өзіңсің нағыз қаным!

 

Серікқали ҚАЛДЫБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *