Үшеуін бөле жармасақ…

Осыдан төрт ай бұрын «Алматы ақшамында» (№70, 6.06.2019 ж.) осындай тақырыпта «Нөмірдің ұсынысы» айдарымен шағын мақала жарияланды. Онда былай делінген:

Қазақта «алты арыс», «бес арыс», «үш арыс» деген қалып­тасқан ұғым бар. Бұл атауларды мезгіл, ұлы мәр­тебелі уақыт өзі тудырды ма кім білсін, бірақ жа­ныңа өте жақын, қасиетті.

Әрине, ұлты­мыз­ға өлшеусіз еңбек сіңірген ұлы тұл­ғалардың басын белгілі бір сандық өлшемдерге сый­ғыза алмаймыз, алайда, оларды ұлықтап, қастер тұту үшін мұндай бейнелі сөздердің мағынасын жоққа да шығара алмай­сың.

Айтайын деге­німіз мынау еді:

Таяуда «Ал­маты ақшамына» көпті көрген көне­көз, кеудесі ақыл-дария бір ақсақал келді. Әңгіме барысында көп ой-ұсыныстар, пікірлер айтты. Ұлы­ларымызды ұлықтауда мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іргелі істерге ризашылық білдірілді. Дей­тұрғанмен де, кезінде солардың көбісіне пана болған Алаштың Алматысында оларға лайық құрмет көрсету өз жөнімен, ретімен жалғаса беруі қажет екендігі баса айтылды. Мәселен, бүгінде 125 жылдығы әр тұста өз деңгейінде аталып өтіп жатқан Сәкен, Ілияс, Бейімбетке келгенде қарияның айрықша толқу күйін кешкенін байқадық.

Өз атын атауды аса қажет көр­меген қария осы үш арыстың Ал­матыда бірге тұрған тұлғалары ес­керткіш болып орнатылса деген ұсы­нысы да көңілге қона кетті. Әсіресе, осындай тау тұлғалардың бейнелері көбіне өз туған топыра­ғында ғана тұрсын дейтін көзқарастан қашан арылаты­нымызды да айтып өтті ақсақал.

P.S. «Қазақтың ірілері-ай, Абайдың інілері-ай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет».

 Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған Мұратхан Егінбаевтың «Үш арыс» атты әніндегі осы бір дөп тауып айтылған өлең жолдары есімізге түсті. Шынында да, бір жылдың төлдері, көрген қияметі, тартқан азабы, тағдыры да ұқсас ұлылардың атын осылай ұлықтауға да болады ғой. Бәлкім, бұл да бір тәсіл, қазіргі тілмен айтқанда, дұрыс формат болар. Құдайдың өзі қисынын келтіріп тұр ғой. Әсіресе, табанының ізі қалған Алматының төріне табан тіреп, қасқайып тұрса, қанеки.

Үшеуін бөле жармасақ керек. Үшеуінің мерейтойын да Алматыда бөле жармай бірге атап өтсек, қазаққа керек бірлік осы емес пе!?

Айтпағымыз: таяуда Нұр-Сұл­танда өткен «Менің тілім – ұлы дала рухы» атты қалалық тіл фести­валінде қала әкімінің орын­басары Бақтияр Мәкен «…Биыл жазушы­лардың халықаралық жиыны өтті.

Соның аясында Абай даңғы­лында Жазушылар аллеясы ашылды. Сол жерде үш арыс – Сәкен Сей­фуллин, Ілияс Жан­сүгіров, Бейімбет Май­линнің 125 жыл­дығына орай ес­керткіш орнатылады. Тұлғаларды ұлықтау үшін білім-ғылым ошақ­тарына белгілі қайраткерлердің есімін беруді жалғас­тырамыз» депті («Айқын», 2.10.2019).

Одан әрі ескерткіштің қандай сипатта болуы жөніндегі әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбайдың ұсыныстары беріліпті. Әрине, мәселе мұндай ұсынысты кімнің бірінші болып айтқанында емес, ең бастысы, оның билік тарапынан қабыл­дануында ғой. Ескерт­кіштің Елордамызда еңселі болып орнаты­латынына бек қуаныш­тымыз.

Тұлғалар тұғырдан түспесін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close