«ШЕТСІЗ ҚАЛА» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

Әр аудан – мегаполистің айнасына айналуы тиіс

Мәншүк БЕКБОСЫН

Мәселенің мәнін түсіндіріп көрейік

Алматы қаласының әкімі болып тағайындалған Бақытжан Сағынтаев соңғы 10—15 күннің ішінде мегаполис­тегі бірқатар басқармалардың, аудан­дардың  жұмысымен танысып, жоспар­ларын тыңдап, нақты тапсырмалар беріп үлгерді. Бұл кездесулердің форматы да бөлек, өткізілуі де өзгеше болды. Белгілі болғандай, шаһардың жаңа әкімі мега­полисті жаңа бағыт, жаңа бағдармен жаңғыртпақшы. Дәлірек айтқанда, Түрксіб, Наурызбай, Бостандық аудан­дарының әлеуметтік-экономи­калық жағдайымен танысқан ол Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масына сәйкес қаланы дамыту «Шетсіз қала» қағидаты бойынша жүргізілетінін атап өтті. Алматының ендігі даму бағдары төңірегінде атқа­рылатын жұмыстар қандай? «Шетсіз қала» тұжырымдамасы нені көздейді? Онда бұл мәселенің мәнін ашып, түсіндіріп көрейік.

Соңғы жылдары қала билігі бар назарын қалаға, оның орталық бөлігіне аударып келді. Мұны бір есептен дұрыс үдеріс деп бағалауға болатын шығар. Өйткені, қала – адамзат өркениетінің жетістігі. Қала адамды ширатады, дамуға қарай бастайды. «Қала адамдар үшін» тұжырымдамасы аясында қала тұрғындарының еркін қыдырып, тыныстауы үшін қоғамдық кеңістік барынша кеңейтілді. Аулалар, субұр­қақтар, жүгіруге арналған алаңдар, велосипед жолдары көптеп салынды. Мегаполистің орталығын абаттан­дырып, айшықты қалаға айналдыру, инновациялық тәсілдерді қолданып, инфрақұрылымды жаңарту, адамдардың игілігі үшін «ақылды» технологияларды көптеп енгізу дамудың бұлжымас бағдары болды. Бір сөзбен айтқанда, жылдан-жылға аумағы кеңейіп, тотыдай таранған бүгінгі Алматының  келбетіне көз тояды. Ал жаңа басшының «Шетсіз қала» атты  тұжырымдамасы мегапо­листегі әр ауданның орталықтанды­рылып, маңайы қажетті инфрақұры­лымдарға қолжетімді болуын міндет­тейді.

Бұл өз кезегінде халықтың қала орталығына қарай сабылуын саябырсытуға септігін тигізетін көрінеді. Тұжырымдамаға сәйкес, қаладағы кез-келген ауданның табалдырығын аттағаннан-ақ «қызу тірлік осында ма дерсің?» деген ой келу керек.  Бұл ретте шаһар басшысы қаладағы кез-келген аудан кішкене қалашыққа ұқсайтын болу керектігін назарға алып, ол мекеннің көзтартар келбеті, мұнтаздай тазалығы, шап-шағын, жып-жинақы, бірінен-бірі өтетін әсем үйлерімен ерекше болу керектігін басшылыққа алуды тапсырды. Яғни шеткі аудандар мен қаланың орталығын жақындастырудың өзіндік бір тәсілі бұл. Елімізде осы бір жақсы тәжірибені жаңа қырынан түлетудің кезегі енді келген секілді. Мұны мегаполистің жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаев қолға алмақ.

Өтірік емес, Алматыда әлеуметтік шектеулі «перифериялық» аудандар әлі де бар. Алматының шынайы әлеуметтік бейнесін көргіңіз келсе, Түрксібке, жаңадан қалаға қосылған Наурызбай, Алатау аудан­дарына барыңыз.  Әсіресе, вокзал маңы, базарлардың айналасы – халықтың шынайы тұрмысына айқын. Мұнымен қоса, шеткі аудан тұрғындары­ның көбінде «қалалықтардың әл-ауқаты жақсы. Білім мен әлеуметтік жетістіктердің бәрі қол астында, игілігін көріп жүр. Бәсекеге қабілеттілігі де жоғары» дейтін сыңаржақ пікір басым.

Әлбетте, аудандар да  көркейіп, ондағы аулалар жөнделіп, жаңарып келетіні рас. Дегенмен, барлығы тамаша, еш кемшілі­гіміз жоқ деп айту орынсыз.

Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Сол сынды мегаполисті тұтас бір ағзаға теңеп, ондағы кейбір дерттердің қылаң беруіне мән бермесек, соңы ушық­қан құбылысқа айналары анық. Бұл ретте жаңа әкімнің бұл тұжырымдамасы қазіргі қоғам дертін тап басып, оның дауасын дәл тапқан игілікті құжат десек, артық айтқандық емес.

Алматы халқының саны күн санап, жыл санап артып келеді. Қала маңайындағы халықтың күнкөріс қамымен қалаға қатынап жұмыс істеуі мегаполистегі адам санының күрт артуына түрткі болуда. Ауылдан нәпақа іздеп ағылған халық Алматының іргесіндегі елді-мекендер мен ауылдарға қоныстанды. Бұрын-соңды бос жатқан жерлер әп-сәтте кішігірім елді-мекенге айналды. Нәтижесінде Алматының шекаралық аймағы кеңи түсіп, 2008 жылы Алатау ауданы ашылды. Мегаполистің керегесі 2014 жылы тағы бір кеңейді. Шаһарымыздың шекарасы ұлғайып, облыс есебінен қаламызға 23 мың 200 гектар жер телімі қосылды. Бұл аумақта 27 елді-мекен мен 100 мыңға жуық тұрғын бар болатын. Сөйтіп, бүгінде Алматыда барлығы сегіз аудан бар.

Жаңа аудандардың ірге көтеруі сол аймақтың тұрғындарына көптеген жағымды серпілістер әкелуге міндетті еді. Инфрақұрылымдар жүйеге келіп, жол, әлеуметтік нысандар пайда болу маңызды болатын. Жаңадан мәдени ошақтар, кәсіпорындар орналасып, көптеген қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуге тиіс-тін. Алайда, әлі күнге дейін бұл аудандарда бүк түсіп тұралап жатқан мәселе аз емес. Әлеуметтік нысан­дар аз, коммуникация мен инженерлік, көлік инфрақұрылымдары жаңалауды, қайта жасақтауды қажет етеді.

Қазір әлем халқының жартысы қалада өмір сүреді. Яғни мамандардың болжамы бойынша бұл пайыз өспесе, еш кемімейді. Болашақта әлемнің халқы қалада өмір сүреді деген болжам бар. Сол кезде халық әлеуметтік инфрақұрылым, су, газ, электр энергиясынан тапшылық көр­меуі керек. Қала өзіне тап болған жүкте­мені көтере алуға міндетті. Расымен «тәуір­леу өмір сүрем бе» деген оймен адамдар қалаға келеді. Бірақ қалаға келгенде не тұратын жері, не жұмысы болмайды. Сөйтіп, негізінен лақсасы шыққан лашық­тар жалдап, нан мен суға жететін жұмыс тауып, күйзеліске толы тіршіліктерін бастайды. Тіркеуі жоқ адамдар балаларын мектепке орналастырып, дәрігерге қарала алмайды. Алматыда коммуналдық және тұрмыстық қажеттіліктердің қарапайым түрі де жоқ мекендер бар. Сарапшылар бұл проблеманың жасырылған мина сияқты екенін айтады.

Естеріңізде болса, осыдан оншақты жыл бұрын «Бағанашыл», «Таусамалы», «Боралдай» елді-мекен­дерінде экстремистік пиғылдағы діни топтар теріс ағымды жасырын ұйым құрып, ірі көлемде қару-жарақ жинап, құқық қорғау органдарына қарсы шыққан еді. Тіпті, атыс барысында адамдар шығыны да орын алды. Кейіннен сараптама жүргізілгенде қала іргесінде орналасқан елді-мекендерге облыстық ішкі істер басқармасынан жеткілікті назар аударылмағаны, орын алған қылмыстық оқиғаларға Талдықорған қаласынан жедел жетудің қиындығы да бар екендігі анық­талды. Нәтижесінде шаһар маңайындағы шағын ауылдар мен саяжай кооператив­терінде қылмыстық әрекеттер өсіп кеткен еді.

Бұл ретте «Қаланың әр ауданы – мегапо­листің айнасына айналуы тиіс. Қаланың орталығы көріктендіру жағынан шет аудандарға қарағанда әлдеқайда ілгерілеп кеткені ащы да болса шындық. Сондықтан қалаға қосылған аудандар көштен қалмай, ауданның көрінісін көз тартарлықтай етіп өзгерту керек» деген қала басшысы алғашқы күннен бастап басты назарын аудандарды абаттандыру мен тазалық жұмыстарына аударғаны да сол үшін.

Тұрғындардың саны артқан сайын әр ауданның қолайлы әлеуметтік инфра­құрылымы болуы маңызды. Мегаполис болғандықтан қала бір ғана емес, бірнеше ауданнан тұратыны да содан. Яғни адамдар өз тұрағынан алысқа ұзамай, әлеуметтік-мәдени нысандардың жаяу жететіндей жақын орналасқанын қалайды. Бұған қоса, аулалардың аясын кеңейтіп, саябақтар мен гүлзарларды жайнатып қою да тұрғындарға жайлылық сыйлайды.

Қазіргі кейбір басшыларға елдің тыныс-тіршілігіне жақын болу, халықпен етене жақындасып, аралас-құралас болу жетіспейді. Мұны жоққа шығарған Бақыт­жан Сағынтаев Алматы қаласына әкім болып тағайындалған алғашқы күні-ақ: «Менің басты мақ­сатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақы­тылы жауап беру мен үшін өте маңызды» деген болатын. Біреу сырттан келіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарт­пайтыны анық. Сондықтан «елдің күші – селдің күші» демекші, қаланы, ондағы аудандарды көркейту үшін тұрғылықты халықтың қолдауы да қажет. Өйткені, «Шетсіз қала» тұжырым­дамасы халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға, әлеуметтік-эконо­микалық дамуға, жайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған.

Наурызбай ауданында болған сапа­рында «Шұғыла» ықшамауданында салы­нып жатқан тұрғын үй кешенін аралап, тұрғындармен көзбе-көз жүздесіп, тілдес­кен еді. Сонда тұрғындар аулаларын абаттандыру, балалар ойнайтын алаң керектігі туралы тілектерін білдірген болатын. Балаларға арналып қонды­рылған бұрынғы ойын құрылғыларының сапасыз­дығына шағым айтқан-ды. Сондай-ақ, «Таусамалы», «Ақжар», «Құра­мыс» шағын­аудандарының тұр­ғындары ауызсу азабын тартып отыр­ғанын жеткізген болатын. Жалпы, «Шұғыла» шағынауданын абаттан­дыру жұмыстары осы жылдың 1 тамызында аяқталады деп жоспар­ланып отыр. Сон­дай-ақ, ықшамауданды орталық газ жүйе­сіне қосу жұмысын қолға алған «Профит» ЖШС өкілдері де межеге 1 та­мызда жетуді көздеп отыр.

Ал Бостандық ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде Ерменсай, Реми­зовка, Ақтөбе, Бағанашыл, Нұрлытау, Алатау, Көкшоқы, Алма-Арасан, Жайлау ықшамаудандарының тұрғындарын таза әрі сапалы судың болмауы, электр жарығының кейде өшіп қалуы, газбен қамтудағы келеңсіздіктердің алаңдататыны айтылды. Әр ауданның жұртшылығы ауданның соңғы жылдары қордаланып қалған алуан түрлі проблемаларының оң шешілуі үшін ел басқаруда өмірлік мол тәжірибесі бар жаңа келген әкімнен зор үміт күтетіндерін жасырмады.

Алматының негізгі міндеті – қалалық­тар үшін өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі драйвер­лерінің бірі болып алдағы уақытта да қала беру. Ал халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған «Шетсіз қала» тұжырымдамасы алдағы уақытта сәтті іске асырылып, мол табыс­тарға қол жеткізетініне сенеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *