«ШЕТСІЗ ҚАЛА» БАҒДАРЛАМАСЫН БАҒЫТҚА АЛҒАН НАУРЫЗБАЙ

Әкім қозғаған мәселе — назарда

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолға алған әлеуметтік  бағдарламаларына байланысты  Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың барлық аудандарын  аралап,  аудандардағы кезек күттірмейтін мәселелерге мән берген болатын. Осыған орай әр аудандағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелердің шешімін табу қажеттілігі айтылып, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, қала  орталығынан шеткері аудандардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарына орталықтағыдай жағдайлар жасалуы тапсырылған болатын.  Біз осы тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын  білу мақсатында қаламыздың жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаев  бірінші болып  табан тіреген Наурызбай ауданы тұрғындары тарапынан  редакциямызға келіп түскен сауалдар  негізінде   аудан әкімі Санжар  Әділұлы Тоғаевпен жедел сұхбат жүргізген едік.

– Санжар Әділұлы, қала басшысымен жүздесу барысында  аудан тұрғындары бірқатар өзекті мәселелерді алға тартқан болатын.  Соның ішінде «Ақжар» ықшам­ауданы, Мамыр көшесінің тұрғын­дары  көшелеріне ауызсу жүргізуге және қалалық телефон мен интернет желісін жүргізуге көмектесуді  өтінген еді. Содан бері де бір айға жуықтап қалды, аталған мәселенің шешімі қалай болып жатыр?

– Өздеріңізге белгілі, ауданымыздың құрылғанына бес жыл ғана уақыт болды.  Осы бес жыл ішінде қыруар шаруалар тындырылып, аудан тұрғындарының қолайлы да жайлы өмір сүрулеріне қажетті жағдай­лардың барлығы жасалу үстінде. Дегенмен, сонша жылдан бері қордаланып қалған мәселелердің шешімін  аз ғана уақыт ішінде табу оңай шаруа болмаса керек.  Мүмкіндігінше, тұрғындардың тілек-өтінішіне қарай  тиісті шаруалар атқарылып жатыр. Қала әкімімен жүздесу барысында айтылған №1 мәселенің бірі ауызсу  болатын. Бұл ретте Наурызбай ауданын инженер­лік желілермен қамтамасыз ету үшін Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының тапсырысымен ұзындығы 107,5 шақырым су және 81,2 шақырым кәріз құбыры, Ақсай және Қарғалы өзендері арқылы 2 ірі су тоғанын салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта «Таусамалы», «Таужолы», «Шұғыла», «Құрамыс», «Тастыбұлақ», «Ақжар», «Құрамыс», «Қарғалы», «Қарағайлы», «Жайлау» шағынаудандары тұрғын­дарын да таза ауызсумен қамтамасыз ететін болады.

Қазіргі уақытта «Құрамыс», «Таужолы», «Ақжар», «Жайлау» шағынаудандарының жобалары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылып, қалған шағынаудандар бойынша жобалар сарапта­мадан өткізілуде. Егер де жобаларымыз бойынша құрылыс жұмыстары мемлекеттік сараптаманың оң шешімін алып, тиісті қаражат бөлінсе,  аталған мәселе­лер өз шешімін табады. Халықтың бұл мәсе­леге түсіністікпен қарағаны жөн.  Өйткені, бұл жұ­мыс­тар өте күрделі әрі біраз қаражат пен қажыр­лылықты қажет ететін шаруа. Дегенмен,  орталық­тандырылған су құбырынан ауызсу ішер күн алыс емес дегім келеді Оған қала басшысының «Шетсіз қала» бағдарла­масының да тигізер көмегі көп болмақ.

– Қазіргі көпшіліктің, әсіресе, көпбалалы және табысы төмен отбасыларын толғантып отырған мәселелердің бірі – атаулы әлеуметтік көмек екені белгілі. Біздің редакциямызға  «Таужолы» ықшам­ауданында тұратын көпбалалы анадан сұрақ келіп түскен еді. Ол кісінің бес баласы бар екен. Жолда­сының табысы аз, өзі жұмыссыз көрінеді.  Осы көпба­лалы  ананың  атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкін­дігі бар ма, ол үшін  қайда барып кеңес алуына болады?

–  Оныңыз рас, көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесі де  дәл қазіргі күннің күрделі, жауапты  міндеттерінің бірі болып тұр. Тиісті орындар  жүргізген  тексеру нәтижесінде жалған құжат тапсырып,  осы көмекті алған адамдар анықталып жатыр. Алматы қаласы бойынша   үш жүзге тарта отбасына тағайындалған атаулы әлеу­меттік көмектер кері қайтарылмақ. Сондықтан бұл жұмыста мамандардың жауапкершілігімен қатар, азаматтардың да  ар-ұяты бірінші орында болуы тиіс.  Жағдайың келіп тұрып, жаныңда жүрген жоқ-жітік­тің нәсібіне ортақтасу  деген  адамгершілікке жата қоймас. Ал енді бұл көмекті тағайындауға аудан әкімдігінің Әлеуметтік әл-ауқат  бөлімі жауапты. Бөлім  Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 5 мамырдағы №320 «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекет тарапынан ақшалай нысанда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек төленеді. Егер де  ол адам Алматы қаласының тұрақты тіркеуі бар тұрғыны болса, Наурызбай ауданы әкімі аппаратының Әлеуметтік әл-ауқат бөліміне жүгініп, атаулы  әлеуметтік көмек алуға  қажетті құжаттарын тапсыруы керек.  Шын мәнінде көмек қажеттілігі расталса, атаулы көмек алуға  ешқандай кедергі жоқ. Егер де  алдын-ала ақыл-кеңес алғысы келсе, 308-05-27 телефонына хабарласуына болады.

–       Жаңа аудан болғандықтан, жұмыссыздық  мәсе­лесінің де барын жасыруға болмас, бұл ретте әкімшілік тарапынан қандай қолдау, көмек көрсете аласыздар?

– Бұл мәселе бойынша аудан әкімі аппара­тының Жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған» бағдарламасының аясында тұрақты жұмыс орнына орналастыру үшін лайықты бос жұмыс орындары іздестіріледі, тегін және шәкіртақы төленетін кәсіптік оқыту курстарына жолдама беріледі. Бірақ көп аза­маттар сол ұсынылған жұмыстардан,  кәсіп игеруден  бас тартып жататыны бар. Көбі табысы жоғары жұмыс іздейді, мол игіліктің бір тиыннан құралаты­нын ұмытпасақ дегім келеді.

 

Ауызсудың ауылы алыс емес

– Мына бір сауалды  «Қалқаман-2» ықшамау­данының тұрғыны жолдаған екен.  Ол азаматтың бұл ықшамауданға көшіп келгеніне 5 жыл болыпты. Ауызсуды скважинадан пайдаланып келіпті. 3 жылдан бері «Қалқаман-2» ықшамауданында су мен  орталық­тандырылған кәріз  құбырлары жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл жұмыстар үшін Сізге  алғыс айтқан тұрғын суға қосылу үшін маған  құбыр қалдырмапты, осы мәселені қалай шешсе болады дейді.

– Аталған құрылыс жұмыстары Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша жүргізілген. Жоба 2013 жылы «Қалқаман-1, 2, 3» және «Алты Алаш» шағынаудан­дарына су құбырының 123 шақырым және кәріз құбы­ры 80 шақырымға әзірленген. Құрылыс жұмыстары 72 көшені, 5014 тұрғын үй және 37 000-ға жуық тұтынушыны қамтып отыр.

Кейбір үйлер заңдастырылмағандықтан және басқа да себептермен жобаға енгізілмей қалған болар, соны анықтау керек.  Бұл  жұмыстар  алдағы уақытта  мердігер мекемемен бірлесе отырып,  жүзе­геге асыры­латын болады. Алматы қаласының энер­готиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы КММ «Ақжар» шағынауданын сумен жабдықтау және су бұру бойынша жоба әзірледі, сондай-ақ, мемле­кеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Келесі жылы инженерлік желілердің құрылысын бастау жоспар­ланып отыр. Ағымдағы жылы «Құрамыс», «Таужолы» және «Жайлау» ықшамаудандарында 3 жоба қаржы­ландырылады. Сондай-ақ, «Тоспа Су» МКК бірге тексеру жұмыстары, техникалық қорытынды мен барлық қажетті түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, соның қорытындысы негізінде тиісті шаруалар атқарылмақ.

 

Кәсіп ашам деушілерге қолдау бар

– Өзімнің азық-түлік сататын дүкенім бар, бірақ бизнесімді дамыту мақсатында супермаркет ашуды жоспарлап жүрмін. Менің білгім келетіні, мемлекет тарапынан қандай көмек болады? – депті «Қалқаман» шағынауданының  тағы бір тұрғыны.

– Өзіңіз білетіндей, елімізде шағын және орта бизнестің дамуына үлкен көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта кәсіпкерлердің және жас кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау бойынша «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мем­лекеттік бірыңғай бағдарламасы және «Жібек жолы» өңірлік бағдарламасының шеңберінде қаржы­лық және қаржылық емес қолдау алуға мүмкіндік жасал­ған. «Бизнестің жол картасы—2020» бағдарлама­сының аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 3 млн. теңге мемлекеттік грант ұтып алу мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында 7 пайыздық мөлшер­лемемен несие  алу мүмкіндігі барын  айта кеткім келеді.

Аталған бағдарлама бойынша Наурызбай ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінен толыққанды ақпарат ала аласыз. Байланыс телефоны: 305-38-71.

Сонымен қатар, 5 жылда өндірістік өнім көлемі 2,5 есеге өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 миллиард теңгеден 40 миллиард теңгеге дейін, яғни 5,5 есеге ұлғайып отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,6 есеге артып, 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Инвес­тиция тарту арқылы 72 гектарды қамтитын 14 жер учас­кесі игерілді. Мысал келтіретін болсақ, биыл шет­ел­дік компанияның бір миллиардқа жуық қаржысына трикотажды фабрика салынып жатыр. Сондай-ақ, бизнесті дамытудың мемлекеттік бағдарла­малары бойынша жалпы 34 жоба іске асты.

– Ал «Тастыбұлак»  ықшамауданы тұрғындарын «Ескі үйлерді сүру» бағдарламасы  алаңдататыны байқа­лады. Осы ықшамаудандағы екі қабатты  тұрғын үйлер  сол сүру бағдарламасына  енді ме деп сұрайды.

– «Ескі үйлерді сүру» бағдарламасы бойынша аудан аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралау барысында 13 үйдің тізімі жасалып, бағдарлама әкімгері Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС-іне жолданды. Әрі қарай қарастырып,  тиісті шешім шығару және анықтау жұмыстары бағдарлама әкімгерімен жүргізіледі.

– «Таусамалы» шағынауданы Ақбата көшесінің тұрғындары  көшемізге  балалар ойнайтын алаң  салын­са дейді.                

– Ағымдағы жылы аудан аумағында 20 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тізімде Ақбата көшесі, №46 үйдің ауласы да бар. Қазіргі уақытта «АстанаСервисСтрой А» ЖШС мердігер. Жобаға сәйкес, кіші сәулет пішіндері, ойын алаңдары, сырғанақтар, жарық бағандары орнатылады.  Мемле­кеттік сараптамадан өткізіліп дайындалған жобамен Наурызбай ауданы мемлекеттік сатып алу ресми интернет ресурсынан қарап, танысуға болады. Жалпы, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын  осы интернет ресурсы арқылы тұрғындардың өздері қада­ғалап, жұмыстың қалай жүзеге асырылып жатқа­нын бақылап отыр. Құрылысты қандай  мекеме жүргізіп жатыр,  құрылыстың аяқталу мерзімі қашан, соның барлығын білулеріне болады.

 

Автобус бағыттары ұзартылды

–  Санжар Әділұлы, қала басшысының  жұмыс сапары кезінде айрықша тапсырған  тапсырмасының  бірі – қоғамдық көлік қатынасын жақсарту болатын. Әсіресе, «Шұғыла» шағынауданынан қала орталығына дейін қатынайтын №44 және №137 автобустардың қозғалыс жиілігін арттыру қажеттілігі айтылған еді. Бүгінгі күні бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Қалалық мобильділік басқарма­сының ақпара­тына сәйкес, тасымалдаушымен №44, 137 қоғамдық көлік  бағыттарында жоспар бойынша шығуы тиіс автобустар саны толық қамтамасыз етілмеуде.

Сондай-ақ, Алматы қаласында қоғамдық көліктің жұмыс істеуін жақсарту және жолаушылар тасыма­лының сапасын арттыру мақсатында 2019 жылдың екінші жартыжылдығында қоғамдық көліктердің  бағыттық желісін кезең-кезеңмен оңтайландыру жос­парланған. Қоғамдық көліктердің  бағыттық желісін оңтайландыру шеңберінде №118, 137 марш­рутта  жылжымалы құрам санын толықтыру қаралатын болады.

Аталған маршруттар 24 шілдеден бастап Жүнісов, Сәбденов, Нұрлы көшелерін қамту арқылы әкімшілік орталыққа дейін ұзартылды.

–  Аудандағы  магистральды көшелердің бірі Қонаев бабамыз  атындағы көше ғой. Осы көше бойымен маши­налар көп жүреді,  сол себепті, кептеліс көп орын алады, осы көше кеңейтілсе дегенді де тұрғындар жиі айтады емес пе, биылғы атқарылатын іс-жоспар­ларыңызда сол Қонаев көшесін кеңейту қарастырылған ба?             

– Қазіргі таңда Қонаев көшесінің Яссауи көшесі­нен Рыскұлов көшесіне дейін  ұзарту жобасы әзір­ленген. Жобаға сәйкес, инженерлік желілердің орнын ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда жол бойына кедергі келтіретін жекеменшік учаскелерді мемлекеттік қажеттілікке алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қаражат бөлінген жағдайда  кеңейту жұмыстары жүргізіледі.

 

КӨше жарық, аулалар

айшықты болады

 

– «Ақжар» ықшамауданы Бекешев көшесінде жақсы іс бастадыңыз, бірақ жаяу жүргіншілер жолы­ның құрылысы  №200 мектеп жақтан басталып тоқтап қалды. Осы жұмысты Жандосов көшесіне дейін жал­ғастыру жоспарланған ба? Жоспарланған болса, қай уақытта  аяқталатынын айтсаңыз, — депті шеткі аудан­дардың мәселесіне мән беретін тұрғындардың бірі.                

– Бекешев көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолдың құрылысы Жандосов көшесіне дейін қарастырылған. Бұл жұмыстарды толығымен тамыз айының 15-жұлдызына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

– «Таусамалы» шағынауданы тұрғынымын, ауыл шаруашылық өнімдерін сатқым келеді, қандай көмектеріңіз бар? – дейді  аудан  халқын өзінің таза өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырған  халыққа жанашыр тұрғындардың тағы бірі.

– Наурызбай ауданында апта сайын ауылшаруа­шылық жәрмеңкесі өтеді, сол жәрмеңкеге қатысып, өнімдеріңізді сатсаңыз болады.

– Ал  «Алты Алаш» шағынауданында  орнатылған сыртқы жарықтандыру шамдары қашан қосылады?              

– Бүгінгі күнде «Алты Алаш» шағынауданында жалпы 250 сыртқы жарықтандыру шамдарының 150 данасы орнатылып, қалған 80 данасы ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін орнатылып, іске қосылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, алдағы уақытта ауданымыз көшелері  жарық, аулалары сәулетті, қоғамдық көліктер көп қатынайтын аудан­дар­дың бірі болады. Қала басшысы талап еткендей,  болашақта шет аудандар шетқақпай көрмейтін болады. Оған  Президентіміздің он басым бағытын басты  бағдар етіп алған Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың  бастамаларына сәйкес қазіргі таңда атқарылып жатқан игі істер куә.

 

P.S. Наурызбай ауданы әкімінің әңгімесінен көп жәйтты аңғардық. Аудан  басшысы айтып өткендей,  Кеңес кезеңінен бері қордаланып қалған   күрделі мәсе­лелердің күрмеуін айналасы  төрт-бес жылдың ішінде  шешіп тастау мүмкін  емес шығар. Ауданда атқарылып жатқан  ілкімді  де ауқымды істер қандай көп болса, атқарылатын істер одан да ауқымды. Деген­мен, бізді жаңа ауданның Алматының жаңа  «Шетсіз қала» бағ­дарламасын жүзеге асыруға деген ұмтылысы қуантты.  Аудан басшысы аудан тұрғындарын әр сәр­сенбі күні жергілікті жерлер бойынша қабылдап, мәсе­лелердің дер кезінде шешілуіне ықпал етуде.  Наурыз­бай ауданының әкіміне тұрғындар сауалдарын 8-700-308-70-20 жедел желі телефоны арқылы да жолдай алады.   

 

Оқырмандардың сауалдарымен

аудан әкімінің жауабын үйлестірген –

Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *