ШЕТКІ АУДАНДАР ШЕТТЕ ҚАЛМАСЫН

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев шаһар активінің жиынында қаланы одан әрі дамыту жөніндегі тосын ойларымен ашық бөлісіп, алдағы атқарылатын нақты істермен таныстырды

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің жиынындағы тапсырмасына орай, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала активінің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, барлық аудан әкімдері, басқарма басшылары, қоғам қайраткерлері қатысты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Актив жиынында қала әкімінің орын­басарлары Алматының биылғы бірінші жартыжылдықтағы  әлеуметтік-экономикалық даму қоры­тындыларына тоқталды. Көз алдымызда көркейіп, биіктеп келе жатқан әсем шаһардың ауыз толтырып айтар жетістігі, әрине, өте көп. Экономикалық жоғары өсім халықтың тұрмысына оң ықпал етуде.

Алматы – арман қала, әсем қала, жасыл қала, құшағы кең қала. Сон­дықтан осы бір алып мегаполиске ұмты­лушылардың, осында өмір сүріп, қанат жайып, өсіп-өнгісі келетін отандасты­рымыздың көп болатыны заңдылық. Дегенмен, қоғам болған соң, түрлі адам, түрлі орта болған соң, жақсылықпен қатар, сәтсіздіктер де қатар өрбитіні жасырын емес. Түйіні тарқатылмай тұрған мәселелер де баршылық. Актив отырысы сол тақырыптарды тарқатты, саралады.

– Мен Алматы қаласына әкім болып тағайындалған күннен бастап, барлық ауданның тыныс-тіршілігімен танысып шықтым. Сонда байқағаным, қаланың орталық аудандары ғана жақсы дамыған, әлеуметтік инфрақұрылымның 70%-ы Алматы төрінде орналасқан. Соған орай қала орталығы мен шеткі аудандардағы өмір сүру деңгейінде біраз айырма­шылықтар бар. Мәселен, Медеу ауда­нын­дағы орташа жалақы (254,7 мың теңге) Наурызбай ауданының айлығы­мен (126,9 мың теңге) салыстырғанда 2 есе көп. Мен мұны салыстырмалы түрде айтып отырмын.

Шеткі аудандарда жұмыссыздық көп, тұрғындардың тұрмыс деңгейі төмен, әлеуметтік инфрақұрылым дамы­маған. Мектеп, емхана жетіспейді. Жол мәселесі де жетісіп тұрған жоқ. Халық сапалы ауызсуға зәру. Осындай  қорда­ланып қалған мәселелерді таразылай келе, үш бағытта жұмыс істейтінді­гімізді мәлімдеймін, – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы Смарт-қала тұрғысында дамиды

Бірінші бағыт – Алматы мегаполисі бәсекеге қабілетін жоғалтпауы тиіс. Алматы өзінің ұстанымын Өңірлік  хаб, халықаралық сауда, логистикалық және мәдени орталық негізінде нығайтуы керек.

Екінші бағыт – Алматыны Метро­аймақ және Агломерация негізінде дамыту. Яғни қала шетіне қатынайтын көлік мәселесін, азық-түлік белдеуі сынды басқа да агломерация мәселе­лерін шешу.

Үшінші бағыт – Алматыны ерекше Смарт-қала тұрғысында дамыту. Бұл қаланы дамытуда ішкі әлеуетті пайдалануға көмектеспек.

Шаһар басшысы алқалы басқосуда дағдарысқа ұшыраған шет аудандарды дамытуға арналған кешенді жоспар құрылу керектігін айтты. Соған орай барлық ауданның әкімдеріне көпке созбай осындай жоспар жасауды міндеттеді. Бұл кешенді жоспарлар таяу үш  жылда қаланың шеткі ауданда­рының тамырына қан жүгіртіп, тұрмы­сын жақсартуға кепіл болмақ.

Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ,  қала билігін тұрғындардың жанай­қайына құлақ қоюды, өзекті деген мәсе­лелерін тез әрі сапалы шешуге бағыт­талған жоспар құруды да тапсырды, ол 1 тамызға дейін әзір болуы тиіс.

Үкіметтің күні кешегі кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев: «Ең маңызды мәселе – жұмыс орындарын ашу. Осы көрсеткіш бірінші қатарда болуы керек. Бұл – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақты өсімін сақтау деген сөз. Баршаңыз жақсы біле­сіздер, мен сайлауалды бағдарламаны және «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында жұртшылықтан келіп түскен ұсыныс-пікірлерді жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар Жоспарын бекіттім. Үкімет және әкімдер осы бағытта нақты шаралар қабылдауы тиіс», – деген болатын. Осы сөзді тілге тиек еткен Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев ең алдымен шеткі аудандарда бос жүрген жұмыссыз жастарды жұмысқа тарту қажеттігін атап өтті. Аудан әкім­дерін осыған көңіл бөлуге шақырды.

– Бізде ресурс жоқ емес. Тек соны тиімді пайдалана білуіміз қажет. Мәсе­лен, колледждердегі тегін кәсіби білім алу туралы айтсақ. Бұл бағытта биыл жергілікті бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінген. Ал «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 млрд. теңге қарастырлыған. Демек, бір ғана осы бағдарлама аясында осы жылы 11 мыңнан астам қыз-жігітке үміт отын жаға аламыз. Сонымен қатар, Елбасы жариялаған Жастар жылы шеңберінде алдымыздағы тамызда кәсіби оқудан өткен жұмыссыз азамат­тарға 817 қайтарымсыз грантты беруді бастауымыз керек, – деді Б.Сағынтаев.

 

Әлеуметтік желідегі әлеумет

«Бірге жұмыс істеу» позициясын ұстанған Б.Сағынтаев Алматы қаласы­ның әкімі болып тағайындалған күні-ақ, Мемлекет басшысының тапсырма­сына сәйкес, «Менің басты мақсатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мега­полиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды», – де келе, бірден Facebook, Twіtter, Іnstagram әлеуметтік желілерінде өз парақша­ларын ашқан болатын. Екі аптаның өзінде-ақ 10 мыңнан астам тұрғыннан өтініш-арыз қаптап кеткен. Демек, шаһарда қордаланған мәселе аз емес. Қала әкімі бірде-бір өтініш-тілектің жауапсыз қалмайтынын жеткізді. Соншалықты көптігіне қарамастан оның бәрі тиісті мекемелерге бағыт­талып, олардың басшылары әр аптаның дүйсенбісінде аппарат жиынында шаһар басшысына мәселенің қалай шешіліп жатқандығынан хабардар етіп отырады. Міне, халыққа жақын болудың бір көрініс осы.

Әлеуметтік желі арқылы әлеуметтен келіп түскен мәселелердің ең өзектісі аулаларды абаттандыру мен тұрғын үй болып тұр. Сондай-ақ, шет аудандардағы газ, су, жарық мәселесі де күн тәрті­бінде. Қала басшысы осының бәрін саралай келе, алғашқы шешімін қабыл­дап та үлгергенін айтты. Қала бойынша 52% аула мен 26% көше қараңғылық құшағында, жарық қондырылмаған.  Сондықтан Б.Сағынтаев қаражат көз­дерін алдымен ешқашан жарық жан­баған тасқараңғы көшелер мен аула­ларға жұмсауды көздеп отыр. Сондай-ақ, тиімді бюджеттік саясат арқылы  тағы қандай нақты міндеттер шешілмек?

 

Аулаларды абаттандыруды 100 пайыз аяқтау қажет

2020 жылдың соңына дейін Алматы  толыққанды  орталықтандырылған сумен, газбен, жарықпен  қамтамасыз етілуі тиіс. Аулаларды абаттандыруды 100 пайыз  аяқтау қажет.

Ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін аудан әкімдіктері барлық аулаларды тексерістен өткізіп,  мердігерлік ұйым­дарға  кемшіліктерді жою жөнінде  нұсқау  беруі  тиіс.

Алматы мектептерінде әлі де орын  тапшы­лығы бар  (70 мыңнан астам). Кейбір мектеп­терде жобалық қуатында көрсетілгеннен 1,5-2 есе көп оқушылар  дәріс алады, бір сыныпта 45  балаға дейін оқиды. Осыған орай қала бас­шысы жан басына қаржыландыру мен  мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестікті енгізу  есебінен  мектептердегі орын тапшылығы көле­мін  азайту  жөнінде іс-қимыл жоспарын  даярлауды да тапсырды.

Құрылысы жүріп жатқан үйлердің бірінші қабаттарын әлеуметтік инфрақұрылымға  қарай   бағдарлау  керек. Білім басқармасына  қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасымен бірлесе отырып, 1 тамызға дейін  жол картасын  даярлауды мәіндеттеді.

ПИК   пен   басқарушы компаниялар қызме­тінің ашықтығы  мен  тиімділігін  арттыру  жо­лын­дағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін де шегеледі.

– Осы орайда ашығын айтқым келеді, ұжымдық меншікті басқарудағы, тұрғын үй қауіп­сіздігі  мен  коммуналдық қызметтер сапа­сын арттырудағы, қаланың тұрғын үй қорын жаңа­­лаудағы  шешімін таппаған өзекті мәселе­лер – баяу іске қосылып, жарылатын  мина іспетті, – деді қала әкімі.

Қалалық  Тұрғын үй саясаты басқармасына аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, пробле­малардың  алдын алу үшін басқарма органдары төрағаларының тұрғындар алдында  есеп беруін қамтамасыз етуді, үйлер мен  аула аумақтарын  жайлылыққа негіздеу  жұмыстарын уақытылы  жүргізу тапсырылды.

 

Қаланы кӨркейтуге халықтың Өзі де атсалысады

«Халықтық қатысу» бюджетінің механизмін енгізу – Алматы үшін  қағидатты  тың мәселе. БҰҰ  ұсынымымен, жергілікті биліктің азамат­тармен  арадағы байланысын жақсарту үшін бюджеттің 1 пайызының бөлінісін  қалалық  тұрғындар  қарастыруы керек. Шаһар басшысы бұл жобаны іске қосуға дайын екендіктерін айтты және тұрғындар  бұған белсене қатысады деген сенімде.

Тұрғындарымыз өздерінің ұсыныстары мен жобаларын өз ауданына енгізе алады. Одан әрі  жалпы дауыс беру арқылы  іске асырылатын жобалар іріктелетін болады. «Қатысу бюджеті» жобасына  әр ауданға 500 млн. теңгеден бөлетін болады.

Тұрғындар  іріктеген  жобаларды  қаржы­ландыру  аудан әкімдіктері ұсынатын  бюджет­тік тапсырыстар  негізінде  іске асырылады, содан кейін  оны қаржыландыру мәселесі Қоғам­дық кеңес талқысына түседі  де  қалалық мәслихаттың қарауына беріледі.

Актив жиынының соңында қала басшысы орынбасарларына,  аудандардың әкімдері мен басқарма басшыларына нақты осындай бірқатар міндеттер жүктеді. Билік өкілдері халыққа жақын болуы әрі оларды толғандырып жүрген өзекті мәселелерді уақытылы шешіп отыру үшін айына бір рет «Ашық есік» күнін өткізіп тұруды тапсырғаны да көңілге қонды. Әлеуметке жақын болудың тағы бір жарқын көрінісі осы болар.

Ал біз өз кезегімізде жаңа басшыға, оның тың жобаларына сәттілік тілейміз.

 

Әкімнің жұмысы қанша жұмыс орнын ашқанымен бағаланады

  • Алматыда республика халқының 10 пайызы тұрады.

 Қылмыстың 20 пайызы сырттан келгендердің қолымен жасалады.

 Таудан құдай берген су ағып жатыр. Ал, кейбір шағын аудандар ауыз суды водовозбен тасып ішіп отыр.

 Әкімнің жұмысы қанша жұмыс орнын ашқанымен бағаланады.

 Аулаң жарық болса, ұры-қары да жоламайды. Балалар да күндізгідей ойнап жүре береді.

 Басымдықтарды өзгерту керек. Әлеуметтік теңсіз­діктерге жол бермеу қажет. Мәселен, орталықтағы Медеу ауданы тұрғынының орташа жалақысы 254,7 мың теңге, Нау­рызбай ауда­­­ны­ның тұрғыны 126,9 мың алады.

  • Аумақты абаттандыру бойынша қаланың орталық аудандары үшін бөлінген күрделі шығыстар көлемі  соңғы бес жылда  65 млрд. теңгеге жеткен! Ал қаланың шеткі аумақтары үшін  бар-жоғы 15,5 млрд. теңге бөлінген!

Енді бұл керісінше болады.

 (Шаһар басшысының қала активінде сөйлеген сөзінен).

P.S. Бұл қалабасының екі аптадан астам уақыт бойы қаланы аралау кезінде түйген пікірлерінің бір үзігі ғана. Біздің тілшілеріміз алдағы уақытта қала жұртшылығымен өткен активте айтылған өзекті, кезек күттірмес мәселелердің шешімі жөнінде егжей-тегжейлі жазып, хабарлап отыратын болады. Қысқасы, қалабасы өз сөзінде барды бар, жоқты жоқ деп айтты. Алдағы атқарылар жұмыстарды кезең-кезеңімен атап, өзінің нақты ойларымен бөлісті. Шынында да, байқай бермейді екенбіз, орталығымыз жайқа­лып, шет аймағымыз «шайқалып» тұр екен-ау…

  

Хамит БІРЖАНОВ,

Бостандық аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Шынында Іске кӨшетін уақыт келді

Шаһар басшысының қала активінде сөйлеген сөзі маған көп ой салды. Шынында, аз уақыттың ішінде көп мәселеге көз жеткізіп, жіті зерттеген екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында әділетті әлеуметтік саясат жүргіземін деп еді. Бақытжанның ойы да сонымен дөп келген екен. Мәселен, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейіндегі баланстың сақталмауын дұрыс байқаған. Бұл байдың малын байғұс қызғанғандық емес, қаланың қай тұсына болсын көзқарас бірдей болуы керек. Бұл ретте нақты мысалмен Медеу ауданы мен Наурызбай ауданы тұрғындарының күнкөріс деңгейін атап көрсетуі көңілімнен шықты.

Сонымен қатар, қылмысқа байланысты айтқан ойларын тез арада жүзеге асырса болар еді. Себебі, тәртіп болмаған жерде тірлігің түзу болмайды, түтінің түзу шықпайды. Қылмыстың 20 пайызын сырттан келгендер жасайды дегеніне қосыламын. Сонымен қатар, сырттан күн сайын 300 мың көлік келетін көрінеді. Бұл қаладағы көлік қозға­лы­сына көп қиындық туғызып отыр. Осыған орай өзі айтқандай, Алматы қаласы басшы­лығымен алдағы уақытта өтетін кездесуде көп мәселелер шешімін табады деп ойлаймын.

Ендігі жерде осы мәселелер қатаң бақылауға алынса деген тілегім бар.

 

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері:

 Бәріміз де жауаптымыз

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкімет­тің кеңейтілген отырысы өткені баршамызға белгілі. Ал Алматы қаласының активі бас қосқан бұл алқалы жиыны сол Үкімет отырысында айтылған тапсырмаларды назарға алу, алдағы міндет-мақсаттарды саралау болды.

Өзіміз де осы қаламен бірге өсіп-өніп келе жатқан соң, барлық жақсылық көз алдымызда. Оқылған баяндамалардан да тыңдадық, атқарылған жұмыстар өте көп. Атқаратын жұмыстар одан да көп. Сондықтан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев біраз мәселені тарқатты. Бізді жаңа басшының әлеуметтік мәселелерге көбірек тоқталғаны қуантты. Иә, Президентіміз атап өткендей, халықпен және бизнеспен тиімді коммуникация жүйесін орнату керек. Қазір адамдар үшін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналып отыр. Соның салда­рынан адамдар жалған мәліметтерге жиі тап болып, оларға шынайы, ресми ақпарат жетпей қалып жатады. Сол себептен, «тыңдай алатын мемлекет» тұжырымдасына көшу, яғни халықпен тікелей онлайн-байланыс орнату қажет деген пікірлер өте дұрыс айтылды.

Орын алған әлдебір өзекті мәселе дер шағында талқыланып, сараланып барып қарапайым халыққа түсіндіріліп жатса, мен ойлаймын, ел арасында көңіл толмаушылық, түрлі толқулар болмас еді.

Сондай-ақ, қаланың өркендеуі жолында атқарылар істерге тек қана қала әкімі, оның орынбасарлары, аудандардың әкімдері ғана жауапты деп сырттан қарап  отырмай, бәріміз де шама-шарқымызша өз үлесімізді қосып отырсақ деймін. Сонда алынбайтын қамал болмайды деп ойлаймын.

 

Зульфия БАЙСАҚОВА, «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ басқарма төрайымы:

«Іскер аналар» жобасы ұнады

– Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл басқосуда әлеуметтік мәселеге басымдық бере сөйледі. Бұл бізді қуантады. Өйткені, қоғамды құрайтын – халық. Қала әкімі бірінші кезекте қаланың әлеуметтік нысандары, инфрақұрылымы шын мәнінде мұқтаж адамдарға лайықты етіп жасалу керектігін баса айтты. Тұрмысы төмен, көпбалалы аналардың мұң-мұқтажын дер шағында, сол орында тыңдай алатын шағын орталықтар ашу жөнінде ой айтты. Тағы бір көкейге қона кеткен мәселе мынау: қолынан іс келетін көпбалалы аналардың белгілі бір кәсіпті игеріп шығуына қолдау көрсетіп оқытып жатқанымызбен, олардың сол оқығанын әрі қарай іс жүзінде дамытып әкетуіне еш мүмкіндігі жоқ. Мәселен, оның қолында тігін машинасы, тәтті тоқаштар пісіретін немесе шаш қиятын құрал-сайманы болмауы мүмкін. Бақытжан Сағынтаев осы мәселеге мән беруді тапсырды. Яғни кәсібін дөңгелеткісі келетін адамды оқытып қана қоймай, оны ары қарай материалдық жағынан демеп жіберу мәселесін айтты. Бұл дегеніңіз жақсы ғой. Осы орайда алдағы уақытта «Іскер аналар» жобасы дүниеге  келетінін де атап өтті. Ал бұл қадамдар өз кезе­гінде талай ананың ауыр жүгін көтерісіп, тұрмысын жақсартуына жол ашары сөзсіз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *