ШЕТКІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРДІ

Әкім көтерген мәселе

Мәдениет Кәркенов, Наурызбай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Қаламыздың жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаевтың күні кешегі қала активінінің жиынындағы «Шет аудандар шетте қалмасын» деген сөзі
біз секілді шет аудандарда тұратын тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастады. Өткенге топырақ шашып, жасалған еңбекті жоққа шығаруға болмас, аудан құрылған бес жыл ішінде аз шаруа атқарылған жоқ. Ауданның әкімшілік орталығы бой көтерді. Көшелеріміз жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер жолы салынды, арық жүйелері қалыпқа келтірілді. Балалардың ойын алаңдары, аудан жұртына арналған демалыс орындары салынып, пайдаланылуға берілді. Жаңа мектеп, бала бақша, емдеу мекемелері бой көтерді. Көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып, аудан орталығы саналатын Шұғыла ықшам ауданы шырайлана түсті. Дегенмен әлі де атқарылатын шаруалар шаш етектен. Біздің Наурызбай ауданындағы №1 мәселенің бірі ауыз су мәселесі. Өркениетті ел болуға ұмытылып отырған мына заманда су тасымалдайтын мәшинемен су тасып ішу күлкілі нәрсе, бірақ амал жоқ, халық соған мәжбүр. Ал ауыз су мәселесі шешіледі деген әңгіменің айтылып келе жатқанына биыл бесінші жыл. Жылу жүйелері де сын көтермейді. Екі жыл болды жылу жүйелері жарылып, халық қақаған қыста біраз әбігерге түсті. Жол, қоғамдық көлік мәселесі де аудан тұрғындарының өзекті мәселерінің бірі болып отырғанын жасырмаймыз. Оны қала басшысы ауданға арнайы келгенде өзі де байқап, алдағы уақытта аудан бойынша атқарылатын ауқымды істердің ауанын аңғарып, ол бойынша аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеп кеткен болатын. Сол мәселелер бойынша бүгінде тиісті шаруалар атқарылып, ол істер қаламыздың жаңа басшысының «Шетсіз қала» жобасы бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жобаның Наурызбай ауданындағы қолға алынып жатқан осы тірліктерге жан бітіріп, аудан енді қалаға, Ел анасы -Алматыға қарап бой түзейтіндігіне қуанамыз. Ал біз, ауданның ақсақалдар алқасының мүшелері осы иігілікті істердің жалғасты болуына өз үлесімізді қосып, жақсы істің жанына келіп жатқан жастарға қолдаушы болуға, білген ақыл-кеңесімізді айтуға дайынбыз. Алматының, оның айналасындағы аудандардың көркейіп заманға сай абаттануы барлығымыз үшін маңызды. Өйткені, біз осы қалада тұрамыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *