ШЕТКІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЕҢСЕСІН КӨТЕРДІ

Мәдениет КӘРКЕНОВ,

Наурызбай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Қаламыздың жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаевтың күні кешегі қала активінің жиынындағы «Шет аудандар шетте қалма­сын» деген сөзі біз секілді  шет аудандарда тұратын  тұрғындардың еңсесін бір көтеріп тастады. Өткенге топырақ шашып, жасал­ған еңбекті жоққа шығаруға болмас, аудан құрылған бес жыл ішінде аз шаруа  атқа­рылған жоқ. Ауданның әкімшілік орталығы  бой көтерді.  Көшелеріміз жарықтанды­ры­лып, жаяу жүргіншілер жолы  салынды, арық жүйелері қалыпқа келтірілді. Бала­лардың ойын алаңдары, аудан жұртына арналған демалыс орындары салынып, пайдаланылуға берілді. Жаңа мектеп, балабақша, емдеу мекемелері  бой көтерді.  Көпқабатты тұрғын үйлер  құрылысы  қарқын алып, аудан орталығы саналатын «Шұғыла» ықшамауданы шырайлана түсті.

Дегенмен, әлі де атқарылатын шаруа­лар  шаш-етектен.  Біздің Наурызбай ауда­нын­дағы №1 мәселенің бірі  – ауызсу мәселесі.  Өркениетті ел болуға  ұмтылып отырған мына заманда   су тасымалдайтын мәшинемен су тасып ішу күлкілі нәрсе, бірақ амал жоқ, халық соған мәжбүр. Ал ауызсу мәселесі шешіледі деген әңгіменің айтылып келе жатқанына биыл бесінші жыл. Жылу жүйелері де сын көтермейді. Екі жыл болды жылу жүйелері жарылып, халық қақаған қыста біраз әбігерге түсті. Жол, қоғамдық көлік мәселесі де   аудан тұрғындарының өзекті мәселерінің бірі болып отырғанын жасырмаймыз.

Оны қала басшысы ауданға арнайы кел­генде өзі де байқап, алдағы уақытта аудан бойынша атқарылатын ауқымды істер­дің ауанын  аңғарып, ол бойынша аудан басшылығына нақты тапсырмалар жүктеп  кеткен болатын. Сол мәселелер бо­йынша бүгінде тиісті шаруалар атқарылып, ол істер қаламыздың жаңа басшысының «Шетсіз қала» жобасы  бойынша жүзеге асырылуда. Бұл жобаның  Наурызбай ауда­нындағы қолға алынып жатқан осы тірлік­терге жан бітіріп, аудан енді қалаға,  Ел анасы – Алматыға қарап бой түзейтіндігіне қуанамыз.

Ал біз, ауданның ақсақалдар алқасы­ның мүшелері осы игілікті істердің жал­ғасты болуына өз үлесімізді қосып,  жақсы істің жанына келіп жатқан жастарға қол­дау­шы болуға, білген ақыл-кеңесімізді айтуға дайынбыз. Алматының, оның айналасындағы аудандардың көркейіп, заманға сай абаттануы барлығымыз үшін маңызды. Өйткені, біз осы қалада тұрамыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *