ШЕТ АУДАНДАР ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ

Алматы әкімдігі: қоғамдық денсаулық
Алматы қаласының жаңа басшысы Бақытжан Сағынтаев қала жұртының, әсіресе, шет аудандарда тұратын тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайларын жақсартумен қатар, олардың денсаулығын жақсартуды, медициналық қызметтің де қолжетімді болуын талап етуде. Бұл жөнінде қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтың есебі тыңдалып, шет аудандарда тұратын тұрғындар үшін дәрігерлік көмек алудың тиімді жолдарын қарастыру талап етілген болатын. Міне, қала әкімінің сол тапсырмасын орындауға жедел кіріскен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тамызды Денсаулық айлығы деп жариялап, қала жұртына жол тартқан болатын. Біз осы ретте қаламыздың Бас дәрігері Қанат Дүйсенбайұлы ТӨСЕКБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Қанат Дүйсенбайұлы, тамыз айын қала жұртының денсаулығын жақсарту мақсатында Денсаулық айлығымен бастадыңыздар, осы айлықтың ең басты мақсаты туралы айтып берсеңіз?
– Бұл айлықтың ең басты мақсаты – қала басшысы Бақытжан Сағынтаев мырза айтқандай, медициналық қызмет түрлері қолжетімсіз қала орталығынан шалғай орналасқан шет аудан тұрғындарының, сондай-ақ, денсаулығынан бұрын отбасының жағдайын бірінші орынға қойып, қала базарларында, құрылыс алаңдарында сауда жасап, жұмыс істеп жүрген тұрғындардың, ықшамаудандардан шалғай елді-мекен тұрғындарының бір мезгіл болса да өз денсаулықтарына мән беріп, денсаулықтарын сақтауға көңіл бөлсе деген ниетпен және медициналық қызметке деген қолжетімділіктерін арттыру үшін қолға алынып отырған басқарманың басым бағыттарының бірі деуімізге болады. Медициналық қызметтің озық орталығы саналатын Алматы жұртының денсаулығы да өзгелерден озық болуы тиіс, дегенімізбен біздің халық әлі де болса ауруы асқынғанша жүре беретін әдеттен арыла қойған жоқ. Денсаулық айлығының алдына қойып отырған тағы бір міндеті – қала тұрғындарын аурудың алдын алуға дағдыландыру болса, біз үшін қала жұртының денсаулық ахуалына болжам жасау, сонымен қатар, шет аудандардағы емдеу мекемелерінде қандай маман дәрігерлер жетіспейді, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу жағдайлары қалай, соның да жәй-жапсарын саралау болып отыр.
– Бұл дәрігерлік қабылдаудың күнделікті емханаларда жүргізілетін қабылдаулардан айырмашылығы неде? Мобильді топ құрамындағы мамандардың барлығы емханаларда да бар емес пе дегеніміз ғой…
– Оныңыз рас, бірақ тұрғындар бір күнде бірнеше, атап айтсақ, көз дәрігері, хирург, ЛОР, уролог, невропатолог, эндокринолог және тағы басқа да маман дәрігерлерге қаралып үлгере алмас еді, ал мұнда барлық маман дәрігерлерге бір мезетте тексерілуге мүмкіндіктері мол. Айлық басталған екі күнде екі мыңнан астам адам дәрігерлік тексеруден өткізілді. Демек, осынша адам өз денсаулығы туралы анықтама алды деген сөз.
– Осы екі күндік тексеру қорытындылары бойынша қала тұрғындарының арасында қандай ауру түрі басым екендігі байқалды?
– Жүрек-қан тамырлары аурулары, эндокринологиялық және ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы және көздің көру қабілетінің төмендеуі, қан аздық, бүйрек, бауыр аурулары сынды сырқаттардың жиі кездесетіні байқалды. Қант диабеті ауруының саны артқаны да байқалып отыр. Кейбір тұрғындар өздерінің осы дертке шалдыққандарынан бейхабар болып келген. Мәселен, «Нұршашқан» ықшамауданы тұрғындарына жүргізілген тексеру кезінде бір тұрғынның қанының құрамындағы қант мөлшері 27 есеге көтеріліп кеткен. Ол кісі дереу ауруханаға жөнелтілді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Денсаулық айлығы толық аяқталған соң біз тексеру нәтижелері бойынша талдау жасап, жалпы қала жұртының денсаулық индексін анықтайтын боламыз.
– Талдау жасаймыз дейсіз ғой…
– Міндетті түрде, талдау жасап әр аудан жұртының денсаулық индикаторын анықтаймыз. Туберкулез, онкологиялық ауру дегендеріңіз білдіртпей жүріп аяқтан шалатын дерттер, сондықтан да олар қатерлі, қауіпті деп аталады, сол үшін әр адам жылына бір рет өз еріктерімен дәрігерлік тексеруден өтіп тұрса көптеген жұқпалы, қатерлі аурулардың алдын алуға болар еді, бірақ біз денсаулығымыз үшін өте маңызды ондай дағдыларды бойымызға сіңіре қойған жоқпыз.
– Жалпы, Алматы жұртының денсаулық ахуалына қандай баға берер едіңіз?
– 2016–2019 жылдарға арналған Халық денсаулығын жақсартуға арналған мемлекеттік бағдарламаның алдына қойып отырған үш мақсатты индикаторы бар. Ол адамның өмір сүру жасын ұзарту, тұрғындардың денсаулық индексін жақсарту және халықты сапалы да қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету. Міне, осы үш бағытты алсақ, орындалуға тиісті 51 маңызды іс-шара қарастырылған. Соның 31-і бойынша Алматы қаласы жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр. Жалпы халық денсаулығын жақсарту ісі бойынша аймақтар арасында үшінші орындамыз. Демек, қала жұртының денсаулығы жаман емес.
– Қала жұртының денсаулығын жақсарту жолында қолға алынып отырған жаңа бастамаларыңыз туралы білсек?
– Бастамамыз да, жаңалықтарымыз да жоқ емес. Дейтұрғанмен, ең бастысы, біз емдеу мекемелерін бір-бірімен біріктіру арқылы, көпсалалы емдеу мекемелерін құруды қолға алып жатырмыз. Мәселен, биыл №7 қалалық клиникалық аурухана мен №35 емхананы біріктіріп, көпсалалы аурухана негізін қаладық. Психикалық денсаулық орталығы мен наркология және қайта қалпына келтіру орталығын біріктірудің нәтижесінде маскүнемдік пен нашақорлыққа және жүйке ауруларына шалдыққан адамдарға арналған Психикалық денсаулық орталығы құрылды. Сондай-ақ, №2 қалалық клиникалық балалар ауруханасын көпсалалы балалар ауруханасына айналдырдық. №28, 31, 33 емханалар қайта құрудан өтті. Енді жылдың соңына қарай тағы бірқатар емдеу мекемелерін қайта құру жоспарланып отыр.
– Сіз айтқандай қайта құру дейміз бе, әлде біріктіру, оңтайландыру дейміз бе, осы тәсілдердің тиімділігі неде?
– Қайта құру тәсілдері тұрғындардың сапалы медициналық қызмет алуға деген қолжетімділігін арттыру, ауруды анықтау мен диагностикалаудың мультидисциплинарлық әдістерімен қамтамасыз етіп, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық әрекеттерге жол бермеу үшін корпоративтік менеджмент тәсілі енгізіліп, бүгінде 35 емдеу мекемесінде құрамында мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және тәуелсіз медициналық ұйымдардың мүшелері, журналистер мен блогерлер бар қоғамдық кеңестер құрылды. Денсаулық сақтау мекемелері басшыларының сапалық құрамын арттыру мақсатында 70-ке тарта KPІ индикаторлары белгіленіп отыр. Өйткені, әр мекеменің жұмыс сапасы басшының ұйымдастыру қабілетіне көп байланысты. Осы қолға алып отырған бастамаларымыздың түпкі мақсаты – халықты сапалы медициналық қызметпен және оларды тең дәрежедегі дәрігерлік көмекпен қамтамасыз ету.
– Цифрландыру жұмыстары қалай жүзеге асуда, келер жылы қағазсыз жұмыс істеу тәсіліне көшеміз дегенді жиі айтып жүрміз, оған дайындықтарыңыз қалай?
– Қаламыздағы емдеу мекемелері бүгінде 100 пайыз сандық технологиялармен қамтамасыз етілген. Барлық мемлекеттік емдеу мекемелері Бірыңғай ақпараттық жүйе бойынша жұмыс істейді. Қазіргі күнге дейін 1 758 671 тұрғынның электронды денсаулық паспорты жасалды. Жыл соңына дейін қалалықтардың барлығы дерлік электронды денсаулық паспортымен қамтамасыз етілетін болады. Осы жерде мен Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінің әр бригадасы жаңа планшеттермен қамтамасыз етілген бірден-бір қала екендігін атап өткім келеді. Бұл планшеттер жедел жәрдем дәрігерлеріне науқас ауруханаға жеткізілмей тұрып оның сырқаты жөнінде кез-келген жазбаны электронды тәсілмен тиісті аурухананың қабылдау бөліміне жолдауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде дәрігерлердің науқасты емдеуге қажетті іс-шараларды жедел әрі алдын-ала жоспарлауына, науқастың жедел дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді.
– Денсаулыққа қатысты әңгімені бір сұхбаттың аясында тауысып шығу мүмкін емес шығар. Саланың жетістігі қаншалықты көп болса, кемшілігі де жоқ деуге болмас, маман тапшылығы, медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеуі өз алдына бір-бір сұхбатқа дерек болатыны анық. Сол себепті, жыл соңына дейін өзіңізбен атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша тағы бір сұхбаттасудың реті келер дей отырып, келер жылы тек медициналық мекемелер үшін ғана емес, халықтың денсаулығы үшін де маңызды болып отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Осы жүйемен жұмыс істеуге Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты емдеу мекемелері, алматылықтар қаншалықты дайын?
– Дайындық жұмыстары жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін қала тұрғындарымен медициналық сақтандыру жүйесі және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар мен кәсіпкерлер үшін белгіленген Бірыңғай төлем түрлері туралы екі мыңнан астам ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Емхана, аурухана қызметкерлері емделуге келген тұрғындарға МӘМС туралы күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Сол себепті, жұртшылық жаңа жылдан бастап, денсаулық сақтаудың жаңа жүйесімен емделуге дайын деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.