Шерханның шабысын тілеймін!

Берік ШАХАНҰЛЫ,  жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парасат орденінің, Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық Махмұт Қашқари қорының «Алтын сөз» сыйлығының иегері 

Оңға басқан тірлікте жеке тұлғаның орны, ықпалы, атқарған ісі, жемісті еңбегі жұрттың назарында болатыны ақиқат. Қай шаруаның болсын әділ бағасын беретін де сол көпшілік.

Біздің қазақ баспасөзінде бұрын-соңды талай парасатты, іскер редакторлар болғаны, солардың ізбасарлары қазір де баршылық екені сөзсіз. Біздің өзіміз қайраткерлігіне, қоғамға, ұлтқа жанашырлығына куә болған бірегей тұлға – Шерхан Мұртазаның редак­торлық жолына зер салып көрейікші. Сон-а-у кеңестік дәуірдің қыңыр идеологиясы кезінің өзінде «Лениншіл жасты» (қазіргі «Жас Алаш») ұлттың мүддесін іздеген бірден-бір халықтық газет жасай білді. Одан жаңадан өмірге келіп жатқан «Жалын» альманағына келіп, оны айтулы әдеби журнал дәрежесіне көтерді.

Ш.Мұртаза басшылық еткен тұстағы «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің қандай сапада, ауқымда жарық көріп, қалың оқырманның сүйіктісіне айналғанына көпшілік куә. «Менің шығармам басыл­мады. Менің шығармама сын айтыпты» деген ағайынның таусылмайтын өкпе-назынан басталып, арыз-айқайына ұласып жататын дау-дамайының ызғары мұздай қарып, жанына батса да, сабырмен шыдап, өзінің патша көңілімен таразылаған әдебиеттің мүддесінен шығып отыратын. Әрі ол кісі қызмет еткен тұста осы басылымдардың таралымы бұрын-соңды болмаған санға жеткенін, республикада ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағындағы таралымы көп баспасөз болғанын қалай айтпасқа. Мұнан кейінгі жылдары ол кісі жетекшілік жасаған кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің қалай түрленгені де, республиканың теле-радиохабарларының халықтық сипатқа кеңірек көңіл бөле бастағаны да көптің көз алдында.

Ш.Мұртазаның жас ақын-жазушыларға, журна­листерге деген қамқорлығы, өнегесі айрықша айтуға тұратын, өз алдына бөлек әңгіме. Шерағаңның тәрбиесін көрген, қазір өздері тұлға бола бастаған қаламгерлер аз емес. Соның бірі  Қали Сәрсенбай деп білеміз.

Редактор табиғатынан жазушы не ақын болса, уақытын, күш-қуатының көпшілігін қоғамдық қызметіне арнап, өзінің жеке шығармашылығына обал жасап алуы да кәдік. Алайда, жақсы редактордың қоғамға, халыққа берер қазынасы, тигізер пайдасы ұшан-теңіз ғой. Мықты редактор бола білу оңай шаруа емес.

«Алматы ақшамының» ұжымын мерейтойымен құттықтай отырып, өздеріне амандық-саулық, шығар­машылық еңбектеріне Шерханның шабысын, табысын  тілеймін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *