ШЕР-АҒАҢ ТУРАЛЫ ШЕР ТОЛҒАУ

(«Қайран өмір» ғұмырнамалық кітабынан)

Темірхан МЕДЕТБЕК

Маңғыстауға сапармен келетіндер кәдімгідей жиіледі. Біраз жазушы, ақындармен сондай сапарларда танысып-білістім. Ондай кездесулерден олардың болмыс-бітімін, табиғатын, мінез-құлқын, кісілігі мен кішілігін, ілімі-білімі мен дүниетаным деңгейін білуге көп септігі бар. Кейде жақындастырады, кейде алыстатады…

Ақын-жазушы деген де адам. Олардың арасында ірі тұлғалы қасиет­ке ие азаматтар да, күйкі пендешілікке тұсалып қалған мүсәпір мінезділер де, кесірлі, кесапатты жандар да, қулық-сұмдығын ішіне бүккен айлакер зымияндар да, лыпылдап бір ол жаққа, бір бұл жаққа шығатын екіжүзділер де жетеді…

Мысал келтіре кетейін. Сол кезде Маңғыстауға келіп-кетіп жататын ақын-жазушылардың, бәрін болмағанмен, кейбіреулерін үйіме шақырып қонақ етіп жіберем. Адамды дастарқан басында тіпті тани түсесің ғой…

Бір күні Ақтауға сондай сапармен келе қалған есімі бүкіл Қазақстанға белгілі бір кісіні әдеттегідей үйге шақырдым. Мінезі шатақтау кісі еді, обалы не керек, бәлсінбей келе қалды. Отырдық, шай ішіп, ет жедік. Ол кісінің мінезінің шәлкестігінен емес, жалпы кісілік қасиеті туралы ойымды, кейінірек күнделігіме жазып та қойған екем соны келтірейін.

…Сөзден сөз шығып, екеумізге де таныс бір жігіт туралы әңгімеге ойыстық. Сол-сол-ақ екен, әлгі кісі таныс жігітіміз туралы ол деген анау да мынау, пыштуан да пыштуан, былық та шылық деп екеумізге де ортақ жігітті мүлдем іске алғысыз ғып, сұмырайдың сұмырайы, оңбағанның оңбағаны етіп тастады. Мен «қойыңыз, ол жігіт ондай емес сияқты еді ғой» деп араша түспек болып ем, қонақ кісім өтірік пе, шын ба, әңгіме болып жатқан жігіт туралы бір-екі сорақы мысалдар келтіріп, мені мүлде тығырыққа тіреп тастады.

Шай жиналар кезде телефон шырылдады. Тұтқаны көтердім. Құданың құдіретіне не амал бар, телефон соғып тұрған жаңа ғана біз әңгіме етіп отырған жігіт. Жаңа ғана біз ішін кептіріп жамандаған ол жігіт, біздің үйдегі қонақты шақырып тұр. Абыржыңқырап тұрып, тұтқаны қонағыма бердім.

Қонағым «алло» деп алды да, өзі әлгінде ғана жерге алып жерге салған жігітпен дүниедегі ең бір жақын сырласындай әмпей-жәмпей сөйлесті де кетті.

Жәй ғана сөйлемей, өзінің үлкендігін алға салып, оған бірнеше тапсырмалар да арқалатып жіберді. Тұтқаны қойды. Мен «жаңа маған айтқан әңгімелеріңіздің бәрі әзіл болғаны-ау, араларыңыз тіпті жақын екен ғой», – дедім. «Жоқ», – деді ол жұлып алғандай, «ол подлец. Бірақ подлецті пайдалану керек».

…Құдай-ау, сонда бұлардың қайсысы подлец?

Міне, біздің арамызда сәт сайын құбылып шыға келетін адамдар да, кісілігі мен кішілігі қатар жүретін адамдар да жеткілікті.

Сол сексенінші жылдары Маңғыстауға тағы да Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза бастаған бір топ ақын-жазушылар келді. Шер-ағаң Марал Сқақбаев ағамыз екеуі кең бір бөлмеде жатты. Марал ағамыз ол кезде Орталық Комитетте жұмыс істейді.

Банкеттен кейін, үйге барып алдын-ала алып қойған, үш-төрт литрлік ыдысқа құйылған шұбат алып, елдің дәмінен ауыз тисін деп, Шер-ағаңдар жатқан бөлмеге алып келейін. Шер-ағаң «өй бәрекелді, қане, құйып жібер» десін. Мен емпеңдеп, әлгінде банкетте едәуір ішіп алғаным бар, тіпті жіті қимылдап, ыдыстың бұрандалы қақпағын ашып кеп қалып ем, аши бастаған, оның үстіне машинамен келе жатқанда әбден шайқалған шұбат бұрқ етіп атылып, кілемнің үстіне көл-көсір боп ақтарылды… Не істерімді білмей аңтарылдым да қалдым. Алақ-жұлақ Шер-ағаңа қарай берем. Шер-ағаң да сасып қалды. Бірақ ол кісі маған бір ауыз, ең болмаса «сен не істедің» демеді. Шер-ағаңның өте қатал, қатты екенін жұрттың бәрі біледі. Айқай сала ма деп, несін жасырам, қорқып тұрмын. Бірақ неге екенін білмеймін, үндеген жоқ. Қайта, Марал ағам, «ойбай-ау, Темірхан, не істедің? Қонақүйдің администрациясына не айтамыз? Ұят болды ғой», – деп шыр-пыр болды. Өзім сасқалақтап тұрған мен одан сайын берекем қашты. Ал Шер-ағаң, алдымен Маралға, сонан кейін маған шаншыла бір қарап, «анау ыдысыңның түбінде қалған шұбатың бар сияқты ғой, соны мына бокалға құя ғой. Ақ ниетпен әкелген ақ қой. Ақтан дәм татайық», – деді. Келекелеп айтып отыр ма деп, бетіне қарасам, жоқ, шыны. Құйып бердім. Ішіп алды. Сонан кейін ал енді мына кілемді тазалаймыз деді.

Сізге өтірік болуы мүмкін, бірақ маған шын, Шер-ағаң қолына қасық ап, кілемге төгілген шұбатты қасықпен сияра сыпырып ыдысқа құя бастады. Ол жұмысқа мен де кірісіп кеттім. Екеуміз біраз әуреленіп жатырмыз. Марал ағам, «Шер-аға, қойыңыз. Ертең мен өзім қонақүйдің бастығына айтып түсіндірем. Бұл үшін басымызды шауып алмас» деп жатыр. Бірақ Шер-ағаң ол сөздерді құлағына да ілместен бас көтермей қасығымен кілемге сіңген шұбатты сыпыра сиырып ыдысқа құйып жатыр, құйып жатыр… Біраздан кейін төгілген шұбаттан кілем біраз дегдігендей болды. Сонан кейін ортада тұрған үстелді екеулеп дәл шұбат төгілген жердің үстіне әкеп қойдық. Өзімізше жасырғанымыз. Осының бәрін Шер-ағаң бір де тіл қатпастан атқарып шықты да: «ал сен енді қайта бер. Демал. Ертең жолға шығамыз», – деді.

Сыртқа шыққан соң уһ деп дем алып, Шер-ағаңның соншалықты кісілігі мен кішілігіне көңілім босап, елжіреп кеттім.

Сол күннен бастап мен Шер-ағаңды ет жақынымдай жақын көрдім.

Тағы бірде Шер-ағаң Әбіш ағаммен бірге келді. Қас­тарында екі жігіті бар. Олардың қазір өздері есте болғанмен сөздері есте жоқ.

Форт-Шевченкоға, Қаражанбас, Қаламқастарға барып жұмысшылармен, ел адамдарымен кездестік. Бұрынғы келіп-кеткендердің сөздеріндей емес, елдің қамын, қазақтың қамын көбірек айтып, өткен кезеңдер мен бүгінгі жағдайларға көбірек тоқталып, әсіресе болашақ қазақтар қалай болу керек деген мәселелерді қозғауымен ерекше­ленді. Бұрынғы кездесулерде партия туралы, оның сьезд шешімдері мен пленум қарарларынан туындайтын мәселе­лерге, алға қойған мақсат-мүдделері туралы, әйтеуір Коммунистік идеялогияны айналшықтай беруші еді. Жоқ, бұл екі ағамыздың сөздері бұрынғы кездесулерден әлдеқайда салмақты, әлдеқайда астарлы шығып жатты. Содан ба, барған жерімізде адамдар көбірек жиналып, кеңірек мәслихат құрып, сұрақ та беріп, жауап та алып қоймай, өздері де белсене араласа бастады…

Содан кейін біз Ералиевке, қазіргі Құрық поселкесіне бардық. Онда да кездесу әдеттегідей қызу өтті. Елдің тарихи санасы жетіліп келеді екен.

Кездесуден кейін, Шер-ағаң, оңаша шай ішіп отырғанда Әбіш ағамыздан «Әбіш, Ералиев деген кім? Мына жерге аты берілгенге қарағанда бір мықты дөкей болды-ау?», – деп сұрады.

Әбекең:

– Иә, мықты дөкей. Шынын айту керек, ол кісінің дөкейлігінің мықтылығы сонда, ел ішіне үлкен лаң алып келгендігінде деп, әдетте баппен, алыстан орағытып сөй­лейтін Әбекең, іштегі беріш боп қатқан ызалы қыжылдан ба, әйтеуір бұл жолы төтесінен бір-ақ тартты.

Шер-ағаңның үстіңгі ерні дір етіп көтеріліп, түсінбегендей Әбекеңе тіктеле қарады.

– Иә, – деді Әбекең, – Сол Ералиев партия жіберген өкіл ретінде Маңғыстауды аралап көреді де, осы жердің ел басында жүрген игі жақсыларын түгел Форт-Шевченкоға жинап басқосу өткізеді. Сонан кейін бәрін облыс орталығы Гурьевке жиналысқа кемемен алып кетеді. Өзі ішетін адам екен. Ішетін адам барлық жерде ішеді ғой. Мына елден ұят болады деп жата ма, жұта береді. Оның үстіне ішкен адам байыз таба ма? Каютадан дамыл-дамыл палубаға шығып жүреді. Бірақ жол серіктері оған мән бермейді. Сыйлайды, қызметін құрметтейді.

Түнде қатты дауыл соғады. Көп адам, қыр қазақтары ғой теңіз ауруына ұшырайды. Әрине, Ералиев те сау қалмайды. Бас айналады, жүрек лоқсиды. Біреудің біреуге қарауға шамасы болмай, әркім өз басымен болып кетеді. Таңертең дауыл басылады. Әбден әлсіреп, қалжырап қалған адамдар, енді ғана естерін жиып қараса, орталарында Ералиев жоқ…

Гурьевке жетіп, ондағылар Ералиевтің жоғалып кетке­нін біліп, кемедегі бар адамды, яғни Маңғыстаудың оқы­ған-тоқығандарын, бар жақсыларын топырлатып қамап, содан кейін жөнді бір тергеу де жүргізбей, шеттерінен соттатып түрмеге жауып, жер аударып жібереді. Сол бір ұзаққа созылған сүргіннен бірер адам ғана қайтты. Солар­дың ішінде Алшын Меңдалиев деген, өзі көсем, сөзі шешен, көкірегі тұнып тұрған қазына ақсақал еді, бірер жыл бұрын дүние салды. Бір сөзбен айтқанда Ералиев дегеніңіз, өзінің өлімімен бүкіл Маңғыстауды зар жылатып кеткен адам ғой…

– Ол заманда, асыра сілтеушіліктен аман қалған ел жоқ та шығар, – деді Шер-ағаң күрсіне дем алып.

Сол күні бір ауылға жетіп тоқтадық. Ел іші қашанда кең жайлау ғой. Он қанат киіз үйдің іші. Ал мен өз басым Маңғыстаудың киіз үйлеріндей киіз үйді еш жерден көрген емеспін. Әсемдігі, көркемдігі жағынан да, ою-өрнекке көмкерілген басқұр, текемет, кереге уықтарына дейін ерекше. Сол үйде жатырмыз. Түйенің сүті қосылған қызыл күрең шайы мен қызыл күрең бауырсағы, қызыл қуырдағы қандай!

Әрине, сиқырлы сусынмен бойымызға да қызу кіргізіп жатырмыз.

– Шіркін азаттыққа не жетсін, – деді Шер-ағаң. Қаншама бабаларымыз сол азаттықты аңсап, өздерін құрбандыққа шалып, жандарын пида етті ғой. Әрине, жалғыз қазақтар емес, қай ұлт та бостандық жолында күрескен, сол үшін алысқан, шайқасқан…

Сонан кейін Шерхан ағамыз шамалы қабаржыңқырап отырып:

– Мен Уфада оқыдым ғой. Башқұрттардың Салауат Юлаев деген батырын білетін боларсыңдар. Патшалық өкі­меттің езгісіндегі өз халқының тағдырын көріп, ақ патша­ға қарсы көтерілген ғой. Тіпті, Пугачевпен күш бірік­тіріп ашық майданға шыққан. Кейіннен оны тұтқындап, құла­ғын кесіп, мұрнын жырып Балтық теңізіндегі бір аралға жер аударып жібереді. Сол жерде ол азапты күн кешіп өмірден озады. Айналасының бәрі су. Елін аңсайды. Жерін сағы­нады. Сонда мынадай ән шығарады, – деп Салауат­тың әнін өзінің қоңыр даусымен, соншалықты беріле айтып еді.

 

Қайтар едім, жолым жоқ,

Сулар буған менің жолымды.

Жұлдыздардан көпір салар едім,

Бұғаулады жазмыш қолымды.

Әрине, мен бұл әнді Шер-ағаңның аузынан талай естідім. Әр естіген сайын бір әсерленем. Бірақ алғаш естіген әсерім мүлде бөлек еді. Көзіме еріксіз жас үйірілгені есімде…

Жақында Шер-ағаңның шығармаларын ақтарып отырып, 1971 жылы жазылған «Оралтауға барғанда» деген мақаласын кездестірдім. Онда әлгі біз қозғаған тақырыпқа тікелей байланысты мынадай жолдар жазылыпты. Башқұрстаннан шыққан ақиық қыран Салауат Юлаев пен қазақтың қас батыры, жалынды ақыны Махамбет Өтемісұлының тағдырлары өте ұқсас. Екеуі де айтулы ақын болған, екеуі де азаттық үшін алысқан. Екеуінің де поэзиясына тән қасиет – ереуіл рухы, әлеуметтік идея, азаматтық асқақ пафос.

 

Салауат неше жасында?

Жасыл кәмшат бөркі басында

Генерал болды Салауат

Жиырма екі жасында…

Халық Салауат туралы осы жырды ғасырлар бойы айтып келеді. Ал сол Емельян Пугачев пен Салауат Юлаев бастаған орыс және башқұрт шаруаларының көтерілісіне көптеген қазақтардың да қатысқаны мәлім. Мәселен, Досалы сұлтан өз баласын бас етіп, екі жүз қазақ жігітін Пугачев пен Салауатқа көмекке жіберген…

Сол жолы қазақтың нағыз арыс азаматтарына айналған екі ағамның бойындағы ұлттық рухты, еліне, жеріне деген ұлы махаббатты сезінгендей болдым. Олар осы тақырыпта барынша кеңірек үңгіп, мүмкіндіктерінше молырақ қамтып сөйлеп еді.

Әрине, сол алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары бәріміздің де бойымызда жаңа мән, жаңа мазмұндағы әрекеттер бой көтеріп, ішкі дүниемізде дүниеге басқаша қарайтын, басқаша ойландыратын рухани құбылыстар өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп келе жатыр еді. Олардың астарында қоғамдық жүйеге деген наразылық сесі мен мұндалап көрініп тұратын. Сол жолы бір кездесуде «Шарасыздық» деген өлеңімді оқып бердім.

 

Тауқыметте жүрсең-дағы сен мейлі

маңдайыңа жазғаны осы көн дейді.

Көре тұра көрмеген боп сонан соң

дүниені кең дейді ғой, кең дейді.

Кең дейді ғой! – түсінбедім осыңды.

Түсіне алмай жан-жүрегім тосылды.

Солға жүрсем –

сорға батып белшеден,

оңға жүрсем –

тауға соқтым басымды.

Алдыменен дүниені кешіп көр,

Жанып тұрып сонан кейін өшіп көр…

Қағынады –

атса мені біреулер,

тарылады –

мен кіретін есіктер.

Қаншама рет шағылдым мен, шаршадым.

Қаншама рет қирадым мен, қаусадым.

Аяқ бассам

шеге кірді табанға,

қолды созсам –

отқа күйді саусағым.

Сөздер айтам қауқары жоқ бір-жары,

Қалған сынды тұла бойдың құр жаны.

Отқа оранып жүрегімнің бір жағы,

мұз боп қатты,

ал екінші бір жағы.

 

Кең деген сөз мен үшін бір қиялдай.

Жүремін тек ой, есімді жия алмай…

дүниені кең дейді жұрт,

мен болсам

аласұрам дүниеге сия алмай!

 

Осы өлең екі ағама да қатты ұнап еді.

– Бұл өлеңде тек өзіңнің ғана тағдырың емес, елдің де тағдыры жатыр деп пікір білдіргендері әлі есімде.

Қазақтың бақыты үшін туа қалған арда мінезді асыл ағаларым-ай!

Бұл тарауда әңгіме, негізінен, Шер-ағаң туралы болып отыр ғой. Алдағы тарауларда да ол кісі туралы сөздер әлденеше рет айтылады. Бірақ сол сексенінші жылдары тағы да екі-үш рет сапарлас болып ем. Жазушылар одағы­ның бірінші хатшылығына Жұбан Молдағалиев келгеннен кейін көптеген облыстарда қазақ әдебиетінің күндері өтті. Мен солардың үш-төртеуіне қатысқаным бар. Облыстарға отыз-қырық ақын-жазушыны Жұбан ағамыз өзі басқарып алып барады. Ол бір жақсы сапарлар еді. Елді де танып, қаламдас замандастарды да етене біле түсесің.

Әрине, мен Одақ көлеміндегі поэзия фестивальдарына қатысқан емеспін. Ол фестивальдардың қызығын, айта кету керек, Жарасқан мен Шөмішбай көрді…

Ал мен Жұбан ағамыздың өзі басқарып барған Атырауда, Оралда, Қарағандыда өткен әдебиет күндеріне қатыстым. Оған да бек рахмет!

Сол әдебиет күндеріне қатысқанда байқағаным, алдыңғы тараулардың бірінде айтып өткендей, халықтың өз тарихына деген ықыласы жоғары деңгейге көтерілгені. Тарихи шығармаларды қолдан қолға тигізбей сатып алып жатты. Өткеніне қараған елдің келешегі айқын деген сөздің жаны бар екеніне көзіміз жетті. Ел рухтанып келе жатты.

Батыс Қазақстанға барғанда ақын-жазушыларды топ-топ етіп аудандарға бөліп жіберді. Әр топтың өз басшысы бар. Мен Шерхан ағаның тобына түстім де Чапаев (қазір қалай аталатынын білмеймін) ауданын бетке алдық.

Ол кезде төңкеріс батырларына ерекше құрмет, айрықша ілтипат көрсетілетін кез ғой. В.И.Чапаевқа үлкен ескерткіш орнатылып, музей ашқан екен. Қасымызда сол өлкенің тарихын бірқыдыру жақсы білетін бір азамат жүйелеп біраз оқиғаны айтты.

Патшалық заманда қазақтарды өз жерінен аластап, Жайық бойынан әрірек түріп тастапты. Осы кесімді бұзған адам не атылып, не түрмеге тоғытылыпты. Тіпті, Жайықтан су да алғызбайтын болған ғой. Егер ілуде бір әйел немесе қыз бала иінағашымен келіп Жайықтан екі шелек су алып бара жатқанын көрсе, казактар шелегін мылтықпен атып, шұрқ тесік етеді екен. Шұрқ тесік шелектен шапшыған суды көріп, есер казактар мәз болатын көрінеді. Мазақ етіп!.. соны естіген Шер-ағаң:

– Құл болсаң, құның болмайды ғой, – деп басын шайқап қиналып тұрды. Сонан кейін ішінде бұғып жатқан бір сөзді лақ еткізіп айтып салды. – Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы ғой!..

Тыңдап тұрған жұрт тым-тырыс боп тына қалды. Біреулер теріс айналып, енді біреулер естімегендей сыңай танытты. Ол заманда бұл нағыз бас кететін сөз…

Үрей деген сұмдық бәле қанымызға әбден сіңіп қалса керек. Шер-ағаң оны білмейді емес, біледі. Бірақ ол бұл сөзді тәуекелге сап, ел-жұрт қашанғы бұғып жүре береді, еңсесін біртіндеп көтере берсін деген болу керек.

Сонан кейін әлгі өлкетанушы жігіт:

– Чапаевты ақ казактардың ұрпақтары өлердей жек көрген. Ол жек көру, кектену әлі күнге дейін бар. Сол казактардың ұрпақтары Чапаев ескерткішін әлденеше рет бүлдіріп, бұзып кетті. Мынау ескерткіш жақында ғана жөндеуден өтіп, қалпына келтірілді.

Сонан кейін біз өз ойымызға өзіміз сүңгіп, сонадай жерде бізді күтіп, қаңтарулы тұрған көліктерге беттедік.

Шер-ағаңмен Қарағандыда бірге болдым. Ол кісінің ірілігіне, кесек сөйлеп, кесіп айтатынына тәнті болдым.

 

* * *

Қарап отырсам, Шерхан Мұртазаның маған жасаған жақсылығы аз емес. Мені сол жылдары, неге екенін білмеймін Жазушылар одағына мүшелікке қабылдамай жүрді. Өз қатарластарымнан республикалық баспасөзде өлеңдерім бірінші жарық көрген мен сияқты едім, содан бері 3-4 жинағым жарық көрсе де мені одақ мүшелігіне алмай-ақ қойды. Тек Жазушылар одағының екінші хатшысы боп Шерхан ағам келгеннен кейін ғана жолым болды. Бірден қабылдандым. Ол мүшеліктің куәлігін Шерағаң бір жолы түскенде өз қолымен табыстағаны әлі есімде. Шер-ағаң мені құттықтап бірер ауыз сөз айтып рюмка қағыстырғанымыз бар.

Жалпы, мен өз басым, Шер-ағаңдай іскер басшыны көргенім жоқ. Ол кісі, ең алдымен, әділ еді. Ешкімді алаламай­тын. Бірақ кім-кімге де қатаң талап қоятын. Кесіп айтатын. Жалтақтық дегенді білмейтін. Жақауратып сөйлеу дегенді жаны сүймейтін. Не нәрсенің де не төбесінен, не төтесінен түсетін.

Әділ адам әруақта да батыл ғой. Батыл болмасаң қалай әділ боласың. Әділдік үшін, көбінесе өзіңнің қарамағың­дағы адамдармен ғана емес, сенің төбеңнен қарап отырған, жоғары лауазымды адаммен де бет жыртысуға тура келеді. Егер сен өзіңнің жылы орныңды ғана ойласаң, онда сен жусаннан аласа, бетегеден биік боп өмір сүруің керек. Ондайда сөз жоқ әділдік аяқасты болады.

Шер-ағаңда, несін айтасың, батыл әрекеттер, табанды қимылдар көп болды. Ол қандай бір газет пен журналды басқарса да, газет-журналдардың маңдайлары жарқырап шыға келетін. Олардың бәрінің оң жағынан күн, сол жағы­нан ай туа қалушы еді. Әрине, оп-оңай емес. Батылдықтан. Әділдіктен. Ал бойыңда батылдық пен әділдік болса, онда сен қандай да бір қауіп-қатерден де қаймықпай алға ұмтыласың. Жығылсаң да дегеніңе жетіп жығыласың. Ол басқарған кезде «Лениншіл жастың» да, «Жұлдыз» журналының таралымы да астрономиялық биікке көтерілді. Құдай-ау, «Жұлдыз» журналының таралымы 300 мыңға дейін жетіп еді. 300 мың! Енді мұны астрономиялық демей не дейсің?!

Ол екінші хатшылықтан «Қазақ әдебиеті» газетіне барғанда да солай болды. Шер-ағаң обалы не керек, кадр да таңдай білетін еді. Ол кадр таңдағанда анау мына жақтан, анау ана жақтан деп жатпайтын, ру мен жүзіңде де ісі болмайтын, оған тек қабілетті, талантты адамдар болса болды. Бұл ретте оның ұстанымы берік еді. Қазақтың баласын алаламауды үйренсек, Шер-ағаңнан үйрену керек. Бұл – әлі күнге көкейкесті мәселе. Кейде, кейбір азамат­тардың соншалықты бейшара ұсақтығына қарап отырып қарның ашады, жының келеді… Қазақты құртатын оның ұлттық өзегіне құрт түсіретін осы алалау, яғни рушылдық пен жүзшілдік қой. Бұдан арылмасаң, бізді суға батырып жіберетін біраз сұмдықтың біріне айналады. Қайта-қайта, қазақтар-ау, байқайық дегің келеді. Бұл жерде мен «Жүзшіл біреуге» деген шағын өлеңімді келтіре кетейін.

 

Ақылға кір!

Құдай сақтасын –

Алатау

Алтаймен соқтығысып;

Атырау

Балқашпен қақтығысып;

Қаратау

Көкшетаумен

Лақтырысып;

Ағаштар

Бір-бірімен

Шаш жұлысып

Кетсе қайтесің?!

Кіретін інің қалмайды

Түгің қалмайды!

Ақылға кір!

Бірақ әсіресе жоғарғы жақта мұны еститін есті құлақ қалмай барады. Әрине, Шер-ағаңды тізе бүгіп, бас иіп табы­натын идол етіп, немесе тас құдай етіп көрсетуге болмайды. Ол да пенде. Сондықтан оның да пендешіліктері болған шығар, бірақ үлкен әріптермен жазылатын Азаматтығы ондай ұсақ-түйек пендешіліктен биік болды. Көп-көп жұрттан ірілігі сонадайдан менмұндалап көзге ұрып тұрды…

Шер-ағаңның қазасы, ол кісінің қамқорлығын көп көрген маған қатты батты. Қара қылды қақ жарып әділін айтатын, ешнәрседен қаймықпайтын қайсар да батыл мінезі ұзақ уақыт көз алдымнан кетпей қойды да, ақыры сол бір сезім аласапыран күйде үстелге отырғызды.

 

Қайран Шер-аға,

Қандай бір

Қысталаң шақта да

Басыңа ноқта кимеген

Тарпаң едің!

Еліңе жасалған

Өктемдіктер мен

Озбырлықтарға

Кеудеңді тосып

Тұра қалатын

Қалқан едің!

Басыңа қауіп төнсе де

Қасқайып тұрып

Ақиқатты айтудан

Тартынып қашпайтынсың!

Ондай кездерде

Қынаптан суырылған

Қылыштай жарқ етіп

Кесіп тастайтынсың!

Алашшыл арысым-ай!

Ұлттық намысым-ай!

Берекеміздің

Құтын қашырар

Қулық пен сұмдықтарға

Аспан төсінен

Сорғалап түсетін

Қыраным едің!

Қалғығанды селт еткізер,

Аңдығанды селк еткізер

Ұраным едің!

Амал не,

Қара тасты қақ жарып шыққан

Қайыспас қарағайдай

Асыл тектім! –

Опасыз мына жалғаннан

Сен де, міне,

Өттің де кеттің,

Өттің де кеттің! …

Қош бол,

Қазақтың Шерханы!

Шерағаңның соңғы кітабы білікті азаматтардың бағалауынша классикалық дүние болып саналатын «Бір кем дүние» деп аталады. Кітап тұтасымен өкініштен, налу­дан тұрады. Шерлі шығарма деуге де болады. Ол кітапты оқып отырып сен де мына өмірдің дәйексіздігін көріп, кілең бір кем соғып жататын тұстарын сезініп күйінесің де, қабаржисың. Философиялық тереңдігіне тәнті боласың. Мәселен оның «Құр алақан» деген тәмсілін оқиықшы:

«Жарты әлемді жаулаған тағы бір жаһангер – Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті.

Бір данышпан алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.

Сөйтсе, Ескендір тірілерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенің жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, – деп алақанын ашып көрсеткені екен.

Қайран дүние, тіршілікте кім тойған…

Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды.

Бір кем дүние»…

Бұл тек өткеннің ғана емес, тойымсыз бүгінгі күннің де кескін- келбетін көрсететін философиялық тәмсіл демей не дерсің?!

…Бір күні Мәлік Отарбаев деген баламыздың кітабы жарық көріпті де, соның тұсау кесері Ұлттық кітапханада болады екен. Шақырды. Бардым. Кітап аты «Бір қайыры бар дүние» екен. Есіңе бірден Шер-ағаңның «Бір кем дүние­сін» түсіреді. Мәліктің өзі Шер-ағаңның жиені. Түркияда оқып білім алған. Түрік тілін суша сапырады. Терең меңгерген. Талай-талай түрік жазушыларын қазақ­ша сөйлетіп, талай-талай қазақ жазушыларының шығар­маларын түрік тіліне аударған. Менің өлеңдерімді де аударған. Зерек, сергек азамат.

Не керек, кітабын қолға алып таныса бастадық. Бұл кітап қысқа-қысқа сюжет пен оқиғалардан тұрады екен. Яғни формасы да «Бір кем дүние» секілді. Мәлік Шер-ағаңды оқи отырып, ағасының ойын өзінше, екінші қырынан жалғастырғысы келіпті. Уақыт деген күн мен түннен, реніш пен қуаныштан, ащы мен тұщыдан тұратыны секілді, бір кем дүниенің де кейде қайырымы бар ғой. Мәлік соны жазыпты. Алғашқы тәмсілін оқиықшы. Содан-ақ көп нәрсені ұғуға болады.

«Баяғыда Африкадағы ұшы-қиырсыз бір сахарада билік жүргізген бір әмірші алмас кездікпен алма аршып жеймін деп байқамай саусағын кесіп алыпты. Сөйтіп, сарай қызметкері бәйек болып, қолына киіз күйдіріп басып, әбігерге түсіп жатқанда бас уәзірі, әрі жақын досы: «Қапа болмаңыз, патшам, бұдан да бір қайыр бар шығар» деген екен.

Мұны естіген әміршінің көзі шақшиып, алмас кездікке бір, жерде жатқан саусаққа бір қарап, қып-қызыл болып ашуланып кетеді де «Ой, ақымақ, бұдан не қайыр болушы еді?! Сен мені мазақ етейін деген екенсің! Әй, жендеттер, әкетіңдер мынаны. Зынданға апарып тастаңдар!» деп кәріне мініпті.

Әміршінің бұйрығын жендеттер екі етпей әп-сәтте орындайды. Бірақ сәлден соң саусағының қаны тыйылып, ашуы басылған әмірші: «Әй, әлгі пақыр зынданға түсіп бара жатқанда не деді? Тәубесіне келіп, кешірім сұрады ма?», –  дейді. Сонда жендеттер: «Жоқ, тақсыр. Біз оны зынданға алып барғанда «Бұдан да бір қайыр бар шығар» деп бір ауыз сөз айтты да, өз еркімен түсіп кете берді» депті. Сонда әмірші басын шайқап: «Әй, ол расында да ақылынан алжасқан екен, бәлкім қараңғыда жатып есін жияр. Қайыр дегенді қайдан тапқан өзі?» деп ойлайды.

Күндердің бір күнінде ол қасына бір топ нөкерлерін ертіп, аң аулауға шығады. Қанжығаларын майлап, қызық қуып, сайран салып жүргенде, әлгі қалың орманды мекендейтін адам жегіш жабайы тайпа тұтқиылдан бас салып, аяқ-қолдарын байлап, тұтқынға алады.

Сөйтіп, бір-бірден сойып, етін қазанға салып аса бастайды. Кезек әміршіге келгенде жабайы тайпаның жен­деттері оның бір саусағы жоқ екенін көреді де бастарын шайқап, «бұл жарамайды» дегендей белгі жасайды. Сірә, бір мүшесі кем адамды олар жемейтін болса керек. Содан соң, патшаның қол-аяғын шешеді де, тұтқыннан босатып жібереді.

Арып-ашып еліне келген әмірші есін жиып, саусағына қарап отырып «Әлгі досымды, бас уәзірді алып келіңдер» деп бұйырады. «Қап, әттеген, қателік менен кеткен екен» деп өкінеді. Ол келген соң басын иіп, құрмет көрсетіп, болған жайды түп-түгел баяндап береді де: «Сен айтқандай, бұдан да бір қайыр бар екен» деп, кесілген саусақтың орнын көрсетеді.

Содан соң, әміршіге тағы да бір ой түсіп «Бірақ сен өзіңді зынданға салғанда да сен осы сөзді қайталаған көрінесің. Айтшы, одан не қайыр көрдің?», – деп сұрайды. Сонда бас уәзірі иіліп, төмен қарап: «Сіз мені зынданға салмағаныңызда, өзіңізбен бірге аң аулауға алып шығатын едіңіз. Әлгі пақырлармен бірге мен де жабайыларға жем болатын едім», – деген екен…

…Мен де бұл өмірдің бір кем дүниесін көре жүріп, оның да бір қайыры бар екеніне талай рет көз жеткіздім. Оны осы кітапты оқыған адам ұғар деген ойдамын.

Бірде сыртын беріп, бірде бауырына тартып, бірде күйіндірген, бірде сүйіндірген, ай, Дүние-ай…

Ұлтымыздың рух туындай болған Шер-ағаң туралы шер толғауымды осымен аяқтай тұрайын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *