Шекарадағы ШЫРҒАЛАҢ

Даманск аралы мен Жалаңашкөл қақтығысына – 45 жыл

1960 жылдардан бастап қытай ақпарат көздері «Влади­восток пен Хабаровск өңір­лері – біздің жер,  қайта қаратып аламыз» деп халқының санасына сіңіре бастады. Өткен заманғы олқылықты Пекин келісіміне сүйене отырып Амур мен Уссури аймағын даулап, жер бөлісуді ашық айтумен болды. Осындай әсерлі дақпырттың екпінімен 1969 жылы наурыздың 1-інен 2-сіне қараған түнінде шекараны бұзып, қытай жағынан 300 қарулы әскер Даманск аралына баса-көктеп кіріп алды. Олар 5 мың әскерін шекара тұсына алдын-ала ойластырып дайындап та қойған екен.

319

Суретте: Д.Қалдыбай, К.Мұхамадиев және С.Мұсабеков (солдан оңға қарай).

Түнгі шекараның бұзылғанын ертесінде естіген шекара бастығы, аға лейтенант Иван Стрельников отыз екі жауынгерімен жауға қарсы соғысып, түгелдей ерлікпен қаза болды. Сол күннен бастап Кеңес Одағы  арал маңына 7 мың солдаттан тұратын әскери күштерін шоғырландыра бастайды. Забайкалье әскери округіне біздің полктан 30 әскерді бес қаруын сайлап, 4 наурызда арал маңына таңсә­ріде орналастырып еді. Біздің полк Маршал Крыловтың қарауындағы өте құпия орналасқан ракетный бөлім болатын, 30-жылға дейін жария етпеуге әр солдат қолхат беріп, қол қойған болатынбыз. Менімен бірге екі жерлесім де болды. Аягөз ауданынан – Мұхамадиев Керейбай, Мұсабеков Серікхан. Қазір үшеуміз де Алматыда тұрамыз. 2000 жылы – отыз жылдан соң «Бармысың, бауырымнан» табысқан достармыз. Үшеуміз де бес баланың әкесіміз, қазір немерелерімізге негіз болып бақытты күн кешудеміз. Өз басым биыл «шөбере» сүйіп (Пайғамбар жаста) көшіл­гері  құрдастарымнан озыңқырап тұрмын!  «Шөбере» деген шөліңді басар ұрпақтың нағыз тәттісі көрінеді ұққан адамға!

Даманскідегі қақтығыс наурыздың басы дегенмен, күн өте суық болды, жарты метр қар, аяз бет қаратпайды. Сібірдің аты сібір ғой. Бізді Хабаровскіден 270 шақырым бері Лучагорск деген ауылдан (аудан орталығы) он бес шақырым жерге орман ішіне орналастырды. Бұрын түлкі фермасы болған жер екен, көлік жолы бар, ағаш вагондар мен палаткаларда темір пеште үзіліссіз күндіз-түні от жанып тұрады. Солдаттар от жаққанға екі кісілік арамен шіріген орман ағашын дайындап тұрамыз. Таласқа түскен арал бізден ары он екі шақырым жерде екен. Көз көрім жерде, жотада (2-3 шақырым орталық штаб орналасқан (шекара заставасында) күніне оншақты УАЗ автокөлігі келіп кетіп, 4-5 тікұшақ (вертолет) қонып кетеді. Біз палаткада  екі қабатты төсекте киімімізбен жатамыз, үстімізге көрпе жамыла саламыз, кім біледі, аяқ астынан тұрғанға оңай болсын дегендері ме екен?

Даманск аралы ұзындығы 1800 – 2 шақырым, ені 600-700 м., ауданы бар-жоғы 0,80 шаршы шақырым ғана шағын жер екен. Ар жағында Қытай – 300 м., бергі жағалау – 500 м. КСРО жері. Біз бар жаңалықты өзіміздің взвод коман­диріміз, лейтенант Резниковтан естіп-білеміз. Ол Красно­ярск өлкесінің тумасы болатын. Сол кездерде КСРО қару­лы күштерінің бас қолбасшысы, маршал Гречко болатын. Даманск аралындағы соғысты басқару Забай­калье әскери округының қолбасшысына тапсы­рылған еді. Оншақты күн атысып, бомбалаған­нан кейін, наурыздың 21-22-сі күндерінің түнінде Кеңестер Одағы от шашқан катюшаның көкесіндей «Град» зеңбірегімен атқылап, қытай әскерін жермен жексен етіп (шөп шықпайтындай), суға батырып өртеп, тып-типыл етті. Палаткамен жабылған 4-машина біздің үстімізбен өткенін көрген едік. Әлгі төрт «Град» маши­насы аралды 5 шақырым жерден атқылады дейді айту­шылар. Найзағайдай  жарқылдап, түнде даусы жер жарып бізге естіліп тұрды сол күндері. Содан екі айдан кейін (мамырдан бастап)  әскерлердің алдын босата бастады. Екі жерлесіммен мен де мамырдың 4-і күні өз ротамызға оралдық. Полк командирі, подпол­ковник Соморуков, рота командирі,  майор Береза, взвод командирі, лейтенант Золотарев еді. Бәрін сағынышпен еске алады екенсің қазір. Бірақ, сондағы 7 мың әскердің 2 мыңын жағдайдың артын бағып 6 айдан кейін бір-ақ таратқан екен. Сол жылғы сұрапыл  соғыстың суық күндерінде өкпеме суық тиіп, Забайкалье әскери округінің (ЗаБВО) астанасы – Чита қаласында госпитальда жатып емделіп, әскерден 7 ай кешігіп ауылыма қайтқанмын.

Осы күнге дейін сол күндерден белгі ретінде госпи­тальдағы құжаттарым үйімде сақтаулы тұр. Ауылымда құрылыста жұмыс істеп жүріп 4-5 жыл Красноярск, Иркутскіге ағаш дайындауға барып жүрдім. Мөлшері 1978 жылдары Красноярскінің вокзалында  Даманскідегі взвод командирім Резниковпен жолықтым аяқ-астынан. Кеудесіндегі орден-медальдары көз тартады. Сол кісінің айтуынша, Даманск аралындағы соғыстан біздің 65 шекара әскері қайтыс болып, 110 жауынгер жараланыпты, төрт адамға Кеңес Одағының батыры атағы беріліпті. Ал Қытай жағынан 500-ден артық әскер қаза тауыпты деп еді.

Көпті көрген білікті басшы КСРО МҚ төрағасының бірінші орынбасары, генерал-полковник Николай Захаровтың аралды аралап, көзбен көргенін «Независимая» газетінен оқығандығын айтып еді: Захаров сол кездегі көрші застава бастығы Витали Бубенинге (қазіргі шекара әскерінің отставкадағы генерал майоры, Кеңес Одағының батыры) «балам», мен азамат соғысында, Ұлы Отан соғы­сында да болдым, Украина ұлтшылдарымен айқастым, бәрін көрдім, бірақ, мынадай сұмдық оқиғаны көргемін жоқ. Өлген адам, сасыған аң-құс, тіпті, тасқа дейін қап-қара болып иістеніп, күйіп кеткен екен сол атқылауда. Адам сүйегін ажырату қиынға соғып тұр» деп қатты қын­жылыпты. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бұрын осы оқиғаны айтпақ түгілі, ойға алудың өзі қиын болатын. Ол кездерде талай оқиғалар айтылмай құпия сақталып қалды, темірдей тәртіптің күшімен. Міне, енді еліміз егемендік алғаннан кейін ғана, аз да болса там-тұмдап айтыла бастады.

Біртұтас он бес мемлекет бір тудың астында болған­дықтан, сырттан келген жауға қарсы тұруымыз  адамгер­шілік пен арымызға сыйымды еді. Сол тұстағы Ұлы Ота­нымызды қорғадық! Ұрпақ білсін, осындай оқиғалардан жастарымыз сабақ алсын деген ой менікі.

Былтыр 2013 жылы Алматы қаласындағы Каблуков 129 «а» көшесіндегі Отан соғысы мүгедектеріне арналған Республикалық госпитальда мына азаматтармен бірге жатып, әңгімелесіп-танысқан едім. Аманбек Байыров Даманск оқиғасында сол маңда Уссириск 26-аймақтық 244 әскери бөлімде әскер қатарында болған екен. Аманбек сондағы қақтығыстан бес айдан соң, алты айлық (офицерлік)  дайындыққа барып, шекара әскерінде 5-6 жыл қызметте болыпты. Содан 1979 жылы Түркістан әскери округіне ауыстырылған екен. 1981 жылы ауған соғысына қатысып, 1983 жылы 16 маусымда майор шенінде  Қандағар қаласы­на жақын Богран әскери базасының қасындағы екі Ми-8 тікұшағының қасында бомба жарылып, 13 әскердің сегізі қаза болып, бесеуі ауыр жарақаттанады. Солардың бірі– Аманбек оң қолы шынтақтан жоғары оққа ұшады, басы­ның сол жақ құлақ тұсы, сол жақ аяғынан жарақат алып, Фрунзе қаласында үш ай госпитальда емделіп, елге қайта­ды. Әскери прокуратура, әскери сотта жұмыс істеп, 2011 жылы полковник дәрежесінде зейнетке шығыпты. Екінші азамат – ішкі істер бөлімінен  подполковник дәрежесінде зейнеттегі  Таңжарық Мусин Отарбайұлы деген білікті бауыр. Ол кезінде Чернобыль  апатына қатысқан, жұмысында адал қызмет жасаған, көптеген марапат иегері, көзге түскен ерлік істерін айтуға болатын азамат екен. Қазір «КИМЭП» университетінде ішкі қауіпсіздік қызме­тінің бастығы. Келешекте осы екі азаматтың айтуға тұрар ерлік істері туралы да жеке мақала жазылар деген ойдамын.

320

Суретте: отырғандар – подполковник Т.Мусин, Д.Қалдыбай және түрегеп тұрғандар – К.Мұхамадиев пен С.Мұсабеков (солдан оңға қарай).

Еңбегі бар осындай адамдарды Қазақ елі де бағалап отыр. Қала ішіндегі көліктерде тегін жүрудеміз, Алматы қалалық Ұлы Отан соғысы ардагерлерін емдейтін №7 емха­на ұжымы денсаулығымызды жіті қадағалап, емдеуде. Арасан моншасы, үшінші ықшамауданындағы қатар жұ­мыс істейтін «Тонус» моншалары,  Момышұлы көшесіндегі «Эйфория» моншасының ұжымына қайырым-қамқорлық­тарына шексіз алғысымызды білдіреміз. Боралдай және Қаскелең қаласындағы автобус паркінің басшыларына да жүріп-тұруыма жағдай туғызғандары үшін үлкен риза­шылық білдіремін. «Қазақ елі» мемлекетіміз Мәңгілік ел болып қалыптасуына, жігерлі жастарымыз үлес қосып, жалынды өмір сүрулеріне тілектеспін. Қазақ елі қарыштап алға баса берсін!

Дүйсенғали ҚАЛДЫБАЙ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, Даманск соғысының куәгері.

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *