«Шанс» кітап дүкені ашылды

   Ұлы Жібек жолының бойы ежелден елеулі оқиғаларға толы. Бұл пікір бүгінгі заманға да көп қатысты. Бұған дәлел ретінде жуырда Қазақстанда, соның ішінде Алматы қаласында алғаш рет «Шанс» кітап дүкені ашылды.

Осынау жаңалықтың да өзіндік ерекшелігі бар. Қос көрші ел Қазақстан мен Қытайдың арасындағы достық қарым-қатынастың алтын көпірі болған шараның тұсаукесеріне лауазымды тұлғалар көптеп келіпті.Құрметті қонақтардың арасынан сөз алған Қазақстандағы Қытай Республикасының Бас вице-консулы Миау Хуңбо, Алматыдағы Қытай Бас консулдығының мәдениет және туризм жөніндегі консулы Ван Цинпин, «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясының Бас директоры Му Пин, «Алматы ақшамы» газетінің жауапты хатшысы Бақыт Ойса, «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналының Бас редакторы Саят Қамшыгер, «Қазақстан» баспасының директоры Ботагөз Жөкенқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті «Баспа ісі» кафедрасының аға оқытушысы Қоңыр Мұқатайқызы, Бішкек қаласындағы «Чыгыш адабияты жана искусствосы» халықаралық баспа компаниясының Бас редакторы Назгүл Асанакунова мен әкімші Гулина Кенешова, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «Конфуций орталығының» жетекшісі Шы Хуей Жоу, «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясының бас редакторының орынбасары, менеджер Нұрғиса Сахов сынды кісілер өздерінің жүрек түкпіріндегі жылы лебіздерін арнап, аппақ тілектерін тоғытқан. Тарихы тамырын ғасырлардың қатпар-қатпар тереңінен алатын аталмыш екі мемлекет Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жаңа биіктерге көтеріліп, келешектің кемел болатынына сенімдерін білдірген болатын.

«Қазір адамдар кітап оқымайды» деген осы күні жиі айтылып жүрген пікірді жоққа шығарып, Алатаудың баурайындағы ару Алматының қақ төрінде жұмысын бастаған «Шанс» кітап дүкенінің ашылуына себепші болған, бұл, әрине, «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясы. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының аясында іргетасы Оңтүстік астанамызда қаланып, екі жылдан бері қызмет жасап келе жатқан осы компанияның «Шанс» атауын иеленген жап-жаңа дүкеніне ат басын бұратын жұрттар мұндағы сөрелерден орын тепкен қазақ, орыс, қытай тілдеріндегі кітаптардан 5000 жылдық тарихы бар көрші ел – Қытайдың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін, экономикасы және салт-дәстүрімен кеңінен таныса алады. «Атың барда – жер таны желіп жүріп, Асың барда – ел таны беріп жүріп»,-деп халқымыз айтқандай, ілкімді істің іргесін қалаған «Шығыс әдебиеті және өнері» баспа компаниясы мен оның «Шанс» кітап дүкенінің қызметіне сәттілік тілейміз біз де өз тарапымыздан. «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тілін құрметтейтін» өрелі де өнерлі, білімді оқырмандарыңыздың қатары артсын күн санап!

                                                                                                           М.ӘЗІМБЕКҰЛЫ.

   Алматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *