ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ

Қали СӘРСЕНБАЙ

Қазіргі қазақ отбасының күрделі өзгерістерге ұшырап жатқаны да жасырын емес. Бір отбасы, тіпті бір әулеттің бір-бірін түсіне алмай, бірнеше тілде шүлдірлейтінін көзіміз көріп жүр және соны үлкен жетістік санайтындар бар. Әңгіме адамзаттық, өркениеттік құндылықтарды игеру, әлемдік дең­гейде ойлау, түсіну тұрғысында емес. Әңгіме өз қазаныңда қайнамай, өзге­нің қаңсығын таңсық көруде, көзсіз еліктеу мен солықтауда. «Өсетін елдің қарты қазына болар, өспейтін елдің қарты қазымыр болар» деген. Бізді бұл сұмдықтан бір құтқарса, ата мен әже университеті құтқарады. Бүгінде жаһан­ды жалт қаратқан қазақтың қалақтай қара баласы Димаш сол университетті сырттай емес, күндізгі бөлімде бітірген.

Димаш әр тілде ән салады. Бірақ қазақылығы басым. Дүниенің қай түк­пірінде болсын тек өз тілінде сөйлеп, өз тілінде сұхбат береді. Сонысын мақтан етеді. Керек болса аударып алсын. Аударып алып та жатыр, түсініп те жатыр. Демек, ол қазақ тіліне әлемдік деңгейде қажеттілік туғызып отыр. Өзгеге ұқсасаң, өзге сені керек те етпейді. Ондай өзінде де бар. Демек, орысша оқып, орысша ойламай-ақ, өз тіліңде әлемдік кеңістікке шығуға болады екен. Өзіңде барды өзгеге көрсете алсаң, өзіңді мойындату деген сол. Мұндай ғажайып қайдан бастау алып жатыр? Қазақтың көп дана сөзінің ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделетіні де тегін бе?

Айтқандай, сөзімізді ата мен әже­ден бастап едік қой.

Қазақ ғұрпында бала өз әке-шеше­сін өсе келе мойындайды не «мойын­дамайды». Мойындамау – ата-әже тәрбиесінің жемісі. Әрине, мойындамау өз әке-шешеңді сыйламау, құрмет­темеу емес. Керісінше, ата-әженің тәрбиесі ойлағандай болса, әке-шешең саған да, оларға да қарыздар деген сөз. Демек, өзі де ертең сондай ата-әже болуға тырысады. Сабақ­тастық деген осы.

Димаш қазір бір қазақтың ғана емес, төрткүл дүниенің Димашына айналды. Бұл үшін біз алдымен әлгі университеттің ректоры, Димаштың атасы Құдайберген ақсақалға, Миуа әжемізге алғыс айтуы­мыз керек. Ұстаз ата-анадан да ұлық дейді, ұстазда­рына құрмет білдіруіміз керек.

«Білім әлемдік, тәрбие ұлттық болу керек» деген белгілі қағида бар. Тәр­биесіз білімнің көк тиын пайдасы жоқ екенін Ахмет Байтұрсынұлы да айт­қан. Ұлтқа сонда ғана пайда келе­ді. Әйтпе­се, білімділер аз емес. Тәрбие­нің жетім­сіздігінен сол білім өз халқына қызмет ете алмайды. Бүгінде 25 жас­қа толған Димаш­тың қазақты әлемге әйгілеуінде алдымен Алла берген дарын өз алдына, сол қасиетті ұстап тұратын да отбасын­дағы тәрбие деген тәңір.

Талант та, тәрбие де тәңірден бері­леді. Осы алабөтен қасиет қазақтың әр отбасына жұғысты болсын!

Айтпағым: несін жасырайық, қазіргі ата мен әже жасаруды ойлап, тәрбие жасамыс тартып бара жатқан жоқ па осы. Тәрбие дұрыс болса жасару деген сол шығар.

Сол тектілік қайнарынан тұнып шыққан тәрбиенің арқасында шалдың баласы шартарапты шарлап жүр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *