«ШАЛДАР АЙТЫП ОТЫРУШЫ ЕДІ»

Қоғамның шындығын ақырып емес, ақырын айтып-ақ жеткізетін адамдар болады. Олар асықпайды, аптықпайды, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп былш еткізбейді. Айтар ойын алдымен екшеп, саралап алады. Онысы басқаларға да осы қасиет жұғысты болсын дегені шығар. Алайда, бәріміздің де ақиқатты айтып сал­ғымыз келетіні бар. Кейде сол ақиқаттың өзі де көз алдыңызда жүріп жатады. Біз оны елей бермейміз, арық сөйлеп семіз шыққымыз, биік көрінгіміз келеді де тұрады. Сондай қоғамның бір шындығын таяуда бір ақсақал аулада отырып-ақ аңғарыпты.

–       Осы мына үйдің алдын, ауланы таза­лау бір ретке келмей қойып еді. Істерінің бәрі шала. Қоқысты түгел алып кетпейді. Жарым-жартылай әр жерде шашылып қалады. Байқаймын, оншақты күн шамасы болды, төңірек мұнтаздай таза. Мен ерте тұратын адаммын. Әлгі адамдарда бір мәдениет бар. Жылы ұшы­рап бас изейді. Үлкенге сәлем беру, хал сұрау бұрыннан дағдымызда болғанымен, кейіннен сұйылып кеткені де рас. Ал мыналар бір ілтипатты жандар. Кейін байқасам, мылқау балалар екен. Содан ойланайын. Бұның алдында сау адамдар істегенде қоқыстан көзіміз ашылмайтын. Олар саудың тамағын ішіп, аурудың жұмы­сын істейтін. Қазір сендер әлгі мүм­кіндігі шектеулі дегенді шығарып жүрсің­дер ғой. Сонда мүмкіндігі шектеулі кім? Ауру ма, сау ма?

Аулада отырып-ақ қоғамның бір шын­дығын ақсақал осылай ашып тастады.

Р.S.: Біз «шалдар айтып отырушы еді» деген сөзбен өстік. Қазіргі қариясы да қағынып тұрған заманда әлгі ақсақал маған бүгінгі жөн сөйлейтін шалдардың соңы тәрізді көрінді. Сол отырғанда қазіргі баланың ертең қандай қария болатынын ойлап отырыппын. Айтпағым, ертеңгі шалдар осындай шал болар ма екен? «Шалдар айтып отырушы еді»  дейтін бала болар ма екен?!

Қ.ҚАҒАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *