Шайқастан шыққан теңіз тарланы

Севастополь қаласының Құрметті азаматы атанған жерлесіміз Қалмағанбет Қалақауов өмірінің құпиялары

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Кез-келген соғыс – адамзат үшін  үлкен апат, ал дүниежүзілік  соғыстар – ол жаһандық кеңістіктегі  күйзеліс. Соңғы жаһан­дық  соғысқа   қазақстандық  1 мил­лион 800 мың  ұл мен қыз қатысып, ұлы ерліктің  үлгісін көрсетті. Екінші дүние­жүзілік соғыстың  басталуымен байла­нысты оқиғалар  тарихта ерекше орынға ие. Соғыстың  алғашқы жылдарында қазақ­стан­дықтар Батыс Белоруссия, Батыс Украина, Прибалтиканы  қорғау  соғыс­тарына  қатысты. Қырым  түбегі мен Халь­хин-Голдағы  соғысқа да  қатысып, ерлік көрсетті. Алайда, ол зерттеушілер  наза­рынан  тыс қалды. Қырым  түбегін  қорғау­шылар  қатарында қазақстандықтар да  көп  болды. Қырым  түбегінде  от пен  судан  өткен сондай  қаһармандардың бірі – біздің  жерлесіміз  Қалмағанбет  Қалақауов  еді.

Қалмағанбет  Қалақауов 1921 жылы 1 та­мыз күні Маңғышлақ облысы, Маң­ғыстау ауданы, Ауыздыбас жерінде дүниеге келген. Қазақтан  шыққан  тұңғыш   теңіз  жауынгері, 2-рангалы капитан.

Жалпы, барлық қазақ халқы сияқты, Маңғыстаудың халқы да ХХ ғасырдың басында алапат заманды басынан өткерді. ХХ ғасырдың басты оқиғасы деп аталатын пролетариаттық революция қазақ елін, әсіресе, Маңғыстау  өлкесін  орасан зор дауылдай жайпап өтті.1927 жылдың қоянынан басталған қиыншылық елдің  жан-жаққа  бас  сауғалауына  әкеліп соқ­тырды. Оның  ақыры  1929 жылы шаруа­ларды тәркілеуге ұласып,  бұрынғы қалып­тасқан көшпелі шаруашылық  қатынасты жойып, күшпен отырықшылыққа әкелу орнады. 1931 жылы наурызда басталған Адай көтерілісі деп  тарихқа енген халық наразылығы   оны басып-жаншу түбек хал­қына зор апатқа  ұласқан  қасіретке әкелді. Ашыққан халық  тосыннан келген қысым мен асыра сілтеуден және жосықсыз түрмеге қамалудан бас сауғалап, оңтүстік­ке Түркіменстан, Өзбекстан  мен  Иранға бас сауғалап  еріксіз үдере  көшуге  мәж­бүр  болды. Сол дүрмекпен ілесіп Қала­қаудың жанұясы да көшке  ілесіп,  1933 жылы Ашхабад қаласына орын  тебеді.

Түркімен  жерінде  ес  жиып,  балала­рын   жаңа  оқуға  береді.  1930 жылы  Ауыз­ды­баста ашылған мектептен сауатын ашқан бала  Қалмағанбет Ашхабад қала­сында 1936 жылы қазақ тіліндегі мектептің 5 сыныбын бітіріп, сол жылы Түркіменстан ауыл шаруашылық институтының жанын­дағы рабфакқа оқуға түседі. 1941 жыл рабфакты бітірген Қалмағанбет сол жылы Ашхабад ауыл  шаруашылығы институ­тына қабылданады. Жан-жағына көзі түсіп ес жинай бастаған халыққа тағы бір зұлмат заман төніп келе жатыр еді. 20 жасар жас жігіт Қалмағанбет те алғашқы дүрмекке ілініп, әскер қатарына   шақырылады. Ол 1942 жылдың   желтоқсан  айында  әуе десант бөлімінде санитар-инструктор болып,  жауынгерлік  жолдардан  өтеді. Содан  1944 жылдың қазан айына дейін ұрыс даласында болады. Ол құрамында  болған  әскери  бөлім  Ленинград  қаласын  қорғауға  қатысады.

Ленинград  қаласын қорғау  Ұлы Отан  соғысының  тарихынан  айрықша орын алады. Жау Ленинград қаласына  1 мил­лионнан астам  жауынгерлерден тұратын  күшпен  шабуыл жасайды.  Қала  900 күн  бойы  қоршауда болады.  Осындай  қиын-қыстау  кездері Ленинград  қаласына  қара бұлт  төнген  сәтте, ленинградтықтарға  Қа­зақ­станда  жасақталған  310,  314-атқыш­тар  дивизиялары  көмекке барады.

Қалмағанбет  Қалақауов Солтүстік Батыс майданында Ленинград қаласына азат етуде Орталық майданда Орел Курск доғасында теміржол станциясындағы ұрыста 1 және 2-Украина майданында Конотоп, Суша, Овруч, Чернигов, Бельцы қалаларын азат етуге қатынасып, Днепр, Прут, Серет өзендерін от пен  оқтың  ара­сында  алғашқы  қарқынмен өту опера­циясы кезінде құрама  сапында болады. Ол құрамында  болған  дивизия үш жыл бойы  Ленинград, Волхов, Карель  майданында  ұрыс жүргізіп,  Ленинградтың оңтүстік  және шығыс солтүстік-шығыс бөлігін  жау­дан  толық  тазартуға  қатысады.  Ленин­град  майданында шабуылға  шыққан  әскер­лердің  құрамында  314-дивизия  болды.  Екі күн  бойы  жүрген  кескілескен ұрыстан  кейін  дивизия  бөлімдері  дұш­панның  қорғаныс  шебін  бұзып өтеді.  Жау  әскерлері  қаншалықты  батыл  шабуыл  жаса­ғанымен,  Ленинградты  қорғау­шы­ларды  жеңе  алмайды.  Осылайша неміс басқыншыларының 1941  жылы  шілде-қыркүйектегі  қарсыласқан  әскері  тал­қан­далады.  Бұл  кеңес-герман  майданын­дағы шешуші  стратегиялық  маңызы бар  фашизм жоспарының  орындалмай, «Сол­түстік»  армиясы  үлкен  шығынға  ұшыра­ғанын  көрсетіп  берді.

1942  жылы немістер  Қырым  түбегіне  шабуыл  жасады.  Ростов  жау  қоластында  қалды.   Краснодарды  басып  алды, алайда  Қырым  түбегінде  кеңес  әскерлерінің   күшті  қарсылығына  тап келді.  Кавказ  бөктерінде  Новороссийскіде  фашист  әскерлері  жеңіліс тапты.

Қалмағанбет  Қалақауов осы ұрыс кезінде ауыр  жараланып 1,5 ай емделіп, қай­тадан өз полкіне қосылып ұрыс ортасында болады.  Соғыстағы ерліктері үшін 2 мәрте  «Ерлігі  үшін», «Жауынгерлік ерлігі  үшін» медальдарымен және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

1944 жылы тамыз айында  болған Яссы–Кишинев операциясынан кейін әскери басшылық Қалмағанбетті Баку қаласындағы Жоғарғы Әскери теңіз училищесіне оқуға жібереді. Бакудегі жоғарғы әскери теңіз училищесін 1948 жылы ойдағыдай аяқтаған  Қалмағанбет  Қалақауов лейтенант атағын алып,  Қара теңіз әскери теңіз  флотында  офицерлік қызметін бастайды. Училищедегі оқу кезінде әскери тәжірибесін Иран, Румыния әскери теңіз флоттарында өткізеді.

 

Севастополь қаласының  Құрметті азаматы

1945  жылдың  2 қыркүйегінде  Екінші дүниежүзілік  соғыс аяқталады.  Барлық майдан­дарда  тыныштық  орнайды.  Аса ауыр  қайғыны бастарынан  өткерген әлем халықтары адамзат  енді  бірін-бірі  қырып-жой­майтын  бейбіт өмірге қайтып  оралады.

Қалмағанбет  Қалақауов  Қара теңіз әскери флотындағы қызметінде 1963 жылға дейін қызмет атқарып, одан  кейін Солтүстік теңіз флотына ауысады. Қызмет атқарған әскери теңіз флоттарында  Қал­мағанбет жоғарғы кәсіби маман сауатты командир ретінде өзін көрсете біледі. Оған оның әскери флот басшылығынан алған   марапаттары дәлел.

Қалмағанбет  Қалақауов өзінің барлық өмірін арнаған әскери қызметін аяқтап, 1968 жылы мамыр айында 2-рангалы капитан  атағы­мен зейнеткерлікке шығады. Ол  өмірінің  20 жылын теңізде өткізген  маман  офицер. Отставкаға  шыққаннан кейін  оны теңіз  флотының  басшылығы  оқытушылық  қыз­метке  шақырады.  Қалекең бейбіт кезең­де  өз білімін жас ұрпақтарды тәрбие­леуге арнайды. Ол өмірінің  соңына  дейін    Ресейдің  әскери теңіз оқу орындарында дәріс оқумен айналысты.

Адамзат  тарихында  ешқандай  ақтау­ға келмейтін  әрекет – соғыс.  Адам бала­сын аямаған соғыс миллиондаған  жазық­сыз  адамдардың  қанын төгіп,  талай  адамның  мезгілінен  бұрын  көктей  солып, елдің  тыныштығын бұзып, табиғатқа ора­сан  зор  зиянын тигізді.  Халықтың  бай­лы­ғын тонап,  зұлымдық көрсетті. Оны  ұмыту  мүмкін  емес  еді.

Соғыстан  кейін  жер-жерлерде кеңес  әскерлеріне  ескерткіштер  тұрғызылып,  Даңқ  мұражайлары  ашыла  бастады.  Ал оған  басшылық  жасауға  соғыс  арда­гер­лері  тартылды. Ондай  қоғамдық жұмыс­тардың бел ортасынан Қалекең де жүрді.   Севастопольде  Қырымды  азат етушілерге ескерткіш  орнатылды.

Ұрпақты  отансүйгіштікке  тәрбиелейтін  тағылымды  іс-шаралар  әрқашан да  қым­бат. Кешегі  тарихсыз  болашақ  бұлың­ғыр  болатынын еске алсақ, Екінші дүние­жүзі­лік  соғыстың  тағылымды  тұстары – біз үшін  жас ұрпақты патриотизмге  тәрбие­леуде ортаймас қазына. Севастопольдегі  Даңқ  мұражайында  1418  күнге  созылған  тарихтағы  ең қасіретті  де қайғылы  Екінші дүниежүзілік  соғысқа арналған.  Залдағы барлық суреттер  Екінші дүниежүзілік соғыстың  шежіресін  құрайды.  Экспози­ция­дағы кез-келген  құжаттың  арт жа­ғында  адам тағдырын  көресіз.  Оған  Қы­рым  түбегін қорғаушылардың  жеке құжат­тары, қарулары, соғыста пайдаланған  жеке заттары, майдан  хаттары, таратыл­май қалған қара қағаздар, ордендер мен  медаль­дар қойылған. Осы мұражайды  ұйымдастыруда да  Қалекеңнің  еңбегі  зор.

1981 жылы Қалмағанбет  Қалақауовтың 60 жылдық мерейтойына орай  оған Севастополь қаласының Құрметті азаматы атағы беріледі.  Оған  қаланың  Құрметті  азаматы атағы  берілгенде   оның  осы еңбегі  ескерілген болса  керек. Қалекең өзінің зайыбы Шархатпен ұзақ және жарастық­пен өмір сүріп, Әлібек және Дина атты ұл-қыз  тәрбиелейді. Әлібек Москваның Мәдениет институтының кітапхана ісі факультетін бітірсе, Динасы  Алматы өнер колледжін бітіреді.

Қалмағанбет Қалақауов 1995 жылы қайтыс болып, Севастополь қаласында жерленді.Тағдырдың талқысымен осындай күрделі де қиын өмірді басынан өткерген Маңғыстаудың төл перзенті Қалақауов Қалмағанбет ұрпақтары есінде мәңгі сақталады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *