Шағын және орта бизнесті дамытудың өзекті проблемаларын талқылады

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен және қала бизнесмендерімен кеңес өткізді. Онда шағын және орта бизнеске қолдау көрсету механизмдері мен дамыту жөнінде нақтылы және ашық әңгіме өрбіді.

Базарларды модернизациялау, туристік потенциалды тиімді пайдалану, Алматының геоақпараттық картасын жетілдіру, ІТ саласы мен цифрландыруды дамыту тақы­рыптары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, станционардан тыс сауда нүктелерін құру арқылы көше саудасын ынталандырудың шаралары қаралды. Мегаполис әкімі Алматының бизнес пен экономиканың сервистік құрылымы бар жеке капитал қаласы екенін атап өтті. Экономикадағы мемлекеттің үлесі 2,4%-дан аспайды, ал шағын және орта бизнестің үлесі 39,5%-ды құрайды, бұл мұнайға тәуелді емес тұрақты экономика.

Дамудың «Қарапайым заттар эконо­микасы» бағдарламасы басталды, үкімет тарапынан халық тұтынатын тауарлар шығару, шикізат пен өнімдерді алғаш өңдеу қолдау табатын болады. Кәсіпкерлер 7 жыл мерзімге жылдық мөлшерлемесі 8% болатын жеңілдетілген несиелерді ала бастады. Бұған мемлекет тарапынан 600 миллиард теңге бөлінді. Мемлекетпен арадағы іс-қимылдың барлық процедуралары жеңілдетілді.

Алматыда бизнесті «қағазсыз» жүргізуге, интернет арқылы кәсіп ашуға, есеп-факту­раларды толтыруға, банк операцияларын жүргізуге, салық есебін тапсыруға, құрылыс салуға рұқсат алуға, эскиз жобасын және электр желісіне қосылу үшін келісім жасауға әбден болады.

Бір терезе принципі бойынша қалада «Инвестиция үйі» ашылған, мұнда кәсіпкерлерге сервистік қолдау көрсетіледі. 2015 жылдан бастап көшелерді реконструк­циялау бойынша ауқымды жұмыстар жүруде, қазір бұл жерлер туристер, тұрғындар мен бизнесмендер үшін тартымды орындарға айналған. Кеңесте «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов сөз алып, Алматының қаржы орталығы және қаржының қолжетімділігі жағынан жетекші екенін атап өтті. Мысалы, «Дамудың жол картасы—2020» бағдарламасы бойынша субсидия алған жобалардың жалпы санының 7 %-ы Алматыға тиесілі.

Ағымдағы істер туралы қала кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбіл­шайықов айтып өтті. Алматының кәсіп­керлер қоғамдастығының өкілдері түрлі салаларда қаланың бизнес-ахуалын одан әрі жетілдіру бойынша өздерінің ойларын ортаға салды, олар: «Meat Product Servіce» ЖШС бас директоры Бақытжан Әбдірәсілов, «Alіna group» ЖШС директоры Ерлік Балфанбаев, «ЭФКО-Алматы» ЖШС директоры Нұржан Қожамұратов, ІDC өңірлік директоры Андрей Беклемишев, Қазақстан кәсіпкерлері форумының атқарушы директоры Мунавара Палташева, «Tornado Plus» ЖШС директоры Игорь Проценко, «Tanmedіa group» директорлар кеңесінің төрағасы Арманжан Байтасов және басқалары. Базарларды модернизациялау, туризмді дамыту, МЖС механизмдері, электронды сауда субьектілері үшін салық преференциясы бойынша бұрыннан бар мәселелер мен оларды шешу жолдары кеңінен сөз болды.

 

Керек дерек

 Алматы еліміздің қаржы орталығы ретінде қаржының қолжетімділігі жағынан жетекші орында. Мысалы, «Дамудың жол картасы—2020» бағдарламасы бойынша субсидия алған жобалардың жалпы санының 7 %-ы Алматыға тиесілі. Жалпы, ШОБ саны 4,3%-ға, өңдеу өнеркәсібі көлемі 7,8%-ға, бөлшек сауда айналымы 5,3%-ға, көтерме сауда айналымы 3,5%-ға өскен.

Қазіргі кезде Алматыға көтерме сауданың 46%-ы, бөлшек сауданың 32%-ы, еліміздің сыртқы сауда айналымының 20%-ы, ҚР ЖІӨ 20%-ы тиесілі.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *