ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

Шағын және орта бизнес – елдің экономикалық драйверінің бірі. Дамыған елдер шағын бизнес дамыған сайын халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратынын әлдеқашан түсінген. Сол себепті, шағын және орта бизнестің өркендеуіне, халықтың кәсіпкерлікпен шұғылдануына көп көңіл бөледі.

Кеше қала әкімдігінің баспасөз орталы­ғында қаладағы шағын және орта бизнестің ахуалы төңірегінде баспасөз брифингі өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палата­сының директоры Нариман Әбілшайықов қатысты.

Бүгінде мегаполисте 185 мың ШОБ субъек­тісі бар. Халықтың үштен бірі кәсіп­керлікпен айналысады екен.  Қала бюджетінің 60 пайызы ШОБ-тен түсетін түсімдер есебінен қалып­тасады. Яғни қаланың әлеуметтік қолдауының экономикалық базасын ШОБ құрайды. Демек, шағын және орта бизнес көп болған сайын қала бюджетіне түсетін түсімдер де соғұрлым көп болмақ. Бұл ретте аталған саланың маңыздылығын ескерген қала әкімдігі ШОБ-ты барынша ауқымды дамытудың бірқатар шараларын жүзеге асыруда. Соның ішінде  «Алматы–2020» бағдарламасының негізгі басымдық­тарының бірі болып «Бизнес пен же­ке капиталға арналған қала» саналады. Атал­ған бағдарлама аясында жыл сайын 20 мың кәсіпкерді оқыту көзделген. Бұдан өзге ШОБ-ты қаржылай қолдау көлемі 3 есеге (10,5 млрд. теңгеден 31 млрд. теңгеге дейін) ұлғаймақ.  Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары аясында Алматыда «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жұмыс істейді. «Almaty Іnvest» инвестициялар тарту орталығы да құрылған болатын. Қаланың 6 ауданында бөлімшелері бар «Qoldaэ» кәсіп­керлік орталығы, «Almaty Fіnance» қаржылық компаниясы мен «Almaty» микронесие ұйымы құрылды. Бұлар пайыздық мөлшерлеменің сараланған саясатын жүргізеді.

Жиында жергілікті кәсіпкерлер ШОБ-тің дамуына кедергі келтіретін бірқатар фактор­ларды да атап өтті. Соның бірі – қызмет көрсету мен сауда жүргізу үшін қолжетімді инфрақұрылымның болмауы кәсіпкерлікке үлкен кедергі келтіреді екен.

Мысалы, кәсіпкерлердің мәліметінше, Қонаев пен Байтұрсынов көшелерінің екі жағына веложолдарды енгізу осы көшелерде орналасқан ШОБ кәсіпорындарының жағ­дайы­на кері әсерін тигізетін көрінеді. Олардың қатарына сауда, қоғамдық тамақтану, денсау­лық сақтау және т.б. кәсіпорындар бар. Келе­тін клиенттердің саны төмендеп, түсім көр­сеткіші қысқарған. Бұл өз кезегінде ШОБ кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізген.

Алматылық кәсіпкерлердің айтуынша, веложолдардың кесірінен клиенттердің көлігін қоюға арнайы жер қарастырылмаған. Демек, олардың келуі де азайған.

Велосипедке арналған жолақ жолдың екі жақ шетінде орналасқан. Бұл – көлік тұрағына үлкен кедергі келтіреді екен.

– Мәселен, Қонаев көшесінің бойында 392 нысан орналасқан. Көшенің шығыс жағында 115 нысан, батыс жағында 277 нысан бар. Соның ішінде бүгінгі күні 11 нысан («ArtDFlowers» гүлдер дүкені, «Jewelmer» зергерлік бұйымдар салоны, «Визит» сұлулық салоны, «Милана» киім бутигі) және т.б. жа­былыпты. «Дом Одежды Восход» сауда үйінде барлығы 99 бутик болса, бүгінде 49 бутик жұмысын  тоқтатыпты.  2018 жылдан бастап 50-ге жуық бутиктер (балалар және әйелдер киімі бутигі, ыдыс пен төсек-орын бутиктері) жабылды, – деді қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

Ал Байтұрсынов көшесінде 255 нысан орналасқан екен.  Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың мұражай үйі, Никольский соборы, Никольский базары, гүл базары, Алматы технологиялық университеті, Depo Evolutіon бар.

– Осыған байланысты Алматының Қоғам­дық кеңесі Қонаев пен Байтұрсынов көше­леріндегі веложолды Шевченко көшесін­дегідей екі жаққа бағытталатындай етіп көше­нің бір жағына орналастыруды ұсыныпты. Ал көшенің екінші бетіне көлік тұрағын қарастыруды жөн деп тапқан. Бұл шара кәсіпкерлер үшін де, велоәуесқойлар үшін де тиімді болмақ. Сондай-ақ, тұрақ орындары қалпына келтірілсе, Қонаев көшесі бойында 300-ге жуық, ал Байтұрсынов көшесі бойында 150-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін деп болжануда, – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

 

Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *