ҰШАҚТА ҰШЫРАТҚАН «ЖАПОН» ҚЫЗ

Өз еліне қызмет етуді армандайды

Өмірде кейде кездейсоқ кездесулер болып тұрады.  Қытай елінің астанасы  Пекиннен  Астанаға ұшқалы тұрғанымызда менің қасыма орта бойлы, бидай өңді, жымиған бір бойжеткен келіп жайғасты. Мен іштей «кім де болса қытай, жапон не корей қызы?» шығар деп ойладым. Ой құшағында отырып   стюардессаның  жаныма келіп бірдеңе  деп тұрғанын аңғармаппын.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

Қазақстанның құрметті журналисі

– Аға, сізге «белдігіңізді байлаңыз» деп жатыр, – деді  әлгі көршім. Айтыл­ған  бойда  қойылған талапты орын­дадым да:

– Ой, қарындасым,  сіз қазақ  екен­сіз ғой?! – дедім  мен таңданысымды жасырмай.

– Қазақ болмаған да ше! – деді ол ерекше бір мақтанышты сезіммен. – Әлде, түр-түсім  қазаққа келмей тұр ма?

– Айып етпеңіз, – дедім сас­қа­нымнан, – Бірақ біздің де бет-әлпетіміз  қытайға, жапонға,  корейге келе береді.  Кеше  Пекиннің  бір дүкенінде сатушы әйел бетіме барлай қарап: «корейсіз бе, не жапонсыз ба?» деп сұрады. «Қазақ­стан, Қазақстан!» деп едім, онша түсінбеді. Дереу қалтамнан Қазақстан­ның көк туы бейнеленген шокаладты шығарып, қолына ұстата қойдым.  Иіліп: «Сие,  сие!» деп алғысын айтып жатты.

– Қандай жақсы! Кіп-кішкентай-ақ  базарлықпен Қазақстанды  ханзу әйелге танытыпсыз.

– Елімізді өзгелер біле берсін дегенім ғой…

Анау-мынау емес, әуе көгінде 5-6 сағат ұшатын болған соң, жол қыс­қарсын деген ниетпен қаракөз қарын­дасты сөзге тарттым. Әңгімеміз жарасып жүре берді.

– Осында Қытайда оқушы ма едіңіз?

– Жоға-а. Жапониядан келе жа­тырмын. Ол жақтан Астанаға тіке ұшатын рейс  болмаған соң, амалсыз елге осы Пекин арқылы ұшып бара жатырмын.

– Байқаймын, тіліңіз қазақшаға өте жатық. Кейбіреулер сияқты кібіртіктеп, шүлдірлеп сөйлемейсіз?

– Мен негізі  Жезқазғанның тумасымын. Сонда арнаулы қазақ гимназия  мектебін бітірдім. Кейіннен Астанаға қоныс аудардық.

– Аты-жөніңіз?

– Сәуле Жолдаяқова.

«Жолдаяқова»  дегенде маған бұл өте бір таныс фамилия сияқты көрінді. Сөйтсем, мен  сонау XYІІ ғасырда  қиян батыстағы  Ақтөбеден  17 мың  қолмен келіп, оңтүстіктегі Сайрамды азат етуге қатынасқан әкелі-балалы Тілеу-Жолдаяқ батырларды еске түсіріп отыр екенмін. Әйтсе де, түп-тамыры бір  қазақтың қай өңірінде де Жолдаяқ есімі жиі ұшырасады.

Таныса келе білгенім Сәуле қарын­дас алдымен Күншығыс еліне бармас бұрын Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің    Шы­ғыс­­­тану факультетінде екі жылдан астам оқып, жапон тілін үйреніп, оның тарихы және мәдениетімен жете танысқан.  Сонан соң «Болашақ» бағдар­ламасымен  Жапонияға жол тартқан.

– Филологияны, не басқа гумани­тарлық мамандықты таңдауыма  болар  еді, – деді ол. – Бірақ  мен таңдаған «Болашақ» бағдарламасы бойынша  жапон еліне тек жаратылыстану және техникалық оқу орындарына ғана жолдама береді екен.  Сондықтан  ойлана келе экологияны таңдадым. Онда танымал Tokaі университетінің бакалавриатында оқып, эколог-инженер мамандығын алып шықтым. Әрі қарай оқуымды магистратурада жалғастыр­дым. Қазір докторантурада оқып жүрмін.

– Шамасы Жапонияда білім алып жүргеніңізге біраз жыл болған?

– 2010 жылдың наурызында барғанмын.  Сегіз жылдан асып барады.

– О-о, жапон жұртына кәдімгідей сіңісіп кетіпсіз ғой!

– Солай деуге болады.

– Барып келгендердің қай-қайсысы да, жапондар ұқыпты, тиянақты, еңбекқор, іскер де үнемшіл халық деп жатады. Бұл туралы талай айтылып, талай жазылып та жүр. Әйтсе де әркімнің танымы мен талғамы  әрқалай дегендей.

– Ойыңызды түсіндім. Айтылып жүргеннің бәрі рас. Жапониядан үйренер, үлгі алар нәрсе көп. Оларды ғылым мен техникада, технологияда, экономика мен мәдениетте, тұрмыста биік деңгейге жеткізіп отырған осындай озық  адами қасиеттер мен қабілеттер. Болмаса Жапонияның жері табиғи қазба байлыққа жұтаң, тапшы. Үлкен-үлкен аралдардан тұрады. Айналасы қоршаған су. Өндіріс пен тұрмысқа қажетті энергияның 95 пайызын сырттан алады. Сол себепті, өздеріндегі бар мүмкіндік пен ресурсты мейлінше тиімді де ұтымды пайдалануға тырысады.

Жаңа өзіңізге шет жағасына айттым. Менің таңдаған салам экология. Жапо­нияда ғылым мен өндірістің байланысына қатты көңіл бөледі. Ашылған жаңалықты тезірек өмірге енгізіп, кәдеге жаратуға ұмтылады. Кейінгі кезде жапондық Toyoto, Nіssan, Honda компанияларының сутегі отынымен жүретін автокөліктер шығарып жатқанын білесіз. Түтін шығармайтын осындай көліктермен олар өздерін ғана қамтамасыз етіп қоймай, болашақта әлемді жаулап алмақшы. Әзірге бағасы қымбаттау. Ондай көлікті сатып алғандарға үкімет субсидия беріп, қолдау көрсетеді.

Есіңізде болса, мектепте химия пәнінен оқығансыз, сутегі түссіз, иіссіз, дәмсіз және тез жанып кететін жеңіл газ. Оны сақтау оңай шаруа емес. Сондай қиындық пен қауіптілігіне қарамай жапондар  сутегіні  автокөлікте жанармай орнына пайдаланудың жолын  тауып отыр. Менің айналысатын ғылыми тақы­рыбым да осы сутек газын түрлі металл қоспалар арқылы сақтау жайы. Келешекте осындай жобаны Қазақстанға әкеліп енгізсем деп армандаймын. Сутегіні сақтап, өндіріске енгізудің  экологиялық та, экономикалық  та маңызы мен  мүмкіндігі зор. Оның үстіне біздің Қазақстан  «Келешектің энергиясы» деген тақырыпта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне өткізіп, адамзаттың алдына үлкен міндет жүктеді емес пе?!

– Егер жаңылыспасам, кешегі 80- жылдардың аяғында  сутегі газын алю­миний қоспасы арқылы сақтау мәселе­сімен  Қазақстан Ғылым академиясына қарасты  Д.В.Сокольский атындағы  Органикалық катализ және электрохимия институтында Раушан Ғайсақызы Сармурзина дейтін ғалым айналысқан сияқты еді.  Мен ол кісі жайында  кезінде  «Білім және еңбек» журналына мақала жазғанмын. Сонда мұның келешегі зор деп айтқан-тын.

– Иә, солай деп естігенмін. Бірақ онша  біліңкіремейді екенмін.

– Жалпы, Күншығыс елі Қазақстанды қаншалықты біледі? ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтына үңілсең бірталай көңіл қуантарлық ақпараттарды оқисың. Екіжақтың тауарайналымы 1,5 млрд. долларға жуықтады деп жазады. Басқасын айтпағанда, 2015 жылы қазанда Жапония премьер-министрі  Синдзо Абэ Орталық Азия елдеріне жасаған іссапарының аясында Астанада да болып, бірқатар өндіріс салалары бойынша бірлесіп 1,5 млрд. доллардың жобаларын жүзеге асырамыз деп кеткен болатын. Осындай қарым-қатынастың әсері жұртшылық арасында байқала ма?

– Алдымен айтарым, біз сияқты жастардың сонда барып оқып жүргенімнің өзі  екі жақтың мәдени-гуманитарлық байланысының белгісі. Ал анадай сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселе­лерін сонымен тікелей айналысып жүрген үкімет адамдарынан, тиісті министрлік мамандарынан сұраған жөн. Менің білетінім, қарапайым тұрғындардың көзқарас-пікірі ғана.   Жапондықтарды география, басқа елдердің  өмірі  мен тыныс-тіршілігі аса қызықтырмайды. Олар күнделікті жұмыс-қызмет барысы, тұрмыс-мәселелерімен ғана әуре. Сондық­тан мұнда келгендер: «жапондар қызық, тұйық халық екен, ашық-жарқын сөйлес­пейді, достасуға еш ықылас-пейіл таныт­пайды», – деп реніш білдіріп кетеді.

Шындығында, жапон халқының табиғаты, болмысы сондай. Олар сізге ешуақытта «жоқ, болмайды!» деген сөздер айтпайды. Өй деп айту әдепсіздік, мәдениетсіздік саналады.

Жапондарды таңқалдыру үшін олардан озық тауарлар шығару

Қазақстан-Жапония қатынасына қатысты  сізге бір назар аударарлық  деректі айтайын. Естуімше, Хаккайдо университетінің профессоры Томохиро Уяма біздегі  «Алаш» қозғалысының  тарихын зерттеумен айналысады. Ғалым­ның  жазуынша,  Алашорда үкіметтің жетекшілері  Жапонияның билік жүйесін үлгі тұтқан сыңайлы.

– Солай болуы ықтимал. Олай     дейтінім, әйгілі 37-жылғы қуғын-сүргін,  репрессия кезінде  «Алаш» зиялысының бірі болған, көрнекті қайраткер, дәрігер ғалым Санжар Асфендияровты  «халық жауы» деп  тұтқындап,  оған  «Жапония­ның тыңшылық  қызмет көрсеттің!» деген айып таққан. Қаныпезер тергеуші одан:  «Жапонияға қалай бардың?» деп сұра­ғанда, ақылға қонбайтын сұраққа ызалан­ған Санжар Жағыпарұлы: «ақбозатпен желдіртіп бардым», – деп жауап беріпті.

– Өте аянышты тағыр!  Ол нәубет біздің талай  зиялымызды жалмап кеткен.

– Ертеректе бір газеттен Жапонияда әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты қазаққа  ұқсас «айн» дейтін халық тұрады дегенді оқығанмын. Кейіннен интернеттен олар туралы оқып, жариялаған фотосуреттен үстеріндегі ұлттық киімі шапандарына салынған біздің ою-өрнек секілді кесте таңбаларды көріп  қайран қалғанмын.

– Иә, одан хабардармын. Айн халқының тарихы ғылымда әлі толық шешілмеген жұмбақтың бірі. Олар өздерін «сая-унтра» немесе «чувка-унтрамыз» дейді. Оларды «айн» деп атаған жапондар, онысы «адам» деген мағына береді. Айн тайпасы негізінен Хоккайдо аралында  тұрады. Шамамен 20–25 мыңдай. Кейбір деректерде  200 мың деп айтылады. Әрине, айндардың ассимиляцияға ұшырап, азайып бара жатқаны өкінішті. Олар өздерінің  айн екенін айтпайды, көрсет­пейді.  Өйтсе  жұмысқа қабылданбайды. Себебі, тарихтан білетініміздей, айн халқы өмір бойы тәуелсіз ел, мемлекет болуды көксеп, жапондармен соғысып,  қырқы­сып өткен.

Жапония парламенті 2008 жылғы маусымда  айндарды ұлттық азшылық ретінде  мойындады. Бірақ бұл кеш қабылданған заң болды. Өйткені, олар жапондарға сіңіп, жоғалуға айналған.

– Табысың, жалақың  жоғары бол­маса Жапонияда күнелту қиын шығар?

– Олай деп айтуға болмас. Жапон жұртында еңбек еткен адам жақсы өмір сүреді. Мен мысалы  докторант ретінде стипендия аламын. Қосымша  баклавр­ларға дәріс оқимын. Жалақым жаман  емес.

– Бізден барып-қайтқан біреулер: «олардың ас-суы мен тамағы нәрсіз шөп-шалам, балық пен кесіртке-шаян» деп мұрындарын шүйіреді. Осындайда еске түседі, бізде осында Алматыда білім алып, қазақшаны таза үйреніп  қайтқан Руджи Ямота деген жапон жігіті біздің қазы-қартамызды  місе тұтпай,  шикі балық жеуді сағынып жүрмін деп еді…

– Әркім қоршанған орта мен тұрған жеріне үйренген азығы ғой. Олардың тамақтары біздікіндей асқазанға ауыр тимейді, жеңіл қорытылады. Мен оған әбден үйреніп, дағдыланып кеттім. Жапонның ет жеуі жоқтың қасы. Әрі онда ет дегеніңіз тым қымбат. Жүз грамы біздің ақшамен 2000 теңгедей. Осыдан-ақ байыбына бара беріңіз.

«Ауру – астан» дегенді біздің қазақ көрегендікпен біліп айтқан. Жапондардың бүгінде ұзақ жасап, орта жастарының 88-ге жетуінің сыры тамақтану мәдениеті мен белсенді әрекет, қимыл-қозғалысынан болса керек.

– Сегіз жылдан астам уақыт тұрғанда  жапондардың бойынан ешбір кемшілік байқалмады ма?

– Меніңше оларда жұмысқа берілу тым басым. Ондай әрекет барлық кезде пайда бере бермейді. Кейбіреулер жұмыс орында қалғып, ұйықтап қалады. Адам темір емес, тас емес, шаршайды, қажи­ды. Соның салдарынан іс өнімсіз, нәти­жесіз болып шығады.  Мен өзім уақтылы жұмыс істеп, уақтылы демаламын. Жөнсіз жанкештілікті  құптамаймын.

– Сонан соң  жапондар ет жақын туыстары, тіпті әке-шешесі көз жұмса аса қайғырмайды  дейді?

– Ол рас. Олар қазаны  өмірдің заңдылығы, солай болуға тиіс құбылыс деп қабылдайды. Оған қайғырып, өз денсаулығыңды құртудың қажеті жоқ деп ойлайды.  Өмірлік пайым мен философиялары сондай.

– Бізден «Болашақ» бағдарлама­сымен шет елге оқуға кеткендердің кей­біреулері сонда қалып қойып жатады.

– Менде ондай ой жоқ. Кей туыстар қыз бала ғой деп  онша  қолдай қойма­ғанда,  анам ешбір кедергіге қарамастан  Жапонияға жіберді.  Ең алдымен, сол кісіні ұятқа қалдырып, жерге қаратпай үмітін ақтауым қажет. Сәтін салса, 2020 жылы оқуымды аяқтаймын.  Аман-есен  елге оралып, Қазақстанда  сутегі газының өндірісте қоланылуына кең жол ашсам деп армандаймын. Бойкүйез бен бюрократ адамдардың тарапынан түрлі тосқауыл мен кедергілер болатынын білемін. Солардың бәрін мақсаткер­лікпен жеңемін деген сенімдемін. Ғылымда әрбір жаңалық, өмірдегі  тың бастамалар  қай кезде де  қиындықпен жүзеге асып отырған…

Мен өзім қарашадай қазақ қызының  қияндағы Күншығыс елінде таудай талап және табандылықпен білім алып, оқып жүргеніне  қатты қуандым. Ендігі жерде оның жапон жұртындағы оқуын табысты аяқтап, туған еліне келіп жемісті қызмет етуіне, ойға алған арман-мақсатына жетуіне   тілектеспін.

Сәттіліктер саған әркез серік болсын, Сәуле қарындас!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *